Ғалының ниеті
Сөйлеймін, құп тыңдасаң, көп жамиғат,
Қалыпты пайғамбардан аз насихат.
Он сегіз мың ғаламның падишасы,
Хабиб Хақ Расуладан бір рауаят.
Рауаят қалды бізге пайғамбардан,
Сөзіме, сауап табар, құлақ салған.
Шырағы - екі дүние: Хақ Расулдан
Болмай ма сөзім арам аяп қалған?!
Насихат сөйлегенді білсең, тілім,
Арам ғой пайғамбарсыз көрген күнім!
Қиямет таңла мақшар майданында
Бола гөр шапағатшы, Хақ Расулым!
Пайғамбар шапағатшы болсын бізге,
Кім болар шапағатшы сізден өзге!
Ғұсманның қонағына шақырғанын,
Айтайын, жамиғатлар, енді сізге!
Жігіттер, иманың күт бұл дүниеде,
Иман жолдас болады о дүниеде.
Пайғамбар - Құдай досты төрт жарменен
Бір күні отыр екен Мәдинеде.
Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Ғалы да бар,
Жастары бар ішінде, кәріде бар.
Отыз үш мың сахаба үлкен-кіші,
Садуақас, Мажен, Мәлік, Жүсіп - бәрі де бар.
Ғүсман молда төрт жардың байлары еді,
Пайдасын ақыреттің ойлар еді.
Отырса сахабалар Мәдинада
Сол күні рамазанның айлары еді.
- Жан баба, жаным құрбан сізге! - депті,
- Бүгін қонақ болыңыз бізге! - депті.
- Қалмасын көп жамағат қасыңыздан,
Ал, жүрсін халайықтар бірге! - депті.
Қасына көп жамиғат ермек болды,
Хақ Расул, - бәрі бірге жүрмек болды.
Пайғамбар Хақ Расулы бабасына
Ер Ғүсман қонағасы бермек болды.
Қонаққа шақырыпты Ғұсман батыр,
Әр сөзі - мың ділдалық, балдай татыр,
Мешітте ақшам намаз оқып алып,
Бас болып ақ пайғамбар келе жатыр.
Үйіне кіргізіпті Ғүсман молда,
Хабибі нұр Мұхаммед расул Алла.
Қасында көп сахаба бәріменен
Отырды жайланысып бәрі сонда.
- Хақ Расул, құп келдіңіз, тақсыр бабам,
Жан қалмай халайықта келсін тамам.
Хақтағала ниетімді қабыл қылсын,
Келгендей дүние малға менің шамам.
Толы тағам әкеліп, қойлар сойды,
Алдына неше түрлі тағам қойды.
Тағам жесіп отырған көп халайық
Сый, құрмет, мол тағамға әбден тойды.
- Жан баба, біздің үйге келдің! - депті,
- Мәнісін хал шамамыз көрдің! - депті.
Жүз жетпіс қадам басып келіп едің,
Әр қадамыңызға бір құл азат қылдым! - л
- Бәрекелді! - десіпті жұрттың бәрі,
Шаттанысып отырды жас пен кәрі.
Жамағат жайланысып отырғанда,
Ашуланып отырды Хазірет Ғалы.
Бұл жолда Ғүсман мүлде қылған құрмет,
Оған дәулет беріпті Жаббар-Құдірет.
Ғалының ашуланған кейпін көріп,
Сұрады сонда тұрып нұр Мұхаммед:
- Неліктен кейідіңіз, Ғалы батыр?
Әр сөзі мың ділдалық, балдай татыр!-
Жаратқан Құдай солай Шаһимардан,
Сөйлеуге енді тақсыр келе жатыр:
- Жан баба, бізден дәурен өтеді екен,
Дәулетті адам сауапқа жетеді екен.
Мен дәулетсіз сауаптан құры қалдым,
Дүниелік жимағаным бекер екен.
Көңіліне қайғы кірді талай-талай,
Көңілі ер Ғалының - алтын сарай!
Көзінен жасы атып, түгі шығып,
Жөнелді ашуланып үйге қарай.
Қайғырды бұ дүниенің малдарына,
Кім шыдаған күш-қуат халдарына?!
Ғалының ашуланған кейпін көріп,
Фатима қарсы шықты алдарына:
- Мұсылман, қайыр қылдың бөрісіне,
Жолықтың жасы менен кәрісіне.
Шаттанып жұрттың бәрі отырғанда,
Шаһимардан, қайғырдыңыз, мәнісі не?
Сыйыңыз әрбір қылған Аллаға аян,
Тамұқта имансызды шағар шаян.
Жұрттың бәрі шаттанып отырғанда,
Мәнісін ашуыңның қылшы баян!
- Фатима, бізден дәурен өткен екен,
Дәулетті адам сауапқа жеткен екен.
Мен дәулетсіз сауаптан құры қалдым,
Дүниелік жимағаным бекер екен.
Ақ жолын шариғаттың құрсам екен,
Мойнымды нашарларға бұрсам екен.
Алдыма бар дәулетім жиып алып,
Бабамды мен де құрмет қылсам екен!
- Ісіне Алла салған шыдалық біз,
Бұ жерде қайғы тартып тұрмайық біз!
Кемдік көрер ер ме едің бұл жалғанда,
Бабамды шақыр, қонақ қылайық біз.
- Ақжолға шариғаттың ереміз біз,
Қайыр қылсақ, сауапты көреміз біз.
Біз шақырсақ, жұрт келеді,
Келген жұртқа не тамақ береміз біз?
- Шақырсаң, тақсыр бабам келер, - депті
- Жанына көп жамиғат ерер, - депті.
- Кемдік көрер ермісің бұ дүниеде,
Құдай өзі бір нәрсе берер! - депті.
Қараңыз ақылына данышпанның,
Әр жерде әлсіздерге болысқанның.
Бұл сөзін Фатиманың естіген соң,
Ұстады жомарттығы арыстанның.
Жақсылар бұ дүниеде бойын бағар,
Әр жерде арамзаны Құдай табар.
- Тақсыр баба қонаққа келсін бізге, -
Деп Ғалы батыр салды хабар.
- Жан баба біздің үйге келсін, - депті,
- Хал-жайын баласының білсін! - депті.
- Ғүсманның қонағынан үш есе артық,
Жан қалмай жамағатлар келсін! - депті.
Шаһарға хабар салды хазірет Ғалы,
Халайық есітіпті жас пен кәрі.
Ғалының малы жоғын білген адам,
Екеу-екеу сөйлесті жас пен кәрі.
- Бармаса, жұртқа кінә қояр!- депті,
- Неменен, жұрт жиылса, тояр!- депті.
- Жаратқан Құдай артық Шаһимардан,
Дүлділін, намыстанса, сояр!- депті.
Жарымы айтты:
- Біз онда барам! - депті,
Жарымы айтты:
- Біз үйде қалам! - депті.
- Нұрдан болған дүлділ етін жесек,
Біздерге тозақ оты арам! - депті.
Қонаққа шақырыпты Ғалы батыр,
Әр сөзі мың ділдалық балдай татыр.
Мешітте ақшам намаз оқып алып,
Хақ пайғамбар бас болып келе жатыр.
Шаһарға жұрт сыймады асқанынан,
Пайғамбар нұры көкке тасқанынан!
Пайғамбар аяғын бір ілгері, бір кейін басты:
"Ер Ғалы ойлар - деп, - сасқанынан!"
Ер Ғалы өзі батыр, өзі мықты,
Әр сөзін пайғамбардың жадына ұқты.
Халайықтан, ұялып, айналайын,
Екеуі іс бат - батысқа шықты.
Ер Ғалы жомарттықты тыймады ғой,
Ғұсман мұнан көп (адам) жимады ғой!
- Жан қалмай бұл шаһардан келе жатыр,
Қайтеміз. Фатима-ау, үйге сыймайды ғой!
- Ер Ғалы, таң қаламын жауабыңа,
Мақтанып, дахыл болдың сауабыңа!
- Үйі тар балаңыздың, қайтесіз? - деп,
Шалыңыз бабаңыздың құлағына!
Алдына қол қусырып, тағзым қыпты,
Ер Ғалы халайыққа қарсы шықты.
- Үйі тар балаңыздың, қайтесіз? - деп,
Ақырын бабасына сыбыр етті.
Барды да құлағына сыбыр етті,
Пайғамбар қол көтеріп, бір дұға етті,
Мүбарак пайғамбардың дұғасымен
Тақсырдың кішкене үйі кеңіп кетті.
Қуанды судай тасып Хазірет Ғалы,
Жамиғат үйге кірді жанның бәрі.
Жамиғат жайланысып отырғанда,
Дұға қылып отырды пайғамбары.
Дүниенің көз жетеді тұрмасына,
Қарашы арыстанның мырзасына.
Дүлдүлді сояйын деп сыртқа шықса,
Фатима намаз оқыр хұжырасында.
Отыр екен тамақ тілеп бұл бейшара,
Жиылып келіп отыр төре, қара.
Жараңлар, тыңдасаңыз, ғажап сөзі,
Алланың құдіретін көр, мұнда қара!
- Амин! - деп, қолын жайды Ғалы батыр,
Әр сөзі мың ділдалық балдай татыр!
Үйінің бұрышынан көтеріліп,
Өңшең алтын дастарқан келе жатыр.
Дастарқанмен бірге келді алтын табақ,
Ішінде бір табақтың жетпіс тамақ.
Қанша болса, келген жан бас-басына,
Отырды алды-алдына алып табақ.
Дара-дара табақты алдына алды,
Көрген жанның бәрі де мәз боп қалды.
Жер-жемесін біле алмай халайықтар
Бәрінің, жұмақ иісі мұрынын жарды.
Үйлері ер Ғалының кішкене екен,
Зәредей, жарылқамақ, істен екен.
Дұғасы Фатиманың қабыл болып,
Тағамы сегіз жұмақ көшкен екен.
Сипатын пайғамбардың нұрдан етті,
Ибраһим жүз түйені құрбан етті.
Фатимаға қонаққа келген жанға
Құдайым тозақ отын арам етті.
Сипатын пайғамбардың нұрдан етті,
Ибраһим жүз түйені құрбан етті.
Құдайым әмір қылып достысына: -
Баланды құрбан шал! - деп, пәрмен етті.
Ибраһим Смағұлын құрбан қылды,
Смағұл құрбандыққа риза болды.
Құдайым Смағұлға риза болып,
Аспаннан көк қошқарды тастай берді.
Кек қошқар түскеннен соң, оны сойды,
Өлімге пайғамбарлар басын қиды.
Мал түгіл, пайғамбарлар жанын қиған,
Қимайды ендігілер жалғыз қойды.
Өтіпті бізден бұрын көп пайғамбар,
Абзалы көп пайғамбар - төрт пайғамбар.
Малменен дүние жүзін жасырсаң да,
Өлгенде үш қари без бұйырар.
Өтіпті бізден бұрын төрт шаһариар,
Дүниенің, пендешілік, малын жияр.
Ішпей-жемей тырнақтап жиған малын
Бұл адам өлгеннен соң қайтіп қияр?!
Өтіпті бізден бұрын он екі имам,
Айрылсам иманымнан көрге сыйман!
Ғазірейіл жан аларда келсе жетіп,
Берсем де дүние малын жаным қиман!
Өтіпті бізден бұрын сахабалар,
Жігіттер, жарлы болсаң, жан қиналар!
Біреуге ерте, біреуге кеш уақыт болып,
Мәңгілік бұ жалғанда жоқ қой қалар!
Өтіпті бізден бұрын падишалар,
Ғазірейіл періште(нің) (оның) жанын алар.
Тірлікте өлімді (бір) ойламайды,
Өлген соң, жер астында жалғыз қалар.
Жаратты жер мен көкті Алла тағалам,
Дүниені бұрын көрген - Хазірет Адам.
Ілгері айтқан жанлар өскен содан,
Қала ма бұ дүниеде өлмей адам?!
Жаратты жеті тозақ, сегіз пейіш,
Құдайға ғибадат қыл, қалмағыл кеш!
Мойныңнан ада қылсаң біния ислам,
Бейіштен нәсіп болса, жерсің жеміс.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі