Жылым - қой, тауық жылы мен үш жаста
Жылым - қой, тауық жылы мен үш жаста,
Кәріплік [Ғаріплік] бұл жалғанда біздің,
Айырылып ел-жұртынан көшіп әкем,
Қыстаған Қызылағаш, Бұзаутасқа.
Баянтау қаласына болып жатақ,
Емес қой "жатақ"- деген- сол жақсы атақ
Атасы басқа румен ауылдас боп,
Әр түрлі кішкентайдан, көрдік шатақ.
Бала жоқ ата-анада менен өңге,
Жерім жоқ шыққан титтей бір күн дөңге.
"Бері кел, шырағым!"- деп, беттен иіскер,
Өмірімде жоқ боп маған аға, жеңге.
Жұрт білді оқуға үйір-шүйірімді,
Таяндым бала күннен бүйірімді.
Адасып құлынымда туған жұрттан,
Сонан соң таба алмадым үйірімді.
Ішінде орыс-орман, көп шатақтың,
Қызығын көп көргенмін бұл атақтың.
Елсіз, жұртсыз кісінің құны қанша,
Өстік те баласы боп бір жатақтың.
Кісі еді бек мүсәпір, әкем кәріп (ғаріп),
Мешітте күн өткізді жатып алып.
Дегендей: "Отындықтан оқтық мүсін",
Әр жерде түстім көзге майсыз жанып.
Бар еді үш кітабы жазба түркі,
Белгілі жұртқа мағлұм дінге беркі [берігі].
Екеуін шала-шарпы білуші еді,
Жоқ еді біреуіне анық еркі.
Үйренген онан-мұнан басын құрап,
Сәлдені, білмеуші еді, түзу орап.
Күндіз - түні жалықпастан оқушы еді,
Зүдәтіл Масаилыны бізден сұрап.
Болмаған қолы толық дүние, малға,
Жасында ноғайларға жүрген жалға.
Кітабы бізге әперген "Мұхаммедия"-
Өзі ескі және жыртық далба-далба.
Болар ма мұнан артық қара қасқа?
Кісі еді болған үйір көзі жасқа.
Өнерді үш теңгеге бір "Мұқтасар",
Кітап жоқ енді бізде онан басқа!
Жалғыз-ақ көк құран бар ат басындай,
Біз бала жаңа өспірім, жауқазындай (жауқасындай).
Ол күнде "Сопыалдияр"- шарқы бізге,
Көрінді қолға түспес дүр тасындай.
Бізге дерт бала жастан болды пайда,
Жүрдік те телміріп көз әр бір жайда.
Қиссасу-Әнбияны" бізге алуға,
Шарық қайда, шіркін дүние, шама қайда?
Баспаның ең алғашқы шыққан кезі,
Он бес қой, иа толық ат - құран өзі.
Әптиек [һаптиек] қозылы қойдан сатылады,
Оқуды көргені сол қазақ көзі.
Абыз деп, бес құранды білсе жатқа,
Жазбасын зорға алады бір-бір атқа.
Бас-басы бес құранның - бір бойдақ қой,
Қазақ үйір күні емес қағаз, хатқа.
Білмейді хат жазуды қазақ қолы,
Шатпалап қожа жазар оны-мұны.
Баспасы Қазымбектің "Сопыалдияр",
Баспа бас бойдақ қойға алар соны.
Баспа жоқ Қазымбектен басқа басқан,
Бала едік жеті-сегіз жасқа басқан.
Көргенім мен білгенім жасымдағы,
Таңбадай жойылмайтын тасқа басқан.
Құлаққа естілген сөз,- бәрі жатқа,
Таңылды дәл он бесте "Мәшһүр" атқа.
Аузынан ұстаздардың шыққан сөзді,
Жалғыз-ақ ала бердік жазып хатқа.
Әкімбек он алтымда алып кетті,
Жалғызы Қабылбекке ұстаз етті.
Басында Ақшакөлдің жаз жайлауда
Әкемді он жылқымен бір жөнелтті.
Боз жорға ат қызыл ауыз, өзі шұбар,
Көп мінген сақ ермен тағып тұмар.
Ең аяғы жылқының - бір торы тай,
Жөнелді он жылқымен ұмар-жұмар.
Бергені келер жылы онан басқа,
Ақ түйе, көзі шағыр ат торы қасқа.
Екі жыл Әкімбекте бала оқытып,
Он сегіз, тұрып сонда, жеттім жасқа.
Кәнi, енді Әкімбектей кісі кәне (кәні)?
Жұмсап тұр беру (біреу) үшін Тәңірім, әні!
Ауыp айғыр үйірлі жылқы болды,
Төпелеп екі жылдай берген малы.
Бие[ге] көк қасқадан айғыр салды,
Екі-үш жылда отыз-қырық болып қалды.
Көшпелі қазақ болып қырға шықты,
Үш-төрт үйден басқаның болып алды
Әкімбек жақсы күтті құрмет етіп,
Әкеме беріп дүние, сыйлап күтіп.
Айғыр үйірлі жылқыны көтере алмай,
Болдым-деп-бай баласы!"- кеттім жытып.
Үш бесті атқа - мінуге, бір ат алдым,
Мал табатын жігіттің бірі атандым.
Құдай беріп тұрғанда, көр қимылды,
Бір тұмарға сеп-семіз құр ат алдым.
Қисса мен өлең болды-ау жаттағаным,
Қалтаға қағаз салып қаттағаным.
Мал, шіркін, жер тезектей қала берді,
Баққаным - қой, ат болып аттағаным.
Мен - жүрген сылқылдаған бір сері сал,
Өзімнен-өзім жүріп боламын дал (дәл).
Бір жылқы көрінгенге жетектетем,
Жимадым өмір бойы керек деп мал.
Жалғыз-ақ маған керек ажар, көрік,
Әр жерде өнеріме тілім серік.
Ат алмай мырзалардан, тымақ алып,
Аламын, құнан алмай, пұшпақ бөрік.
Дүниеге бір кетпеген біздің ынтық,
Жерім жоқ кем-кетік боп, болған тыртық.
Алдыма бар дүниесін салған жерден,
Аламын, дәнеме алмай, бір-ақ мылтық.
Ат пенен түйе алмай ма менен өңге?
Жерім жоқ өмірімде шыққан дөңге.
Ат-түйе алмай, айтайын, оқтаған мылтық,
Азар болса, құны бар сегіз теңге.
Кетеді оны тағы біреу алып,
Қалтаға көрген емен ақша салып.
Дүниеден осыменен өтті өмір,
Бүгінгі алған бір жерде ертең қалып.
Көп алдым, атасы өлсе, атамасын,
Көз қиып қалың малға матамасын.
Атымды Мәшһүр деген үш жүз білді,
Дүниеде мұнан артық не табасың?!
Келген-ді: талай сүтті, талай құтты,
Жалғанды қанша ойнаса, Мәшһүр ұтты!
Мал жиып, бай болайын демегеннен,
Өмірімде көрмей өттім қыс пен жұтты.
Нәпсімді өмір бойы тыйғаным жоқ,
Тығылып тар тесікке сыйғаным жоқ.
Қоян болсын, қой болсын, ақ қар болсын,
Өле ме [ештеңені] жиғаным жоқ.
Иншалла, бұл сөзімде жалғаным жоқ,
Ешкімге бай деп назар салғаным жоқ.
Бір Құдайдың өзінен басқа жаннан,
Бір тиын қылып үміт барғаным жоқ!
Бір белгі бұл жалғанға қалдыра алмай,
Отырмын енді ешкімді нандыра алмай.
Талай байлар мұңайып қала берген,
Беріп тұрған дүниесін алдыра алмай.
Бірталай мұныменен жеттім жасқа,
Маңдайым болуменен айдай қасқа.
Замандас өзімменен әм ғасырдан,
Қайда жүрсем, жүруші ем бөлек, басқа.
Жалғаннан әуре-сарсаң болып өттім,
Мақсатқа, ойыма алған, қашан жеттім?!
Бұхар, Ташкент Самарқан, Түркістанды
Бір түгіл үш-төрт барып тамаша еттім.
Нұра жайлап, Есілді қыстау еттім,
Әрлі-берлі Шу менен Сырдан өттім.
Мейрам сынды сабаздың бергенін де,
"Маған дүние не шот?!"- деп, алмай кеттім.
Бір ұстаған әдеттен кеттім танбай,
Сыр білмеген күйдірер тілге нанбай.
Садуақас пен Малатай, бұл Заркештен,
Үшеуінен бір қайттым бір тай алмай.
Бір Құдайдан, күш-қуат, тиген соң дем,
Арыстанның ауызынан асадым жем!
Керек қылмай дүниені жүргенменен,
Сонда-дағы болмадым ешкімнен кем!
Не болса да, дүниеде қалсын бір ат,
"Байлық-мұрат емес қой, жоқтық-ұят!"
Тауық жылы жұтығып жұрт тұрғанда,
Жиырма бес тайыншаға алдым бір ат.
"Жеті өгіз"-деп, Найманға аты барып,
Мәшһүр даңқы дүниені кеткен жарып.
Байнабайдың баласы,- ол-Қопабай,
Қолқа қылып астымнан қалап алып.
Дүние, саған мен кеттім көзді салмай,
Бар-ау, жоқ-ау деп тіпті ойыма алмай.
Бір ат бердім дегендей болмайын деп,
Шу бойында: аулына кеттім бармай.
Бай көрінсе, қарайтын көз алартып,
Бір нәрсе бар желкемде тұрған тартып.
Қайда жүрсем, кем-кетік, кедейге өшпін,
Ынтам құрып, асына, сол құмартып.
Бармайын деп байларға көзім сатып,
Өлсе іші ерімейтін мұздап қатып.
Зекеті жоқ, кез келсе, кедей үйлер,
Аз асына ортақ боп қалам жатып.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі