Кедейліктің арқаны
Балалар, жал.қау болма, шабан тартып,
Ілгері ұмтыла бас, күн - күн артып.
Арқаны кедейліктің - еріншектік,
Желкеңнен жібермейді мықтап тартып.
Қайрат қыл, жалқаулықтың жібін үзіп,
Көрген жан түңілмесін күдер үзіп.
Бойыңа жалқаулықты үйір қылсаң,
Жүресің көрінгенге көзің сүзіп.
Мал көзде, ертенді-кеш ұйқыңды бөл,
Кім жұмсаса ұшып жүр, қайтарма тіл.
Басы білгіш, елгезекке кедейлік жоқ,
Кежірлік - кедейліктің ордасы, біл.
Мал көзде: ертеңді-кеш ұйқыңды ашып,
Ой бөлінсе, кетеді ұйқы қашып.
Ілгері баспайтынды ертеңді-кеш
Орнынан тұрғызбайды ұйқы басып.
Кер кеткенге болады кедейлік өш,
Бір еңсеріп әкетсе, бермейді күш.
Аяғың мен қолыңды жіпсіз байлап,
Ұйқы үстіңнен басады ертеңді-кеш.
Па йда болар бір мінез сасық бектік,
Ар жағында жоқтықтан асыл тектік.
Қояншықтай бір ауру ұстамалы
Кернеп кетер өн бойын еріншектік.
Шын жақсының ойында болмас кегі,
Тіпті ойында болмайды зат пен тегі.
Ішіп-жейтін асынан құр қалдырар,
Қырық қаңтару - кедейдің еріншегі.
Жұмсағанда, тіл алып, ұшып жүрсең!
Аз ішіп, аз ғана жеп, ұйқы бөлсең!
Көздей тесік болады саған көлдей,
Сүп - сүйкімді боласың, шықсаң, кірсең.
Боқ ұстасаң, қолыңа жұғып қалмас,
Сыйлы қылар басыңды іске тармас(тырмыс).
Жігітлікте іс қылсаң жаннан кешіп,
Төр алдында отырып, жерсің жамбас.
Өш боларсың ұйқымен, болса санаң,
Кедейлікпен жағалас, келсе шамаң!
Ұйқы мен жалқаулықты үйден қусаң,
Ешкімге көз сүзбейді қатын, балаң.
Безерленер кедейлік белдеу ұстап,
Бас салар еріншекті ұйқы қостап.
"Құдай салды, мен көндім"- дегеннен соң,
Сенен қолын үзбейді, жайлап, қыстап.
Күн бұрын бекітіп бақ келер жолын,
Үйіңнің белдеуінен ажырат қолын.
Үйіңе кедейлікті бір түнетсең,
Бермейді ел көшкенде жұрттың соңын.
Қашаған, ұстатпайтын, қылады атын,
Жек көрінішті қылады жуық, жатын.
Кедейлік кет десең де, кете қалмас,
Кез болса, маңдайыңа жаман қатын.
Кедей болар кер кеткен, ұйқысы мол,
Сайрап келіп тұрады үш қара жол.
Кедейліктің бір үлкен жерік асы-
Жаман қатын бар үйден үзбейді қол!
Ергенексіз, жақтаусыз болады есік,
Ортақ ішер тамағын ит пен күшік.
Қазанының қақпағы жыртық келіп,
Құманының (Шайнегінің) қақпағы болар тесік.
Аурудай сыпырылмас үйдің іші,
Бітпей жатар қысы - жаз пішулі ісі.
Шашылған боқ есіктен төрге барар,
Орын таппас отырар келген кісі.
Төсек - орнын жинамас, ұстар шашып,
Алды-алдына әр нәрсе жатар қашып.
Есік - төрі үйінің бірдей болып,
Жалғыз-жарым көрпесі (келер) сасық.
Күнде-күнде айран боп сауылған сүт,
Бір күнгі ұйытқан айраны болып іркіт.
Төгіп, шашып, бояйды босағасын (керегесін),
Отырғандай қысы - жаз асырап бүркіт.
Жалғыз-жарым терісін күйе тесіп,
"Қайтейін, құдай салды!"- деп, жіп шуда есіп.
Қысқы қызыл, жазғы ағын тез тауысып,
Өзінен де иттері артық ішіп.
Жақсы қатын бойынан табылмас мін,
Түтіндей боп бықсыған өтеді күн.
Орны-орнымен ұқсатып ұстай алмай,
Түте-түте әр жерде жатады жүн.
Ас-суын ұстай алмас басын құрап,
Долданып өз-өзінен, жыламсырап!
Бар да болса, күні боп жоқтан жаман,
Көрінгеннен бажылдап жіп, су сұрап.
Жанға ұрттатпай, тауысып үйдегі асын,
Көп сөйлеумен қатырар байдың басын.
Кіршіксіз қып ұстайтын қатын қайда,
Байы түгіл, баласының үсті-басын?!
Қаңғырып әрбір үйде қылар кеңес,
Таусылмайды ұзақ күн мылжың егес.
Десе де: "Қайда жүрсің?", үндемейді,
Байының айтқан сөзі дәнеме емес.
От жақса, бу мен түтін тұмандатқан,
Ac қылса, жалындатар, құдай атқан!
Қи, тезек ыдысымен араласып,
Домалап от басында құман жатқан.
Орамал кір боп жатар он бес батпан,
Бырқырап түске дейін ұйықтап жатқан.
Асының бар дәмдісін өзі ішіп,
Семіртіп әр мүшесін жуандатқан.
Кір болып өне бойы сегіз батпан,
Ұйқысы хайуанға ұқсап арам қатқан.
Шуылдап қозы, бұзау қорада тұр,
Ертеден кешке дейін ұлып жатқан.
Кірін жумай қолының, асқа тығып,
Майлы күйе бетіне таңба жұғып.
Қоқым, қоқыр, шөп-шар жоқ құр(ы) қалған,
Жабағыны қарынға май деп тығып.
Сөз айтса, дәл қолсырнай, тақылдайды,
Өз сөзін, құрғыр, өзі мақұлдайды.
Кеңеске қалжың, мылжың тым-ақ ұста,
Суырдың айғырындай шақылдайды.
Жөн сөзді айта білмес, ақылдасып,
Ыржаң - қылжаң өнері сықақ, машық.
Сыр-сымбат, өн бойында, өнеге жоқ,
Әдеп, ар кем, ұятсыз, надан, пасық.
Өкшесі етігінің мыжырайып,
Сүйреткен шанадай ғып сүйреп басып.
Дастарқан, ыдыс-аяқ,- күйе-күйе,
Кір мен шаң, қоқыр, қоқым,- түгел басып.
Ләззат жоқ, бабы да жоқ, дәмі де жоқ,
Құрысын істегені төгіп, шашып.
Көңілім тамақ ішіп тоймақ түгіл,
Сол үйден әрең шықтым қадам басып.
Жырақ жүр мұндайлардан алыс қашып,
Маңына жақын барма қадам басып.
Иіс, қоңыс, бу, түтін толып үйге
Отырсаң, шыдай алмай мұрның басып.
Жаманға жаман лайық бола берер,
Құдай-ау, ер жігітке қылма несіп!
Деген күнің солқылдақ, көк шыбық жас,
Жаңғырыға келесің көтеріп бас.
Қор болмайын жалғанда деп ойласаң,
Кедейліктен сақтанып күн бұрын қаш.
Hе болсаң да, боларың әуел баста,
Кежірлікті керексіз қылып таста.
Жауқаулықпен жағалас, шамаң келсе,
Үйір болмай ұйқы мен ішер асқа.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі