Тайшық Ноғайұлы
Біз келдік аман-есен бес жыл жүріп,
Өткізіп әр нәубетті қолдан беріп.
"Бүгін көрген - таңда жоқ," - деген заман,
Жолықтық ағайынды жаңа көріп.
Сырдария облысына қайттық барып,
Жол жүріп, келдік жүдеп, ашып, арып.
"Ел жаңа - елу жылда", - дегендей боп,
Кетіпті бірнеше жан дүние салып.
Кәрі өлсе, арманына жасы жеткен,
Жұмысы бұ дүниеде түгел біткен.
Болған соң Хақтың ісі, еш хайла жоқ,
Арман сол: өліп жастай, қыршын кеткен.
Кәрі өлсе, жылағанның шықсын көзі,
Өлмейтін - патша Құдай жалғыз өзі.
"Жігіт өлсе, асқар тау құлағанымен
Бірдей", - деп, бұрынғы айтқан бар-ды сөзі
Қайғы ойлап, жарамайды уайым жеген,
"Бір өлім туған жанға дайын", - деген.
Кәрі өлсе, айтып тойды жарастықты,
"Жігіт өлсе, қиямет қайым!" - деген.
Қалады кімдер кірмей қазған көрге,
Тою жоқ бауыры суық қара жерге.
Бәрі де бұрынғының қақсап кеткен,
Деп айтып: "Жігітлікте өлім берме!".
Өлім бір-құтқармайтын қанды қақпан,
Тайдырған патшаларды алтын тақтан.
Айырылып қала қапсың, қайран жұртым,
Өзі берік, езі жүйрік арғымақтан.
Құданың бар ма шара құдіретіне,
Ер еді - жұрт сүйінген келбетіне!
Өлген соң жақсылықтың жаман аты,
Тіріде келіп еді кім бетіне?!
Жасынан жақсылармен жарысқаны,
Дұшпанмен, ерегескен, алысқаны.
Атадан алтау, жетеу туғанменен,
Ішінде болар біреу арыстаны (арысланы).
Бола ма он саусақтың бәрі бірдей,
Жолды алған жүйрік еді бәйгегердей.
Бұл өлім ешбір жанды сау қоймаған,
Талайдың көңілін басып, қылып жердей.
Жарқырап мыңнан шыққан тұлпар еді,
Ішінде ителгінің сұңқар еді.
Сескенген өрбір дұшпан айдынынан,
Көрген де, көрмеген де іңкәр еді.
Дұшпанға ерегескен қырындаған,
Алтайда қызыл түлкі қырылмаған.
Жігіттің өзі құрбы - сырттаны еді.
Бір бет алған жағынан бұрылмаған.
Атадан бір ұл еді туған асып,
Үстінен өте алмаған ешкім басып.
Амал не - атқаннан соң ажал оғын,
Сөндірген талай жанның жанған шоғын!
Жүрген жан - бір-біріне аз күн қонақ,
Сұм жалған, болармысың мұнша шолақ?!
Бәріне жан біткеннің... жылдай,
Ешкімге тоқтамайсың қылып тұрақ.
Айтайын қайсыбірін арманының,
Қызығын көріп өткен жалғанының.
Өткенге: иман, ақырет үйін беріп,
Қайырын берсін Алла қалғанының!
Бұл өлім бірдей келер кәрі-жасқа,
Білмейді сорлы пенде келмей басқа.
Әркім-ақ қимасынан айырылатын,
Жан шіркін болғаннан соң басқа-басқа.
Ана өлсе - қыз, ата өлсе, ұл жетімдей,
Жанкүйер, жақсысы өлген ел жетімдей.
Ата-анасыз пайғамбар болған жетім,
Тәрбие, күшің келсе, қыл жетімдей!
Жетімдік (жетімлік) мирас қалған Мұхаммедтен,
Жасында ата-анасы бірдей өткен.
Сүйер досты, Мұхаммед пайғамбарды,
Айырып ата-анадан жетім еткен!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі