Өлең, жыр, ақындар

Жаратқан Алла

Жаратқан Алла!
Мұқтажбын Саған әрдайым.
Тәубеге келу —
Расымен, маған болды уайым.
Күнәларым көп, сауабым аз,
Бір сөзбен —
Мәз емес менің жағдайым!

Жаратқан Алла!
Жүректің дағы теңіздей.
Күндерім аз ғой —
Мешітке барған, Сені іздей.
Жүрегім болса қарайып бітті,
Жүрсем де —
Намаздан ылғи қол үзбей.

Жаратқан Алла!
Өзіңнен басқа жоқ Тәңір.
Тәубесіз кетсем —
Күтеді мені от-қабір.
Нәпсіге еріп, белшеден баттым күнәға,
Бойымда қалмай көп қадір.

Жаратқан Алла!
Өзіңсің жалғыз жәрдемшім.
Шаруалар көп бітіруге тиіс әлі мен үшін.
Қуат бер бойға,
Күш жинап денем әлденсін.
Шуақ бер жүзге —
Жайқалсын жаным, нәрленсін.

Жаратқан Алла!
Мұқтажбын Саған әрдайым.
Кірледі жүрек — мәз емес менің жағдайым.
Секілді рухым иесіз қалған тал-қайың,
Жүргенмен күнде сәждеге тиіп маңдайым.

Жаратқан Алла!

Есбол БОЗАН
Наурыз. 2025жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер