Ырым – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Ырым» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 968
Ырымшыл ма,
Құдайшыл ма сол кісі?
Жақын ұғым алдыңғысы, соңғысы:
ырымшылдық — қараңғылық деп ұқтық,
құдайшылдық — қартайғанның белгісі.
Көшерінде Қошалақтан талай кәде жасалды,
бәрі, бәлкім, кәріліктен бас алды?
Қарт әйтеуір қара інгенге жүк артып,
Қара қойды құрбандығына шалды.
Қош айтысты ел, — әй, қиын-ақ, қиын-ақ:
белбеуіне бір уыс құм түйіп ап,
Көзбен де емес, сақалымен төкті жас.
"Оң сапарға" жиылған жұрт көп-ті, рас,
Сол көп күбір-сыбыр етті: "Құдірет,
Жетпіс жылда жылжымаған бір рет
іргеңді аудар деген кім,
кім зорлады мұны?!" — деп.
Топырағың не деп ем мен
Күлімдеп,
Қақты арқамнан: "ырым, ұлым, ырым", — деп.
Қарттың аузы болатұғын дуалы-ақ,
сөйледі ол бір жаратқанды куәға ап,
барам, деді, жақын-жуық жағалап,
қартайған соң қайын жұртты қуалап.
Түйекөш жер — түсте жеттік біз оған,
бір ойпаңнан суы шыққан ызадан
құдық қаздық,
тайыз екен құдығы,
терең екен бірақ елдің ұғымы:
"Жылқың жалды болсын" айтып бір ұлы
белдеуге әкеп қыстырды тал құрығын.
"Қазан майлы болсын" айтып бір әйел
көсеу берді.
Мынау неткен құдай-ел:
"Қораң толы болсын", — десті,
ал, мұнда
желі тартып берді біреу шалғынға.
Шолақтау ем: "Көсеу берген несі, —
едім, бұл жұрттың?"
Шеркештің бір бойжеткені күлімдеп,
Сұңқ-сұңқ етті: "ырым, жиен, ырым", — деп.
Қонақ асы жеу боп кетті біз бітірер іс тегі,
ешкімнің де қазаны оттан түспеді.
Қара күбі толды тағы шүпілдеп,
ырқ-ырқ етіп батырмады піспегін.
Жер от екен, мал семірді ғаламат,
тышқандар тым көбейді,
Мысықтар да жиі-жиі балалап.
Ақшам намаз уақытында, ымыртта
Көкем ғана бас шайқайтын су ұрттап.
Жалпақ басы секілденген кебістің
Сақалымен, ойлы шолып жер үстін,
бір күні айтты: "басталатын жылы өткен соғыстың
дәл осылай желбіреп ед көк шыбық,
дәл осындай болып еді тоқшылық,
жақса жарар ырым", — деді.
Соғыс болған жоқ, бірақ,
есесіне тез семірді тоқты, лақ.
Жұрттың бәрін уайымға қарық қып,
ырым еткен құманынан су ұрттап,
бас шайқайтын мезгілінде, ымыртта
Нәжімеден қайтыс болды жарықтық.
Жайнап тұрған өмір ме бұл жаңағы?
Мына дүние неткен қапас, тар әрі!
Айтпақшы, қарт үзілерде көз ашып
керегенің басындағы белбеуіне қарады.
Ел шу етті: "бұлай болды-ау ақыры,
Жат ырым ғой, жат ырым ғой, жат ырым
қартайғанда ірге аудару".
Жылап, жоқтап өтті ымырт,
таңы да атты көп-көп тұрып, көп тұрып.
Шешіп алып түйіншегін белбеудің
шағыл құмын жас қабірге септі жұрт.
"Бұл не?" — деді әлдебіреу дүрілдеп,
бір қария жауап берді ырым деп.
Қасиеті шығар, бәлкім, кең даланың, кеңдіктің,
есім менің кеш кіріпті, — енді ұқтым.
Неткен асыл ұғым едің, ырым, сен!
Ырым, сендей ескілікке сүрінсем
сүрінейін,
Кешірім ет, креслолар, кеңселер:
әлгі ырымда қасиет бар ел сенер,
Мен де сенем, сенем, сенем, мен сенем,
ырым деген — туған жердің топырағы болса егер.
Менің байтақ Отанымның жері кең,
Кете берсін еріген мен жеріген!
Көке, енді сен де кешір!
Өзіңе ұқсап мен де жұртқа сыйлы өстім,
Мен де сүйем топырағымды,
бірақ сенше сүймеспін:
Қоныс іздеп көше алмаспын сен құсап,
топырағымды белбеуіме түймеспін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ырым өлеңінің авторы кім?

Жұмекен Нәжімеденов — осы өлеңнің авторы.

Ырым өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ырым өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жұмекен Нәжімеденов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ырым өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері