Төрт асыл, бес береке
Ақыл-ақ: кіршігі жоқ, ашу-күйе,
Сақтауға күйелемей, керек ие.
Аққа күйе жұққан соң, оңбағаны,
Онан соң таусылмайды күйе-күйе.
Ғылым-білім сықылды күннің көзі,
Жап-жарық қып дүниені тұр ғой өзі.
Меңдей бұлт сол күннің басса бетін,
Қараңғы боп тұрады дүние жүзі.
Махаббаты (мұхаббаты) дүниенің бұлт болып,
Бір көңілге, орнығып қалса қонып.
Ғылым менен білімнен еш пайда жоқ,
Көрген - білген кетеді ұмыт болып.
Бұ дүниеге қадалтып тұрған көзді,
Айта алмайды туралық, хақлық сөзді.
Есіл-дерті дүние боп тұрғаннан соң,
Басшысынан әркім-ақ күдер үзді.
Бұ сөзіме құлақ сал үлкен-кіші,
Сөйлемесе Мәшһүрдің пысады іші.
Төрт асыл, бес береке - бір бойынан
Табылса, түгел болып, әне, кісі!
Адамға зәру керек төрт асыл-ды,
Білуге тырысыңдар бұл пәсілді.
Меңгеріп, жиып - теріп ала алмайды,
Төртеуден өсіп-өнген көп хасылды.
Бірі-төрт, бірі-бесеу,- болсын тоғыз,
Ат тезегін әуре боп жинар қоңыз.
Тоғызды түгендемей ұстағанды
Обалсыз, адам демей, деуге - доңыз.
Тоғызы - бойда адамның, өзімен-он,
Үш жүз алпыс үш күнде - бір келіп қон.
Таратып орны-орнымен шешкен жанға,
Ер өлтірмей, еңбексіз беремін құн!
Ойлағанға-сөзім бар таңғажайып,
Бұл сөзімді шешкенің - қалдың байып.
Қарасы бар ішінде, қожасы бар,
Бір айтылған таңсық сөз көпке жайып.
Былғары болар тері, жетілсе иі,
Сөз сөйлесе, ақынның түсер күйі.
Адаммын деп кеудесін көтергеннің
Байқалады бар-жоғы баста миы.
Бірі-тілде, біреуі- көңіл-ойда,
Енді бірі - теп-тегіс түгел бойда.
Бұл үшеуін жүргізсе, қара жолмен,
Бәйге алады жарқырап үлкен тойда.
"Құдай - бір, жоқ,- деп-басқа!"- айтса тілің,
Шын білсе, тіліңдегін-жан-ділің.
Дініңмен (денеңмен) аянбастан қылып ғамал,
Пайғамбар сүннетімен өтсе күнің!
Төрт асыл - анық осы бойыңдағы,
Орнына келе берсе ойыңдағы.
Түгелдеп бұл төртеуін қыла алмасаң,
Жүре бер тамағыңа тойын-дағы.
Береке - өз қарақан басың-дағы,
Әдетің (ғадетің)- ұзын өмір жасың-дағы.
Оқылған уақытымен бес намазың-
Қылатын көрде жолдас қасың-дағы!
Бұл басты әр нәрсеге бастайтын-көз,
Оңбаймыз көзден, тілден тыйылмай біз.
Бойыңа келер мұнан бір береке,
Аузыңнан шығармасаң несие сөз.
Кем емес кейбір сөзім халуа балдан,
Ләззатлы - қазы-қарта, жая-жалдан!
Бұ да адамның басының берекесі,
Берілсе- қайыр, ықсан, зекет - малдан!
Сөзіңді кім тыңдамас жүйе болса,
Кім термес балбыраған шие болса!
Адамға келер мұнан мол мереке,
Екі аяқ арасына ие болса!
Қиянат, аманатқа, қастық етпей,
Карантин қылған жерден, тоқталса, өтпей,
Уағда айтқан жерден сөз табылып,
Ұстаған жерден қолы тұрса кетпей!
Береке мұныменен болады бес,
Түсерсің енді сөзге, болмасаң кес!
Дап-даяр бұлар ойда болмағаным –
Хабарың болмағаны Құраннан еш!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі