Өлең, жыр, ақындар

Көне шаһар хикаясы немесе асығыстық хақында


Баяғыда бір сәнді шаһар бопты,
Байлығы асқан, шаһарда уайым жоқты.
Сол шаһарда жасынан ерлігі асқан
Бір жігіт күн кешіпті, көзі шоқты.

Жігіттің жақсылыққа жаны құмар,
Көмек керек кезінде қол ұсынар.
Жамандық пен өтірік қас жауындай
Ақиқатты жүрекпен нақ ұғынар.

Сараң бай болған екен көршісі оның,
Күдірейткен, май басқан, сасық жонын.
Қызғаншақтық, зұлымдық бай мінезі
Көршің жаман болса егер қайнар сорың.

Байекең бар қарақшы бастығы екен,
Ойында тек арамдық, қастық екен.
Қармағында он шақты қарақшы бар
Зұлымдыққа байлаған белін бекем.

Жүргенде елді тонап қарақшылар,
Ат мінген астына бір шолақ шұбар.
Қолында алмас қылыш жарқылдаған
Жігітке кез болады ол зұлымдар.

Он қарақшы ұмтылды жан-жағынан,
Қан тамып, жарқылдаған қанжарынан.
Жігіт те тұра алмады құры қарап
Жаулары көп болса да сан жағынан.

Бірінің басын шауып өлтіреді,
Біреуін тұрмас күйге келтіреді.
Кейбіреуі «батқан үйрек теріс жүзіп»
Өйткені олар «нән қыран» жемтігі еді.

Байға барып бір қарақшы баяндайды,
Соңғы демі қалғанша аянбайды.
Қансырап барып жығылып құлағанда
Байекең үнсіз ғана тіс қайрайды.

Бес жылдай өткен екен одан ары,
Өмір қысқа сықылды қамшы сабы.
Жүргенде тіршіліктің қамыменен
Байекеңнің алтыны жоғалады.

Бай ойланды: көрем мен мұны кімнен,
Қай ит екен сыртымнан үріп жүрген.
Мың ойланып, жүз толғап ақырында
Бәле жапты, көрді бай көршісінен.

Сөйтті-дағы жігітті ханға апарды,
Әр қырдан асып талай сандалтады.
Алдын ала қазы мен уәзірлердің
Риза ғып, ауызын майлатады.

Уәзірлер ханға айтты, ақыл салып,
Майда сөзбен, ақырын ханға жағып.
Кінәсізден, кінәсіз жігіт қалды
Қылмыскер боп, түрмеге ол қамалып.

Түн жамылып, түрмеден қашты жігіт,
Орманға қашып кетті, түнде жүріп.
Қашқанын хан нөкері сезіп қалып
Қуды ол арт жағынан атпен шығып.

Таң атады бас нөкер құр қол қайтты,
Болған жайды бір-бірден ханға айтты.
Хан ашулы жұмыстан шығарады
Бас нөкер болғаннан соң зор айыпты.

Бас нөкер үйге қайтты мылқау болып,
Әркім бір жүрді оны болжап, жорып.
«О, несі екен» десіп те біреулер жүр
Әңгіменің біреуін бірге соғып.

Қолбасының бар еді сүйген жары,
Ойлағаны отбасы, үйдің қамы.
Бесіктегі бір ұлы және бар-тын
Екеуінің басына біткен бағы.

Күйеуінің қабағы қалған қатып,
Келгенде асыл ері үйге қайтып.
Әйелі не болғанын айтпай ұқты
Еріне ойлы жүзген қадалып ап.

Жинастырып қояйын бұлар жайын,
Тіршілгін байдың да баяндайын.
Бай өмірі қызық боп тұрған шығар
Осыған сәл де болса аялдайын.

Бай өмір кешіп жүрді елді тонап,
Күн көрді шоқпарменен елді сабап.
Бір күні қоймасында отыр еді
Байлығын, алтындарын ол да санап.

Отыр ед өзіндегі санап барын,
Білмей қалды есіктің жабылғанын.
Ортасында алтынның қала берді
Айырбастап алған ед алтынға арын.

Ауа жетпй байекең тұншығады,
Есікке жанталасып, ұмсынады.
Байлығының түбіне барад батып
Тәңірдің жіберген бұл бір сынағы.

Осылай хикаямды айтып келіп,
Бас нөкерге оралам қайтып келіп.
Хикая ары қарай жалғасады
Оқыңыз арғы жағын қызық көріп.

Арада он жыл жуық уақыт өтті,
Бас нөкердің баласы енді ер жетті.
Ел-жұрттан естіп өскен әңгімеден
Жас бала сол жігітке еді кекті.

Ұстап алсам жігітті өлтірем деп,
Ұшқындап жас баланың көзінен от.
Жүреді бір бармағын ішке бұғып
Серт берді өз-өзіне ішінен көп.

Бір күндері бас нөкер баласымен,
Отырған ед ойнасып-жарасумен.
Бір жігіт келе жатты көше бойлап
Астында мінген жорға қарасымен.

Жігіттің оң қолында жара бар-ды,
Баланың оны алыстан көзі шалды.
Сөйтті де терең ойға шомып кетті
Ертедегі әңгіме ойға оралды.

Ол әңгіме былайша өрбуші еді,
Бірақ та оған бала сенбеуші еді.
Қарақшымен айқастан қалған белгі
Оң қолында дәу жарабар деуші еді.

Себебін сенбегеннің айтсам барлап,
Шешесі отырушы ед күнде зарлап.
Жігіттің оң қолында белгісі бар
Әкеңді мылқау еткен деуші ед қарғап.

Бала тұрып садағын қолына алды,
Екі көзі жарқылдап оттай жанды.
Дәлдеп тұрып жүректің дәл тұсынан
Құлаштап тұрды-дағы тартып салды.

Содан соң көздің алды тұманданды,
Әкесінен көрді ұлы қырау қанды.
Садағын жерге дереу тастай салып
Әкесінің жанына жетіп барды.

Негізінде, жебені атқан кезде,
Әкесі ұл пиғылын ұқты лезде.
Секіріп барды-дағы кеуде тосты
Ұлы сенбей аңқайды өз көзіне.

Әкетайым деді ұлы «не істедің?
Зұлымға атқан оқты кес-кестедің,
Білесің ғой өзіңді мылқау еткен
Сол әңгіме жасымнан естіп өстім».

Әке даусы кенеттен діріл қағып,
Оқыс шықты ауаны бұзып-жарып.
«Балам» деді «әңгіме болған басқа
Өтірік, өсек айтқан саған халық».

«Ол жігітті сол түні қуып едім,
Ойымда сыйлық алу соқыр сенім.
Хан қашқынды ұсталған көрген кезде
Береді деп ойладым алтын-бегім.

Орманның арасымен жігіт қашты,
Орман еді шытырман, мол ағашты.
Сөйтіп, жігіт бір жаққа жоқ боп кетті
Әкең байғұс енді адасты.

Адасқан соң бұл әкең із кеседі,
Жол табуға бекініп, бел шешеді.
Сорлы әкең жүрген кезде орман кезіп
Қарсы алдымнан топ қасқыр кездеседі.

Қолыма ұстағаным жалғыз найза,
Найзамен топ қасқырға шабу қайда?
Алды- артымнан атыма атылады
Таба алмай түңілдім амал-айла.

Атымды жарды ақыры бәрі қаптап,
Келді екеуі жаныма қалды тақап.
Тап бергенде біреуі аузын ашып
Әкеңді қалды қорғап біреу сақтап.

Қарасам қалың қасқыр қырылыпты,
Бәрінің әкең сол сәт сырын ұқты.
Жанымда әлгі жігіт қасқайып тұр
Айтуға қалмай қалды сөзім тіпті».

«Деді жігіт: қалаңа енді қайт та ,
Бұл сөзімді ойланып сәл байыпта.
Сен мені көрмедің де сөйлеспедің
Мен туралы ешкімге, ештеңе айтпа.

Үйге келдім мылқау боп, үндемей де,
Ел сыпсыңдап жүрді ғой күн бермей де.
Содан бері қарызбын бұл жігітке
Жүрдім талай дымымды білдірмей де».

Деді-дағы сөзін әке тәмамдады,
Бала сол кез көз жасы жерге тамды.
Әксі сылқ етті де көзін жұмып
Қансырап барды-дағы жер құлады.

Әкесінің өлгенін бала көрді,
Аңырады, құшақтап қара жерді.
Өлікті құшақтайды, зарланады
Бала жылап, сол жерде қала берді.

Елден алып жерлеудің қаражатын,
Ертесі шығарды әке жаназасын.
Шешесі мен жас бала қала берді
Құшақтап, тірегінсіз, қара басын.

Жаназаға көп адам жиналған-ды,
Сол жерге әлгі жігіт енді барды.
Қайтуға жатқан кезде ыңғайланып
Бала әлгі жігітті көріп қалды.

Бала іздеп жігітті көп сабылады,
Ақыры зорға жүріп ол табылады.
Көз жасы көл болады жас баланың
Аяғына жығылып жалынады.

«Кешірші, кешір мені ағатайым,
Кеше ғана ұғындым өзің жайын.
Кешірші өткен-кеткен қателікті
Жолыңда құрбан болсын менің жаным».

Деді жігіт: «бауырым, сабыр сақта,
Өткенді қозғай берме, оны айтпа.
Бұл елдің ханы маған жау болады
Кетсе қалай болады елден жатқа».

«Онан да ханымызға баралық та,
Жауды да досымыз деп саналық та.
Жылы сөзге иімес жан болмайды»
Деді бала: «Кешірімін алалық та».

Екеуі солай шешіп ханға барды,
Барды да бар шындықты жайып салды.
Ақылды хан аз ойға шомып тұрып
Екеуіне шығарды үкім ,жарғы.

«Менің бір батырым бар жеңілмейтін,
Жадырап, ешкімге де ерімейтін.
Егесіп егер де сен жеңер болсаң
Қызымның жан жолдасы, теңі деймін».

Жігіт әлгі батырмен айқасады,
Бірін-бірі аңдысып, байқасады.
Батырды қуып жігіт ұрыс салып
Талай биік белесті,қырды асады.

Ақыры қуып жетіп бас салады,
Сол кезде нағыз қырғын басталады.
Шыдай алмай жігіттің екпініне
Батырдың бұзылады қас-қабағы .

Жас жігіт жаңадан бір амал тауып,
Топырақпен батырдың көзін жауып.
Көзін тырнап хас батыр жатқан кезде
Жігіт оның алады басын шауып.

Жігіт ханға атымен шауып барды,
Сөйтті де басты алдына тастай салды.
Хас батыры өлді деп сене алмай
Басты көріп, хан мүлде естен танды.

Уәдесін де орындап, қызын қосты,
Жігіттің енді болды көңілі хошты.
Жігіт бір ай құрды да сауық-сайран
Баланы келеді деп және тосты.

Жас бала анасымен келді көшіп,
Жігіттің бір көмегі болар десіп.
Жігіт те екеуіне пана болды
Бақытты өмірлерін өтті кешіп.

Әркімге өлшеулі-ақ өмір берген,
Ешкім де құтылмайды қара көрден.
Жігіт те, жас бала да, анасы да
Бақытты боп өтіпті бұл өмірден.

Эпилог тәрізді бір шумақ

Оқырмандар өлеңді жете түсін,
Байыптап, бағалашы көріп ішін.
Шешімді қабылдаңыз асықпастан,
Асығып істемеші шайтан ісін.



Пікірлер (1)

Тимур Б

Ұнады жақсы жазылыпты!

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз