Мұхаммед пен Әбужаһил
Қолыңнан келмес іске тіпті деспе (тиіспе),
Құдайдың рахматы мол, үміт кеспе!
Әбужаһил лағындай масқара боп,
Өтірік жалған сөйлеп, желдей еспе!
Күш-қуат келе берер құдіреттен,
Соға бер өзің қайтпай шын ниеттен.
Алсайшы ауыз дәмін сөйлеп біраз,
Сүйікті Құдай досы Мұхаммедтен.
Майданға Әбужаһил лағын келді,
Жұрт асқан өзін күшті балуан көрді.
Жүрегін Мұхаммедтің шаю үшін,
Бір-екі жаманменен күресті енді.
Біреуі інісі еді туған бірге,
Көтеріп ұрған болды оны жерге.
Кідірмей және бірін алып соқты,
Мақтанып: "Кім шығар, - деп - біздей ерге?!"
Күжілдеп үрген иттей кәпір...
Бұ жәйттің алғаны шын мың лағнет.
Түкіріп екі қолға жалақтады:
- Кел, кел, дәмең болса, - деп - Мұхаммед!
- Атынан, айналайын, кет садаға,
Деуіме жарамайды отқа ғана.
Хақ Расул жайыменен маң-маң басып,
Кісідей күресетін барды араға.
Ол лағын он сегізде тұрған жасы,
Мұхаммед он екіде бар шамасы.
Анау таудай көрініп, мынау кіші,
Қаралдысы көп алыс екі арасы.
Жалақтап Әбужаһил сөйлейді енді,
Мейлінше мақтанумен созып тілді.
- Бүгін мен шыныменен күреспеймін,
Есі жоқ, емеспін ғой сендей жынды!
Дәл бүгін күресуім келмейді құп,
Ойнармыз кезек-кезек жүгірме доп!
Ауыз бақпай тағы да былшылдасты:
- Қорықты, - деп, - күреске - жиылған жұрт.
- Мынау зор, анау жап-жас бала! - дейді,
Бойын бақты, батпады, қара! - дейді.
- Екі арасы жер-көктей алыс жатыр,
- Белгілі ғой - келе ме шын шама?! - дейді.
Әбужаһил айтады:
- Айқаспайсың!
Қолға алуға келмейсің, шайқаспайсың!
Ертең саған бір жақтан күш келе ме,
Бүгін неге ұстасып байқаспайсың?!
- Бүгін сенімен күреспес себебім бұл:
Күрес қылдың сен бүгін бір-екі жол.
Мен жықсам да, "жығылдым"- демейсің сен,
"Шаршап ем— деп айтуға сылтауың (бұл) [мол].
- Бойға сіңбес бір күнде екі ас, - дейді,
- Қостамаса сөзіңді, кім екі ас жейді?!
Жаман-жақсы болса да екі жанмен,
Күресті ғой, айтқаны рас!- дейді.
- Бүгін барып тынығып, ертең келші,
Бұ күрестің билігін маған берші!
Жұрт алдында көзбе-көз ұстасайық,
Бар ма, жоқ па, күшіңді сөйтіп көрші!
Бүл сөзді естіген жұрт аң-таң қалды,
- Кім де болса, шын сөз, - деп, мақұл алды.
- Емшек сүті аузынан еш кетпей,
Айтқан сөзін қара!- деп, таңырқанды.
- Бүгін бұлар күреспей, тұрсын! - десті,
- Байлар ертең бір майдан (медет) құрсын! - десті
- Күнде жеумен бай асы таусылмай ма,
Ертең тағы жұлысы болсын! - десті.
Мұныменен тарқасты жиылған көп,
Құр күлумен көбейтіп әңгіме кеп.
Жаман күліп барады дуылдасып:
"Күресуге қорықты ғой, батпады!"- деп (ұлып).
Түн өтті, ертеңінің атты таңы,
Кедеймен күнде толып байдың маңы.
Кешегіден бүгін жұрт көп жиылды,
Аспанға шығуменен жердің шаңы.
Екі жар жұрт отырып, қызық көрді,
Көрінбей періштелер бірге жүрді.
Байлығына мақтанып, шалқып сөйлеп,
Кеудесіне Әшімнің сонда жаман кірді.
- Майданға шығып, балам, көрсетіп бой,
Сендердің сенген кісің - жетімің ғой!
Егер де балам жықса, қыламын той,
Жүз түйе, союменен, екі жүз қой!
Кенелсін қызық көрген, ел-жұрт тойып,
Дүниені сарп қылдық қырып-жойып.
Зәуімен жетімдерің жығып кетсе,
Мұндай мал, той қыласың, қайсың сойып?!
Алдымен Әбутәліп тұра келді:
- Соямын, дәнемем жоқ, мен немді енді?!
Бар болса, жалғыз атты, аяймын ба,
Кедей - мылқау, бай шешен болмақ тілді.
Хамза айтты:
- Мен мергенмін аң аулаған,
Мініп ап бір шолақты жау жаулаған.
Аң етін ап келуге жұрт қарай ма
Бос сөзден не тамады құр саулаған?!
Желігіп Ғаббас ұшып тұра келді:
- Не бар, - деп, - дағдартатын осынша елді?!
- Өзіңді бай, өзгені кедейсініп,
Сөйлеме сүйреңдетіп босқа тілді!
Мұңайтып, қайтарма сен, ием өзі,
Мақтанып неге айтасың мұндай сөзді?!
Мұхаммед жықса, жалғыз өзім соям,
Қойдан - бес жүз, түйе - тап үш жүзді
Жалғыз өзім бәріңе теңмін!- дейді,
- Айдар малда қайсыңнан кеммін?!- дейді.
Тоям десең, кедейлер, тілеулес бол!
Мал аямай, союшы менмін!- дейді.
- Мұхаммед, тұр, майданға баршы, жаным!
Күйдірді ғой құр сөзбен мынау залым!
Жығып келсең, мал түгіл, жан құрбаным,
Арам болсын аяған сенен малым!
Бұл сөзді естіп баланың күші тасты,
Көңілі жаулан өр мен қайрат асты.
Нұры көкке балқумен ажарланып,
Сәулеттеніп майданға қадам басты.
Пайғамбарлық бойына күші келді,
Бір мысжызет екенін өзі білді.
Қап тауы бір қаңбақтай болар ма екен,
Әбужаһил бұйым ба, немене енді?!
Майданға жанған шоқтай шықты жайнап,
Мұхиттың дариясындай аққан қайнап.
Қапысыз болып шықты Әбужаһил,
Бел буардан жоғарғы жерін майлап.
- Балуандардың қарайық ісін! - дейді,
- Белсеніп күресуге түссін! - дейді.
- "Киіміме оралдым!"- деп - айтарсың,
- Қапы кетпей, Мухаммед, шешін!- дейді.
- Жалаңаш жерім бәрі - тегіс майлы,
Қолға ұстауға келмесін, - деп, - ыңғайлы.
- Дәнемені көрмеген баласың ғой,
Бұрын туып (түсіп), көрмеген еш мұндайды!
- Жоқ, мен, - дейді - демеймін: "қапы кеттім!"
Киіммен күресуге әуес еттім.
Киім түгіл қолымды майламаймын,
Міне, алдыңа мен даяр, келіп жеттім!
Икейіне бір-бірі салды қолды,
- Қимылдай берсін, - дейді - болды-болды!
Олай-бұлай ырғады Әбужаһил,
Өне бойы сәуле мен терге толды.
- Үшке шейін кезегің, сілте! - дейді,
- Менен бұрын тудың ғой ерте! - дейді.
-"Өзім болдым!"- дегенде, қозғалайын,
Қимылыңды қылмайын келте! - дейді.
Әбужаһил әр жерден қолын салды,
Сасқанынан аяқтан ұстай алды.
Таң-тамаша көрген жұрт қайран қалды.
Олай-бұлай қарбаңдап жүріп бақты,
Жерден қозғап ала алмай екі аяқты.
Әбужаһил лағынның саулап тері,
Зорығып, мұрнынан қан дір-дір акты.
Шамасы келмегенін әбден білді,
Енді қысқа ұстарлық болып тілді:
- Қимылдаудан мен қалдым, бітті тыныс,
- Үшке шейін қимылда сен, - дейді, - енді!
- Екі қимыл барсын, - деп, - Құдай жолы,
Жасыңа үлкен байладым саған оны!
Ал, енді өзіңе ие боп қал,
Ойын деп, не жалған деп білме мұны!
Бір қолымен белінен алды қысып,
Бас-аяғы уысқа бір-ақ түсіп.
Аспанға атып жіберді сөзге келмей,
Ұшқындай боп жөнелді аспанға ұшып.
Тұрған жандар теп-тегіс көрді көзден,
Оңай боп бір ауыз айтқан сөзден.
Сықылды көкке де тоқтар емес,
Ғайып боп көрінбеді, кетті көзден.
Бұтына жіберіпті Әшім сиіп,
Жаны ашып баласына, іші күйіп.
- Тауып бер! - деп, баласын, шыдай алмай,
Мұхаммедке жұдырығын келді түйіп.
Бұ жақтан Хамза менен Ғаббас тұрды:
- Құмар ең, - деп, - қосуға тұзға сорды.
Мұхаммедке қолыңды тигізші! - деп,
Әшімді былш еткізіп, ауызға ұрды.
- Балаңа: "Күрес!" - деген кім бар еді,
Бұзақы, бір қияңқы мұңдар еді.
Әлін білмей іліклік салғаны үшін,
Осындай болуға оған жөн бар еді.
- Мен, Хамза, тиіп жүрген дұғам ақтан,
Жұрт сияқты менде жоқ өтірік мактан.
Біздің тұқым білесің жалықпасын,
Ұрыс пенен төбелес, керіс жақтан.
...Санасаң, жұрт білді рас күшін,
Көп те болсаң, біздерге сабан шөпсің.
Қалдырмастан біріңді қыруыма,
Бұл майданға жиылып, жақсы кепсің!
Кәне, мен суырайын қылышымды,
Ойынды бастайық, кел, шынды.
Дәмең болса, сал айғай, ұран шақыр,
Жұрт көрсін сені қандай қылысымды!
Суырып қорамсақтан жүз алпыс(алтмыш) оқ,
Бас көтерер бәрінді бір қылсам жоқ.
Тезектей боп қалмай ма үйіліп айқыш,
Теңдеп жүрген есектер бір-бір қап боқ!
Атқа мініп, найзаны қолыма алсам,
Аш бүркіттей түйіліп, сүрен салсам!
Қатын біткен баласын асып (атып) тастар,
Қаһарланып, долданып, айғай салсам!
Желігумен қолыма алсам шоқпар,
Бір жан бар ма қасқайып, қарсы тоқтар?!
«Қыс к...ңді, тырп етпе, қылам дар-дар,
Сығыр, мұңдар, дүрдиген өңшең боқтар!
Әшім мұны естіп к...н қысты,
Өздеріне зор қайғы, уайым түсті.
Аспаннан бұлдыраумен келе жатқан,
Әбужаһил лағыңды жұрт көрісті.
Әшім жасы көзінен саулап ақты,
Жалынып Мұхаммедке жылап бақты.
- Мен емеспін жел беріп, желіктірген,
Сенімен күресу кәуір әлімсақ-ты.
"Қой! "- деп бақтым, осынша, тіл алмады,
Әлін бағып, шамасын біле алмады.
Сендей болып ешбір жан болып бақты,
Бұ жалғанның жүзіне келе алмады!
Міне, алдында мен тұрмын мойын салып,
Балам барып келеді ойын салып.
Жерге түссе, тамтығы қалмайды ғой,
Түсірмей бақ, шап беріп, ұстай алып.
Қайырармын қаруын тірі жүрсем,
Әкеңдеймін ауысқам, мені көрсең!
Түсірместен сол жерге қағып алып,
Сау-сәлемет баламды тірі берсең!-
Деп, Әшім солқылдаумен көп жылады,
Уайымын баласының жеп жылады.
- Ал, енді даяр болып, тосып ал! - деп,
Жалынып қақ қасына кеп жылады.
Елжіреп хақ Мухаммед мейірі түсті,
Жұрт көрді-ау, міне, осындай тамаша істі.
Бір асықтай аспаннан қағып алды,
Аясын ба берген соң Тәңірім күшті?!
Оң жолға Жаббар Ием бастай берді,
Не берсе, оған әзі жастай берді.
- Міне, балаң, арбаға салып ал! - деп,
Алдына әкесінің тастай берді.
Әбужаһил қалыпты естен танып,
Дем алуға шама жоқ, әлсіз көріп.
Әшім тобы қайтысты көр беттеніп,
Бір сүйекті арбаға салып алып.
Бин Әшім (Әшімнен басқа) тұқымы судай
Мұхаммедке пида ғып мал мен басты.
Ғаббастың есі шығып, қуанғаннан,
Қырық табақ санап тұрып алтын шашты.
Жарқ етіп бір ашылды бүгін қабақ,
Естерінен шығумен жейтін тамақ.
- Мал шашу, олайша емес, бұлайша! - деп,
Хадиша алтын шашты төрт жүз табақ.
Бұрқыратып қылыпты Ғаббас тойды,
Үш жүз қой, тап екі жүз түйе сойды.
Үйіліп, төбе болып қалды тамақ,
Аш-арық, кәріп-қасер тегіс тойды.
Қылдырған мұның бәрін Жаббар-Халық,
Дәл қасында тұрғандай біздерге анық.
Махфузыға жазылыпты барып сол күн,
Нәсіліне бұл Ғаббастың халифалық.
- Мұхаммед өзім сүйген достым! - дейді,
- Сүйгендіктен жылатып қыстым! - дейді.
- Періштелер боп куә, жаз махфузыға.
Хадишаны мен оған қостым!- дейді.
- Әр не қылсам, еріктімін, құдіретім бар,
Өзімді ойға алғанға - мен өзім бар.
Кімде-кім қайырылса, мұндай жанды,
Мен оны дүние ақырет-қылмаймын зар!
Білермін ақыр бір күн өлерімді,
Жұрт көнгенге мен де еріксіз көнерімді.
"Әркім барын қолында шашады ғой"-
Мен шаштым аямай өнерімді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі