Екі жігіт пен бір шалдың әңгімесі
Айтайын аз әңгіме, құлағың сал,
Өлеңге қарапайым болмайды обал.
Бір үшеу жолдас болып шыға қапты,
Солардың екеуі — жас, біреуі — шал.
Екі жас өз-өзінен ерігіпті,
Жеріне тез жетпестей көрініпті.
"Бір нәрсе осы шалға қылайық!" — деп,
Екі жас өз-өзінен желігіпті.
— Қасына екі жастың жалғыз шалсың,
Алданып әңгімемен жол қысқарсын!
Үш ауыз ер басына сөз сөйлейік,
Үш ауыз сөз таппаған азапталсын!
Байғұс шал мақұл көріп:
— Жарар! — дейді!.
— Ойланып білгенінше қазар, — дейді.
— Екі жас үш ауыздан сөйлегенде,
Ішінде жалғыз кәрі қалар!—дейді.
— Өлеңді таба алмаған сырын айтсын,
Жүргенде таба алмаса, тұрып айтсын!
Үш ауыз айтарға сөз таппағанды,
Жүгендеп ерттеп қана мініп алсын!
Екі жас үш ауыздан сөз сөйлейді,
Ұзартып кешіктірмей тез сөйлейді.
Екі жас міндетінен құтылған соң,
Баяғы байғұс шалға кезек келді.
Екі жас бір кәріні мазақтайды,
Байғұсты: "Өлең айт!" — деп, азаптайды.
Үш ауыз әңгімені шал таба алмай,
Байғұс шал сасқалақтап алақтайды.
Жаздырып шал байғұсты ерттеп алды,
Айтысқан үшеуінің серті бар-ды.
Бірі мініп, біреуі жетелейді,
Әбден-ақ шаршатады байғұс шалды.
Бірі мініп, біреуі жетелейді,
Арасын тау мен тастың төтелейді.
Арада бірнеше күн өтуменен,
Кез болып бір шаһарға жетеді енді.
Шаһарға кіріп келді жүруменен,
Ерттеп ап шал байғұсты мінуменен.
"Адам мінген бұларды білейік!"—деп,
Жиылды шаһар халқы күлуменен.
Шал байғұс есі кетіп қалжырады,
Есінен екі жігіт тандырады.
Қатыны патшаның мұны көріп,
Шақыртып үшеуін де алдырады.
Көп ұрсып екі жасты қатты қысты:
— Қылдың, — деп, — неге мұндай бұл байғұсты?!"
— Атандай ақсақалды қатты қинап,
Қылыпсың кешілместей жаман істі!
Сөзінің екі жігіт бәрін айтты,
Қорықпастан қалың топты жарып айтты.
Үш ауыз әңгімені шал таба алмай,
Дағдарған әңгімеден жерін айтты.
Екі жігіт сонда тұрып:
— Тыңда!—дейді.
— Өтірікті қойып, нан шынға! — дейді.
— Біз мініп бүл кәріні қинамадық.
Айтысқан уағда бар мұнда! — дейді.
Сонда ханым айтады:
— Тоқта! — дейді,
— Тұра тұр, екі жігіт, қорықпа! — дейді.
— Сақалың ағарғанша, кәрі байғұс,
Бір сырың бастан кешкен жоқ па?—дейді.
Сонда тұрып шал айтты:
— Тақсыр ханым,
Адасқан ақылынан мен бір шалың.
Айрылып жалғызымнан, диуана боп,
Біле алмай бір хабарын біткен халім!
— Жаман шал, уағдаңнан жаңылғаның,
Атындай барымтаның сабылғаның.
Айтуға бір үш ауыз сөз таба алмай,
Көргенің мұнша бейнет не қылғаның?!
Дүниеде не ғып жүрген сен, кәрі шал?!
Үш ауыз сөз таба алмай болыпсың дал.
Күн көзді, ай ауызды хан қызы едім,
Айтайын өз көргенім, құлағың сал.
Қызы едім ардақтаған мен бір ханның,
Жақпаған ешбіреуі жүрген жанның.
Ішінде алтын сарай отырдым да,
Кісіге базардағы көзім салдым.
Базарда бір жігітке көзім түсті,
Көргенше отыра алмай ішім пысты.
Шақыртып бір кемпірден алдырдым тез,
Жоқ едім қылған мұндай бұрын істі.
Қасыма шақырған соң келді жігіт,
Ойымды менің бұзық білді жігіт.
Жегізіп түрлі тамақ, төсек салдым,
Қылуға енді сұхбат қылып үміт.
Жігіттің қолым салдым мойынына,
Кетсін деп бір түн жатып қойыныма.
Құдайым таупық берген халал жігіт,
Сөзіме менің айтқан мойыды ма?!
Жігіт айтты:
— Құдайға құл — мен! — дейді,
— Күнәны біле тұра қылман! — дейді.
— Сенімен бір түн ойын-қызық үшін,
Қараны ақ жүзіме салман !— дейді.
— Бірігіп сеніменен жатпан! — дейді,
— Қорқамын жаратушы хақтан!— дейді.
— Ойнаған аз ғана күн қызық үшін,
Ақыретті жалғанға сатпан! — дейді.
— Жарқ етіп көзге түстің қайдан? — дедім,
— Бойыңда жоқ екен-ақ шайтан! — дедім.
"Жабысты ханның қызы болмадым! — деп,
— Сырымды көпке барып айтар!" — дедім.
Масқара боларымды енді білдім,
Жігітке қайырылмастай мен не қылдым?!
Ілтипат қылып мойнын бұрмаған соң,
Жігітті өлтіруге ыңғай бердім.
Жігітке келдім жайып құшағымды,
Көрсетпей тығып келдім пышағымды.
Пышақпен қақ жүректен салып едім,
Жығылып байғұс жігіт жанын берді.
Бітіріп бұл ісімді алдым енді,
Күнәға кешілместей қалдым енді.
Астында тас орданың қазған қойы,
Жігітті сүйреп соған салдым енді.
Ешбір жан бұл сырымды біле алмады,
Бір күң қызым бар еді таң қалады:
"Баласы пәлен байдың жоғалды!"— деп,
Шулатып жұрт құлағын жар салады.
Маңыма келе алмайды бір жан батып,
Ешкіммен сөйлеспеймін бір тіл қатып.
Бір жеті, оннан аса күн өткен соң,
Сасыды өлік дене орда жатып.
Сырымды менің мұндай жан білмейді,
Хан қызы бұрынғыдай сәнденбейді.
Сүйреп-ақ түн ішінде тастар едім,
Жігітке арыстандай (арысландай) әл келмейді.
"Бұл істі неге қылдым әуел бастан?!
Ажалы болып бізден өлді арыстан!"
"Сарайы хан қызының сасыпты! — деп,
Айтар!" — деп, енді жаман сонан сасқан!
Сол кезде ханшаңыз қатты сасқан,
Жалғанда не өтпейді ғазиз бастан?!
Шақырып оңашада қасыма алдым,
Бар еді бір қара құл қызылбастан.
Қара құл мұны естіп, күлімдейді:
— Ханша, ұнайтын сөз — мұның! — дейді.
Өлікті бір аударып қойды-дағы:
— Табайын енді мұның жөнін! — дейді.
Қара құл бұл сырымды біліп алды,
Жымыңдап бір мұртынан күліп алды.
— Сырыңды мұндай қылған айтамын! — деп,
Қара құл ханшаға бүлік салды.
Екі жігіт, бір кәрі, мұны тыңда,
Құтылмастай пәлеге қалдым сонда.
— Қалағаның берейін жүз қайтармай.
Айтпашы! - деп жалындым қара құлға.
Қара құл құлақ қойды бұл сөзіме,
Көрінді шыбын жаным сол көзіме.
"Қалағаның ал!" — десең, болды ғой,— деп,
Жабысты жаман кәпір тап өзіме.
Ол жерден бұл жігітті алып қойды,
Ішіне алтын орда салып қойды.
— Алтын, күміс берейін алғаныңша,
Қой, — дедім, — құл шырағым, мұндай ойды!
Бұл істі қылмас едім, мұнан қорықтым,
Жігітті шығарған соң, сонан қорықтым.
Сықылды асылзада ханның қызы
Бұл малай қара шошқа құлдан қорықтым.
Еш хайла ойласам да таба алмадым,
Құл менен ерегесіп тұра алмадым.
Сол кезде есім кетіп жығылыппын,
Құлымның не қылғанын біле алмадым.
Қара құл мұратына жеткен кісі,
Дәурені хан қызының өткен кісі.
Мұратын әрлі-берлі бітіріп алып,
Жігітті сүйреп алып кеткен кісі.
Көңілге құл кеткен соң сана кірді,
Өртеніп іш-бауырым жана берді,
Жігітті алып барып жайластырып,
Дәндеген қара құлым және (жана) келді.
Келгенін қара құлдың ұнатпадым,
Ішіне алтын орда жолатпадым.
"Өлтіргенің айтамын!" — дегеннен соң,
Не қыларым біле алмай, алақтадым.
Біле алмай не қыларым, есім кетті,
Қара құл мұратына тағы жетті.
Ажал жетпей, шыбын жан шықпайды екен,
Алданып қара құлмен бір түн өтті.
Шақырдым әуел неге қара құлды,
Басыма құтылмастай пәле болды.
Қоймады ықтиярға қара залым,
Жүруге күнде келіп уағда қылды.
Шаһардың еш білмейді даналары,
Дұшпанның білсе қанар табалары.
Бір күні отырысып мақтаныпты
Жиылған бай мен бектің балалары.
Теп-тегіс айтысыпты тамырларын,
Құл тыңдап отырыпты мұның бәрін.
Мақтанып өңшең мырза болғаннан соң,
Құл айтыпты ханшаға қылғандарын:
— Бірің — болат, бірің — құрыш;
көп абзал бек,
Бар екен ортаңызда осындай кеп.
Қызымен патшаңыздың ашына жаймын,
Мақтану сізлерден де бізлерге еп.
Сонда отырған мырзалар күле берді:
— Жаман сасық құл шірік ер ме?! — деді.
"Құл құтырса, құдыққа қармақ салар", —
Деген осы екен-ау деп күле берді.
Қара құл сонда айтады:
— Тыңда!- дейді,
— Мені мазақ, мырзалар, қылма!—дейді.
— Сөзіме менің айтқан нанбасаңыз,
Хан қызын ап келейін мұнда! — дейді.
Онда отырып біреуі:
— Жарар, - деді,
— Ойланып білгеніңше қарар, — деді.
— Ханшаны осында ертіп келсең,
Сөзіңе сенің айтқан нанар, — деді.
Қара құл мұны айтты да, шығып кетті,
Уағда мырзаларға қылып кетті.
Хабарсыз дәнемеден отырғанда,
Қасына ханшаның кіріп кепті.
Қара құл сонда айтады көргенлерін,
Уағданы көп жақсыға бергенлерін.
Қасына ханшаны ертіп алып,
Бармақ боп түн ішінде келгендерін.
Еркіне бармайтұғын еш қоймайды,
"Бармасаң, ал айтамын!", — деп ойлады.
Сонда тұрып есімді жиып алып,
Ойладым: "Қылайын – деп - бір хайланы".
— Қадірлі қара құлсың биге лайық,
Осындай алтын сарай үйге лайық.
Бұ дағы біле білсең абырой ғой,
Екеуміз мырзаларға сый қылайық.
Қара құл бұл сөзді естіп, күлімдейді:
— Ханша, ұнайтын сөз мұның,—дейді.
Хайласын ханшаның қайдан білсін,
— Өзім де ойлап келдім соны!—дейді.
Түрлі ас дастарқанға орап алдым,
Толтырып төрт шыныға арақ алдым.
Шынының біреуіне уды салып,
Ішіне мырзалардың бара қалдым.
Сол құлға, түн ішінде еріп келдім,
Боларын бір сұмдықтың біліп келдім.
Ішіне мырзалардың кіріп барып,
Қасқайып күрек тісім күліп келдім.
Сол құлға еріп келген мені көрді,
Бір пәле құтылмастай маған болды.
"Айтқаны пәлекеттің шын екен!" — деп,
Қарасып бір-біріне бәрі күлді.
— Ас даярлап ап келдім көпке лайық,
Ойнап күліп бұл түнде отырайық.
Қылмаңыз түнде жүр деп бізді айып,
Азырақ сізлерге біз сый қылайық!
Сонда бұлар бәрі де асқа отырды,
Ханшаның көңілі басқа отырды.
Арақ пенен шараптан баса беріп,
Жиылған жанның бәрін мас болдырды.
Қаза болды-ау беклерге берген асым,
Өз көңілімде дайын тұр қылған қасым.
Баса құйып заһарды беріп едім,
Елден бұрын жығылды қызылбасым.
Бір жаман қиын істі, тағы қылдым,
Күнәны кешілместей өзім қылдым.
Арақ ішіп естерін танғаннан соң,
Бір аяққа толтырып уды бердім.
Адам білмей, бұл үйден шығып кеттім,
Пенде қылмас бір істі қылып кеттім.
"Сырым жұртқа әшкере болады!" — деп,
Үй тола жанның бәрін қырып кеттім.
Таңба салды қара құл сүйегіме,
Ханның қызын қоймады сүйеріне.
Даңқы шыққан бір ханның баласы едім,
Не бетімді айтамын күйеуіме.
Күйеуді келеді деп хабар келді,
Үш жұма келмес бұрын шабар келді.
Күн көзді, ай ауызды ханның қызы,
Нәрсені өтіп кеткен табар ма енді?!
Ол нәрсе болмаса, ол күнде қиын іс-ті,
Қатты қайғы ішіме бір от түсті.
"Ханның қызы ханшада қыз белгі жоқ" —
Деген өсек басыма бір жүк түсті.
Тағы алдырдым баяғы кемпірімді,
Кемпір келіп көреді секілімді.
"Жаным, саған не болды?" — дегеннен соң,
Кемпірден жасырмадым мен сырымды.
— Елге қарар бет жоқ бізде! — дедім,
— Алтын-күміс берейін сізге! — дедім.
— Бойы менен кескіні маған ұқсас,
Бір қызды тауып келші, ізде! — дедім.
Кемпірім айтқан сөзді мақұл көрді: —
Ханша, жарайтын іс мұның! — деді.
Алтын, күміс ақшаны теңдеп артып,
Алды-артына қарамай жүре берді.
Алты күнде айналып [айланып] барып келді,
Дәм татпай, ұйқы көрмей, арып келді.
Алтын-күміс ақшаны аясын ба?!
Жарлының жалғыз қызын алып келді.
Шәлі орамал басына салындырдым,
Ия інжу-маржан, иакуттан (жақұттан) тағындырдым.
Көңілдегі қызымды ап келген соң,
Қазынаға кемпірді малындырдым.
Сұлулығы өзімнен қалыспайды,
Хан қызынан бөтен деп таныспайды.
Күйеуді келеді деген хабары бар,
Арасы күннен күнге алыстайды.
Неше күнлер өткен соң күйеу келді,
Елін, жұртын шақыртып хан той қылды.
Тойын тойлап халайық болғаннан соң,
Жеңгелерім күйеуді алып келді.
Алып келді күйеуді жеңгелерім,
Кіргізбедім әлгі қыздан өзгелерін.
Қалыңдық қайсы екенін танымады,
Ісімнің енді білдім жөнделерін.
Күң қызы мен хан ұғлы сұхбат қылды,
Ханшаңыз қасында қарап тұрды.
"Әрі-бері болған соң тура ғой!" — деп,
Бұрын айтып қойып ем мұндай сырды.
Жұмысы екеуінің аз болмайды,
Тұр деуге біз бейбақта сөз болмайды.
Ақырындап қолымды салып едім,
Құшақтасып қалыпты, қозғалмайды.
Басқа шықты битіміз балақтағы,
Келгенімді күң қызы жаратпады.
Ақырындап қолымды салып едім,
Ханшаны қасына жолатпады.
Хан баласы ол қызды қия алмады,
Қарап тұрған өзімнен ұялмады.
Екеуінің қылығын көре тұрып,
Ханшаңыз көз жасын тыя алмады.
"Малғұн мені аздырған шайтан ба?" - деп,
"Өзі тұрар бармай-ақ қойсам ба?" — деп.
"Болады тағы тартсам бір масқара, —
Ойладым,—жарлы қызы тұрмас па?!" — деп.
Күң қызы көкірекке салды дертті,
Айтысқан алдындағы бұзды сертті.
Бір жерден отын алып үйдім—дағы,
Астына алтын сарай қойдым өртті.
Өрт жанған соң жүгіріп үйге бардым,
Қызды жігіт қойнынан сүйреп алдым.
Қараңғы үйдің ішінде қақтықтырып,
Жарлының жалғыз қызын отқа салдым.
Бір жаман киын істі тағы қылдым,
Күнәны кешілместей оңай білдім.
Күйеуімді өзіме бермеген соң,
Жарлының жалғыз қызын күйдіргенім.
Тұрмағаны өзіне болмай пайда,
Күйіп қалды сорлы қыз бір сарайда.
Күйеуді алып барып оңашаға,
Қосылып көңіл тынып жаттық жайға.
Сондай қылдым мен қатты қиын істі,
Өрт шыққан соң халайық жиылысты.
Хан ұғлы мен ханша аман екен,
Ел-жұртым бізді көріп сүйіністі.
Сол күйеу сасқанынан сандалады,
— Қалдық, — деп — құдай сақтап! — таң қалады.
- Әлгіңіз кім еді? — деп, наздық қылсам,
Алданып бұл сөзіме малданады.
Осындай күнлер кешті біздің бастан,
Сол кезде ханшаңыз қатты сасқан.
Тырнақтай сыр кешпесе сіздің бастан.
Көп жасап не пайда бар ұзын жастан?!
Пәле боп мақтанғаны, құл да қалды,
Бірталай құл тілімен мырза қалды.
Әлін білмей, астамшылық қыламын деп,
Жарлының жалғыз қызы отқа жанды.
Жаман шал, уағдаңнан жаңылғаның,
Атындай барымтаның сабылғаның.
Азаптан бір сөз тауып, құтыла алмай,
Көргенің мұнша бейнет не қылғаның?!
Ханша жынысы әйелдің данасы екен,
Құдайдың бұған берген панасы екен.
Алғашқы көркем жігіт қыз өлтірген,
Қаңғырған шалдың жалғыз баласы екен.
Шал байғұс естіген соң аһ ұрады,
Даусымен дүние толып жаңғырады.
— Көрген көзің болайын құрмалдығы,
Түгі-түсін сөйлеші! — деп сұрады.
— Көркіне бір кенелдім мен де тойып,
Берейін түгі-түсін қолмен қойып.
Емес пе құр көрумен күйгендігім,
Тастадым жарқыратып бірақ сойып.
Мінезден асығыстық атандым қар,
Қалды ма, айтыңдаршы менде ұят-ар?!
Апармай тәңірі алдына жақсы келдің,
Ал қылыш, балаң үшін, тілгілеп жар!
Шал айтты:
— Разы болдым, ханым! — дейді,
— Керек қой айтқан сөзге наным! — дейді.
— Аузыңнан айтқан ғана айналайын,
Дауалап көңілім, тынды, жаным! — дейді.
— Сыймаған маңдайыма бір бала еді,
Тағдырдан қаза жетсе, кім қалады?!
Сондай балам бар еді-ау деп айтқанмен,
Көрген өзің болмасаң, кім нанады?!
Бір жанын Құдай үшін берген балам!
Ақ ниет адал жолмен өлген балам!
Баламды көріп күйген сені көріп,
Тірілді, біле білсем, өлген балам!
Жоғалтқан бір жоғымнан бердің тілді,
Тамсантқан қылған ісің қауым елді.
Сондай жанның әкесі екендігім,
Мінеки, сен айтқан соң, ғалам білді.
Кез болдым қылып тәубе қайтқаныңа,
Жұрт нанды артқаныңа, тартқаныңа.
Балам түгіл, өзімнің жаным құрбан,
Риза болдым ықырар боп айтқаныңа.
Жарайды, жан екен де ханым да жас,
Мөлтілдеп домалапты көзінен жас.
Жүгіріп келіп ұстады шалдың қолын,
— Кессең, міне, басым, — деп, — алдияр бас!
— Жәпірейіп қалғам жоқ, желім болып,
Қыдыр болдың дәл бүгін келім болып.
Тұр қасымда, сенікі — қара орманым,
Өмірімше күтейін келін болып.
Бұл сөзбенен тырп етпестен шал да тұрды,
Өңі еніп, гүл-гүл жайнап, болды нұрлы.
Құдай бағын ашқан соң, оңалмақшы,
Болғанмен әуел баста қанша сорлы!
Шал байғұс Құдай оңдап болды бақты (бақытты),
Ханым ісі құдайға әбден жақты.
Ақырында әулие болды ханым,
Құлағыңа сырға қып, тақ құлақты!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі