Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге
Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге,
Көрінбес көп болғанмен, дүние көзге.
Серік боп азаматтар турмаған соң,
Бек қиын өнер табу енді бізге.
Ұнайды тежеп ұстау қара бойды,
Кім табар ойлағанмен ұзын ойды.
Киюге ұялмастай киім керек,
Көресің асықпасаң ұлы тойды.
Жүрген жан толып жатыр қарап босқа,
Ала алмай жақсы сөзден үлгі нұсқа.
Жарығы бұл дүниенің тайып кетсе,
Қараңғы, бір қонарсың, шамсыз қосқа.
Ілгері қиын жұмыс толып жатыр,
Егіндей ажал бізді орып жатыр.
Біреуге олай болғанда, біреу-бұлай,
Қу заман ойлы-қырлы болып жатыр.
Дүниенің, айта алмаймын, опасы бар,
Рақат аз, адамзатқа жапасы бар.
Денсаулық тіршілікте кетсе қолдан,
Бір күндей, - сағатына, - боларсың зар.
Құдайым айырмасын берген бақтан,
Пайда жоқ, күн туғанда, алтын тақтан.
Дүниеде қанша шешен болсаңдағы,
Өлген соң айырыласың тіл мен жактан.
Тауып ал әл барында қару, хайла,
Өкініш, іс өткен соң, бермес пайда.
Жатарсың жер астында жылап, зарлап,
Заманың ойнап-күлер, саған қайда?!
Сөйлеуден сонда қалар отыз тісің,
Қайрат жоқ қолдан келер, қайнар ішің.
Денеңе құрт, құмырсқа жабылғанда,
Келмейді: "Кіш!" - деуге де барлық күшің.
Құдайым сол жерлерде қылсын жәрдем,
Тілеймін: "Фазылыңа ал!" - деп, Бирубардан!
Жігіттер, тірлікте ғапіл болмай,
Қамын қыл кутылудың киын тардан.
Мешкей жоқ, көріп тұрсаң
Күн мен Айдан,
Жақсылық, бойдан шықпас, келер қайдан?!
Міне, сол құтылудың бір хайласы –
Дүниеде адамдарға тисе пайдаң!
Не керек дүние қоңыз байлық атың,
Кермесе ешбір пайда жуық-жатың?!
Шаян болып шағады мал-мүлкіңіз,
Тимесе нашарлаға сақауатың!
Жүрген кеп осы күнде сопы болып,
Артына түсіп алар шайтан толып.
Түртінер жетім қозы сықылданып,
Күйкентайдай тышқанға жүрген төніп.
Сопылық неге керек, болған аты,
Тұрған соң қара болып арғы заты.
Мәулана Руми деген әулие айтқан:
"Інім-сопы, ғайыны шайтан ғаламаты!"
Көбейді ұшбу күнде қажыға барған,
Қосылар уәлилерге ойда қалған.
Елге жетіп келеді екі-үш айда,
Ниеті байғұстардың болса жалған?!
Сенімді партияға басшы-қажы,
Секілді айтақгаған бір қу тазы.
"Жарықтық" шарапаты көпке тиіп,
Көбейді өшті-қасты ел аразы.
Азырақғылым оқып, болсаң молда,
Болғанда сәлде баста, тасфиққолда.
Сенгенің жасыл шапан, киім болса,
Қаларсың домаланып орта жолда.
Сенім жоқ бұл заманның молдасына.
Білгені-пайда етпеген өз басына.
Ер қайда пида қылар шыбын жанын,
Жақсылық ойлайтұғын жолдасына?!
Аяқты біз басармыз қалай аңдап?
Дал болдық әр нәрсеге арсалаңдап.
Әр қоянды бір қуған тазы оңбайды,
Япырым-ау, ұстайықта бірін таңдап!
Жігіттер, ізден, өнер табылмайды,
Ашылған біздің айып жабылмайды.
Қайтсең де онан кемдік таба алмайсың,
Өсек сөз жаңбырдай боп қабындайды.
Өнері біздің жұрттың - қатын баққан,
Адам деп айтса-дағы оған жаққан.
Айтқанын қатындардың бұлжытпайды,
Мінез бар бұл қазақта бір жын таққан.
Кешу жоқ биқайратты (биғайратты) қапталдарға,
Сөз айтпа Хақтан безген батылдарға.
Пәледен басым аулақ болсын десең,
Басынды жүгендетпе қатындарға!
Бұған да тура дәлел айтайық біз,
Болмайды тіпті бірдей алтын мен жез!
Жігітті, бұ да ақылды, дана қылар,
Жақсысы қатындардың жолықса кез.
Алу да лайық іс қой мұның тілін,
Сөзінен табылған соң ғылым-білім.
Біреудің душар қылса бақытына Алла,
Рақатпен өткізеді Ай мен жылын.
Кіршіксіз, жыртық қылмай үсті-басын,
Қылшықтан тап-таза қып ішкен асын.
Осындай тәрбиемен ескеннен соң:
"Жігіттің босқа кетті -, деме, - жасын".
Ал, егер душар болса жаман қатын,
Қорсылдап шақырғандай есек затын.
Жыландай сүйір тілін сұғып, шаншып,
Күннен-күн артылтпай ма кесапатын!
Дау - шарға күнде салар жалғыз басын.
Жек көрер құрбы, құрдас, замандасын.
Бейшара өлтіре алмай, не сата алмай,
Өткізер қоршылықпен өмір жасын.
Сөз айтса, қол сырнайдай тақылдайды.
Өз сөзін, өзі-төре, мақұлдайды.
Бір жұмыс, оған айтпай, байы істесе,
Суырдың айғырындай шақылдайды.
Қыла алмас кірден жырақ үсті-басын,
Дәмді ғып мезгілімен бермес асын.
Жаманға жаман лайық бола берер,
Құдайым ер жігітке кез қылмасын!
Ішкізер әркімдерге ұлы шайын,
Шайпау тіл қарсы келер, қарғап байын.
Кез болса ер жігітке мұндай қатын,
"Туды, - деп-басқа, - ойла-заман қайым!"
Әр жерден табылады мұндай қатын,
Жауыздықпен жойылтар ердің атын.
Шабаған қаншық иттей (шапшаң) шапшақ үріп,
Түбінде сол келтірер байға ұятын.
Бозбала, бетін қайыр, сыр алдырмай,
Басынды жанған отқа бос қалдырмай.
"Бастан тый қатындарды!"- деген сөз бар,
Пана жоқ кеткеннен соң бір шалдырмай.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі