Мұқыш Жұпарұлы
Алашқа күйінішті болған қаза,
Айырылып манатынан асыл таза.
Қайғылы, қам көңілді, жолдастардың
Өлеңмен көңілін аулап, салған аза!
Сарғайтты мынау қаза саналы ерді,
Келтірмей кемеліне кемеңгерді!
"Жүрсін,- деп, - жұрт аузында,"- қылдым
Боштаев Жұпарұлы Мұқыш ерді.
Еді той есіл Мұқыш ердің ері!
Қазақтың қасқа жайсаң кемеңгері!
Бір жүрген жанына ерген жолдастарға
Бар еді көкейкесті талай жері!
Қадірлі қадір түннің - кешесі еді,
Семейдің, жүрген жері, көшесі еді.
Секцияның бастығы, қазақ туы,
Сов.нар.сот. сотының мүшесі еді.
Кіршіксіз таза еді ғой акқан судай,
Сымбатты, қияпатты, мойыны қудай.
Ауызға ерте ілініп, көзге түскен,
Алаштың ордасында жасыл тудай.
Талай жан шыдай алмай безектеген,
"Біреуге ерте, біреу кеш - кезек"- деген.
"Қазасы неден болды?"- деушілерге:
"Дерт алды: жұқпалы ауру - сүзек",- деген.
Мешін жылы, октябрь, қыс басында,
Ұзармаған өмірдің қысқасында,
Ойламаған орыннан жетті-ау тағдыр
Қыршын жас —отыз алты-дер жасында!
Көктерек — Аягөздің бауырында,
Қазанның қаба соққан дауылында.
Тоғыз күн ауырып жатып, дүние салды,
Жанахмет — Сәрсенбінің ауылында.
Жоқтаймын Алаш білген азаматты,
Сенделткен қайғысымен жуық, жатты.
Тал түсте күн батқандай боп қалған соң,
Арғын түгіл, Найманға қатты батты.
Үндерде не жақсы: - Құран үні!
Түндерде не жақсы: - Қадір түні!
Жаңаша октябрьдің сегізінде
Шарапатты, даңқы зор жұма күні!
Басылған Құдіреттен мөр таңдайына,
Жұрт нанған жанған жарық шамдайына!
Ер болды сөз боларлық ел аузында,
Казактың сыймай кеткен маңдайына!
Ұнатқан орыс, қазақ адамдығын,
Белге қуат, көңілге күш боп, тығын.
Керекті, дер күнінде өлгендігі
Қазаққа қаза болды бір зор шығын.
Жоқ екен - өткен өмір кайтып келмек,
Бір бос соз, жол қысқартар емес ермек.
Шаһбаздың қылған ісін, өткір күшін,
Міндетті - кейінгіге айтып жүрмек!
Мұндай ғып шығара алмас қолдан еккен,
Шұбар тос, шынжыр балақ,- дегдар тектен
Арғынның сау ері(сәуірі) боп, ат аталған,
Қуандық, шығып еді, Сүйіндіктен.
Еш ұста жасай алмас соғып қолдан,
Келтірген Құдай патша жасап молдан.
Шақталып шығып еді мүлтіксіз боп,
Күлік пен туған егіз Айдаболдан!
Бабасы Төлебайға бақ қараған,
Туыпты Едіге, Еламан бір анадан.
Тұрсынбай, онан:Бәзіл, Боштай туып,
Уақытында асып өткен хан, қарадан.
Ол Боштай болып өткен дуанбасы,
Хан болған өз тұсында қара басы.
Күнінде дуанбасы ажал тапқан,
Дер кезі отыз жеті - қыршын жасы!
Баласы Хұсайынға кезек келген,
Болыс боп он жетіде кеңеске енген.
Аяғы өмірінде бір таймаған (таймастан),
Тигізген атқан оғын болған мерген!
Хандармен қатарласқан қара басы,
Күнде той, күнде жиын болған қасы.
Көріне болыстығы бірге түскен,
Өзі өлгенше, жетпістен асып жасы.
Асылдың жұрнағындай кенересі,
Коп болған аталас пен ентелесі.
Әкесі Жұпар ерте жастай өлген:
Бұл Мұқыш - Хұсайынның немересі!
Ажал бір - құтқармайтын қанды қақпан,
Жұлдыздай жоғалады бір-ақ аққан!
Меңгеріп бірнеше жыл халқын бағып,
Жұпар да болыс күнде қаза тапқан.
Хұсайын - Сүйіндікте: ел ағасы,
Болыстың бір үйезде первый басы.
Мұқышты Павлодарда берді оқуға,
Кезінде он үш-он төрт жас шамасы.
Екі жыл оқу оқып сонда тұрды,
Өзі құрбы баладан озық болды.
"Мынау адам болатын бала екен!"- деп,
Сүйсініп көрген жанның көңілі толды.
Толқынын замананың ойына алып:
"Шығар деп, осы балам топты жарып,
Кіргізді гимназия мектебіне,
Семейге ертіп өзі алып барып.
Семейде бірнеше жыл өмірі өтіп,
Оқуын гимназия тамам етіп.
Хұсекең қыз айттырып алып берді,
Баланың үйленгенін қуаныш етіп.
Бірталай бүл ортада заман өтті,
Оқуды бұл жақтағы тамам етті.
Университет: заң ғылымын оқу үшін,
Петрбурға баруға жүріп кетті.
Бақ, аруақ тұқымына қонған күшті,
Талпынып бала кұстай шарыққа ұшты.
Барған соң Петрбурға қайтпай тіпті,
Юридический факультет, соған түсті,
Хұсекең ажал жетіп, бұл жақта өліп,
Баланың оқудағы көңілін бөліп.
Бара алмай бірер жылдай тоқтап қалды,
Аркаға аман-есен қайтып келіп.
Қатыны алғашқы алған және де өлді,
Опасыз жалған құр көңілін бөлді.
Мағлұм, Жәми Мұса ұғлы Шормановтар
Қалыңсыз, дәнеңе алмастан қызын берді.
Бастапқы қатынынан бір ұл қалды,
Бала қып нағашысы қолына алды
Қыз алдым деп алданбай, сырт айналмай,
Тағы да университет Қазан барды.
Қазанда бірнеше жыл қылды жатып,
Ғылым менен білімнің дәмін татып.
Бітіріп университет, келді қайтып,
Бұлтсыз жарқыраған таңдай атып.
Бұл қашан бұл жалғанға мойнын бұрды,
Әр қайда жақсылармен мәжіліс құрды.
Мың тоғыз жүз он жеті жыл ішінде
Семейге өз еркімен барып тұрды.
Төңкеріс туып заман ойлы-қырлы,
Қаңбақтай домалантып қыр мен сырды,
Ақырған аюменен бөрі алысып,
Сандалтып бірін-бірі жаман қырды.
Жүрісі, тұрысы мен болып (дәрі) ірі,
Иі әбден жетіп шыққан болмай сірі,
Халқы үшін жанын кешіп қылды қызмет,
Жігіттің қатардағы болып бірі.
Дүние өтер: біреу күліп, біреу жылап,
Бақ, дәурен қолға тұрмас, болып сынап.
Үш жүз торт жыл тоғыз ай дәурен сүрген
Романов жалғыз күнде тақтан құлап.
Алай-түлей заман боп, ұйқы-тұйқы,
Бақ пен тақтың бұрынғы кетіп сиқы.
Асыл Мұқыш түп-түзу түгел жүрді,
Заман болып тұрса да қиқы-жиқы.
Танытуға ел-жұртқа жаңа тұрды,
Жеке қара қасқайып Мұқыш жүрді.
Комитеттер ашуға Павлодардан
Жұрт аралап Семейден Мұқыш келді.
Нашарлар қой орнына көгенделген,
Жақсы қалып, жамандар неге өлмеген?!
Мұқыш келіп теңгеріп азды-көпке,
Залымдарды еркіне жібермеген.
Азулының ұлытып ұлықтарын,
Жұрт күлгендей қойғызып былықтарын.
Болысқаның нашарға еске түссе,
Ұмытпастай бар еді-ау қылықтарың!
Жүрген жері көгерді, жайлау болды,
Қазаққа бір мықты арқан байлау болды.
"Құрылтай бас қосатын бір жер бар!"- деп,
Халық ішінде көп кеңес сайлау болды.
Көрініп жұрт көзіне бір мінді атқа,
Жазылды Мұқыш аты әрбір хатқа,
Баруға құрылтайға даярланып,
Сайланды көп ішінен депутатқа.
Болды ма, болмады ма о да кетті,
Сөз болып жұрт аузында бір ретті.
Мың тоғыз жүз жылында және он сегіз
Қазақтың түңғыш соты ашты бетті.
Қажырлы оған керек адал кісі,
Өзін-өзі бағуға жеткен күші.
Ішпейтін-жемейтұғын періштедей,
Жалғанмен кеткен тіпті болмай ісі.
Отырарлық ер ме еді от басында,
Пенде ақысын - бекіген жұтпасына.
Хақ қалап, халық ұйғарып ұнатқан соң,
Председатель сайланды сот басына.
Дәл сол жылы төңкеріс тағы болды,
Керенский құлады, пеми құрды.
Меньшевик, большевик боп ат атанып,
Большевик хүкіметі орнап тұрды.
Езілген жұрт әркімнің табанында,
Біле алмай жақсысын да, жаманын да,
Қазақ соты танылып орнатылды
Тендік тиіп, большевик заманында.
Мұқыш соттың жұмысын жүргізгені,
Әділдігін алашқа білгізгені.
Бұзақы, бұзғыштарға тыю салып,
Жылаулыны қуантып күлгізгені.
Түзуліктің заманы оянды ма?!
Бұзылғандар әдетін қоя алды ма?!
Майқы, Танаш,Бошанды, бидайықтай,
Қуырып барды Мұқыш Қояндыға!
Жұрт көзіне көрініп шықты дөңге,
Қалшиып қарысқанды салды жөнге.
Қаракесек халқының ұрылары
Тығылды сасқанынан іннен-інге.
Ақ жолын әділеттің орындаған,
"Жан бар-ау!"- деп, жасқанып қорынбаған.
Беделі мен ажарын керек қылмай,
Түзулік, туралықтан бұрылмаған.
Аяғын әділдікке анық басты,
Бет алдынан жын шайтан үркіп қашты.
Қояндыда алдымен алды қолға
Ұрлықта жалықпайтын Жалықбасты.
Жалықбаста: Кеңгірбай, Танаш еді,
Түпсіз, тексіз, туысы талас еді.
Жуансынған зор кеуде ұры басы,
Мақай болыс Кеңгірбай баласы еді.
Аты-шулы, атағы жұртта шыққан,
Еш ұлықтан жасқанып емес ыққан.
Қан жылатып, нашарды зар еңіретіп,
Пара менен ұрлықты қабат соққан.
Жұрт алдында бадырайтып мінін тапқан,
Алдымен абақтыға соны жапқан.
Солдатпенен жөнелткен Семейге айдап,
Сұранса да қанша жұрт тұс-тұс жақтан.
Өзіне бет берген соң патша құдай,
Ешбір жан дей алмаған:
"Мұның былай!" Ақаев, Шәкәрім мен
Нармамбеттер,- Алдына бәрі бірдей келген сұрай.
- Тимеңдер, тоқтатпаңдар, барсын!- деген.
- Ұйқысы абақтыда қансын!- деген.
Нашарлар кеп тілесе, босатайын,
Кедей келіп сұранып, алсын!- деген.
Керек қылып келмеген жалғыз кедей:
"Кеткеніне тойдық,- деп, ішпей-жемей!"
Терезенің түбінде кедей біткен
Шулап алғыс бергені бұ күнгідей.
Кедей сорлы бір ашты сонда көзін,
Танығандай боп қалды әркім өзін.
Мыңнан біреу қалмақшы танып зорға:
Дүние[нің] бір ретіне келген кезін.
Қазақтың бақытсыздық жерін қара,
Не қылса, Тәңірім қылды, бар ма шара?!
"Сібірге қожамын!"- деп, Колчак келді:
"Менен асар жан жоқ, деп - жеке қара!"
Дүрілдетіп Қарағанды жанған оты,
Жабылды сөне қалып қазақ соты.
Күн туып залымдардың пайдасына,
Енді ешкімнің жүрмейтін болды ходы (хоты).
Іс ыңғайсыз болғанын жетік білді,
"Қыла алман - деп,- халқыма қызмет енді!"
Анау-мынау пәледен қағас болып,
Семейді тастай беріп, елге келді.
"[Боз]інген, Боз айғырдай"- бұ да бір күй,
Баяғы қайда кетті "әліф" пен "би"?!
Үйінде бір жаз, бір қыс бұғып жатып,
Салдырды өзіне арнап бір ағаш үй.
Көп ұзамай тезінен Колчак кұрды(құрыды),
Советтің үкіметі қайта тұрды.
Тыю, тоқтау салуға бұзғыштарға
Қазақтың тағы да ашып, сотын құрды.
Шешеннің көпке ортақ қой тіл мен жағы,
Жүйрік ат, шешен жігіт елдің бағы.
Семейге шақырылды өткен қыста:
Сайланып председатель сотқа таты.
[Тура]лық түзулікпен кеттің қайда,
Бермедің жолдасыңа сен де пайда!
Ағаш үй шала-шарпы қала берді,
Семейге барды Мұқыш өткен майда.
Соттың первый человек басы болды,
Алтысында отыздың жасы болды.
Үйде отырмас қу аяқ бұзғыштардың
Абақтысы отының басы болды,
Түні туды залымдардың Құдай атқан,
Суыр болды пысықтар інде жатқан.
Ақсақал, қажекендер закот болды,
Ел аралап, дау даулап, арын сатқан.
Алдына нашар жылап барушы еді,
Залымдарды жамбасқа алушы еді,
Баязид, Әшім, Мәлік, Әбужүсіп,
Сілейіп қалта қарап қалушы еді.
Бұрылмай Еламанның шатасына,
Аға түтіл, қайыспай атасына.
"Бұқасын қасқыр жеген қатындікі!"
- Мың байдың айтар сөзім батасына.
Түйе боздап келеді ботасына,
Қыдыр болған, қонағым, жатасың ба ?!
Қонақ қонса, ботамды ит-құс жейді,
Мен сиейін қонақтың батасына.
Алай-түлей залымды үйттің-бүйттің,
Бұзғыштарды түтінге ыстап үйттің.
Батасында қабылдық жоқ шайтанның
Құдай - сорлы жаратқан кедей иттің.
Қайран Мұқыш, өмірің қысқа болды,
Дұшпаныңа дегенің досқа болды.
Өзі өлсе де, жақсының аты өлмейді,
Ақ қағазда атағың нұсқа болды.
Қазақтың бала болып соты туды,
Өрістетіп жайылтпай пысық қуды.
Сот ісін толықтырып, көркейтуге
Қайрат қып, Мұқыш белін бекем буды.
[Ор]талық сотының Семей жайы,
Сот алдында теңбе-тең жарлы-байы.
Аудандық соттар ісін басқаруға
Қолға алды былтыр өткен июнь айы.
[Сем]ей мен Қарқаралы дуан барды,
Істерін тексеруге қолына алды.
[Қы]змет қылмай жай жатқан судьяларды
Қаталешке жасатып жауып салды.
Жуандар жіңішкерді болып қылдай,
Жақсыға - күн, жаманға - дәл бір жылдай!
Ешкімнің қарамады ажарына
Таныстық, жолдастығын керек қылмай!
Одан қайтып түзеді Семей сотын,
Күштілерден нашарлар алды схотын.
Қара жерден жүргізді қайықтай қып,
Туралық, түзуліктің пароходын.
Қарақшы, ұры, залым қойдай ықты,
Қайда кетті бұрынғы батыр, мықты?!
Әділет пен (ғадалат пен) ақылды көркейтуге
Өскемен, Зайсан жаққа солай шықты.
Жүрген-тұрған жұмысы бәрі бапты,
Көрген-білген аңырайып шулап қапты.
Сүзек деген бір пәле душар болып,
Жетісу өлкесінде қаза тапты.
Айттым не, айтпадым не ендігісін,
Өлімнің кім біледі ерте-кешін?!
"Құдай рахмет қылсын деп,- асыл ерге!"
Бір дуа естігендер қылу үшін!
Жаңғырыққан аза тұтып тау мен тас та,
Қамықпаған жан жоқ-ты алты алашта.
Алғашқы қатынынан қалған ұлы
Оқып жүр, дәл осы күн он бір жаста,
Бұ дүние өз қалпына бір қайтады,
Талайды қамықтырып мұңайтады.
"Соңғы алған Жәмиқызы Рақиладан
Екі қыз, бір ұл бар!"- деп, жұрт айтады.
Опасыз сұм жалғанға сен не дерсің,
Уайымнан дәнеме өнбес, қой, жүдерсің!
Жетім-жесір, жас қалған балаларға
Жасаған Ием көркем сабыр берсін!
Тұғырдан ұшып кетті дәулет кұсы,
Көрген-баққан қызығы — болды өз тұсы.
Мұқыштың, марқұм болған, ел-жұртына
Өмірі, өз әлінше қызметі осы.
"Агаты,- деп, айыпта[ма] — мұның несін?!"
Құдай өзі мүсіркеп: "Құлым!"- десін!
Өлді, тапты Құдайын өлген адам,
Айтайын қалғандардың қылған ісін.
Адам аз, дүние толған жын мен пері,
Есіл ер жүре алмады-ау аз күн тірі!
Еді ғой кеше Мұқыш алаш білген
- Қазақтың қайратты, адал қызметкері!
Қызметін көрмей қалды-ау қазақ және (жаңа)!
Қызығын көре алмады-ау қатын-бала!
"Бар" - деп, балап болмайды,
"Жоқ"- деп санап,
Ағайын артқы қалған жайы аз ғана.
Мұқыштың өлгеніне Алаш күйді,
Мақал бар: " Халық сүйгенді Құдай сүйді!"
Шуларсың, күңіренерсің, күнелтерсің:
Бір жазда Жанқозыға екі оқ тиді.
Біреуі - Торайғыров алдында өткен,
Қайғырған бұған-дағы қазақ біткен.
Екеуі тізе қосып, бас қоса алмай,
Қыска боп өмір жасы, жедел кеткен.
Бүл Мұқыш Өрге барып дүние салды,
Аякөз, Көктеректе ажал алды.
Жадағай мұныменен қала берсе,
Демей ме: "Алтын кеуде қайда қалды?!"
Ойыма жаңа түсті сөздің расы,
Найманның көзбен көрді кәрі-жасы!
Хат жазған телеграммен көңіл айтып,
Назаров - жүрген бірге жан жолдасы.
Поштамен қайта-қайта қағаз салып,
Қадірін білгендіктен әбден танып.
"Келуші қыс ішінде болса азамат,
Семейден кайтады,- деп,- сүйекті алып!"
Үш кісі алты атпенен мұнан кетті,
Жолдағы ел бет қайтармай, сыйлап күтті.
Есмахан Бөкейханов жолдан тосып,
Бір түрлі естен қалмастай құрмет етті.
Семейге ертіп езі алып барды,
Тыңдамай суық боран, аппақ карды.
Бейсеке - Семейтаулық - Есіркепов
Бұларды тіке тұрып күтіп алды.
Назаров тұрған өзі хабарланып,
Мұқышқа қылған еңбек жанын салып.
Жанахмет Сарсеновка бұйрық жазған:
"Семейге тез жетсін!"- деп,- сүйекті алып!"
Таусылмас бұл кеңесім жаз бен қысқа,
Әркім-ақ әуес етіп алар нұсқа.
"Көктерек алдырмады сүйекті!"- деп,
Жанахмет құр салбырап келді босқа.
Дейсіндер: "Қаны басқа!"- мына орысты,
Білгенге орыс емес, шын ырысты.
Назаров Жанахметке ашуланып,
Тақтайды тепкілеумен қатты ұрысты.
- Смотри, мен көзіңді оям! дейді, -
Қалай тыныш, алдырмай жай, қоям! - дейді.
- Пәлен күннен қалдырмай, жеткіз мұнда,
Көзіңді жоғалтамын, жоям!"- дейді.
Зәресі Жанахметтің жаман кетті,
Назаров, міне, осындай қылық етті.
Араға бір түнетпей, күн-түн қатып,
Семейге келді сүйек осы ретті.
Шуласып орыс-қазақ соңына еріп,
Назаров өзі бас боп, бірге жүріп,
Ғаббасов Халел де бар - өңшең жастар
Егіліп жылауменен су боп еріп.
Өзімен бастас, жолдас жүрген бірге,
Қайғырып, қамығысып Мұқыш ерге.
Торт шақырым жерге шейін шығарып сап,
Жөнелтті осылайша сүйекті елге!
Демендер Назаровты "діні басқа",
Не керек дін басқалық жар жолдасқа?!
Бір түтіл мұсылманның мыңын алман
Баспа-бас Назаровқа айырбасқа.
Открыто Назаровтан бұйрық алып,
Есмахан, қылған еңбек, Бөкейханов.
Теміржан Субековтың үйіне ше[йін]
Сол жерден қайтқан езі әкеп салып.
Бұл сүйек жер түбінен келді қайдан,
Аманат алып беріп қойған жайдан.
Көтеріп төбесіне, қылды құрмет
Тік тұрып атын білген Арғын, Найман.
Әркім-ақ хабар тауып құлақтанды:
"Ел ғой, деп, Жанқозыны,- жақты, жанды!
Ортаға бір түнетпей, көміп тастап,
"Топырақ салам!"- деушілер құр(ы) қалды.
Түнінде сәрсенбінің Мұқыш келді,
Апарып бейсенбі күн жерге көмді.
"Топырақ салам!" —деушілер әр рудан
Тұс-тұсынан жұма күн анда (сонда) келді.
Мұсаның ақ сақалды Садуақасы,
Жетпістен осы күнде асқан жасы.
Баянаула халқынан бас боп келген,
Жүсіпбек - Құдай берген бел баласы.
"Мұқыш ердің сүйегі келед"- десіп,
Әркім-ақ даярланған жабдық жесіп.
Қойтасқа сәрсенбі күн келіп құлап,
Бармастан қайтып кеткен Мәшһүр-Жүсіп.
Келеді өрбіп жаңа сөз сарасы,
Көбі - кейін, бұл әлі - аз ғанасы,
Бөтен ру адамы былай тұрсын,
Құр қалған Еламанның айналасы.
Бар Құдай пана болып Фазылына алсын,
Ілтипат пендесіне назар салсын!
Қалған-құтқан сөз болса айтылмаған,
Тере беріп қайтеміз, кетсін, барсын!
Бір Алла Мұқыш ерге рахмат етсін!
Бак, аруақ ұрпағына қайта бітсін!
"Көп сөз - көмір, мақал бар,- аз сөз - алтын"
Ұзартпай енді сөзін тамам етсін!
Ісіне Тәңірім қылған шара бар ма,
Ем қылса, оңалмастай жара бар ма?!
Ақ үрпік балапандай ұядағы
Бақташы болсын Ием балаларға!
Саны - төртеу: маңызды екеуі - ірі,
Өсіп алса, таниды бірін-бірі!
"Орнында бар оңалар!"- деген бар ғой,
Аман тұрса осылар, Мұқыш тірі!
Құдіреттің ісіне кінә қойма,
Күнде жасты төгілтіп, көзіңді ойма!
"Хақ ісіне қарсылық жарамайды,
Жасытумен өзіңді-өзің жойма!"
"Бір тумақ бар болғанмен,жоқ бір жүрмекң,
Пани дүние жолдас боп бүл кімге ермек?!
Шүкірлік қыл Құдайға, келтір тәубе,
"Алдансын!"- деп, жұбаныш берген ермек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі