Мәшһүр-Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлы айтысқаны
Ғалы Күзембайұлы сөзі
Бісмілласыз басталмас(башланбас) Әмір-зибал!
Өнерің болса, жастықта(жаслықта) қимылдап қал!
"Жығылсаң, нардан жығыл!" - деген сөз бар,
Ақынға молда Жүсіп салдық шеңгел.
Лүпайттай (Лүбайда) шағырлықпен атың шыққан,
Мың сан ақын сіздерден(сізлерден) қойдай ыққан.
Бұхара, Ташкент, Самарканд, - бәрін кезіп,
Су жұқпас, сұм жігітсің жұртты құртқан!
Иманғали дейді екен атымызды,
Тәптіштесең, білерсің затымызды.
Мәшһүрге бір-екі ауыз бәйіт жазып,
Өтейік аһыл-ғылым хақымызды.
Жасыңнан сен түрлендің әрбір түрге,
Бұхар барып, қол бердің қандай пірге?!
Тоғыз айда һаммасын түгел етіп,
Енді пособляйть қылып тұрсыз редакторге.
Ақымақ адам мақтанар: "батыр" - десе,
Ақылды адам ұнатар: "пақыр" десе.
Өзіңізді "Мәшһүр", - деп, тақырыплайсыз (тағырыплайсыз), Ғалымдар (ғалымлар) тағырыпланбас: "батыл"- десе.
Әдетің: дүр өлеңге аят жазбақ,
Тымшым қып (тамасын қор ғып) біреудің ғайыбын қазбақ.
Тажа сұсымен ғайырының айыбын теріп,
Уа-айла, сіздей ғазиз жолдан азбақ!
Уәзипаңыз сіздердің дін шашпақтық,
Қараңғы - биналарға (надандарға) шам жақпақтық.
Мұжауһар уақытыңызды зайғы қылып,
Хайыф дүр газеттерге (газетлерге) сөз жазбақтық.
Мәшһүрдің өлеңіне әркім талып,
Хат таныған әншілер жазып алып.
Ағузымыз бисмилла айтпай, - аяттарды
Домбырамен айтады әнге салып.
Өлеңге аят жазыпсыз тақпақ қылып,
Надандардың бұзарын біле тұрып.
Жол білмес мұжықтарға атаман боп,
Тақытына қапаған кеттің кіріп.
Надандар кәпірліктен қылмас қауіп,
"Обалы Мәшһүрге!" - деп, сізге жауып.
Себепші сіз болғандай көрінесіз,
Ұрыларға бергендей сойыл тауып.
Өлеңге аят жазып жүрсіз ғапіл,
Ашуланба бұл сөзге, болсаң ғақыл.
Жикат жоқ, секін жоқ, ағырабына,
Надандардың көбін сен қылдың кәпір.
Өлеңмен жерсің мені, пісірместен,
Басын оқып, аяғына түсінбестен.
"Мін қал дұғай қара-ғыл!" - деген мақал,
Ашуланып бұл сөзге ісінбестен.
Әсерлі сөз, қарасаң ақыныңмен,
Қарамай нәпсі ниет жаһылыңмен.
"Әл мүмин мірат әл - мүмин", - деген сөз бар,
Хұсу сан жанаршылық жақының-мен!
Мен де жүрдім біраз жылда верный боп,
Бұл ісімді жақсылар көрмеді құп.
Молдалыққа кірістім, мұны тастап,
Басыма әрбір жерден тиген соң дөп.
Ғажізбіз сізге айтуға бір насихат,
Біраз сөзді көндірдім, болса да ұят.
Хамисақым келгенін жаза салдым,
Ықтияр:тілесең, тұт, тілесең, ат!
Мәшһүр-Жүсіп жауабы
Біреудің айыбын жыртып, бастадың сөз.
Демейміз: "Әмір-зибал"- ондайды біз.
Бет тырнап, перде жыртқан Әмір зибал,
Болғанын қай кітаптан көрдіңіз сіз?!
Көзі жоқ көбелектей ер екенсің,
Жолықпай сен кісіңе жүр екенсің!
Шеңгел салсаң, өзіме хылап болғаныңды,
Жыртқышы хайуандардың бірі екенсің!
Лұбатистан шағыр болдым заманымда,
Тапталған сендей талай табанымда.
Инедей істің бәрін бітірсем де,
Бойыма су жұқпаған жаманмын ба?!
Бұхар, Ташкент, Самарканд - бәрін кездім,
Електей дүниедегі жанды сүздім.
Інжу менен маржанға су жұға ма,
Білмеймін: бары-жоғын, жіпке тіздім.
Атынды не қыламын сұрап сенің,
Қай бір жақсы зат дейсің шыққан тегің?!
Насихатты осылай етсін деп пе,
Кәнеки, ғылым аһылы боп білгендігің?!
Әр жерге күші жеткен жол жүрмей ме,
Саудасын Бұхар, Ташкент жібермей ме ?
Ірбіт, Мәскеу, Макаржа - бара алмаған,
Басын, ұлтан, сабын сатып күн көрмей ме?!
Мен оқып шыға алмадым биік өрге,
Қол беріп, қыла алмадым қызмет пірге!
"Әл баракат, хиі (үйі) әл-харакат!" - мазмұнына
Кірістім бос тұрмастан редакторге!
Жасымда әкем қойған атым - Жүсіп,
Жұрт кеткен сүйгенінен: "Мәшһүр!" - десіп.
"Ғырыйып талмыз арыс", - білмей жүріп,
Сөз жаздың молдасынып, осынша ісіп.
Күйіндің маған, бала, жаның ашып,
Қажыдық әр өнерден біздер(бізлер) жасып.
Дін шашпақ – пайғамбарлық уәзипасы,
Ол жерге не қыласың сөз таласып?!
Жан жек көрер... "пақыр", - десе,
"Кадалфуыр әлі әлкіфір," - мұны білсе,
"Қырып алшы кәләмі алшы!" - деген сөз бар,
Несіне оның мәз боласың "кәпір" - десе?!
Батырлықты қош көрер ақылды адам,
Қорқақтық (қорқақлық) Тасуапта болған харам.
"Ерден иман құтылмас!"- деген бар-ды,
Көңілім бар шапағаттан, келсе шамам.
Тым сақыр тажа сыйды сенен көрдім,
Мен-дағы ондай-мұндай айтып жүрдім.
Көпсініп күндегенің осы болса,
Байладым, басы бүтін саған бердім.
Кімнің кәпір болғанын көрді көзің,
Дұрыс қой: "Аят жазба!"- деген сөзің.
Өлең айтқан бәрі де надан болса,
Сен де - өлеңші, байқасаң, надан өзің!
Сөзіме менің рас әркім ынтық,
Саған барып тиді ме болып мылтық?!
Себеп болар күнәға жері болса,
Адамға айтпа, оқыма, таста жыртып.
Наданды кәпір қылар қайсы жері?
Өзім де қорқудамын содан бері.
Өлең - сойыл, өлеңші ұры болса,
Өзің де санды ұрының болдың бірі.
Шаршадым мен мұндайды қуа-қуа,
Аузыңа, сандалыпсың, қонбай дуа!
Әлдәл Ғали Мапірі мұқдима,
Дәлелін өзің айтып, болдың куә!
Мінеки, болмады шыр, білдім мұнан,
Қыламын әр сөзіңнен сол құсынанзан.
"Құсынзан мұсылманға мін дөп"- деген,
Болмасаң сен мұсылман, қыл сопизан.
Сенікі – жан ашыған қарындастық,
Мақсыз жаһил әсері жұртқа паштық.
"Қамал мүмин бір салақа", - деген хадис,
Үш мастықтың біреуі, әттең, - жастық!
Япырым-ау, шыға қалдың қайдан, Ғалы?
Бізбенен үміт қылдың ойланғалы.
Жылың жылқы алдында, асықпай тұр,
Мейлің Арғын, мейлің бол Найман, Ғалы!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі