Өлең, жыр, ақындар

Хамза өліміне

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2859
Ауырып, тынышымды алды, күнде басым,
Бойыма бір тарамай ішкен асым.
Мезгілсіз шаш, сақалға ақ кіргізіп,
Көзімнен тарау-тарау аққан жасым!
Ішім-пеш, жүрек-бауырым болып отын,
Аузымнан, " аһ!"- дегенде, шығып түтін.
Өрт түсіп, өзегіме салды жара (пәре),
Көрініп жұрт көзіне сыртым бүтін.
Десеңіз: "Ненің оты-нарам пырақ?"
Лап етіп, сөне қалды-ау бір шамшырақ!
Бір бұлбұл гүлстаннан ұшып кетіп,
Көз көріп, құлақ естімес жерге жырақ.
Үзіліп жерге түсті қызыл гүлім,
Мезгілсіз батып кетті-ау күндіз күнім?!
Піспеген егін жастай орылған соң,
Дал болып тоқтап қалды-ау сөйлер тілім!
Айрылсаң сүйеріңнен-көрген жандай,
Шарасы екі көздің толар қанға-ай!
Әлифтей түзу бойың бүгілгеннен,
Шәрифтей сегізінші — болар далдай!
"Өкпем"- деп, жүрек-баурың, сүйсең, әне
Жалғанда онан тәтлі нығмет кәне(кәні)?!
Көзіңнен күш берместен аққан жасың,
Езілген өртенгеннен бауыр қаны!
Өлімнің түтіндеген есті желі,
Қараңғы бұл дүниені қаптап түні.
Көктемде жазғытұрым сола қалды-ау
Үлпілдеп жаңа шыққан жанның гүлі!
Өмірдің бақшасының көркін алып,
Бұлбұлсыз- қапас, гүлсіз-тікен қалып.
Айрылсаң жұпар иіслі, хош бойыңнан,
Тұратын анадайдан мұрын жарып!
Біз тұрмыз осы күнде мұндай күйде,
Сықылды шикі тері жатқан иде (іиде).
Жаққан шам май таусылмай, сөніп қалып,
Отырмыз жарығы жоқ қараңғы үйде.
Бір жеміс (болдым) балдан тәтлі болып несіп [нәсіп],
Бұйырмай аузымыздан кетті қашып!
Дауасыз дерт болған соң таппай лаж (ғылаж),
Күндіз-түн ауырады орны ашып.
Баспанa, үйіміздің шырағы, еді,
Көзімнің тұрақтайтын тұрағы еді.
Сәулені екі көзім сонан алып,
Бүркіттей тұрған күнде қырағы еді.
Ұйқымды бөліп кетті-ау ашып шайдай,
Толқытып кетті еріткен сары майдай.
Ұша алмай, әлім кетіп қалғаным ғой,
Молаға ұя салған күйкентайдай.
Қызықты жеміс еді-ау балдан тәтлі,
Жаралған бір өзгеше мұхаббатлы.
От салып денемізге Жаббар ием,
Шөлдетіп кең далада шаңырқатты.
Жатыр едім бір дарияның бойын алып,
"Мен ішпей, кім ішед?!"-деп, құлаш салып.
Жоқ болды жалғыз күнде жерге сіңіп,
Арманда қалдым, ішпей, мейірім қанып!
Шарқ ұрып бұл дүниені мен құлаштап,
Дәнеме қала алмадым қолыма ұстап!
Көңілдің қаршығасы кетіп қалып,
Лақтырдым мен бөркімді, суға тастап!
Бұзылған машинадай қалдым қирап,
Мезгілсіз-аса ауыр қонақ сыйлап.
Асылым қаяулы боп, ұшып кетті,
Сілтеме енді мені текке қинап!
Егінім қайда кеткен, аспанға ұшқан,
Алатын жем айырып ұшқан құстан!
Тарс еткен дауысы жоқ- бір оқ тиіп,
Жерлерде жатып қалдым- мен-зымстан!
Асыраған жұмыртқадан қоңыр қазым,
Буымен асып кеткен көптен азым!
Қолтықтан қоңыр салқын самал соққан,
Шыбынсыз, қайда кеттің, жылы жазым?!
Басымда үлгілі шоқ киген бөркім,
Болмады бұл туралы өзімде еркім.
Жақұттай жайнап шыққан жалт-жұлт еткен
Жүзімнен кетіп қалды-ау шырай-көркім!
Бақытымның кезі осы ма қайтатұғын,
Сөзімнің шырайы еді-ау айтатұғын!
Асылым, қолға түспей, жерде қалдың,
Тасындай магниттің (макаиттің) тартатұғын!
Ермек қып, еріккенде, ойнаушы едім,
Ойнағанда, жылатпай қоймаушы едім!
Көзім екеу болмасын, мың, жүз болсын,
Сонда — дағы көруге тоймаушы едім!
Езіліп, су боп ақты бауыр қаным,
Бастырмай, болып әлсіз екі саным!
Үйдей боп иесіз тұрған денем қалды-ау,
Құлындай ойнақтаған кетіп жаным!
Тамады дамыл-дамыл көзден тамшым,
Атқа мінсем, қолымда жоқ боп қамшым!
Бұл дүниеде бір жанды көргім келмес,
Кеткен соң көз алдымнан қуаныщым!
Тимеген жүген - құрық құлынымыз,
Құтқармас бір құрыққа жолықтым кез.
Біз тұрмыз айран-асыр, таң-тамаша,
Омыртқа сау, үзіліп жұлынымыз!
Қуат бер бұ құлыңа, өзің патша!
Шықпайтын жеміс еді бұл ағашқа!
Жүгің де өзің салған көтеруге
Жемістен жалғандағы бөлек басқа.
Жүк түссе мұндай ауыр титтей басқа,
Екі көз болмайды ие аққан жасқа!
Сау білмес, ауру халін, күліп өтер,
Біледі, білсе мұны, келген басқа!
Соқпайды көңіл, сірә, ішер асқа,
Ақ кірді, мезгілі жоқ, сақал-шашқа!
Иа, Раббым, әр не берсең, қайырымен бер,
Жылайын шағып кімге сенен басқа?!
Жерің жоқ, артық дүние, көрген түстен,
Тақалдық таусылуға тозып іштен!
Елестеп көз алдыңда әр мінезі,
Десең де ойламайын, шықпайды естен.
Қызықты мезгілі еді, тәтті шағы,
Жара боп жазылмастай қалды-ау дағы!
Бір сөзі мың ділдаға арзан туған,
Тілінің шала-шарпы шыққан уағы.
Пенденің не көрмейді кәріп басы,
Болмайын артық сөйлеп, Алла[ға] ғасы.
Тасыған топан суға болып қарық,
Денең[ді] жауып кеткен көздің жасы.
Жасымыз осы күнде: "Төрт-он үште",
Түтін көп бықсып жатқан біздің іште.
Жел бетін, бір жағына, тузеп шықпай,
Аһ ұрдым оның үшін ерте-кеш те!
Су бар ма неше ықылымда мен ішпеген,
Басымнан кәріплікте некешпеген?!
Бұтақты тамыры жоқ суарғанмен,
Артылып [бұ] қалпынан бір өспеген.
Бейнетпен өткізіп ем өткен жасты,
Бір-екі-ақ жыл жүріп ем тиіп- қашты.
"Менің жанған еңбегім осы ғой!"- деп,
Жаңа тұрған кезімде бір-ақ басты.
Басып енді, басымнан шаңым асты,
Изей бердім жылқыша шұлғып басты.
Жалған дүние, қызығың осы болса,
Енді керек қылмайын өмір жасты!
Пайдасыз көздің жасы аға берген,
Хатыма жазып тұрған тама берген.
Жүрегім:"Айны!"-десем, тілімді алмай,
Лапылдап тал отындай жана берген.
Пенденің өшірмесін бастан бағын,
Зарлантып қақсатпасын тіл мен жағын!
Ләйлідей жазғытұрғы даладағы
Мен ашып көрсете алман ділдің дағын!
Ісіңе амал бар ма Тәңірім еткен,
Бір кезек нәубет екен бізге жеткен!
Сықылды даладағы болдық тікен,
Басынан қызыл гүлі ұшып кеткен.
Жаралы, көңіл шіркін, азалымыз,
Қайтып тұр бұл жалғаннан назарымыз.
Жатырмыз мәңгүрт болған саудагердей,
Жәрмеңке, тарқап кетіп, базарымыз.
AҺ ұрсам, от шыққандай лебізінен,
Қайғының құтылмадық теңізінен.
Пендесін күшті Құдай өзі есіркеп,
Сақтасын егізі мен сегізінен.
Бұл дүние құтқармайтын тозақ болды,
Жұртқа - қысқа, бізге күн ұзақ болды.
Басынан жүрегіңнің оты өткен соң,
Ұсынып өз қолынан жөнелткен соң.
Ауызға адам алмас ащы дария,
Не керек ішіндегі дүр кеткен соң?!
От шығып өз-өзінен тұтанған соң,
Сөнбейді жүрек оты бір жанған соң.
Бұлбұл құс болып қалар торғайдан қор,
От түсіп гүлстанын, өрт алған соң!
Не пайда көздің тұрған шарасынан,
Айрылса көрер ақ пен қарасынан!
Жаннат деген бір сарай даладағы
Айырылса түбі атлық ағашынан!
Жатырмыз арқан, жіпсіз біз байланып,
Қылған іс оңға келмес ыңғайланып.
Барында бәрі бірдей толған қайттің,
Оны термей қалған соң, теріс айналып?!
Суырылды сиқан ағаш қазығымыз,
Бір пейіл болып жақпас жазығымыз!
Ішпей-жемей тоятын азық кетіп,
Қайғы-ғам: болды біздің азығымыз!
Түсерсің, түгел тұрса, миың баста,
Бермегейсің пендеңе өлім қыршын жаста!
Зарымды мұңым менен айтсам тамам,
Езіліп, су боп ағар қара тас та!
Айтуға бәрін аузым бата алмаған,
Ішіме түгел сыйып жата алмаған.
Жалғанды онан қиын не бар дейсің,
Қызығын аз өмірдің тата алмаған?!
"Шынымен менің дәмім бітті ме?!"-деп,
"Тағдырым, жасқа толмай, жетті ме?!"- деп.
Өтерде алас ұрып талпынады:
"Өз күшін байқайын,-деп-кетті ме?!"-деп.
Жұбатқан аз ғана күн көңіл бөліп,
Біледі - көрген пенде сүйгені өліп.
Қайрат қып сау кісідей тырысады,
Орнынан жатқан өзі тұра келіп.
"Сұм жалған, қалдың ба,- дүние-боқ!"- деп,
"Мұнан соң жарық дүние маған жоқ!"-деп.
Бір көріп кең дүниені қалайын!"-деп,
"Далаға- ерікке қоймай-алып шық!"-деп.
Пендесін жібермейді бір қайырмай,
Түк кеспес төске салып, Құдай ұрмай!
"Ақыры көргенімнің-міне, осы"-деп,
Қарайды сүйгенінен көз айырмай!
Әлсіреп, жатыр шаршап кетіп есі,
Құлпырып, неше түрге кіріп түсі!
Шіркін көңіл дәл сол кезде жек көрмейді,
Қалатын айырып алар болса кісі.
Өзінің байқап болды барлық күшін,
Әл-қуат, тегіс алып, ақыл-есін.
Жұмады енді көзін мойынсұнып,
Жалғаннан шын кетерін білгені үшін.
Күш-қуат өлер жаннан кетті [сол]жай,
Әл қайда оған енді бұрынғыдай?!
Алақтап сондай сасып қысылғанда,
Өзің бол есіркеуші, патша-Құдай!
Осының бәрі болды-ау өз алдымда,
Мен бұған қылып тағат тұра алдым ба?!
Дәнеме қыла алмадым, текке отырдым,
Ұсынып, жүре берді көз алдымда!
Әуелде тәуір көріп неге сүйдім?!
Алланың ғайратына өзім тидім!
Басқаны бір Құдайдан сүйгендіктен,
Сол үшін бұл жалғанда отқа күйдім!
Рахматың есіл-дертім- сағынғаным,
Иа, Құдай, бір өзіңсің-табынғаным!
Фазылыңмен ғафу айлап кешіре гөр,
Аса сөз- артық сөйлеп, жаңылғаным!
Білместік, әр кемшілік- бәрі бізде,
Ауыздан түзулік жоқ шыққан сөзде!
Әр не десек, жалынып, жалпаю да
Жоқ кезі түзуліктің есімізде.
Әбілдің-Қабыл ұрып басын жарған,
Миы ағып, тілге келмей, өліп қалған.
Жетпіс ұл, жетпіс қызы керек қылмай,
Аһ ұрып, Адам ата есін танған.
"Шырағым, шырай жүзлі, ұзын бойлым,
Қош қылық, балдан тәтлі-ғақыл-ойлым!
Суалтып ата-анаңды қан қақсатып,
Қуантып жаттың ба-деп- жердің қойнын!"
Жоқ па еді ұл мен қыз онан өзге,
Ешбірі көрінбеген одан өзге!
Жоқ болып онан өзге көрінбеген
Бір ұшқын шоқ боп келіп түтін бізге!
Екенін Жақып (Иақып)нәби, білемісің,
Неше жыл қан қақсатты Жүсіп (Иүсіф) үшін.
Айрылып екі көзден отырып қапты
Таныпты бұл қайғыдан ғақыл есін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сарыарқаның кімдікі екендігі қазақтың осы күнгі әңгімесі

  • 0
  • 0

Сөз шықты біздің қазақ баласына
Петербург келіңіз деп қаласына.
Кеңшілік ойлай берсең келе жатыр,
Сахараның көшіп жүрген даласына.

Толық

Әмен қазасына

  • 0
  • 0

Қан түсті алпыс үште аяғыма,
Оқ тиіп түзде жүрген саяғыма.
Көп сойлеп ғақыл-естің жоқтығынан,
Кетіппін тағы түсіп баяғыма.

Толық

Қызыл гүл жасарсайшы солып жатқан

  • 1
  • 3

Әр нәрсе шағымызда болып жатқан.
Жақсылық ойлаңыздар, біздің халық,
Тастаңыз жамандықты толып жатқан,
Құрметті ел билеген хакімдер де

Толық

Қарап көріңіз