Өлең, жыр, ақындар

Қанағат туралы жұмбақ өлең

  • 28.07.2018
  • 0
  • 0
  • 5599
Бір патша көп қосынды жауға айдады,
Үш жерден ортасына ту байлады.
"Алып жүр, түзу бастап, оң жолға!"- деп,
Біреуін ортасынан хан сайлады.
Патшадан бұйрық алып, сонда ханы,
Жауына соғыс деген бастады, әні.
"Табанды айтқан жолдан біз тайдырсақ,
Түбінде жібермес, - деп, - тұз бен наны!"
Қосынмен жер қайысқан шықты түзге,
Жетерлік кісі есебі неше жүзге.
Жетпіс мыңға жетерлік шеру алып,
Толық боп, аудан, аймақ көрер көзге.
Күн ыстық, әуе айналып жерге түскен,
Таңсық боп бір жұтым су көкей кескен.
"Армансыз болар едім, - деп шуласып, -
Бір ұрттам мөлдір тұнық судан ішсем!"
Жаманнан - бөз қалады, жақсыдан - сөз,
Дүниенің келуі оңай, кетуі тез.
Бір өзен сарқыраған, саулап аққан,
Бұларға көлденеңдеп ұшырады кез.
Сонда ханы нөкерге жарлық шашты:
- Бара сала қоймаңдар суға басты!
Сол судан ішкендерің бізге ере алмай,
Қаларсың жер бауырлап, құшып тасты.
Судан жеңіл өтесің татпағаның,
Жақсы ғой жер бауырлап жатпағаның!
Ішсең судан, өлесің, суға кетіп,
Ішпегенің - ол суға батпағаның!
Ішемін деп, шөміш пен шелек салма!
Шелек түгіл, тостаған, аяқта алма! .
Ішкеніңмен қанбайсың, тоя алмайсың,
Айттым, әні, мейлің нан, мейлің нанба!
Жалаңаш қолыңмен ал, бірақ орта,
Қалмайсың соны қылсаң, қаңғып жұртта.
Сөз тамам, айтқанымды берік ұстаңдар,
Ішпеген іште, ішкен қалмақ сыртта.
Жаманға, жақсыға да айтылды сөз,
Жаманға - қисық ағаш, жақсыға - тез.
Құтылсын қайда қашып, жек көргенмен,
Өзеннен көлденеңдеп ұшыраған кез.
Күн ыстық:әуе айналып, шөлдеуі асқан,
Жалған ғой: біреу тасып, біреу сасқан.
Ертіс пен Сыр суындай дария тап боп,
Болар ма: "Ішпеймін!"- деп, мұнан қашқан.
Бет қойып келе жатыр суға қарай,
Көп болып деуші суға: "Ай, хай, жан-ай!"
Көпте не жоқ: тоқ мейлі, мелшиген бар,
Татары, татпасы да екі талай.
Бас қойды көбі жұрттың бара сала,
Жөнелді жанталастар шелек ала.
Біреуі аяқ, біреуі құманменен
Алып жатыр бөшкелеп құйып және.
Әркім білген жабдығын етіп жатыр,
Бас қоймаған дін есен өтіп жатыр.
Сүңгіп барып, ішемін дегендері
Су түбіне көрінбей кетіп жатыр.
Ішкендердің еріні қап-қара боп,
Аузы-басы көнтиіп, көп жара боп,
Сіңбіруге келмейді мұршалары.
Аласұрып қана алмай, жүзқара боп.
Қанша ішкенмен, сусыны қанбас болды,
Судан басын көтеріп алмас болды.
Зорланды, ыдыстарын толтыра алмай,
Ұзап судан ешқайда бармас болды.
Күн-түн ішсе тынбастан, қануы жоқ,
Қанбадым деп, тоқталып қалуы жоқ.
Жағасында бұл судың жата бермек,
Былай басып, бір табан баруы жоқ.
Ішкен жатыр - пәлеге әбден қалып,
Іші өртеніп, өзегі от боп жанып.
Ішпегендер тып-тыныш жүр, сау-сәлемет,
Ұрттасыпты қолымен бір-бір алып.
Сусындарын қандырып бір алғаны,
Мейірлерін қандырып шын нанғаны.
Ыдыстарын толтырып молайтыпты,
Қанғанынан артылып ол қалғаны.
Қолмен алып ұрттаған хан болыпты,
Білгендерге бұл сөзім таң болыпты.
Ханның тілін алумен, татып тойған
Санаса үш жүз он үш жан болыпты.
Ішкендер ішіп жатыр әлі жатып,
Таңдайына жабысып, тілі қатып.
Бұлай судан өтуге бірі ере алмай,
Қарашығы жоғалып, қалды батып.
Жақсының өзі өлсе де, өлмейді аты,
Мәшһүрдің жұртқа таныс-жазған хаты.
Өлең деп қарапайым, қапы қалма,
Құдай сөзі - Құранның переводы(пирауаты).
Шешуі
Ұлығы патшалардың - патша Құдай,
Дүниені бір дария ғып қойған солай!
Бұ жалғанның жүзіне келіп, кеткен –
Өтпекші бұл дариядан шулай-шулай!
- Дарияға аса сүңгіп кетпе!- дейді,
- Тоям, - деп, - үміт мұнан етпе!- дейді.
- Қорек жалғар қарынға байлаулықтан,
Бір табан асып әрі өтпе! - дейді.
"Тоям", - десең, боласың жаманатты,
Тойған тоқтық бұзады адамзатты.
Дүниеге құмарланба, хырыс болма,
- Бол, - деп айтты, - азына қанағатты.
Құдайдың бізге сайлап қойған ханы –
Жіберген әрбір тұста пайғамбары.
"Жоққа - шүкір, азына - қанағат!"- деп,
Әуел бастан кешіріп, айтқан, әні!
"Дүние ойна, "- деуменен өмірің өтер,
Бұ дүниеге қарық (ғарық) болған суға кетер.
Алас ұрып, жаныңды қинағанмен,
Ажал келіп қалған күн бәрі бітер.
Тоймағандар тоя алмай суда қалған,
Бұ жалғанға сусыны емес қанған.
Бір татқанға қанағат қылған жандар
Тәңірі алдына көркейіп мәз боп барған.
Аса мәнді бұл бір сөз толық ұқса,
Жете алмай мағынасына болдым құса.
Пенделерге жіберген Құдай өзі,
Болам десең, бозбала, маған ұқса!
Бұрқыратып соғушы ем баяғымда,
Жеке қара боп жүрген саяғымда.
Ашып көр де, Құранды оқып қара –
Дәл екінші параның аяғында.
Ақымақлықтан сөйлеймін әңгіме айтып,
Кейде танып есімнен, кейде қайтып.
Құдай сөзін өзіндей сөйлей алмай,
Енді артымды қысайын, аяқ тартып.
Қайдан тегіс сөйлейін бір парасын,
"Әне тұр!"- деп, нұсқайын мен қарасын.
Мен Ағыбай емеспін, Бұғыбаймын,
Оқып өзің ұғыңдар сөз сарасын.
Сөйлеп кеттім көңілімде нақ болған соң,
Өзі қолдап, Құдайым жақ болған соң.
"Тәпсір білдім!"- деп, алас ұрмайын мен,
Тауилына заһыным шақ болған соң.
Қате болса айтқаным, Тәңірім, кешір,
Тілім тілмаш болғанда, қолым - писарь.
"Мұхұлима маша"- дедің өзің,
Періштенің жазғанын Ием (түсір!).
Өлең - жұмбақ: керек-ті оған шешу,
Көрсоқырға көп қиын сөзге түсу.
Қазақ байғұс насихат сөзге түспей,
Бар білгені - қалшиып ерегісу.
"Дүниенің жиылғаны жаман!"- дедім,
"Дөңгелегі шыр айналған заман!"- дедім.
"Дүние жиған қорлықпен өмірі өтіп,
Жимағандар болады аман!"- дедім.
"Бұ дүние көп жиылса, шаян?"- дедім,
"Шаяндығы білгенге аян"- дедім.
"Әуел - ахыр болғаннан дүние - дүние
Ешкімге қылмаған бұл баян!"- дедім.
"Бұ дүние жиған жанға жылан!"- дедім.
"Көрмеген ешкім опа мұнан!"- дедім.
"Алысып қараңғыда қаңғып жүрсің,
Көрерсің, бір ашылса тұман!"- дедім.
"Жақсының күйі түсер дуда!"- дедім,
"Тұрақ жоқ ағып жатқан суда!"- дедім.
"Жиған жан бұл дүниені оңбайды ақыр,
Бұл өзі кісі өлтірер у да!"- дедім.
Тимеді құлағына бір де - бірі,
Боп жүрдің өз үйінде өзің ірі.
Тағы да, байғұс-ай, сүй деп еді-ау
Дейді ғой жалғыз-жарым жүрген тірі...
Бұл Мәшһүр бұрыннан-ақ көзін жұмды,
Уыстап жүрді шашып топырақ құм[ды].
Бірің: "жынды", біреуің: "ақымақ"- дедің,
Жазығы— жимағандық дүние сұмды.
Пайғамбарлар халық жұртқа болғанда бас,
Кедейлерге молайған азық пен ас.
"Құдай әмірін орнына келтірем!"- деп,
Өмір бойы байлармен боп өткен қас.
Сараң боп, бермеген соң, байлар қарыз,
Айтқан сөзің ауыз жетіп, Аллаға арыз.
"Соғыспен ал, бермесе, байлардан!"- деп,
Аятпенен соғысты қылған парыз.
Сол заманда бір ашқан кедей көзін,
Пайғамбардың көрумен нұрлы жүзін.
Құлағың естігенді көз бір көрмек,
Бұрын естіп оқығанбыз Құран сөзін.
Көбіңе жек көрінші менің сөзім,
Өз сөзімнен танбаймын сонда да езім,
Заманында пайғамбар не болғанын
Иншалла, тірі болсам көрер көзім.
Дүниеден сыр жалаңаш Мәшһүр өзі,
Опасызын жалғанның көрген көзі.
"Олкин латжон ална сихын"-
Ұнатпасаң, ұнатпа - Құран сөзі!
Күн шықты, жұлдыз біткен өртке күйді,
Күймесе, қайда кетті, не жау тиді.
Жел қатайды, еңсе бір көтерілді,
Ғайыптан бір қыз келіп, беттен сүйді.
Жоғалды көп көлеңке түн боп басқан,
Жарқ етіп күн шыққан соң, көркейді аспан.
Қамыққан мұңды-шерлі пендесінің
Құдай ғой жарқ еткізіп көңілін ашқан!
Есті адам - қанағатты. Қанағатты адам тиянақты.
Тиянақты адам көнтерлі.
Көнтерлі адам қайғысыз.
Қайғысыз адам бақытты.
Ендеше есті адам бақытты болады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қажыларға

  • 0
  • 0

Жадыраса ғаріп көңілің жаздай болған,
Айырылған көп тобынан аздай болған.
Біздерден осы күнде не сұрайсыз,
Айырылған ел-жұртынан қаздай болған?!

Толық

Ереймен сапары

  • 0
  • 0

Бастаймын бісмілладан сөздің басын,
Екі елу, он бес дейді ердің жасын.
Имансыз ғылымдыға қас болады,
Айтайын соның біраз хикаясын.

Толық

Дүниеге жарасады күн менен ай

  • 0
  • 0

Дүниеге жарасады күн менен ай,
Бұл заман да тұра бермес бұрынғыдай.
Мысалы бұл дүниені мен айтайын,
Теңелер бір заманда кедей мен бай.

Толық

Қарап көріңіз