Өлең, жыр, ақындар

Сырға сөз

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 3875
Әл-ғауам, кәл-ғауамда паруанамыз,
Набатта райхансыз біз не аламыз?!
Жамадатта шақпақтас жерде қалған,
Адам ретте Сафилла диуанамыз.
Құста: байғыз, жапалақ - бастасымыз,
Қарақұс, жарқанат қой - қастасымыз.
Сауысқан, қарғалармен дұшпан болып,
Осылай біздің аяқ тастасымыз.
Дария, көп дүние айналған садап қайда?
Садаптан қанағатсыз не дүр пайда?!
Жатырмыз надандықта, жан жоқтықта,
Иесіз мақұлық қалар әрбір жайда.
Аспан көк - толған бұлт, жауыны жоқ,
Ақбоз үй есепсіз көп, сауыны жоқ.
Бақша бар: бидай қалып, терек еккен,
Асқабақ, жейтін әрбір қауыны жоқ.
Пайдасы неге керек мың мен санның?
Көп тоғай бос атанып жүрген жанның.
Болар ма, бір сөнген соң, айтшы шоғы –
Оттарын қанша жақсаң, қарағанның?!
Сөнбейтін саулап жанған қайда жарық,
Жал-қонды, жабы - семіз, жүйрік - арық.
Жалт еткен нажағайдың отындай боп,
Көруге - анық, алуға болып асық.
Елуден жасым асты, өзім-бала,
Соқыр мен саңырауға болдым дана.
Тұтанып, қай жерімнен от алады,
Бықсумен қар астында жатқан шала?!
Алды-арты бұл дүниенің - қараңғы түн,
Үміт бар - болар деген бір жарық күн.
Құр босқа текке айғайлап, зорықпайын,
Жаяудан шаң шықпайды, жалғыздан - үн.
Жасымда дүрсілдетті біткен бала,
Барғанда әр молдаға сабақ ала.
Баланың таяғымен шыным жетіп (жетісіп),
Атандым надан жұртқа енді дана.
Наданға қоспайын деп едім ірге,
Қыстауда бір мысықпен қалдым бірге.
"Қалғанның ұлдан жалғыз сазасы!" - деп,
Жабылды-ау елсіз жерде тамам бүрге.
Көз жасым болмасаңшы текке шығын,
Жайым жоқ тоқтататын тығып тығын.
Жабылып күндіз-түні тынышымды алды,
Түнде - бүрге, тал түсте - қара шыбын.
Иманың кәміл боса, тіліме нан,
Емес қой о да уайым жейтұғын нан.
Дағдардым дал болып, [қалып] қайран,
Жанашыр болысарлық таппай бір жан.
Бар еді-ау жанашырым екі жарты,
Бас болып, қосар басты жоқ қой қарты.
Жазуда бұл күн маған жазылмаған,
Сөзімнің тұрған осы алды-арты.
Таусылып гүл, көмір болып кетесің бе,
Бықсумен, қайран күнім, өтесің бе?!
Бақ құсы, айналайын, қонбай басқа,
Табанға тапталып-ақ кетесің бе?!
Еститін есіл сөзімді құлақ қайда?
Суалмас, ішсе, көзі, бұлақ қайда?!
Қалумен жалғыз жұртта күнім өтті,
Топ жарып жазған сөзім әрбір жайда.
Қаламым қолға алған құстай ұшты,
Сөз емес таусылатын, көзі күшті.
Лаухида мақпоздың қаламындай,.
Айдындап анадайдан көзге түсті.
Дауысы бар тастан акқан бұлақтың да,
Маңыраса, үні зарлы лақтың да.
Қалайын, қалсам өзім, айдалада,
Болсын да сөзім сырға құлақтыға!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қамаралдин хазірет

  • 0
  • 0

Бисмилла ал-рахман рахим дейін,
Құдайға хамыд айтайын мұнан кейін.
Бастан жақты айырар заман болды,
Қызыл тілім, сөйлеп қал, оған шейін.

Толық

Табылар мергенге де – бұқтырушы

  • 0
  • 0

Пендесі бір Құдайды білмей ме екен?!
Мінезін Құдай оның көрмей ме екен?!
Шайтандай, ең болғанда, көп жасасын,
Жоқ болып, ақыр бір күн өлмей ме екен?!

Толық

Жұбату

  • 1
  • 2

Қара суды жағалай қаз барады,
Анасынан айырылып қыз барады.
Қара суға қан кұйсаң, ағар- кетер,
Жат кісіге қыз берсең, алар-кетер!

Толық

Қарап көріңіз