Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүр-Жүсіптің Шабдар атпен айтысы

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 4853
Мәшһүр-Жүсіп
Сен, Шабдар, қай жағымнан келдің маған,
Кім ығыр ғып осынша мінген саған?
Арқа — басың ошақтай жауыр болған.
Мал сықылды түрің жоқ, сиқың жаман.
Шабдар ат
"Келдің, - деп, айыптама мені - қайдан?"
Шыққам жоқ жергілікті малды байдан.
Төлеуге Айдаболға келіп тұрмын,
Көк тақым қандыбалақ ұры Алтайдан.
Мәшһүр-Жүсіп
Малсың ғой жүгің жетіп арып келген,
Жетекпен талай жерге барып келген.
Қай көзі ашылмағыр, оңбаған ит
Сүйретіп сонша жерден алып келген?!
Шабдар ат
Бір иттен бір ит барып алып келген,
Онан бір ит саудалап алып келген.
"Өлмегенге - дегендей - өлі балық,"
Кез болдым күйінішті үйге кісісі өлген.
Бір көзім ашылмаған сорым қайнап,
Күнелттім өмір бойы ит - құс жайлап.
"Әйтеуір өлген кісі мінбейді!" - деп,
Жіберді ысқатына[расходына] мені байлап.
Мәшһүр-Жүсіп
Мінген жан сені желіп шапқан екен,
Арқанды ошақтай ғып баққан екен.
Мінбейтін, түспейтұғын моладағы
Өлікке байлап орнын тапқан екен.
Қор болған мал екенсің, жетімдейін,
Құдіретім-ау, не дейін, бетім дейін.
Ұрлық малы, өлікке сен арналсаң,
Мен байып сеніменен жетілмейін.
Шабдар ат
Желқомдап мінеді ерікке қоймай!- дейді,
От - суға жари алмай, тоймай!- дейді.
Мына бір шыбындарды қарасайшы,
Ағатай, қайтер мынау, ойбай!- дейді.
Мәшһүр-Жүсіп
Сол өлік Арғын ба еді, Керей ме еді?
Облысы Омбы ма еді, Семей ме еді?
Ысқатқа [расходқа] сендей малды байлағаны
Малы жоқ, қара каска кедей ме еді?!
Шабдар ат
Жоқ - жоқ, бай-ақ еді өзі таптан озған,
Анау - мынау кісі емес, Қақсал - Қозған.
Өз өлігін осынша өзі қорлап,
Уасуаса бір жұмысты шайтан салған.
Мәшһүр-Жүсіп
Жоқ шығар сенен басқа бір қарасы,
Ыңғайлы, келген осы-ақбар шамасы.
Жанашыр, бауыр туған жоқ болғанмен,
Жан ба еді қатын менен жоқ баласы?!
Шабдар ат
Жоқ, жоқ, бала бар бойы сымдай болған,
Қатын бар қылышқа алтын қындай болған.
Ұялас иттен көп туысқаны,
Бәрі ақылдан тап-таза сұмырай болған.
Үшеуі ұл, біреуі қыз, - бар төрт бала,
Екі қатын, бір кәрі кәріп (ғарыб) ана.
Артта қалған жанашыр ағайындар
Ысқатына (расходына) байлапты он бес қара.
Өлік өлсе, белгілі Біләл - басы,
Талап апты ағайын, кәрі - жасы.
"Басым кеп, менен артық кәріп (ғарыб) жоқ!" -
Бір атын алған Байбек, оз ағасы.
Қожахмет, Асқар дейді үлестірген,
Саған сондай шығардым деп есіттірген.
Аттан - тайлық, тайыншадан қойлық алып.
Жоқ орыннан болмашы несіп терген.
Қожахмет Кейкіге айтқан оңаша алып:
- Саған бір тай байлаттым бедел салып,
Өзіме арзан сатып кетіңіз!- деп,
Кейкі: "Құп!" - деп айтқан соң, әбден қанып.
Бұрын да жүрген жандар мал ықтырып,
Өздерін қызыл танау зорықтырып.
Тай қолына тиген соң мойын бұрмай,
Тук бермей кеткен Кейкі жер соқтырып.
Өлік малы сол қанша ырыс екен,
Бір жан жоқ деп айтарлық: "Бұрыс екен!"
Олжа алған өлік малын үлестіріп,
Асқар да ойсыз, мисыз қырыс екен.
Шідерті олжаласып, өзді-өзі алған,
Баязит пен Әшімге коп дау салған.
Жекжаттан жалғыз Ишан құр қалыпты,
Томпайып Баязитпен бірге барған.
Ишаны Баязиттің қасына ерген,
Тіпті елеп жан болмапты соны көрген.
Құнан, дөнен, бесті, өгіз - жануар деп,
Үркітіп бір тайыншаны зорға берген.
Мәшһүр-Жүсіп
Шықпаған кеудесінде жаны болды,
Жылқы емес деуге құйрық пен жалы болды.
Сауабын өліктерге сарт ететін,
Ұрлықтың арам сирақ малы болды.
Арқасы тап ошақтай жауыр болды,
Сойса асқа жарарлығы сауыр болды.
Алтайдан келгендігін ат айтқан соң,
Жетектеп алып кету ауыр болды.
Атанған бала жастан Мәшһүр өзі,
Барғаны Сіләмбектің қырқы кезі.
"Ат олжа емес маған, сөз - олжа!" - деп,
Мәшһүрдің сонда жазып кеткен сөзі:
"Арқан бар мінгізбейтін ерді салып",
Шыбын бар қуалайтын мазаңды алып,
"Жаз - жауырдан без!" - деген бұрынғылар,
Таба ғой жылы орныңды өзің барып.
Мойныңа, бағып жүрсем, сүйек байлап,
Күл-талқан қылар бір күн ит-құс шайнап!"
Жауырына жапсырып бір қағазды,
Жіберген қуып Мәшһүр үйіріне айдап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Яһуда, Патрос әңгімесі

  • 0
  • 0

Кім берді бұл байлықты құдай берді,
Жаратты қолы ашық қып кейбір ерді.
Кәне, біреу берместен тығып бақты,
Қайсысы асты: ақырын ел жұрт көрді.

Толық

Толқын

  • 0
  • 0

Пәленің басы - хазірет мешіт баққан
Ораза, намазшылар оған жаққан.
Заман түрін танымай әуреленген,
Мерт болар арыстандай Айға шапқан.

Толық

Тайкелтір би

  • 0
  • 0

Сөйлей бер, қызыл тілім, аманында,
Тыңдауға болар жақсы, жаманың да!
Қазақ та аз күн қызық көріп еді
Едіге, Шоң, Торыайғыр заманында.

Толық

Қарап көріңіз