Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүр Жүсіп пен Жүніс Шалқарбайұлы

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 2594
1.Жүніс Шалқарбайұлының Мәшһүр-Жүсіптен сұрағы

Бісміллә-әуел сөздің бітидасы,
Екінші - хамит сана болсын-басы.
Құдайым барша жаннан артық қылып,
Қолыңа ұстағаның-дүрдің тасы.
Бұлбұлсыз: қолдан-қолға тұрмай жүрген,
Бойға тең ешбір жанды көрмей жүрген.
Хан-қара, қожа-молда, төре болсын,
Мойныңды ілтипат қып бұрмай жүрген.
Бір шыққан жан едіңіз жұрттан асып,
Жетеді дәрежеңе кім таласып?!
Сол шыққан аузыңыздан(ағызаңыздан) ғылым (қаллам)-хикмет, Кетеді мәжілістерде мауқын басып.
Бұхар барып кірдіңіз дәрісхана,
Самарканд, Шымкент, Сайрам, Ташкент және.
"Әркімнің заманында Лубайт шағыр", -
Дегендей айтуымызға болдың дана!
Өтіпті бізден бұрын Әбушайыры,
Оның (аның) жоқ шағырлықта еш ғайыбы.
Болып тұр өнеріңіз соған ұқсас (ұқшаш),
Табиғат дұрыс болып тұрса жайлы.
Тыңдаса(тыңласа), құлақ құршы сізден қанар,
Естумен сыртыңыздан құмарланар.
Ғылым хал, ғылымидан баһра(паһра) алып,
Орнаған көңіліңізде —жанған фонарь-(панар).
Сөндірмей қойды тәңірі сол жандырып,
Бал шекер аузыңыздан дұр тамдырып.
Берілген ғақыл, бақыт, нақышыменен,
Кетесіз кез келгенді бір қандырып.
Бұзады табиғатты дүние сұм,
Жарықсыз —жүрген күнің, болған соң түн.
Сөйлесең, қара қалып адамдарға,
Жөніңді қисық қылып, табады мін.
Біз айтып тауыспаспыз сіздің кепті,
Аралап тамам еткен барша көпті.
Бұхарекең, Шортанбай, Сақау, Көтеш, Күдері,
Ұлбике мен - бәрі де өтті.
Өзі жоқ, бәрінің де сөзі қалған,
Табылмас сынға салсақ, ешбір жалған.
Молдакем, жауап берер кез келгенде,
Сұрайтын бір сөзім бар ойыма алған.
Сұраймын: бір мәселе емтихансыз,
Жанып тұр өнеріңіз:майсыз, шамсыз.
Ісінен(сыйынан) әрбір сабаз шығып кетіп,
Бой асып, жеке қара жүрген жансыз.
Келмеген талас-бақас біздің ойға,
Тағылар мұндай мінез мін боп бойға.
Кісіміз-халі мүшкіл кез келгенде,
Пайдаланып қалайық қалмай жайға.
Хат жаздым осы сөзді көңіліме алып,
"Жүргенім жарамас, - деп, - мақрұм қалып?"
Мұнтшыр бір пайдаңыз тие ме деп,
Ража сізден қылдым мен (мән) бір талып.
Барады күші жеткен Қағыба-қажыға,
Болмаған бару парыз дәулеті азға.
Шақыртып құзырына: "Сол келсін!"- деп,
Шығарған не себепті Миғражға(Мағражға)?
Бір сөзге көп дауласқан (низахаласқан) төрт періште,
Қызметкер әрқайсысы әрбір істе.
Таласып неше мың жыл мұназада,
Таба алмай басы қатқан ерте-кеш те.
Періште:төрт Мұқарраб таласыпты,
Таба алмай төрт мәселе қарасыпты.
Мың жылдай қабыл қылмаған сол мүшкілін
Молдеке (моллаке), ақырында кім шешіпті?

2. Жүніс Шалқарбайұлына Мәшһүр-Жүсіптің жауабы

Сұрадың бізден бір сөз, молда Жүніс,
Нұсқадан көргендіктен байқап дұрыс.
Қолқаңды пұлды қылып берейін деп,
Көңілімде сақтап жүрдім бір жаз, бір қыс.
Кеңестен қалман тоқтап тіл байланбай,
Кешікті шешілуге ыңғайланбай.
Шу мен шу, қан мен жыннан қорытылып,
Сүт болу оңай емес жыл (айланбай) айналмай.
Ел кезіп диуанадай жүрмін ақтап,
Арақ ішпей мас болып, сандырақтап.
Бір Мақпалдың баласы болғандықтан,
Ағаңды көтересің мұнша мақтап.
Құдайдың, көп шүкірлік, бергеніне!
Қағазға қолым жортып, желгеніне!
Қуандым лашығыма мен де сыймай,
Соңымнан сендей іні ергеніне!
Кітаптан мен көргенді сен де көрдің,
Ілесіп із өкшемнен баса жүрдің.
Бір жерден екі көңіл шыққандықтан,
Мен көрген жерден өзің жазып бердің.
Сөйлеткен жастан Тәңірім илһам беріп,
Бұлбұлдай қызыл гүлді жүрмін теріп.
Сөз формын (формасын) жұрт көзіне көрсетейін,
Самарканд жібегіндей оннан өріп.
Көңіліме ерте қонған сөздің ауылы,
Қолаттай таудан түскен қалың қаулы.
Бұл сөзге сіз сұраған көп періште
Талас қып неше мың жыл болған даулы.
Қағаз ақ болғанменен, сия-қара,
Қаламсыз оған қылар бар ма шара?!
Періште төрт Мұқарраб бас қосқанда,
Төрт сөзге қылысыпты мұназара(мұзазара).
Жүрген жоқ періштелер бекер ойнап,
Сүңгіген бұл дарияға әркім бойлап.
Шешуін бұл төрт сөздің біле алмаған,
Жанжал ғып, періштелер мың жыл ойлап.
Бір Алла Мұхаммедтің нұрын қылды,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын қылды.
Артылтып құдірет өзі барша жаннан,
Ғылымға көңілін оның орон қылды.
Ғаламға заһар қылып, нұрын шашты,
Жебірейіл, Ғазірейілден білімі асты.
"Әманна осада қина", - деді бәрі,
Еш мақұлық - шайқамады оған басты. .
Кеңесті төрт періште басын қосып:
"Шешілсе, кәні, бізге бұл сөз?!" - десіп.
Әкелсе, ықтиярсыз Тәңірім айдап,
Ділгір боп, сұрар едік жолын тосып!
Құданың құдіретіне жақын қолы,
Жаратты бізден артық әлбетте оны.
Бас қосқан төртеуіміздің ортамызға, -
Тіледі: - "Бір келтір, - деп, - Тәңірім соны!"
Бұл сөзді шын тыңдаңыз, қойып құлақ,
Келеді жаңа саулап тыңнан бұлақ.
Шақыртты Жебірейілден сый құрметпен.
Сүйікті қылу үшін досын қонақ.
Балқытты қорғасындай, басса тасты,
Жеті қат көк қуанып, қойнын ашты.
Дұғасы періштелер қабыл болып,
Мұхаммед хақ пайғамбар Миғраж асты.
Қарасты хор қызлары қағып қасты,
Өте берді бұларға бұрмай басты.
"Пакина қаба қаусайын ау әданы", -
Білгенге онан жақынырақ жақындасты.
- Бастан басты саты ғып жүрдім! - дейді,
- Шымылдықтың ішіне кірдім!- дейді.
- Өз аузынан естілген - бұл сөз анық,
Бетпе-бет айқын анық көрдім!- дейді.
- Пердесіз Құдірет ашты, - дейді, - жүзін,
Неге меңзеп айтайын оның өзін!
- Иа, Мұхаммед хабибім, білесің бе
Дауласқан періштелер жанжал сөзін?!
- Есіл-дертім осы күн иүзің (жүзің)! - дедім,
- Маған керек өзіңнің сөзің !- дедім.
- Сен тұрғанда, қалайша білем дейін,
Білгүшірек(білгішірек) баршадан өзің! - дедім.
Кигізді ғымырақ тәж, лаулақ тонын,
Көрсетті тура өзіне барар жолын.
Жұлын тұта қос жаурын ортасына
Меһірбанлық тигізді Құдірет қолын.
Денеме Құдірет қолы тиді дарып,
Еттен өтіп, сүйекке жетті барып.
Екі емшегім арасы мұздай болды,
Қолқа, жүрек-кеудемді түгел жарып.
- Бойыңа зор жақсылық келді, - дейді,
- Шешерсің жетпіс екі тілді!- дейді.
- Немене періштенің даулы сөзі,
Көңіліңе қонды ма, айтшы енді?! - дейді.
- Дәл болды айтқаныңдай, пәлі! - дедім.
- Сұрасын енді менен, кәне?! - дедім.
- Аппақ қып, судан сүтті айырғандай,
Берейін түгел шешіп, оны! - дедім.
- Біреуі кінәрат дүр таласының,
Бар қамы адамзаттың баласының.
Мұны орнына келтіріп, қолмен қойып,
Жанжалын тыныш қылайын арасының.
Иншалла, рауа болар барша қажет,
Құдайға жылап қылса кім мінажат.
Біреуі талас сөздің – Аллаһу - ағлам:
"Пенделер табады, - деп, - неден Нажат?"
Бүл өзі болған бұрын әңгіме көп,
Дауласқан періштелер бұ сөзге көп.
Сөзінің болған тартыс біреуі - бүл:
- Дәреже, табылады неменең?! - деп.
Құлақтың қарызы жоқ сөзге тояр.
Білген жан сөз мәнісін көңіл қояр.
Біреуі сұрайтұғын сөзлерінің:
- Пенденің не нәрсе, - деп, - басын жояр?
Алла айтты:
- Иа, Мұхаммед, айттың жөнін,
Хақиқат, тауып айттың сөздің шынын.
Сөз еді түспей жатқан көптен көзге,
Жалаңаш қылыш тапты жаңа қынын.
Бұл жерге жан келмеді сенен өзге,
Менімен сөйлесуге жүзбе-жүзге.
Қылыштай қынабы алтын, жарқ-жұрқ етіп,
Асылың енді біздің түсті көзге!
Алла айтты:
- Періштелер, басынды қос!
Қонаққа келді бізге сүйікті дос!
Алдынан жолын тосып, жолығыңдар,
Алтыннан ағып келген құр қалмай бос!
Тігіп тур жол үстіне көзлеріңді,
Берік тұтып, бекем ұста өзлеріңді.
Шешетін сөз түйінін шебер келді,
Сұрап қал, қапы қалмай сөзлеріңді!
Бұ сөзбен періштелер қосты басын,
Көргелі тамаша етіп дүрдің тасын.
Алдынан әдеппенен( әдеп бірлан) сәлем бе;
Баршасы бірдей қойып шын ықыласын.
Исрафил сөз қозғады әуел бастап,
Кетпейін керек жерін айтпай тастап.
- Қапарат қасланбаған не нәрсе? - деп,
Көңілінде сұрар сөзін айтты ойқастап:
- Қылмайды еш нәрсені пенде біліп,
Қаларын және білмес неден әліп!
Пендеден табыларлық іс бар ма? - деп, -
- Күнәны быт-шыт қылып кетер бөліп?!
Пайғамбар айтты:
- Әрқашан құдай жар-ды (иар-ды),
Қылады Құдірет оңай-қиын, тарды!
Қапарат көп кінәға болатұғын, Қылдырса,
Тәңіріме оңай үш іс бар-ды!
Біреуі — таһараты кәміл болса,
Жер баспай, таһаратсыз, жүрсе-тұрса!
Қоймастан таһаратын әдет(ғадет)қылған,
Ойына келтірместен күйсе, тоңса!
Құдайды шын ықыласпен көңіліне алса,
Болса да барар жері алыс қанша!
Өмірінде әдет етіп, тәрк қылмастан,
Жамағат-намаз үшін мешіт барса!
Намазға ерте баруды ғадет етіп,
Мешітке елден бұрын барса жетіп.
Тырп етпей, намаздыгер оқыған соң,
Сарғайып намазшамды алса күтіп!
- Қалды ма сөзден шартық, кәне? - дейді,
Іздесең, міне, сөздің мәні-дейді.
Бұл сөзге періштелер қайыл болып:
"Садака ұстазыңа, пәлі!" - дейді.
Хазіреті Микайл(Михаил) жақын келді:
- Міне, жаңа көрдік, - деп, - сөйлер тілді.
- Табылды қапараттың әбден орны,
Дәреже артылады немен енді?
- Адам дария болады жүруменен,
Шеберлігін Құдайдың көруменен.
Дәреже артылады өлшеусіз зор,
Қолы ашық боп, әркімге беруменен.
Қасқайып мейман көрсе, керсе қасын,
Қол қусырып, шұлғытып тұрса басын.
Бергенге беру деген әркімде бар,
Бермегенге көл-көпір қылса асын!
Ақыл-естен айрылса, мейман көрсе,
Қабақ шытпай көлдей боп, шықса-кірсе.
Танығаны, танымаған - жан біткенге
Сыйлық пенен сәлемді бұрын берсе!
Түн қараңғы, жан біткен ұйықтап жатса,
Үйде отырып, тырп етпей бұл түн қатса!
Түн намазын оқумен дамыл көрмей,
Түн өткенін білмей қап, таңлар атса!
- Дәнемені білмеген-мұңдық, - дейді,
- Табылған сөзге тоқтап, тындық! - дейді.
Бұл сөзді естіп, Микаил (Михаил) кейін қайтты:
- Алтын болсын сөзіңіз, құлдық! - дейді.
Және бір сөз килігер қиын, тардан,
Сөз сұраған Жебірейіл пайғамбардан:
- Не нәрсе? - деп сұрайды білу үшін -
- Құтқаратын пендені қиын, тардан?
- Қалдырмастан сөйлейін сөзден шартық,
Ар жағында көзі мол, емес тартық.
Кімде-кім жаратушы бір Алладан,
Қорқынышы күннен - күнге болса артық.
Нәпсіні өзі билеп, жерді басса,
Отқа түсірер орыннан аулақ қашса.
Жұрт көзінше Құдайдан қорықса қандай,
Оңашада қорқынышы одан да асса!
Елең-селең қылмаса қарын тоқтық,
Отындық болмай мысың, болса оқтық.
Құдай үшін қолы ашық, болса мырза,
Бірдей болса көңіліне барлық, жоқтық.
Ашуланып, ажары бұзылмаса,
Елермесе есіріп, шатлық асса.
Мақтау, боқтау, - бәріне бірдей шыдап,
Ашуынан сақтанып тұрса оңаша.
Тамам болып мұнымен бұл сөз тынды,
Өтіріктен өтіп алып, таптық шынды.
Бұ да ойдағы өз сөзін сұрау үшін,
Ғазірейіл даярланды періште енді:
- Әркім өзі білем деп, қылар бір іс,
Қайсысы-оң, қайсысы келер теріс?
Біліп қылар пенденің бір ісі жоқ,
Бұ жалғанның ісі дау, жанжал, керіс.
Жүзіңізді көрген соң, қалдық тойып,
Ауызыңыздан не шықса, құлақ қойып.
Қандай нәрсе, айтыңыз әшкере ғып,
Білінбестен пендені кетер жойып?
Пайғамбар айтты:
- Рас, білу қиын,
Наданлар өз басының білмес сыйын.
Пайда менен залалдың білмей парқын,
Бас қосар бір араға қылып жиын.
Пір болып, басшы болып, бастаса жол,
Пір тұтып, берсе тегіс жұрт оған қол,
Болғанмен жұртқа кепіл, жұмысы жоқ.
"Пірадар" - дегенге мәз, түссе ақша мол.
Соңынан ерсе жұрттың кәрі-жасы,
Әр жерде болып дария алдында асы.
Жұрт қамын ойлауменен ісі болмай,
Нәпсінің айдауында жүрсе басы.
Қақ жолдан адасқанға нәпсі (ғалып)қалып,
Әйтеуір бірі жеңер барып-барып.
Иненің жасуындай қасиет жоқ,
Жоғалар өзін-өзі жоғары алып.
Әзелде тәңірім қылса, бар ма шараң?
Не пайда бар болғанмен, мың сан қараң?
Бас жоятын пәленің қақ маңдайы –
Бай болып дәулеті мол, болса сараң.
Пайғамбар қиын сөздің кілтін ашты,
Шат болып періштелер таңырқасты.
Сөзінің Мұхаммедтің шындығына
Құдайым өзі құдірет(меһірін) мөрін басты.
Дарыған Құдірет қолы бармағына,
Ілінген дүрдің тасы қармағына!
Шешуі осы сөздің себеп болған
Миғражға хақ Расулдың бармағына.
Қырық түрлі себеп жазған Сияр Шәріп,
Аралап оқып бәрін, көрген ғаріп.
Өзімнің ұстағаным осы болды,
Нұсқасынан Сияр Шәріп жазып алып.
Көрінген сонда түгел көзге түсіп,
Таласқан періштелер сөзін шешіп.
"Соз қылып барды-жоқты шата берген, -
Демендер - әуре жан ғой Мәшһүр-Жүсіп!"
Ғарық болдым мен күнәға бата-бата,
Көп қылды өтірік мақтап, жұрт миқата.
Аламын білместікті мойныма мен,
Сөзімде білмей айтқан болса қате.
Атамыз – Әбілбашар - Адам ата,
Әрқашан адамзатта болмақ қате.
Көңіліңе тиіп айтқан жақсы сөзім
Беріңдер естіген жұрт маған бата!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жарты нан

  • 1
  • 1

Айтатын құран сөзiн молда қайда?
Дүние үшiн ойлағаны амал, хайла.
Айтайын бұрынғының нақыл сөзiн
Қайырдан аз да болса көрген пайда.

Толық

Жаздың сөзі

  • 0
  • 0

Сәуірде көтерілер рахмат туы,
Көрінер көк жүзінде (иүзінде) қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр (иаңбыр),жыралардан (жерлерден) сулар ағып,
Жайылар (иаилар) жер жүзіне қардың суы.

Толық

Сырға сөз

  • 0
  • 0

Әл-ғауам, кәл-ғауамда паруанамыз,
Набатта райхансыз біз не аламыз?!
Жамадатта шақпақтас жерде қалған,
Адам ретте Сафилла диуанамыз.

Толық

Қарап көріңіз