Өлең, жыр, ақындар

Дойбының ойыны

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3802
Оттай боп қызыл гүлдің көрінісі,
Бұлбұлдың, шыдай алмай, күйеді іші.
Сайрайды дамыл таппай ауық-ауық,
Дәнеме (дәңке) жоқ оған түсер, Хақтың ісі.
Біp жарық түн басына таң атады,
Мейлің, мейлің Күн бол,- бір батады.
Дарияның толқынындай дүние жүзі
Толқында тауып тыныштық кім жатады?
Жан біткен әуре боп[болып әуре] жүр салын байлап,
Кім беріп тұр кеме мен қайық сайлап?!
Аман-есен мың саннан біреу өтіп,
Салы-суға кеткендер соры қайнап!
Астыңа - жер, үстіңе көкті жайды:
Күндіз Күнді көр - деумен,- түн болса, Айды!"
Мұның бәрін бекерге жаратқан жоқ,
Білмей қалсаң, мойныңа бұл бір пай-ды!
Дойбының тақтайындай қылды көкті,
Ай менен Күн, жұлдыздан - тасын тікті.
Күндіз - түнмен ұтысып, ойнап қал!"- деп,
Күн де бес жылда бір ай артты жүкті.
Өзге ойынның бұл ойын басы болды,
Ойнай мұны білмеген - ғасы болды.
Жыл да - он екі ай болғанда, ай да - он екі,
Жиырма төрт - дойбының тасы болды.
Ал, енді қарап тұрмай, баста ойынды,
Түңілумен күндіз - түн, қой мойынды!
Тас жегізбей, жоқ саған биге шығу
Тартып қалмай бойыңды, аш қойынды!
Тілімді алсаң, қайта түс әлиф, би-ге,
Ұпайға (ұпайке) қыл, өзіңді тастап иге.
Бер, бер-дағы тасынды аямастан,
Бір отыршы қасқайып, шығып биге!
Аздан кешсең, жетеді қолың көпке,
Ешбір ісі жалғанның келмейді епке.
Қорғаладың, ұтылдың, қор болғаның-
Отырумен тасыңды сақтап түпке.
Тартынбай соқ, ойынды бұзып-жарып,
Тас бетіне қарама, кетсін алып.
Бірден үшті жегізсең, тасты аямай,
Отырасың оп-оңай биге барып.
Ойын емей бұ жалған, шын деймісің,
Қалсаң биге шыға алмай, үндеймісің.
Биге шығып алмасаң күні бұрын,
Көңілге алған жеріңнен тас жеймісің?!
Қапы қалма, бұл сөзді жалған тұтып,
Жалған болсын, шын болсын, жатыр жұтып.
Ай мен күндей маңдайың жарқырайды
Тәңірі алдына жалғанды барсаң ұтып.
Бұ жалғанмен дойбы ойна, маған нансаң,
Сенен асар ешкім жоқ, ұтып барсаң!
Су түбіне кеткенің, қор болғаның-
Қалың [топтың] көптің көзінше закот қалсаң!
Тас жегізген аянбай, биге барар,
Биге барған қақ төрден орын алар.
Не ұтпай, не ұта алмай, қалтақтаумен,
Аңда жоқ, даңда жоқ [даңда жоқтар босқа]
Сақи [сахи] қайда аяғын кейін салар,
Қашан болса омыраулап, озық барар.
"Тегін бір тас жегізбей, отырам!"-деп,
Сараң сорлы закотте оңдап қалар.
Кең жалғанның жүзінде закот қалған,
Сараңдықтан- ол бір шын- өздері алған.
Бізге Құдай, қайтейік, бермеді!"-деп,
Жамандайды Құдайды сөйлеп жалған.
Надандық пен сараңдық-дауасыз жын,
Толып жатыр пендеде[пендеге] әр түрлі сын.
Жомарт патша затында сараңдық жоқ,
Құдай неге бермейді [бермесін], сұраса шын!
Оңай жерден кім алған жоқты тауып,
Бұ жалғаннан бос кетер желіп, шауып.
Дүние-ақырет мақсаттан (мақсұлдан)
Бұ жалғанға тілеуі кеткен ауып.
Мақсатына жетеді дүние қиған,
Құр қалады мақсаттан, бермей жиған.
Тілегенін әркімнің береді Алла
Екі қылыш бір қынға қашан сыйған?!
Қоңыз болсаң, жылқының тезегін тер,
"Алам-десең-Құдайдан", аянбай бер!
Өзің қимай, ала алмай, құр(ы) қаласың[қалсаң құры],
"Бермеді!"-деп, Құдайға жұқтырма кір.
Қалтақ-құлтақ жалғанға амалдайды,
Сарандықпен көсіліп шаба алмайды.
"Бермеді,- деп, болмаса,-жазбады"-деп,
Жұрттың көбі Құдайды жамандайды.
Бір Алланың өз мүлкі- дүние-малы,
Дастарқан қып жайып тұр біздерге (бізлерге), әне (әні)!
Патша Құдай-патшалық берген тойы,
Татырмай тұр бұл тойдан кімге, кәне (кәні) ?!
Қысқа жерден ойлаған қарашы ойын,
"Бұ жалғанды- деп жүр ғой,- қалжың-ойын!"
Төгіп-шашып жалғанды, бұрқыратып,
Өткізелік ойынмен Құдай тойын!
Ең зор [үлкен] тойы-ақырет, татасың соң,
Онан болса үмітің, жалғанда оң!
Бұ жалғанның жүзінде оңбай өтсең,
Қайда барсаң, төсегің-мұз бенен тоң!
Сұм жалғанда қалған соң өзің оңбай,
Құдай ісін, жүре бер, мінеп, жонбай!
Жұртқа қылған жалғанның жазығы жоқ,
Толып жатыр жүрген жан мұздап, тоңбай.
Кім жасаған дүниені, Хақ жаратқан,
Тіл менен тіс, иек пен жақ жаратқан.
Бір өзінен басқаның бәрі де- жұп,
Нәрсесі жоқ, жалғыз қып, тақ жаратқан!
Қайда барып сөйлеймін сөзімді енді,
Бұл сөзімнен көріндім көпке мінді.
"Берік ұста, берме!"- десем, жақтым жұртқа,
Кім көрінген алатын онда тілді.
Жер қаз да, тышқан болып, жина қорық,
Мұрныңнан қан ағызып, күн-түн зорық.
"Орынсыз бір тиыным шығып кетсе,
Қалам-деп-кедей болып!"-аса қорық!
Ін қазып, үйден-үйге жаса тесік,
Тар болсын, кіре алмастай, кедейге есік.
Жалғыз тал шөп көрінсе, тастамай жи,
"Болад-деп,- заман жайы әлде нешік?!"
Кедейге келсін соқыр, көзің қисық,
Жұлынып бала- шағаң тұрсын пысық.
Қалады жер астында жиған дүниең,
Бас салса, бір тесіктен, аңдып мысық.
Жылан бол да, кен жастан, алтын жиып,
Кете алмастай болып жи, көзің қиып.
Дүние деген бір пұлдан жинай берсе,
Тыға берсе қапшыққа, жатар сыйып.
Жар астында жатыр кен, көңіліңе тоқ,
Ішіп-жеуге ол саған бұйрығы жоқ.
Шығып, кіріп жүргенде сен жылтыңдап,
Абайсызда [аңдаусызда] жайыңды табар бір оқ
Өзіңе-өзің дөп-дөкей ірісіңде,
Жаның- өлік, құр сүлдең тірісің де.
Азаптанып дүниені жинай берсең,
Тышқан менен жыланның бірісің де.
Адам болсаң, адамдық ісін ойла,
Көз жеткісіз дарияға сүңгіп бойла!
Өзің-жи, артылғанын кісіге бер,
Айтын айттап, Құдайдың тойын тойла!
Тілімді алсаң, әне, алмасаң да,
Бұл сөзді нансаң да, айттым, нанбасаң да!
Қаруың Тәңірі алдына Күннен жарық,
Ентелеп өз еркіңмен бармасаң да!
Дүние, мен бола алмадым сенімен дос,
Өзіңнің досың тап та, басыңды қос!
Уыстап уысыма тұра алмадым,
Астыңнан ит жүгіртіп, үстіңнен - құс!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мысал-аңыз үлгілері

  • 1
  • 2

Айтамын Құдайдан соң Мұхаммедті,
Сібірде көкжал салды көк жендетті.
Тоғыз түлек болғанда, топ қазды алып,
Қазасы көкжендеттің иттен жетті.

Толық

Жарты нан

  • 1
  • 1

Айтатын құран сөзiн молда қайда?
Дүние үшiн ойлағаны амал, хайла.
Айтайын бұрынғының нақыл сөзiн
Қайырдан аз да болса көрген пайда.

Толық

Анама хат

  • 1
  • 1

Алланың бiз сыйындық панасына,
Баянтау бара қалсаң қаласына.
Сәлемдi жолыққаның көп айтыңыз:
Мәшһүрдiң кәрiп (ғарыб) болған анасына!

Толық

Қарап көріңіз