Өлең, жыр, ақындар

Суырдың өлеңі

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 4663
Ал, суырдың естіп пе едің әңгімесін,
Құдайға құл болған жан адал жесін.
Ағайынды аң екен: суыр, тышқан,
Айтайын інде жатып көрген ісін.
Бір аң бар: "суыр" - деген, жонда жүрген,
Жерінде жонда жүрген Қозған көрген.
Қаша алмай жазық жерде, қолға түсіп,
Бейшара қорыққаннан інге кірген.
Сонда Қозған суырға амал тапқан,
Базардан пұл көріпті суыр сатқан.
Қозғаннан бір жан қалмай аттанысып,
Бір сомнан сатып алды темір қақпан.
Аттанды ауқым салып үй басына,
Суыр қашты жондағы ордасына.
Терісін ақша қылып бейшараның,
Еті мен майын жеді тамағына.
Терісін үйтіп жеді, соймас болды,
Етіне дәндеген соң, тоймас болды.
Жондағы толып жатқан көп суырдан
Тұқымға жалғыз суыр қоймас болды.
Бүл Қозған басын қосып кеңеседі,
Суырға дұшпан болып егеседі.
- Бір арыз қырдағы елге айталық! - деп,
Жиылып тамам суыр кеңеседі.
- Жылайық: қырдағы елге арыз салып,
Оқыр ма суыр хатын қазақтанып?!
Саршұнақ тышқанды жіберейік,
Жеп қояр Қозған көрсе ұстап алып.
Аң едің ағайынды: суыр, тышқан,
Кем емес жүйріктігің ұшқан құстан.
Саршұнақ тышқан, хатты алып, сен бара гөр,
Жеп қояр бізді көрсе, Қозған дұшпан.
- Салып бер қағазыңды қойыныма,
Жіппенен мықтап байла мойыныма!
Бейшара, арызыңды жеткізейін,
Мысықтың жолықпасам ойынына.
Оймен жүрсең, мысықтың көрмес көзі,
Тышқанның білінбейді басқан ізі.
Бір қағаз печаттаған алып келді,
Ішінде оқып көрсе мынау сөзі:
- Бұл Қозған терімізді бітеу сойды,
Тауыпты: "Пұл болад!" - деп, мұндай ойды.
Қағазға мор басатын биіміз жоқ! - деп,
Жиылып қаранейлер қолын қойды.
Қырда жатқан ел едің,
Қуандық пен Сүйіндік.
Суыр деген аң едік,
Қозғаннан көрдік қиындық.
Қысылғаннан бір жаннан,
Сіздерге қарап сыйындық.
Екінші арыз айтамын:
Арғын менен Найманға.
Осы Қозған кем бе еді,
Қырдағы елден қай малға?!
Суырлық төбе қалмады,
Қой мен сиырын жайғанда.
Арамсынып қоймады.
Насихат айтып, тоқтау қыл,
Қозған деген хайуанға!
Дәндеген соң бұл Қозған
Ұйықтамады ұйқыны.
Талақ қылып тастады
Қатын, бала, күлкіні.
Залалы тиіп жүрсе де,
Ауламады бұл Қозған
Қасқыр менен түлкіні.
Қозған біткен жонда жүр,
Інге келіп телмірді.
Күнде келіп салады
Қақпан деген темірді.
Бұрын жалпақ ел едік,
Етімізді жеп семірді.
Мұныменен қоймады,
Басымызды кемірді.
Құтылмадық біз байғұс
Қозған деген қазақтан.
Өлгенінше бұл, Қозған
Құтылмассың мазақтан!
Жаралған шығар ит
Қозған Шүршіт пенен қалмақтан?!
Басқа шығар тұқымы
Қырда жүрген қазақтан?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жалғыздық

  • 0
  • 0

Ер едім талай бұзған қамалыңды,
Құрытқан қулық, айла, амалыңды!
Басыма бір тиындай тимей пайдаң,
Зеректік, көрдім сенің залалыңды!

Толық

Мәшһүр-Жүсіп пен Ғалы Күзембайұлы айтысқаны

  • 0
  • 0

Бісмілласыз басталмас(башланбас) Әмір-зибал!
Өнерің болса, жастықта(жаслықта) қимылдап қал!
"Жығылсаң, нардан жығыл!" - деген сөз бар,
Ақынға молда Жүсіп салдық шеңгел.

Толық

Мәшһүр-Жүсіптің Мұса Шормановты оның келіні атынан жоқтауы

  • 0
  • 0

Бісмілла - сөздің басында
Көрдім бір қасірет жасымда!
Опасыз дүние, а, дариға,
Жан атам өтті, жаранлар,

Толық

Қарап көріңіз