Жақып сұлтанға
Арғы атаң мұсылманның (мұсылманның) ағаштай-ды
Қылғаның бір сапар ғамал жанаспайды.
Ту болған Орта жүзге, хан сұлтаным,
Сіздерге хыртиб айтсам, жараспайды!
Қағба[ға] жер ортасы, барар Мекке,
Ойна[п]-тасқан көреді көп мереке.
Сөйлейін Жақып сұлтан атаңызды,
Ту болған Орта жүзге жалғыз жеке.
Уәлихан - Абылайдың бел баласы,
Хандыққа толықсыған сол шамасы.
Аға сұлтан атаңыз болған күнде,
Болып ең перзентінің шын данасы!
Жақсының кім сыймаған панасына,
Мейрамның көзің салдың шарасына!
Ханымның аты кеткен бұл үш жүзге
Елші боп орыс, қазақ арасына!
Атаңа хандық орнап, бақыт қонған,
Дәулет, қыдыр тегіс боп, тамам толған.
Орынбор мен Сібірге хақы жүрген,
Қара түгіл, төре жоқ мұндай болған!
Жаралған топырақтан сол Адам-ау,
Сөйлейтін осы кезде мол шамам-ау!
Шоқан, Жақып, Мақы, Махымет (Мұхаммед),
Қозыке, Қоқыш- Саф алтын, өңшең жауһар ханзадам-ау!
Ғаділдігің Ғұмардай болған дастан,
Үш жүзден атаң Абылай бақытың асқан!
Құқ ал мансап Хадишаның нәмін(зәмін)
Бір-бірден Мұса мырза тұқым шашқан.
Ал, шық, үлгі салған Шорман биім,
Мырзадан толып жатыр көрген сыйым!
Дария Шанжыр, Ғиық қосылған соң,
Сөйлейтін осылайша келді күйім!
Уәлихан басына салған алтыннан тәж,
Орта жүз заманында болыпты мәз.
Шашу берген Шыңғыс сұлтан атаңызға
Патша император билігі князь (кез).
Сібірге западной аты кеткен,
Патшаға жеті ықылымда хаты кеткен.
Машырих-Мағриф пен арасында
Бұхара, Үргеніш (пен) Самарқанд даты жет
Шыңғыс сұлтан даңқы бар ма білінбеген,
Сайрам ғып патшаларға күлімдеген.
Хандағы бақ аруағы үзілмей-ақ,
Келгенше екен төртке сүрінбеген.
Жамантай - Қарқаралы билеп өтті,
Бөкейхан Кіші жүзде - о да кетті.
Қызыларыстан, Қырымнан бермен қарай,
Атаңа төре, қара - қашан жетті?!
Сөйлеуге тілге серік, берген көзді,
Өткірдің ғафылымен бастық кірді.
Кеше Мұса бақ қонған заманында
Қаратқан сол аузына Орта жүзді.
Шешеннің сөйлеу керек жөніменен,
Келісер жігіт көркі тоныменен.
Бірің-сұлтан қазақтың, бірің-ханы,
Жарасқан данышпаным соныменен!
Би өткен - үлгі бастан, кеше Шорман,
Бақ-дәулет төрт тарабы түгел толған.
Шаһзада тұқымындай затың бөлек,
Ғаламға Қап тауындай болған қорған!
Арғынды-ай қаздай қалқып, билеп өткен,
Қара қазақ Мұсекеме қашан жеткен?!
Түбінің жұмақтағы жемісіндей,
Сізлерден Муса мырза түқым еккен.
Уәли хан алты Алаштан асып еді,
Тұмардай ғаділдігі басым еді.
Мұса мырза Шыңғыс хан қатар болып,
Ұлпатың өзге жаннан асып еді!
Тобықты - Құнанбайдай шешен ерім,
Жиналған сан жүйрікте кемеңгерім.
Ғаламат хан ордасын көргеннен соң,
Аз ғана [сөз] сөйлейін, тарап шерім!
Мархабат, сұлтаным-ай, мың боп сәлем,
Көрген соң, жиенлерге тарқап санам.
Шарапат шатлық еткен жамалыңа
Аз ғана жүргізейін қағаз, қалам.
Билеген Қараөткелді қыпшақ-Ыбырай,
Аққошқар, елі Алтайда, паң Сегізбай.
Помощник Көкшетауға болған шақта
Жақыптай ғақылы дана сұлтаным-ай!
Алашқа Жақып сұлтан үлгі салған,
Атасы, ғибрат алып, Шыңғыс ханнан!
Сыйлы (Секілі) хан патшаға болғаннан соң,
Жылына алты жүз сом уәзипа алған!
Сибирский ұлықтар әзірлеткен,
Шоқан төре университет кончать еткен.
Жақып төре помощник болған кезде,
Әріптесін өз түсында басып өткен.
Жалғанға Аққошқарұлы қанат жайған,
Сүйінген [бір] өзіне Арғын, Найман.
Әлібек, Атығайда Зілқараұлы,
Патшаның қызметіне олар тойған.
Шар мырза - ел Қыпшақта Ыбырайұғлы,
Государ қызметіне болған ұғыры.
Ішінде төрт облыс бас қосқанда,
Жақыптай қыла алмаған қызмет тұғыры.
Алтын мен күміс медаль қабат алған,
Губернатор ғақылына қайран қалған.
Оязы Көкшетаудың еріп жүрген,
Теңдеспек бұл шолайымда жоқ дүр жалған.
Бұзылмай келе жатыр мінген тағың,
Тамаша болып еді-ау сол бір шағың!
Шоқан, Жақып, Мақы,Махымет(Мұхаммед), Қоқыш-
Ежелден бөгелмеген бақ, аруағың!
Қазанғап, Арғынғазы-Бәсентиін,
Мен барып бала жастан көрдім сыйын!
Он екі ұран: Алаш боп, бас қосқанда,
Шыңғыстың - алды дария, күнде жиын.
Орнынан Жақып төре таймай өткен,
Сібірде жарты патша қызмет еткен.
Қоқыш төре сүт кенже жиенім-ді,
Жігіт жоқ заманында бұған жеткен!
Шығады Мәшһүр сөзі қалай-қалай,
Көруің қайтып келіп екіталай.
Қозғайын ханзадамның бақ аруағын,
Жәрдем бер тіл-жағыма Хақ тағала-ай!
Полковник, һәм доверенный Шыңғыс аға,
Арғынға хандықпенен болдың жаға!
Түспеген тұғырынан ақ сұңқарым,
Тілінен гауһар тамған, ғақылы дана!
Тарқасын біраз ғана іштің буы,
Арғынның еркелеткен жасы, қуы.
Бас қосып Мұса мырза, Шыңғыс сұлтан,
Сібірде дін исламның болған туы.
Өнерге Мұса мырза судай тасқан,
Ғақылы ғылым-өнерден жауһар шашқан!
Төренің жүзін көріп зиаратқа
Жүйрігі Сүйіндіктің қадам басқан.
[Бір] шыққан Сүйіндіктен өнерпазбын,
Көп қылған өнер тілеп жайы бармын.
Көше Мұса мырзаның заманында
Бәйгеден күнде келген қырғын бозбын!
Бұл Мәшһүр бір көруге қылған талап,
Хан, қараны, төрені жүрдім жанап.
Хазіреті сұлтанның күмбезіндей,
Жаратқан бұл сізлерді Құдай қалап.
Төреде шалқып өтті Қоңырқұлжа,
Оған да құда болған Мұса мырза.
Ханзада, Хайролзас жиенлерім,
Нағашың нимла мен болды-ау дариға!
Көп ізлеп хан ордасын Мәшһүр тапқан,
Сөйлесем, дүр төгілген тіл мен жақтан!
Қоқыш сұлтан, ханзада, жиенім-ай,
Гауһардың шишма майданында қинап аққан.
Мәшһүрді емлес бердің дәміңізге(дамыңызға),
Келген соң іркілмейін, құлазыма!
Тауындай бес қазылық, пана тұтып,
Біз келдік айдап Тәңірі араңызға!
Қуандық: батыр өткен Жұман байым,
Мейрамның құп білесіз, айтпай жайын!
Тоқтамыс, Төбет пеңен шебер
Шаншар Тамызған Мәшһүр барып, елдің майын!
[Тап]Бүгін болғаным жоқ мұнда келіп,
Сөйледім талай жерде інжу теріп.
Кеше Мұса мырзаның заманында Сөйлеткен:
"Шешенім!"- деп, рұқсат беріп.
Жылында тоқсан бестің Алтай бардың,
Қуандық, Сүйіндіктің тобын жардың.
Бақ қонған басыңызға, ханзадам-ай,
Қоңырдың таптан таңдап қызын алдың.
Сипаты пейіш (биғын) хор жаққан шамдай,
Хамида мұнан артық болсын қандай!
Ханзада, құрбыңыздан асты бағың,
Сүмбіл шаш, қиғаш қасты, жазық маңдай.
Көңілінде ғашық оты барған қинап,
Отырған ақ маралға көзі жайнап.
Жолдасың құтты болсын ақ сұңқарым,
Қуандық, Сүйіндіктен алған сайлап.
Бәйгеге алған тұлпарымсың шабысқанда-ай,
Ол-ақ құс, сіз бір сұңқар бағысқандай!
Хан-қара, құрбыласың бола алмаған,
Ел шауып, қыз ататып жарысқандай!
Қалған бір ғажап іс қылдыңыз ойыңа алған,
Қуандық, Сүйіндік болып қайран.
Бұрынғы Шаһмарданның жорасындай,
Сіз бір ер — бозбала үлгі салған.
Мақсатқа ханзадамыз кәміл жеткен,
Төреде жігіт бар ма сізден өткен?!
Қуандық, Сүйіндік боп тамаша етті,
Бабаңның кәр аруағы қолдап кеткен.
Ғашықтар жанын қинап қимыл еткен,
Бұрынғы шаһзадалар - бәрі кеткен.
Өзің теңдес Сүйіндік мырзалары
Болам деп талпынса да, емес жеткен.
Жолдасың хұп ұнайды, ізлеп тапқан,
Тірлікте не бітірер ұйықтап жатқан?!
Болаттай затың бөлек, құрыш едің,
Қамалға ата-бабаң қарсы шапқан.
Орта жүз кеше атаңды хан сайлаған,
Халыққа хакім етіп мыңды айдаған.
Орнында бала сұңқар сүт кенже едің,
Жеті атаң тұлпар мініп, ту байлаған.
Саф алтын, нәсілі болат - шыққан тегің,
Жайылған Орта жүзге үшбу кебің.
Аспаннан бұлт тартқан асқар таудай,
Жұмақта хор ғаламандай тартқан лебің!
Баһадүр, затың бөлек дастаным-ай,
Мехнаттың түбі - рақат, көңілім жай.
Арасын екі елдің көпір қылған,
Естіген жұрт таң қалған арыстаным-ай!
Осылай даңқың барған Орта жүзге,
Тамаша кім іс қылды сізден өзге?!
Ғұмырыңа бір тілеулес дұғагөйің
Риза бол, Қоқыш жиен, енді бізге!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі