Ахтам хазірет һәм Ғалы батыр
Бисмилла, қалам алып жаздым хатты,
Үміт қып пайғамбардан шапағатты.
Жанаділ шаһарының патшасы
Естиді: "Батыр бар, — деп — Ғалы атты!"
— "Балуан боп, жер-жиһанды, дүниені апты"—
— Естимін. "Батыр жоқ, — деп, — ол сияқты!"
Елдегі батырларын жиып алып,
Қауіп қып ер Ғалыны жұртына айтты.
— Шаһары Мединеде тұрған, — дейді,
— Мұсылман көп уалаят қылған — дейді.
— Соғысты, дінге кірмей, қылғандардың
Әскерін шаһар бұзып, қырған! — дейді.
— Қырады, Ғалы келсе, елімізді,
Бұл біздің өзгертеді дінімізді.
Батырлар соның үшін жоламаңдар,
Қоймайды, келсе аман, бірімізді!
Әкелсе Ғалы басын кесіп маған,
Біреуің күшің келіп, жетсе шамаң,
Төгер ем дүние-малын аямай-ақ,
Қызымды ханым қылып берем соған!
Балуандар жиылысып ақылдасты,
Бірінің сөзін бірі мақұлдасты:
— Ең мықты балуаның барыңыз! — деп,
— Қайсымыз әкелеміз осы басты?!
Ішінен Қабыл деген шықты бірі,
Шоңқитқан талайларды, тұлғасы ірі.
— Ғалының басын алу маған оңай,
Қоям ба, дүниеде жүрсем тірі?!
Қасына патшасының барды Қабыл:
— Ия, тақсыр, рұқсат қыл, бер бізге әмір!
Барайын, Ғалы басын әкелемін,
Көңіліңнен қорқу кетір, қылғыл сабыр!
Патшасы мұны естіп қуанады,
Көңіліне шаттық кіріп, жұбанады.
Қабылдың бұл сөзіне риза болып,
Ниетін: "Барам деген!" — құп алады:
— Медине шаһарына барсын! — дейді,
— Алтынды керегінше алсын! — дейді.
— Мақсатым — сол Ғалының басын алмақ,
Батырдың қалағаны болсын! — дейді.
Қабыл ер Мединеге бармақ болды
Жауына оңай ойран салмақ болды.
"Бұйрықсыз, Ғалы басын әкелер!" — деп,
Патшаның көңіліне шаттық толды.
Бір бедеу кұс қанатты атқа мінді,
Медине тарапына Қабыл жүрді.
Қуанып, шаттанумен ерте-кеш те:
"Алам, — деп — Ғалы басын" — көңілі тынды.
Арада бір нешелер күндер өтті,
Қабыл ер Мединеге жетіп кепті.
Арасы отыз күндік Мединеге
Ол өзі аз-ақ күнде келіп жетті.
Көреді Мединенің ол қаласын,
Алыстан көзге түскен ғимаратын.
Жолықты Ахтам атты сахабаға,
Жүр екен сейіл қылып ел арасын.
Кәпірге Ахтам келіп:
— Кімсің? — депті
— Бұл жерде не жұмыспен жүрсің? — депті.
Сахаба сауалына жауап бермей,
Қабыл айтар:
— Сен өзің кімсің?! — депті.
"Сен кімсің?", "Сен кімсің?" — деп, тұрысады,
Біріне-бірі айтпай, тырысады.
Біріне-бірі жауап үш қайтарып,
Ақыры жөн-жобаға шығысады.
Ахтамға Қабыл сонда берді жауап:
— Мен келдім Жанаділден осы тарап.
"Бір балуан Ғалы атты бар!" — деп еді,
Ғалының басын алып, қылам ғарап (кәріп).
— Ей, батыр, Ғалыны іздеп келемісің?
Ғалыны көрушіге еремісің?
Бұрыннан ол адамды көре алмасаң,
"Ғалы" — деп айтқаныма сенемісің?!
Қабыл айтты:
— Ғалыны көрсет маған!
Ез болмай, адам болсаң ерге ұқсаған.
Атын айтып, көрсетсең, еш бөгелмей,
Ғалының басын шауып кесіп алам!
Көңіліне хазірет Ахтам қиял кірді.
Өтерін бұ дүниенің сезіп білді:
"Ғалыны анық іздеп келген болса,
Кәпірдің жаман екен, — деді — түрі!"
Біздерге жан аямақ бермес пайда,
Дос үшін жаным пида, қылсам айла.
Мен өлсем, жалғыз адам, түк құрымас,
Ел үшін ер Ғалыдай батыр қайда?!
"Ендеше сол Ғалыңыз — менмін! — дейін,
Жәрдемді бір Алладан мен тілейін.
Перзентім, жамағатым—бәрін қойдым,
Осыны Ғалы үшін бір көрейін!"
Қараңыз әмір қылған Құдіретке,
Келе ма ажал көрініп осы ретте?!
Қорқа ма өлтіретін бұл жауыздан,
Батырды қоя бермей жекпе-жекке?!
—Ер Ғалы мен боламын, танымасаң,
Шаһарға талай-талай ойран салған.
Тапсырып бір Құдайға әрбір істі,
Жолдассыз талай ердің басын алған!
Мұны естіп Қабыл батыр ашуланды,
Қылышын қынабынан суырып алды.
— Басынды, Ғалы болсаң, алайын! — деп,
Қасына хазірет Ахтам жетіп барды.
Кез болды жапан түзде мұндай бір іс,
Екеуі айдалада салды ұрыс.
Таяғын Ахтам хазірет алды қолға,
Тұрмады бекер қарап бұ да тыныш.
Алланың риза ісі тағдыр болды,
Басына хазірет Ахтам қылыш ұрды.
Ия, Алла, инна илаһа ражиғұн,
Сахаба тақсыр Ахтам шаһит болды.
Ахтамның басын кесіп, алды қолға,
Бас кетіп, құр денесі қалды мұнда.
Шат болып, көңілі өсіп,
Қабыл кәпір Жанаділ шаһарына — түсті жолға.
Білмеді осы сырды ешбір адам,
Ахтам мен Қабыл еткен оқиғадан.
Қабылға кез болғанын хазірет Ахтам
Білмеді басқа еш жан бір Алладан.
Патшаға басты алып келді жетіп,
Қуанды патша сонда қорқу кетіп.
Шаттанып, аямады мүлік-малын,
Жақсылап той қылуға әмір етіп.
Ғалының басы қолға кеп тигенде,
Той қылды патша сонда күллі елге,
— Ғажайып болсын мұнда барша халық,
Жайылсын бұл атағым әрбір жерде.
"Ғалының басыменен" тұман кіріп,
Бұл патша ойламады пікір қылып.
Сөзінен өзі айтқан аса алмады,
Қабылды жақын қылды, қызын беріп.
Той қылып Жанаділде тұра тұрсын,
Қуаныш бір азырақ бұ да көрсін.
Медине шаһарынан сөз сөйлейік,
Тыңдаңыз, қандырайын құлақ құрышын!
Отырып мешітке кеп хақ пайғамбар,
Сахаба қастарыңда шаһриарлар.
Намазын тамам қылып оқып болып,
Махырапқа қарсы отырып қарады-лар.
Қараған көзін салып төңірекке,
— Халайық, құлағың сал — осы кепке!
Үш күнде намазда Ахтам көрінген жоқ,
Қыдырып кетті ме әлде қиыр шетке?
Не себеп келмегені Ахтам мұнда,
Жамағат, қандай хабар қайсыңызда?
Сұраймын бәріңізден білген бар ма,
Кетті ме сапар қылып басқа жайға?!
— Иа, Біләл, сен хабарын айтшы! — дейді,
— Үйіне хазірет Ахтам баршы! — дейді,
— Сұрашы әйелінен: бары-жоғын,
Бір хабар мұнда алып қайтшы! — дейді.
Біләл сонда орнынан тіке тұрды,
Ахтамның үйіне қарай жүрді.
Хақ расул жұмсаған соң, тоқтау бар ма,
Жүгіріп бөгелмей-ақ келіп кірді.
Сұрады қатынынан Біләл барып,
Тыңдады Біләл сөзін қатын кәріп.
—Үйінде бар ма, жоқ па, Ахтам? — деді,
—Айтыңыз бұл жөнінде бізге анық!
Біләлге жамағаты жауап берді:
—Ахтамның келмегені үш күн,—деді,
—Кеткенін қайсы жаққа біле алмадық,
Білмедік, не оқиға болған енді?
Жылайды балалары мұны естіп:
—Не болды атамызға? Әлде не етіп?!
Жылаған балаларды көргеннен соң,
Тұрыпты тақсыр Біләл есі кетіп.
Көңіліне мұңлық толып Біләл тұрды,
Жоқтығын Ахтамның шаһар білді.
Кешікпей сол арада хазірет Біләл,
Тезірек пайғамбарға жетіп келді.
Ахтамнан Біләл хабар әкелмеді,
Пайғамбар мұны естіп егіледі.
"Үш күн жоқ болды!"—деп отырғанда,
Жебірейіл Алла әмірімен келеді енді.
Мешітте отырғанда жұрт қайғыда,
Жебірейіл келіп айтты Хақ расулға:
- Айтайын Ахтам сахаба оқиғасын,
Хабибі бір Алланың, мұны тыңда!
Ол Ахтам жанын қиды Ғалы үшін,
Ғалыға қылған оның достығы үшін.
Берді ғой шыбын жанын пида қылып,
Құдайым қабыл қылса оның ісін!
Әміріне болса да құдіретті,
Біз айтып тауыспаспыз үшбу кекті!
Ол Ахтам шейіт болды, тәні мұнда,
Жанаділ шаһарына басы кетті.
Бір кәпір келді-дағы басын алды,
Медине даласында кез боп қалды.
Пида ғып достық үшін ғазиз жанын,
Әйелі, балалары жетім қалды.
Жебірейіл пайғамбарға мұны айтты,
Айтты да, көп кешікпей және қайтты.
Әмірін бір Алланың баян етіп,
Айтады ән хазіретім насихатты.
Ахтамның перзенттері жылады зар:
- Білмедік атамыздан ешбір хабар.
Зар қылып пайғамбарға келіп жылап:
Хазіреті пайғамбардан сұрады олар.
Жыласып пайғамбардың тізін (тізесін) құшты,
Хақ расул тізе түгіл қойнын ашты.
Бек әйбат басын көріп балалардың
Есіркеп көңіл мүшкіл зар жыласты.
Жидырды енді хазірет тамам елін,
Қалдырмай шақыртқызды бір де бірін.
— Жан қалмай жиылыңыз бәріңіз де,
Айтайын бір оқиға, тыңда мәнін.
Айтады:
— Ей, пенделер, Ғалы қайда?
Шақырыңдар, тез жетсін арыстан да!
Хабары іздеп жатқан жеткеннен соң,
Кешікпей жетіп келді батыр мұнда
Еңіреп, Ғалы келсе, отыр бәрі,
Арыстан қайран қалды көріп, әні (әне).
Бұлардың көз жасына ғажапланып:
— Иа, расул, бұл не хал?—деп, кірді Ғалы.
Ғалыға пайғамбарым берді жауап,
Шерленіп жиылғандар тұрды қарап.
Егілген Ахтам хазірет балалары,
Ғалы да жылай берді оларды аяп.
Айтады қақтығыстың оқиғасын,
Ғалыға достық үшін қиған басын.
Естіп хазірет Ғалы сол арада
Ағызды домалатып көзден жасын.
—Естіген адам көңілі бол май ма тұл?!
Арыстан, үшбу айтқан сөзімді біл!
Әйелін, балаларын жесір тастап,
Істеген достық үшін ісін көргіл!
Хақ расул оқиғаның айтты бәрін,
Достыққа пида қылған шыбын жанын.
Қатын мен баласына қарамай-ақ,
Дүниесін талақ салды, мүлік, малын!
Көзінен жасы парлап Ғалы тұрды,
Алдына пайғамбардың тағзым қылды: —
Мен үшін жанын пида қылған болса,
Иа, тақсыр маған рұқсат бергіл! — деді.
—Иа, тақсыр, Мединеде тұра алмаймын,
Кегімді Алла оңдаса, неге алмаймын?!
Ұл-қызын достық үшін жетім етті,
Тірі боп өш алмасам, жүре алмаймын!
Ғалының көңілі кетті баруына,
Себеп жоқ енді бармай қалуына!
Тітіреп өне бойы, түгі шығып,
Кәпірден өшін барып алуына!
Иа, тақсыр, рұқсат бер балаңызға,
Қайғының қасіретіне жанамыз ба?!
Ақбата, рұқсатты сіз берсеңіз,
Дұшпаннан барып өшті аламыз да!
Баруға Жанаділге көңілі қатты,
Шын достық жанын қиған мехнатты.
Иллаһи, амин еткіл Алла тағала, —
Деп айтып тіленеді рұқсатты.
Пайғамбар ол уақытта қиял қылар:
"Бармаса, Ғалы батыр күпті болар.
Жіберсе, рұқсат бермей, бұл Ғалыны,
Жақсы емес, арыстанның көңілі қалар!
Ғалыға рұқсат бермей енді болмас!
Қасына ерері жоқ жалғыз жолдас!
Сапарын, дұға қылсам, оңғарар!" — деп,
Ойлады сол арада көзіне ап жас.
Жасартты Хақ пайғамбар нұрлы жүзін,
Қызартып жылауменен екі көзін: —
Қыл, - дейді, — мінажатты бір құдайға,
Иа, Раббы, жәрдем берер жалғыз өзің!
Ғалы үшін Хақ пайғамбар қылды дұға,
Зар жылап тұра келді шерлі ұл да. Жылады:
- Бабам! — деп, тізе құшып,
Дұғаны аяжат қыл — деді расул алла!
Жөнелді Ғалы арыстан амандасып,
Сұрасып бақилықты арыздасып.
— Ғапу қыл!—деп бір-біріне, — қателерін,
Бәрі де шулап тұрды көп жыласып.
Фатима, Хасен, Хұсайын қастарында
Көзінің алды толған жастарына.
Қиыспай бірін-бірі егілісті,
Түскен соң осындай іс бастарына.
Көңілін кәріптердің шаттандырып,
Тағы да дұға беріп уандырып.
— Оңғар—деп,- сапар жолын арыстанның
Ғалыны өз қолымен аттандырып.
Бәрі де достарының зар-зар тұтып,
Басына қауіп-қатер ойлар түсіп,
Фатима, Хасен, Хұсайын жақын келіп,
Егілді орамалмен көзін сүртіп.
Көргендер шыдамады зар жылады,
Жыламай тұрсын не ғып елдің бәрі?!
— Құдайым көрсетсін,—деп,—аман-есен,
Жалғыз кетіп барасың, тақсыр Ғалы!
Ер ұғылы амандасып жүріп кетті,
Хақ расул Ғалыға көп дұға етті.
Ғалыны жамағаттан оңашалап,
Айтады арыстанға өсиетті:
—Ей, Ғалы, мынау сөзге құлағың сал!
Кіріптар қиын істе қалсаң егер,
Біздерге не де болса хабар берсін,
Дүлдүлге оңашада сөйлесіп қал!
Пайғамбар ер Ғалыға осыны айтты,
Жиылған — Мединеге бәрі қайтты.
Сыйынып бір Аллаға тәуекел ғып,
Жанаділ тарапына бір-ақ тартты.
Аллаға тәуекел ғып жүріп кетті,
Ойлаған шер арыстан бір ниетті.
Бір айлық жер екен екі арасы,
Үш күн, үш түн болғанда келіп жетті.
Ер Ғалы бір оңаша үйге барған,
Табынған жанған отқа, құдай ұрған.
— Бұл қалай — деп, — шаһардың рәсімі,
Қатыннан хазірет Ғалы кеп сұраған.
Қатын айтты:
- Сен өзің кімсің?—деді,
- Бұл шаһарда не қылып жүрсің?—деді.
—Жанында жолдасың жоқ, жалғыз өзің,
Қорықпай жалғыз жүрген ерсің тегі.
Ғалы айтты:
—Мен бір жүрген балуанмын,
Шаһарда сейіл құрып жүрген жанмын.
"Бұл жақта мұндай патша бар!" — деген соң,
Әдейі соны іздеп келген жанмын.
Қатын айтты:
— Білмесең, болар қиын,
Бұл шаһарда өтпекші үлкен жиын,
Шаттық бар бұл шаһарда сондай ғажап,
Той қылып беріп жатыр ерен сыйын.
Айтамын білгенімді енді сізге,
Аларсыз, жасырды деп, көңіліңізге.
Дүниеде аты шыққан бір балуан
Хабары естілген-ді мына бізге.
— Бар, — дейді, — бір балуан Мединеде
Пар келмес оған адам бүл дүниеде.
Күйеуі пайғамбардың, — деп айтады,
— Атын оның: "Арыстан Ғалы" — дей ме?
— Жоқ, — дейді, — бұл дүниеде ондай балуан,
Сан түрлі шаһарларды ғарық қылған.
Естіп бұл атағын біздің патша
Ерлерін қорыққаннан жиып алған.
Айтады:
—Ей, халайық, сөзім тыңда,
Маңайда болып жатыр көп оқиға,
"Бар, — дейді, — Мединеде Ғалы батыр",
Басын кесіп әкелсең бірің мұнда.
Бәрін де дүние-мүлік берем! — деді,
— Бәріңнен соны жақын көрем! — деді,
— Бір балуан әкелсе Ғалы басын,
Қызымды және соған берем! — деді.
Сонда оны Қабыл балуан көрді мақұл,
Қайтпаған бұрын жаннан, өзі батыр.
Патшаның қызын алса, дүние малын,
Мұнан артық не керек, міне, ақыл!
Келмеген бұған қарсы неше мың көп,
Ойлады: "Мәселені шешемін!" — деп.
Пәтшамен көп алдында шарт қылысты:
"Әкелем, Ғалы басын, кесемін!" — деп.
Арманы Ғалы басы - патша дерті,
Қан байлап, Қабыл балуан берді сертті.
Сонымен Қабыл батыр Мединеге
Жолдассыз жалғыз өзі жүріп кетті.
Болғанда Ғалы басы — патша дерті,
Қабыл ер орындамай берген сертті:
Неше күн-түн жүрді де, көп кешікпей,
Ғалының басын Қабыл алып кепті.
Патшамыз басты көріп, бек қуанған,
Болмаған енді бұған қорқарлық жан.
Той қылып, қыз бермекке Қабыл ерге,
Неше күн той қылуға жұрт жиналған.
Осындай тамашамен жасап тойды,
Батырға енді Қабыл көңіл толды.
Кәріп пен қасерлерге: "Алыңдар!" — деп,
Есігін қазынаның ашып қойды.
Той қылып, қуанғаннан, патша ғажап,
Бір сөзді естиміз ғой тағы аздап.
Бармақшы Мединеге жұртын жиып,
Алмақшы мал-мүлкін қылып харап.
Татпаған үш күн, үш түн Ғалы тағам,
Қатыннан алып біраз жеді тағам.
Дүлділге:
—Тәуекел! — деп, мініп алды,
— Иа, Алла, бере гөр, — деп — қуат маған!
Шаһардың ортасына Ғалы кірді,
Жаратқан Құдай артық тақсыр шерді!
Қылмай-ақ ешбір қауіп күйінгеннен,
Әскердің ортасына келіп тұрды.
Келгенін арыстанның көрдің бәрі,
"Кімсің"—деп, "Не ғып жүрсің?"—тұрды бәрі.
— Шаһарды — мен — бір балуан: аралаған,
— Жүрмін,— деп, — жоқ жоғалтып, — тұрды Ғалы.
Патшаға — мұны естуші — хабар берді,
— Шаһарға келді бөлек мейман! - деді.
— Осындай ат-киімі бәрі ғажап,
Көрмедік бұл сияқты адам!—деді.
Патша айтты:
—Ол жігітің келсін! — деді,
— Ғажайып тамашаны көрсін!—деді.
- Осындай салтанатты көргеннен соң,
Әр жерде паш қып мақтай берсін!—деді.
—Екенін біздің мұндай көріп білсін,
Шынымен көргеннен-ақ қорқу қылсын!
Жаяды жүрген жерде ондай адам,
Атағым жер жүзіне көтерілсін!
Дүлділге Ғалы арыстан сөйлеседі,
Екеуі бір-біріне үндеседі.
Патшаға олар барып келгенінше
Дүлділмен Ғалы арыстан кеңеседі:
— Мен кірсем кәпірлердің арасына,
Ұшырасам қайғы, мехнат пәлесіне (паласына),
Кешіксем, ия шықпасам, хабар білмей,
Бұл жерде қозғалмай-ақ тұрасың да!
Шықпаса менің үнім, жүре бергіл!
Бабама расул Құда хабар бергіл!
Уағыдам саған берген менің осы
— Егер де жай кешіксем, кетпей тұрғыл!
Сәлем айт—Хасен мен Хұсайынға,
Ағалар мен жұбайым Фатимаға.
Бәріне сәлемімді жеткізесің,
Сұраушы біз кәріпті сахабаға! —
Осылай тақсыр тұрды сырын шертіп,
Насихат бір-біріне қарыз етіп.
Шарт қылып уағыда айтып тұрғанында,
Патшаға шақырушы келді жетіп.
Алдына ол патшаның барды жетіп,
Ғалыға орын берді құрмет етіп.
Аллаға жалбарынып дұға қылып,
Ішінен лағынет айтты, қайғы бекіп.
Кәпірлер Ғалы екенін танымайды,
Жауыққан ақиқатқа жарымайды.
— Қай жерден, қай уалаят адамысыз,
Бар ма деп жұмысыңыз?—жөн сұрайды.
—Құлақ сал бұл сөзіме мейман адам,
Не көрдің, не естідің бұл шаһардан?
Біздерге көргеніңнен баян қылғыл,
Ғажайып, неше алуан тамашадан!
Ғалы айтты:
— Еш нәрсені көргенім жоқ,
Жайымен жүрген едім сейілдеп кеп.
"Бұл жақта әділ патша бар",—дегесін,
Келіп ем саяқатқа соны іздеп.
Патша айтты:
—Мейманым түк білмесеңіз,
Еш нәрсе бұл шаһардан көрмесеңіз!
Елім тұр үлкен шаттық, қуанышта.
Айтайын сізге даяр сүйіншіміз.
Шығып ед алыс елде бір балуан,
Сұрасаң, аты оның "Ғалы" атанған.
Баһадүр Қабыл деген батыр барып,
Әкелді басын кесіп Мединеден.
Балуанды Ғалы деген білемісің,
Алдына бас әкелсе, көремісің?!
Сол үшін шаһардағы ойын-тойы
Мейманым, айтар болсақ әңгімесін.
Ғалы айтты:
- Ол Ғалыны танушы едім,
Өзіне әр заманда барушы едім.
Үйреніп неше түрлі ойындарын,
Қызметті мен де сонда қылушы едім.
Ғалының алдына әкеп қойды басты,
Ішінен алтын табақ бетін ашты.
Қолына басты алып, шыдай алмай,
Аһ ұрып, ағызады көзден жасты.
Патша айтты:
—Сен жыладың бұған не үшін?
Төгілттің бір көргеннен көздің жасын!
Бұл сенің жылауыңда не хикмет бар,
Айтыңыз, ей, мейманым, шынын, расын.
—Мен өзім жоқты іздеп шықтым! — дейді,
— Сауалды патшасы айтқан ұқтым — дейді.
- Ғалының басы емес, шын танысам,
Жолдас боп, қанша дәмін іштім! — дейді.
Ғалының мен айтайын нұр сипатын
Ұзыны, көлденеңі үйлес жақын.
Бір қарыс маңдайы бар, нағыз батыр,
Ауызбен айтып болмас оның затын.
Кеуделі, өзі шалқақ форымдарын,
Сөзбенен келтіре алман оның бәрін.
Шын күмәнсыз танимыз біз Ғалыны,
Үйрендім неше түрлі ойындарын.
Патша айтты:
—Ол Ғалыны танысаң сен,
Анық бір шарт өзіңе артамын мен.
Ғалыға жолдас болып, жүрген болсаң,
Көрсетші сол ойынды пәрменіңмен.
Ғалы айтты:
—Көрсетейін ойын жақса,
Сүйегін қырық арыстан жерге қақса,
Бір жерге бәрін тіркеп қойса да үйіп,
Секіріп мен түсемін арғы жаққа.
—Домалақ келтіріңіз бар темірді,
Қырық сегіз пұттан болсын ауырлығы.
Екеуін екі қолмен аспанға атам,
Түскендей үйлеріңе әрбір түрлі.
Көрсетем қылыш ойын тағы сізге,
Ғажайып ойыным көп онан да өзге.
Ғалының шәкірті боп көрсетейін,
Жиылған жамағатқа, түссін көзге!
Жанаділ шаһарының жады бәрін,
— Көргіл, — деп, — қонақ балуан ойындарын!
— Кәнеки, ойыныңды көрсет! — дейді.
Келтіріп неше түрлі форымдарын.
Мақсаты, арыстанның, ойы бөлек,
Себеп қып хайламенен жауын білмек.
"Ахтамның басын алған қайсысы екен?"
"Өш алсам, еркін, — дейді — онан ерек!".
Жөнелді тамашаға жұрттың бәрі,
Ретпенен тұрды өңшең балуандары.
"Жан қалмай бұл шаһардан жиылар!" — деп,
Тұрыпты ортасында хазірет Ғалы.
Ғалы айтты:
—Жан қалды ма бұл шаһардан?
Ей, тақсыр, мен бір сөзді айтам саған!
Шыдамай шер арыстан сұрайды енді:
— Ғалының басын алған қай балуан?
Патша айтты:
—Ол келеді, керсең! — деді.
- Ойынын көріп, өнерін білсең! — деді.
— Келтіргіл Ғалы басын алған ерді.
Үйретіп әркімге өнер берсін! — деді.
Қабыл ер қалған екен оңашада,
Қызы мен сұхбат қылып тамашаға.
Паша:
— Тез келсін! — деп, хабар берді,
Қабыл да келе жатыр тұра сала.
Ырғаңдап аяқ басып Қабыл келді.
Қасына патшасының қарай жүрді.
Ішінен, оны кәріп, шыдай алмай,
Алсам деп Ахтам өшін Ғалы тұрды.
Сүйегін қырық арыстан қойды катар,
Болды да ар жағына бір-ақ атар.
Межеден қырық құлаш асып-түсіп,
Титтей жоқ көңілінде қауіп-қатер.
Секіріп әрлі-берлі өтті дейді,
Аяқпен арыстанды тепті дейді.
Сүйегін қырық арыстан бір тепкенде,
Уатып күл-күл қылып кетті дейді.
Темірді екі домалақ аспанға атты,
Түсірмей кезек-кезек кайта қақты.
Бір-біреуі жүз сегіз пұттан екен,
Резина доптай қылып домалатты.
Ойнынан бәрі шошып, көрген жанның
Аңырып, таңырқасып болып даң-дүң.
Ғалы айтты:
— Кәне, енді біз көрейік
— Өнерін Қабыл деген балуанның!
Ғалының болса егер басын алған,
Өнерін көрсетсінші неше алуан. Патшасы:
—Бар,—деп оған бұйырғанда,
Ішінен Қабыл батыр қорқар жаман.
Келеді Қабыл балуан шарасыздан,
Патшаның әмірімен "бар" деп айтқан. Ғалы айтты:
—Көрсет қазір өнеріңді,
Расында Ғалы басын болсаң алған?
Ол жерде Қабыл тұрып ашуланды,
Қолына тұра сала қылыш алды.
— Мен былай Ғалы басын түсірдім! — деп
Қылышын қолына алып жетіп барды.
Ғалы да оны тосып қарсы барды,
Қылышын оп-оңай ақтартып алды.
Кәпірдің белін ұстап қысып еді,
Батыры сонда демін ала алмады.
Малғұнға Ғалы қолы тиді қатты,
Жанына ол Қабылдың жаман батты.
Сол шақта құлағынан мықтап ұстап,
Кәпірді айналдырып аспанға атты.
Жазасын ол балуанның оңай берді,
Айналып бозторғайдай қайта келді.
Ер Ғалы қағып алып, жерге ұрып,
Өлтіріп бұл кәпірді көңілі тынды.
"Алдым — деп, — Ахтам кегін," — шүкір қылды,
Жиылған барша кәпір мұны керді. Арыстан айғайлады:
—Кел, деп,—бәрің! Өзінше көрсетуге бір өнерді.
Патшасы көрген кезде мынау істі,
Басына арылмастай қайғы түсті:
— Бек дұшпан осы бізге көрінеді,
Табыңдар бұған лаж бәрің! — депті.
Ер Ғалы енді тоқтап тұра алмады,
Сабыр ғып бұрынғыдай жүре алмады.
— Біз кәріпке бір медет бере гөр! — деп,
— Қуат бер, — деп, иад қылып бір Алланы.
Патша айтты:
—Барыңдар! — деп, балуандарға,
Шегініп қорқып кейін тұрғандарға,
Патшаның бұйрығына амал бар ма
Ұмтылды шарасыздан қаптап сонда.
Жабылды жан-жағынан балуандары,
Бәрінің ортасында жалғыз Ғалы.
Әрбірі мың кісілік дегендерін
Жапырып бұйым көрмей талқандады.
Біріне қылыш ұрса, бірде найза,
Оқ атып бір де бірі қылмады айла.
Ол Ғалы төрт мыңының бәрі қырды,
Қан қылды ат бауырынан әрбір жайда.
Патшасы ер Ғалыға келді жақын,
Сұрайды арыстаннан оның затын:
— Ия, балуан, сенің өзің, кімсің? — дейді
— Білдірші бәрін бізге, айтып атың!
—Сұрасаң, менің атым Ғалы балуан,
Шаһарды ойран қылған неше алуан.
Мұхаммед — бабам аты — Хақ пайғамбар,
Демеңіз: "Мына пақыр шықты қайдан?!"
Ұлдарым: Хасен менен Хұсайын бар,
Фатима халал жұптым, білсең болар,
Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, өзім — Ғалы
Жолдасы пайғамбардың — төрт шариар.
Нәсілім — араб, тұрағым — Медине шаһар,
Қылышым қолымдағы қам зұлпықар.
Ей, патша, тағы менен не сұрайсың,
Астымда мінген атым дүлділім бар.
Мұны естіп ол патшаны қайғы басты,
Білген соң Ғалы екенін қатты састы.
Ғалыдан қорыққаннан ол патша:
— Бізге аз милат беріңіз! — деп сұрапты.
—Беріңіз бізге рұқсат, біраз заман,
Қапысыз алды-артымды жисам тамам!
— Рұқсатты Ғалы тақсыр береді енді:
— Армансыз қалмаңыз, — деп, — енді маған!
Кәпірлер неше күн-түн жиылады,
Көптігі құмырсқадай құйылады.
Кәпірдің көптігіне қайран қалып,
Ер Ғалы бір құдайға сыйынады.
Арыстан бір оңаша жерге түсті,
Кәпірлер дамыл таппай жиылысты.
"Пері ме, адамзат па, жәдігөй ме?!"
— Қайғырып патша сонда қайғы жесті.
—"Бұл Ғалы өлі!" — десек, тірі екен ғой!
Айтулы дұшпандардың бірі екен ғой!
Қуанып, бекер мәз боп, жүрсек біздер,
Дәл бүгін ішімізде жүр екен ғой!
Жиылып жұрттың бәрі ақылдасты,
Бірінің бірі сөзін мақұлдасты.
Қайратын Ғалы арыстан көзбен көріп:
"Қырар, — деп, — мұнан жаман!" — Қатты састы.
Жиылды балуандары майдан жерге,
Бәрі де соғысқалы — жалғыз ерге!
Намазын тақсыр Ғалы тамам қылып,
Келіпті әдейі сайлап алған жерге.
Ғалыға барлық кәпір қойды атты,
Ұмтылды шер арыстан жаман қатты.
Шабылған шу-шу иттей адамдардың
Барлығы опат болып, қырғын тапты.
Кәпірлер қырғын тапты неше алуан,
Қырады онды-солды Ғалы балуан.
Қаптаған әскерлері жаман сасып,
Алдына патшасының бәрі барған.
Тарқады күн батқан соң кәпір бәрі,
Оңаша жерге түсті хазірет Ғалы.
"Ғалыға нешік хайла қыламыз?!" — деп,
Жиылып кеңеседі жас пен кәрі.
Жиылып ақылдасты бәрі келіп:
— Бір орды қазайық, — деп, — терең қылып!
Ені оның сексен құлаш, һәм тереңдігі,
Қояйық бетін жауып жылмағай қып.
Бір түнде жиылысып қазды орды,
Жабылып таң атқанша әбден болды.
"Ғалы келсе, бұл жерге, жығылсын!" — деп,
Білдірмей ордың бетін жауып қойды.
Оқып ап таң намазын, Ғалы тұрды,
Жиылған көп адамды көзі көрді.
Дүлділін мініп алып, тәуекел ғып,
Топтанған кәпірлерге қарай жүрді.
—Бере гөр өзің медет, жалғыз Алла!
Қыл енді дәргаһыңнан бұ зар пенде!
Ниетін кәпірлердің білсін қайдан,
Тұп-тура жетіп келді қазған орға.
Кез болып бірде баққа, бірде сорға.
Ғалы да, дүлділі де білмеді онда.
Секіріп ат аяғы тайып кетіп,
Сыпырылып түсті тақсыр қазған орға.
Дүлділі ыршып алға секіргенде,
Сыпырылып Ғалы қалды ор ішінде.
"Жоқ қылып орды жауып тастаймыз!" — деп,
Жабылды барлық кәпір бір кісіге!
Шұқырға терең қазған Ғалы түсті,
Кәпірлер мұны көріп қуанысты.
"Ұстайық енді атып, — деп, қаумаласып,
Дүлділге бәрі келіп, жабылысты.
Дүлділге Ғалы арыстан айтқан бұрын:
"Кәпірдің жолатпа, — деп, — бір де бірін!"
Қалың көп маңына ордың жолатпады,
Ғалымен жүздесуге сол Дүлділін.
Дүлділі өте алмады топты бұзып,
Алыстан қарай берді күдер үзіп.
Қасына жуи алмас болғаннан соң,
Жөнелді Мединеге бетін бұрып.
Арада сусыз жатқан шел бар еді,
Ең кемі айдан астам жол бар еді.
Екі-үш күнге жеткізбей арасына,
Медине қаласына таяп келді.
Намазда отыр екен хақ пайғамбар,
Сахаба қасында бар көп жарандар.
Иа Алла, хақ расул пайғамбарға
Дүлділдің кісінегені болды хабар!
Намазын оқып болды барша халық
Келіп тұр дүлділ дауысы құлаққа анық.
Біләлға әмір қылды сол арада:
— Үйіне арыстанның келші барып!
— Тезірек көп кешікпей баршы! — деді,
— Не болғанын хабарын алшы! — деді.
— Ғалы үйіне келді ме, иа, жоқ па,
Дүлділдің құлағыма даусы келді.
Жүгіріп сонда Біләл тысқа шықты,
Мешіттің тарапынан көзін тікті.
Жанаділ — Ғалы кеткен жолдарынан
Бір қара бұлдыраған көрініпті.
"Әлде не?"—деп, Біләл оны тұрды бағып,
Бір қара келе жатыр құстай ағып.
Үстінде, жақын келсе, шер Ғалы жоқ,
Келеді Дүлділ дара оттай жанып.
Ол Біләл тұрды сонда қайран қалып,
Келеді пайғамбарға қайта айналып:
— Үстінде ер Ғалы жоқ, Дүлділ келді,
Ей, тақсыр, күмәні жоқ, білгір анық!
Дүлділ де көп кешікпей келді жетіп,
Жылады сахабалар шу-шу етіп.
Үстінен ер Ғалыны көрмеген соң,
Тұрыпты тақсыр расул есі кетіп.
Құшақтап ер Ғалының Дүлділ атын,
Бас қойды аяғына хазіретім.
Көзінен жас ағыза көп жылады,
Біле алмай не болғанын, бүл хикметін.
- Иа, Біләл, баршы, — деді, — Фатимаға,
Хасен мен келсін Хұсайын шаһиза да.
Бір хикмет болған екен шер Ғалыға,
Бір қасірет берді бізге Алла тағала!
Хасен мен Хұсайынға берді хабар,
Фатима мұны естіп көп зарланар.
Жиылып пайғамбардың құзырына
Бәрінің жүректері от боп жанар!
Дүлділді жыласады ортаға алып:
— Қалды, — деп, — Ғалы қайда? — бәрі налып.
Расулға көп жамағат тілек етті:
— Хабарын беріңіз — деп, — бізге анық!
Жылайды бәрі шулап жиылған жан:
— Бере гөр өзің қуат, ия, Ханнан!
Мінажат қылды Хаққа пайғамбарым:
— Өзіңсің жаратушы жоқты бардан!
Кәрімсің өзің патша әуел — ақыр,
Пендеңе бәрі әшкере бітті заһыр!
Беруші мүшкілдерге өзің асан,
Сұрайын дәргаһыңнан мен бір пақыр!
Жиылған ан қызырға бұ жамағат,
Ия, Раббы, бұл дұғам бір қабыл аманат!
Ғалының бізге жайын мәлім етсін,
Дүлділге тіл бере гөр осы сағат!
Үн берді бір құдайым ол Дүлділге,
Сол жерде тұлпар шұлғып келді тілге.
Еңкейіп пайғамбарға құрметпенен,
Келеді адамдарша сөз сөйлеуге:
—Ассалаумағаллейкум, Хақ пайғамбар,
Беремін ер Ғалыдан сізге хабар!
Қылайын қазір баян көргенімді
Тыңдасаң, құлақ қойып, көп жарандар!
Жанаділ шаһарына барды Ғалы,
Үйіне барып ойран салды Ғалы!
Кәпірлер айламенен ор қазған соң,
Жығылып ор ішінде қалды Ғалы.
Көп сәлем Ғалы сізге тапсырды сөз,
— Бергін — деп, — Хазіретке хабарды тез!
Фатима, Хасен, Хұсайын — айтты сәлем,
Жеткіздім бәріңізге естісеңіз!
Жақсылық болғай енді, расул, онда!
Арыстан кәріп болып қалды орда!
Үстімнен сыпырылып қала берді,
Жадынан қалдырмаңыз дұғаларда!
Осылай бастан-аяқ оқиғасы,
Иа, тақсыр, көргенімнің бәрі осы!
Мұны естіп пайғамбардың есі кетіп,
Мөлтілдеп домалады көзден жасы!
Пайғамбар мұны естіп қылды дұға:
— Жәрдемді беруші—өзің, патша құда!
Ғалыны кәпірлердің мехнатынан
Қорға! — деп, бір Аллаға қылды нала!
—Өзіңе сенгеннен де, қылдым зарлық,
Ғалыға келтірме, — деп - кіріптарлық!
Фатима, Қасен, Хұсайын — қылады зар:
— Жетімдер - жесір, қылмағыл, әм кәпірлік!
Мінажат дұға қылды хақ пайғамбар,
Ғалыны айтып көзге жас ағызар.
— Өлі ме, тірі ме екен Ғалы арыстан?—
Құдайым, фазылыңменен бергіл хабар!
Дұға ғып тұрды расул есі кетіп:
"Қолдар, — деп, — кәріплікте әлде не етіп?!"
Сол шақта Жебірейіл пайғамбарға
Алланың пәрменімен келді жетіп.
— Алланың әмірімен келдім, — дейді,
Келгенін хақ расул де білді дейді.
Хабибі достыңа Жебірейілмен
Хабарды ер Ғалыдан берді дейді.
—Иа, наби, қылдыңыз сіз көп мінажат!
— Иа, Алла, міне, келдім үшбу сағат.
— Қайғырма - Ғалы үшін, ия, Мұхаммед,
Арыстан қазір онда сау-саламат!
Арыстан орға түсіп жатты! — дейді,
Кәпірлер таспен жабылып атты! — дейді.
Жібермей тастарының біреуін де
Қанатым тигізбестен қақты! — дейді.
—Арыстан қапылдықпен орға түскен,
Құтылып Дүлділ сонда сізге жеткен.
Мен тұрмын қанатыммен орды жауып,
Жібермей атқан тасын тигізбестен.
Күмән жоқ бұл сөзімде, білгіл анық,
Қайғының мехнатында болды кәріп.
Ер Ғалы үшбу күнде сау-саламат,
Жалғыз-ақ жатыр, тақсыр, орда қалып!
Қуанды мұны естіп расул құда,
Есітіп шат болыпты сахаба да!
Фатима қуат тауып бұл хабардан
Серпілді Хасен, Хұсайын шаһзада да!
Бәрі де мұны естіп қуанысты,
Аллаға шүкір қылып, көңілін басты.
Бәрі де бір тілекпен мінажат қып:
"Бере гөр — деп, — Ғалыға қуат-күшті!"
Айтады Жебірейіл пайғамбарға:
— Қажетің көңіліңе алған бар ма?!
Айтыңыз тілегіңізді көңілдегі
Жеткізер Алла тағала ойға алғанға!
Айтады жауабында тақсыр расул:
— Көрсем — деп, — арыстанның дидарын сол!
Бір Алла өзі берсе, мүшкіл емес,
Фазылы илан, Кәрім бірла, Құдіреті мол!
Дидарын арыстанның көрсем! — дейді,
— Хал-жайы нешік екен, білсем! — дейді.
— Бір Алла фазылымен жеткізсе егер,
Ішіне сол шұңқырдың кірсем! — дейді.
Жебірейіл пайғамбарға берді жауап:
— Құдайым азын берсе, емес ғажап!
Алладан әмір келсе, бізге оңай,
Жеткізер кешікпей-ақ, көргіл бір-ақ
Келді хабар Жебірейілге бір Құдайдан:
— Апар, — деп, — пайғамбарды тұрған жайдан!
Сұрауын дұғасының еттім қабыл,
Көңілінен, жүзін көріп, шықсын арман!
Жарандар, тыңдасаңыз осы кепті,
Алланың құдіретімен әмір жетті.
Дүлділ мен пайғамбарды қоса алып,
Жанаділ шаһарына алып кепті.
Хақ расул қуанады бек шаттанып,
Дұғасын қабыл алды Жаббар - халық!
Көп ұзамай сол ордың жағасына
Пайғамбар еш кідірмей тұрды барып.
Ғалыға құдай берген мұндай бір іс,
Алланың әмірінде—бәрі дұрыс.
Пайғамбар жар қасында тұрса тыңдап,
Ғалыдан зар илеген шығар дыбыс:
— Иа, Раббы, білдім бір хақ барлығыңды!
Құп тұттым мойын ұсынып барлығыңды!
Шүкіршілік, үшбу күнде бір біз аман,
Басыма салдың бүгін тарлығыңды.
Жылады осыны айтып Ғалы қайдар,
Естіді оның үшін хақ пайғамбар.
— Мұптама мен жатырмын қазған орда,
Иа, Раббы, бұл ісіңе болдым душар!
Берген соң жан бір уыс топырақтан,
Жараттың күллі тірі мақұлық исан.
Тілейін, иа, илаһа, фазылыңнан,
Миблаған кәріптерге бергіл жәрдем (жардам)!
Күн бар ма көретұғын балам жүзін,
Жетер ме бір Аллаға менің сөзім?!
Шаһзада Хасен, Хұсайын — шекер балым,
Фатима — сүйер жарым, халал жұптым!
Жер жүзін көрсетер ме құдірет кәрім,
Бабама жетер ме екен менің зарым?!
Бір дұға бабам қылса, Құдай үшін,
Қалар ма сая тауып шыбын жаным?!
Көзінен домалатып ағызар жас,
— Құтқар, - деп, — бұл мехнаттан бізді халас!
Зар кариан көңілім менің үшбу күнде,
Бұл сөзді айта берсем, көңілім пәс.
Шүкірлік, жүрегімде бар Құдамыз,
Зар илеп, құдіретіне сыйынамыз.
Болмаса бір өзіңнен медет жәрдем,
Біз, паңдақ, кәпірлікте не қыламыз?!
Жылады осыны айтып арыстан Ғалы,
Ән хазірет мұны естіп шыдамады.
Батырдың зар илеген үнін естіп,
Ол ордың жағасына жетіп барды.
Хақ расул дыбыс берді таяу барып,
Естіді хазірет Ғалы тыңдай қалып.
Шақырған пайғамбардан үн жеткенде,
— Лаббай! — деп, жүгірді жүрек жанып.
Дауысын естіп тақсыр есі кетті,
Бір Алла несіп қылды естімекті.
"Өңім бе, түсім бе әлде осы менің?"
— Аллаға риза болып, шүкір етгі.
Қуанды пайғамбар көріп (аны) оны,
"Саламат екен ғой, — деп, — енді Ғалы!"
Батырды аман-есен көргеніне
Шүкір ғып, жад қылады бір Алланы.
Тастарын хақ пайғамбар қолына алды,
Ішіне терең қазған орға салды.
Созылып ұзарды да әлгі тастар
Құданың құдіретімен тура барды.
Тастарды Ғалы ұстады келгеннен соң,
Шүкір ғып құдіретке сенгеннен соң.
Пайғамбар сау-саламат тартып алды,
Тілегін Хақ тағала бергеннен соң!
Көрісті аман көріп бірін-бірі,
Қосылу қиын емес, жүрсе тірі.
Жүзіне жүзін қойып пайғамбарым
Бұзылып, егіледі, көңілдері.
Шат болды пайғамбарды көріп аман,
Сұрайды — әйел — ерін, — бәрін тамам.
Әбубәкір, Ғұмар, Оспан, бибі Фатима,
Сұрайды амандықты сахабадан.
Пайғамбар амандықты түгел айтып,
Жеткізбей жарастықты тұрсын қайтіп?!
Көрісіп аман-есен болғаннан соң,
Хақ расул көп кешікпей кетті қайтып.
Алладан әмір болса, не бар қиын.
Болып па Жебірейілге ол да бұйым?!
Көзді ашып жұмғанша-ақ жеткізіпті,
"Көрсін—деп,—Медине мен тап өз үйін!"
Құданың шүкір қылып бергеніне,
Пайғамбар өзі мұнда келгеніне!
Мәз болып жас балаша, қутың қағып,
Мінеді ырғып Ғалы дүлділіне.
Сыйынып дүлділіне Ғалы мінді,
Шаһардың ортасына таяу жүрді.
"Өлтірдік ор ішінде!" — деп шулаған,
Ғалыны дүйім халық тірі көрді.
Патшасы мұны көріп, жаман састы,
Ес кетіп ақылынан, көп адасты.
— Пері ме, жәдігөй ме?! — десті бәрі,
— Ай, бұған хайла қылу еш болмас-ты!
Патшасы әмір берді тамам елге:
— Жиылсын палуандары майдан жерге!
Бәрің де жабылысып соғысыңыз,
Жарамас баруларың бір ме бірге!
Жиылды қанша әскер сол майданға,
Жанаділ батырынан қалған бар ма?
Патша айтты:
—Бармаңдар, — деп, — жекпе-жекке,
Бәрің де жабылыңдар бір Ғалыға!
Патшасы көп кәпірдің бәрін жиды,
Көп қойға бір-ақ бөрі жалғыз тиді.
Ер Ғалы зұлпыхармен сілтегенде,
Өлікті шапқан шөптей майданға үйді.
Бір үлкен соғыс болды сондай қатты,
Ер Ғалы: "Бір Алла!" — деп, ойын сапты.
Тыңдасаң, енді кепті арыстаннан,
Кәпірлер у-шу болып, қырғын тапты.
Жиылған мың сан қолдың бәрін басты,
Өліктер төбе-төбе болып жатты.
Менменсіп, көпір болған батырлардың
Кейін шауып, кейбірін аспанға атты.
Патшасы сөйлесуге келді тілге,
Ғалы айтты патшаға:
— Кір, — деп — дінге!
Ол кәпір айтқанына көнбеген соң,
Өлтірді қылышпенен оны демде.
Мұсылман қылды сонда қалған қолын,
Үйретті дін исламның әмір жолын.
Дүниесін беруге олар аямады:
— Алыңыз, — деп Ғалыға мүлік-малын.
Ер Ғалы Мединеге қайтпақ болды,
Шаһарды мұсылман ғып, көңілі толды,
Патшасын өлтірген соң, дінге кірген
Біреуін сол шаһарға патша қойды.
Тәуекел өзін-өзі жолға салып,
Қайтады Мединеге алтын алып.
— Пақыр ма міскіндерге берейін, — деп,
Келеді шер арыстан соны ойға алып.
Ер Ғалы кегін қуып ер Ахтамның
Шашуға дайын болды қиып қанын.
"Өлсем де жолын іздеп, арманым жоқ,
Дін үшін пида болсын тән мен жаным.
Оздырды Мединеге бір адамды:
— Қуант, — деп, — бұрын барып пайғамбарды.
— Аман-сау келеді—деп, Ғалы батыр,
Айтыңыз бұрын барып осы халді.
Жөнелді Мединеге енді кәріп (ғарып),
Сүйінші сұрамаққа бұрын барып.
Бәрі де естігендер асып-сасып:
"Расулді, жолықсақ, — деп — тауып алып!"
Мешітке намазда отыр пайғамбарым,
Жамағат намазда отыр болған бәрі.
Келуші сәлем беріп, тізе бүкті
Айтуға бастан-аяқ көргендерін.
—Ассалаумағалейкум, Хақ пайғамбар,
Жіберді сүйіншіге Ғалы қайдар.
Жанаділ шаһар халқын мұсылман ғып,
Келеді елдей көшіп, қазына бар.
Қуанды мұны естіп пайғамбар да,
— Сүйінші айтыңдар, — деп — жақындарға!
Фатима, Хасен, Хұсайын шаһзада бар,
Жеткізер Алла тағала ойға алғанға.
Жиылды сахабаның баршалары,
Медине: әйел-еркек, жас пен кәрі.
— Алдына ер Ғалының барамыз! — деп,
Қуанып шаттықпенен шықты бәрі.
Тұрады бәрінің де көңілі өсіп,
— Бере гөр қадір Алла бізге! — десіп.
Жақындап Мединеге келіп қалды,
Келеді тақсыр Ғалы елдей көшіп.
Алдынан ер Ғалының шықты бәрі,
Қуанып көріседі пайғамбары.
Шаһриар сахабалар, күллі жұртпен
Көрісті кезек-кезек хазірет Ғалы.
Шүкір ғып, бірін-бірі көріп аман,
Жеткізді құдіретімен хақ тағалам.
Әкелген алтын-күміс қазынасын
Алдына пайғамбардың бәрін салған.
Шақырды Ахтам достың балаларын,
Шығарып жүрегінен жараларын.
— Ала бер керегінше алтыннан! — деп,
Алғызды сүйгенінше қалағанын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі