Өлең, жыр, ақындар

Ғалының мырзалығы

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2430
Пайғамбар — Хақ Мұстафа, Құдай дос-ты,
Ғалыға Фатима атты қызын қосты.
Хасен бірлан Хұсайын онан туып,
Күнайыр (Күнәкар) көп үмбетке ара түсті.
Солардың қайтайын деп жүзін көріп,
Аталық шапағатпен көңіл еріп,
Үйіне ер Ғалының Хақ пайғамбар
Жарқ етіп шыққан таңдай келді кіріп.
Ер Ғалы шер арыстан батыр екен,
Жалғанда мал жимаған пақыр екен.
Хасен менен Хұсайын онан туып,
Ауырып төсек тартып жатыр екен.
Өлімнің ешкім білмес ерте-кешін,
Жорыпты жақсылыққа көрген түсін.
Қызы менен күйеуіне айтты дейді:
— Қылыңдар нәзіралла Құдай үшін!
— Ауруы балалардың жаман! — дейді,
— Бір Құдай айтқызып тұр маған! — дейді.
— Нәзіралла Құдай үшін қылсаңыздар,
Жазылар бұл балалар аман! - дейді.
Құдайдан жоқ бұларда аяйтын ой,
Кәнеки, сойып берсек, боз қасқа қой!
Жек көріп ит дүниені жимағанмен,
Кей уақыт керек орны болады ғой.
Союға халал емес Дүлдүл еті,
Тауық жоқ шақырарға, үрерге — иті.
Жоқтықпен сүйген құлын жолдас қылған
— Құдайдың ол бір ғажап құдіреті.
— Бізде мал жоқ Дүлдүлден өзге — дейді,
— Құрбандық бір жанымсыз сізге! — дейді.
— Балалар бұл аурудан жазылса аман,
— Садақа үш күн ораза бізге! — дейді.
Пендеде дүние қуған сана бар ма,
Тәңірінің қылған ісіне шара бар ма?!
— Біз-дағы үш күн руза тұтамыз! — деп,
— Шулады ауырып жатқан балалар да.
Есікте бір күңі бар алып келген,
Кәпірден ат көтіне салып келген.
— Мен-дағы үш күн руза тұтамын, — деп,
— О дағы өз аузынан уағда берген.
Тілеуі бесеуінің бірдей келді,
Балалар ауруынан жазылды енді.
Нәзір қылған үш күннен құтылуға
Бел байлап оразаға бұлар кірді.
Дүниені өздерінен қылған арам,
Бұлардай болмайды ғой бұл күнгі адам.
Бес жан бірдей ораза болды дейді,
Керек қой ауыз ашарға халал тағам.
Жимаған керек қылып дүние боқты,
Қолында жоқ болса да, көңіл тоқ-ты.
Кеш болса ауыз ашарға даярлауға
Татымдық бір саларлық түз да жоқ-ты!
Үйіне бір жөһиттің (жөйттің) Ғалы барды,
Жіп қылып иіруге жүнін алды.
— Жіп иіріп бір шекпендік береміз, — деп,
— Күңі мен Фатиманы іске салды.
Фатима кешке шейін иірді жіп,
Болыпты жақсыларда осындай кеп.
Арпаны үн қылып, нан пісіріпті:
"Кеш болса, қуансын, — деп, — балалар жеп!"
Кеш болып, ауыз ашардың болды кезі,
Мұның бар арт жағында қызық кебі.
Бесеуі бір дастарқанға отырыпты,
Меншіктеп бір-бір нанды өзді-өзі.
Есіктен бір бейшара айғай салды,
Аузына ал дегенде Құдайды алды.
— Пақырмын, Мүсәпірмін, ашпын! — дейді,
— Жазбаған бұл (бір) жалғанда маған малды!
— Мен Мүсәпір айрылған ақыл, естен,
Несіпсіз жаралған соң ерте-кештен.
Мал-жаным, жайы-күйім жауға кетіп,
Жылаулы тұтқынмын! — деп, — қолға түскен!
Естіп батыр Ғалы иек қақты:
— Фатима, біз жемейік бұл тамақты!
Теп-тегіс алып бар да, соған берші,
Зорлығын бүгін көрген бізге шақты.
Фатима айтысыменен тұра келді.
Апарып барлық нанды оған берді.
Өздері жегенінен артық көріп,
Бәрі де бұл нәубетке қуанды енді.
Түн өтіп, ертеңгі күн руза тұтты,
Бүл нәубетпен бұлардан бұл түн өтті.
Бес нандық ақшасына алып арпа,
Жіп иіріп, жәйіттің жүнін түтті.
Иірді кешке шейін жіпті дейді,
Арпаны алған үн қылып үкті дейді.
Қолына алып жейін деп отырғанда,
Бір жетім тағы есікке кепті дейді.
— Жетіммін, жылаулымын, ата-анам жоқ,
Қайысар қабырғасы маған жан жоқ,
Құдайға шын құлаған жан бар ма екен,
Қылатын бүгін (бұл күн) менің қарнымды тоқ?!
Демеңдер мені: "Неге бүйтіп жүрсің?!"
Түспеген өз басына қайдан білсін?!
Қарынымды Құдай үшін кім тойғызса,
Есесін соң пейіштен Аллам берсін!
Ғалы айтты:
— Фатима, тұршы! — дейді,
— Зарына қанды құлақтың құрышы! — дейді.
— Бес нанды біз жегенмен не болады,
— Апарып бәрін соған берші! — дейді.
Жымиып, езу тартып күлді дейді:
— Ас болмас, біз жегенмен енді! — дейді.
— Бейшарам, назырқанбай ала гөр! — деп,
Жақсы сөз, жылы жүзбен қуат берді.
Бұл күнгі жан мұндайды жек көреді,
Жалғыз уыс үн берсе, көп көреді.
Жақсы сөз, жылы жүзбен бермек түгіл,
"Қаңғырған-ақ көп екен!" — деп береді.
Тәңірім, неге жараттың бізді мұндай?!
Бүйткенше әуел бастан жоқ-ақ қылмай!
Бір тарыдай бойында қасиет жоқ,
Қоңыраудай сылдыраған біз - бір сұмырай!
Түн өтіп, ертеңгі күн атты таңы,
Рузаға бел байлады бұлар тағы.
Жалғанда Құдай үшін жан қинаса,
Пендені бір жарылқар болар шағы!
Жөйітке тағы барды кеше барған,
Бес нандық өлшеуменен арпаны алған.
— Жіп иіріп бір шекпендік береміз! — деп,
Күңі мен Фатиманы іске салған.
Арпаны үгіп үн істеп, нан қылыпты,
Кеш батып, қас қарайып шам болыпты.
Жаңа алдына даярлап қойған кезде
Бір мүсәпір есіктен жан келіпті.
Есіктен бір бейшара айғай салды,
Аузына ал дегенде Құдайды алды.
— Пақырмын, мүсәпірмін, ашпын! — дейді,
— Жазбаған бұл жалғанда маған малды!
Тентіреп есігіңе іздеп келдім:
"Ұрпағы пайғамбардың — сіз!" — деп келдім.
"Маған нан өс есіктен табылар!" — деп,
Үміт қып анадайдан көздеп келдім!
"Осы үйде бар шығар, — деп, — шын мұсылман!"
Аштықтан шамам кетіп мен қысылған.
Тамырым, танысым жоқ мен — бір кәріп,
Құр кетіп әр есіктен сағым сынған.
— Бар болса үйде халал тағам, — дейді.
— Беріңдер, мұсылмандар, маған! - дейді.
— Есесін соң пейіштен Аллам берсін,
Пендеде жоқ тұр (тұр) менен жаман! — дейді.
Естіп батыр Ғалы тасты дейді:
— Фатима, шытпа бұған қасты! — дейді.
— Кешеге міскін менен жетімнен де
Мұның мұңдық-зарлығы асты! — дейді.
— Біз берсек бұл тамақты бүгін қиып,
Құдайдан көгереміз сауап тиіп.
Жегенменен бес нанды не болады,
Теп-тегіс берші соған бәрін жиып!
— Мен шытып қабағымды не қылғаным,
Құдайдан мейман еді сағынғаным.
Емес пе алған бәйгем, тапқан олжам —
Жерлерден ойлағандай табылғаным.
Қайтыпты пақыр-міскін судай тасып,
Қолына бес нан бірдей болды несіп.
Құдайға шүкірлік қып бұлар жатты,
Қатықсыз қара сумен аузын ашып.
Жуырда аш кісіге таң атпайды,
Бір ауыз оған кейіп тіл қатпайды.
Көрінсе бір бейшара кәріп-міскін,
Тыржыңдап ендігі әйел ұнатпайды.
Біз келдік сұм дүниеге қайдан туып,
Мұздаған әлдеқашан көңіл суып.
Біз ондай жазатайым мінез қылсақ,
Қатындар жіберетін үйден қуып.
Бұл жалғанда жақпайды:
"Бер!" — деген сөз.
"Бер!" — деп айтсаң, алартып қарайды көз.
Сырт айналып қатындар күңкілдейді:
"Қаңғырған-ақ осы үйге болад, — деп, — кез!"
Үш күн түгел болған соң, аузын ашты,
Бейнеттеніп, жүдемес ішуге асты.
Томсырайып бәрі де отыр еді,
Бұл үйге ақ пайғамбар қадам басты.
Отыр екен бәрі де келсе кіріп,
Бұрынғыдай болмапты ажар, көрік.
— Не хал болды сендерге? — деп сұрапты.
— Өңі-түсін бәрінің сынық көріп.
"Ақыл-малда, — деп айтқан, — көрік-көмейден
Қайдан кірсін ажары, ас жемеген?!
— Деніміз сау, Құдайға шүкір! — депті,
Пәлен-түген "ас жоқ! — деп үндемеген.
"Қымыз, сүт жоқ, — демейді, — қатық, айран"
Жоқболса да ықтияры бір Құдайдан.
Хал-жайынан бұлар сыр бермеген соң,
Тамаша хақ пайғамбар қалды қайран.
Ауру деуге ыңқыл мен күрсілі жоқ,
"Аш емеспіз, — деседі, — қарнымыз тоқ".
Бәрі бірдей ажарсыз көрінген соң,
Бір қайғы, пайғамбарға қадалды оқ!
Бұлардан ала алмады хабар, тілді,
Хазіреті рухы Алладан хабар келді.
Бастан-аяқ сырының бәрін сөйлеп.
Құдай сөзі — Құранның аят енді:
"Садақа үш күн руза" — басы сөздің,
Іс қылды айтқаныңша бұлар сіздің!
Бес жан бірдей ораза болды! — дейді,
"Болмайық, — деп, — санына уағдасыздың!"
Нәзірін айтқаныңыз опа қылды,
Қорыққаннан қиямет аттай желді.
Жүн түтіп, жіп иіріп алған нанын
Алдына қойған кезде міскін келді.
Еш нәрсе сүйікті емес ішер астан,
Кешкен пенде біледі аштық бастан.
Ішер астан Құдайды артық көріп,
Бәрін берді міскінге тастамастан!
Ертеңгі күн тағы да болды сондай,
Өзі аш қалып, бермес ешкім мұндай.
Жаңа алдына даярлап қойған кезде
Кез болды қарны ашқан жетім сұмырай.
Бүгін тапқан бес нанды бұған берді,
"Қараспасақ болмас, — деп, — оған енді!"
Бұл жалғанда өзі жеп тойғанынан
Құдай үшін беруді артық көрді.
Үшінші күн тағы да қылды кәсіп,
Жүн түтіп, жіп иіріп жабырласып.
Алдарына даярлап қойған кезде
Бір мүсәпір есіктен келді ашып.
Жиып соған берісті барлық нанын,
Жалғаннан Құдай үшін қинап жанын.
Ғалының уысында тұрар емес,
Жалғанның берсе-дағы барлық малын!
Және сонда бергенде, не деп берді?!
"Бейшарам, қарның тоя же!" — деп берді!
"Қарның ашса, күн сайын келіп тұр" — деп,
Жылы сөзбен көп қуат, медет берді.
—Мұны саған беремін Құдай үшін,
"Түседі, — деп ойлама, — бір жұмысым!"
Мақтап кетсін бізді деп, ойға алмаңыз,
Ондайлықпен, сірә, жоқ менің ісім!
Бәрібір: мейлің мақта, мейлің боқта,
Тәңір алдына бір барар: аш та, тоқта!
Қайырар деп қаруын ойламаймын,
Бір жабдық, бір шаруа керек уақта.
Құдайдан қорыққандықтан, беріп тұрмын.
Еріткен сары майдай еріп тұрмын.
Бізді Құдай осындай жарылқар деп,
Келгеніңді күп тамаша көріп тұрмын!
Біз қарасақ бұл күнде жаман көзбен,
Жөнелтсек жекіп сені суық жүзбен,
Таңда махшар күнінде патша Құдай
Қиын ғой теріс қарап тұрса бізбен! —
Қанағаттық аз дүние болса несіп,
Аш қалғандай үй іші, кетсе ашып.
Жалғыз-жарым тіленші келсе есікке,
Қатындармен тұрамыз теріс қарасып.
Бұл жалғанның аштығын бұлар көрді,
Кәріп-міскін сыйлады жетімдерді.
Дүниені ләззатпенен беріп еді,
Кәне, Құдай оларға нені берді?!
Айтқан соң кітап сөзін керек ұстау.
Келіспес қолға алған соң, қайта тастау!
Бас бұларды сақтады Хақ тағала
Күнінде қияметтің қиын — қыстау!
Дүниеде қылғаны үшін аштарды тоқ,
Бұларға қияметте қиындық жоқ.
Зырқыраған бойымен ұжмақ барар,
Сықылды атылғандай мылтықтан оқ!
Көрген көріп, көрмеген көрмей қалар,
Зырқыраған бойымен ұжмақ барар!
Жақсы сөз, жылы жүзбен шырай беріп,
Тәңірім өзі алдынан тосып алар!
Жебірейіл пайғамбарға хабарласты,
Ғалының бұл мінезі қатден асты!
Құдайдан бұл жарлықты естіген соң,
Ұмытты ұйықтар ұйқы, ішер асты.
Пендесін жаратып па білмей Құдай?!
Қойыпты кейбіреуге бермей Құдай.
Құдай жалғыз Ғалыға Құдай емес,
Жан біткен бәрімізге бірдей Құдай!
Сыйлап бақ жоқ-жарлыны келсе күшің!
Беріп бақ тапқаныңды Құдай үшін!
Бізді Құдай осындай жарылқайды,
Ғалының қылсақ біз де қылған ісін.
Біреуді олай, біреуді былай көрме,
Мейман келсе, қыбыжықтап жылай берме!
Жақсы, жаман болсада, Хақ жаратты,
Қылған ісін Құдайдың сынай берме!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жаздың сөзі

  • 0
  • 0

Сәуірде көтерілер рахмат туы,
Көрінер көк жүзінде (иүзінде) қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр (иаңбыр),жыралардан (жерлерден) сулар ағып,
Жайылар (иаилар) жер жүзіне қардың суы.

Толық

Исабек Ишан

  • 0
  • 0

Бісмілла, сөз бастайын асыл тектен,
Түскендей асыл еді-ау аспан көктен!
Керуендей бұ дүниеге аз күн қонып,
Паниден жақсы, жаман, - бәрі де өткен.

Толық

Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлегені

  • 0
  • 0

Мәшһүрден келе жатыр өнер қайнап,
Бұлбұлдай қапастағы тұрған сайрап.
Самарқан, Бұқар, Ташкент- бәрін кезген,
Жасында бір кем отыз Тәңірім айдап.

Толық

Қарап көріңіз