Өлең, жыр, ақындар

Шошыма‚ достым‚ сөзімнен...

  • 15.04.2015
  • 1
  • 2
  • 14659
Шошыма‚ достым‚ сөзiмнен‚
Сөз – Құдайдан шыққан бу.
Ұқпасаң, көр өзiңнен‚
Жұтқызайын нұрлы су.

Iшiп алып мас болып‚
Мал‚ мақтaнға қас болып‚
Нәрестедей жас болып‚
Қайта жарал‚ қайта ту.

Арақ iшiп құтырсаң‚
Бар киiмдi сыпырсаң‚
Дүниеден мұтылсаң –
Жолға түстiң түп-түзу!

Қанжармен iшiң тiлемiн‚
Бар сырыңды бiлемiн‚
Мазақтаймын‚ күлемiн‚
Деме сиқыр, неткен қу.

Өлсең‚ сөзбен тұрғызам,
Ерiксiз мойын бұрғызам.
Айтқанымды қылғызам,
Жүрегiңе төгiп у.

Сиқырыммен жүгiртем,
Жар бетiне үңiлтем.
Дүниеден түңiлтем,
Кереметтi мен жаду.

Қасиеттi баламын,
Жаныңды билеп аламын,
Денеңдi отқа саламын,
Жалыны шықсын гу де гу.

Байлаймын да көзiңдi,
Патса қылам өзiңдi.
Ұғып отыр сөзiмдi,
Ел билетем жетi ру:

Мейiрiм, ЬIнсап, Әдiлет,
Шыдам, Шыншыл, Харакет‚
Түп қазығы – Ақ ниет‚
Бұл жетеуiн ел қылу.

Ешкiмге зиян тигiзбей,
Кәрiптiң көңiлiн күйгiзбей,
Сайтанға беттен сүйгiзбей,
Жүрегiңдi нұрмен жу.

Мақтанды алма ойыңа‚
Кек сақтама бойыңа‚
Барма дүние тойына,
Ойнаса да у да шу.

Асқақтап‚ оттай саулама,
Жақынды‚ жатты жаулама‚
Өлсең де адам аулама‚
Аң жейтұғын болма аю.

Оқуың, дiнiң, дағдың көп,
Небiр бiлгiш айтқан деп‚
Кетпесiн солар жетелеп,
Жарамас үйтiп ой көму.

Ақылыңа ұстат қол,
Тура апарар сенi сол.
Жардың жолы қиын жол –
Шытырман тоғай, қалың ну!

Егер мұны қылмасаң‚
Айтқаныма тұрмасаң‚
Өз нәпсiңдi бұлдасаң‚
Саған арам сөз ұғу.



Пікірлер (2)

Қанат

Жаду деген сөздің мағынасы қандай?

Пікір қалдырыңыз

Партия адамдары

  • 1
  • 1

Біздің қазақ әркімді қылар мазақ,
Деп жүр ме екен «өзімнің бойым таза-ақ».
Осы жұрттың, байқаңыз, беті қалай,
Қайда қаңғып барады осы қазақ?

Толық

Тура жолда қайғы жоқ

  • 1
  • 2

Тура жолда қайғы тұрмас,
Шат болайын, бер арақ!
Қайғы, рахат бәрi бiр бәс,
Ешбiрiнде жоқ тұрақ.

Толық

Анық пен танық

  • 1
  • 6

Ойлаңыз, ақыл-бiлiм қайда болмақ,
Денеде қандай орын-жайда болмақ?
Бiлу, нану, ұнату – ақыл ici,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?

Толық

Қарап көріңіз