Өлең, жыр, ақындар

Мұңдылардың жолыққаны

  • 19.04.2015
  • 1
  • 0
  • 5575
Жаралған қалай ғажап мынау аспан,
Қаз бауыр ақ торғындай бұлт басқан.
Жалтырап гауһар тастай көкте жұлдыз
Қараған мұңдылардың көңілін ашқан.

Толқиды шөп бастары соққан желден,
Ай-дағы нұрын шашты шығып белден.
Желменен еміс-еміс естіледі,
Дауысы төбеттердің үрген елден.

Теп-тегіс бұл уақытта ұйықтаған ел,
Бұл сорлы жапа-жалғыз астында бел.
Көңілге әрбір түрлі қиял салып,
Сүйеді бетінен кеп ойнаған жел.

Қапалы, мөлдіреген көзде жасы,
Көз салып елді байқар сорлы басы.
Көзіне болар-болмас көрінеді,
Бүгжеңдеп қыз аңдыған ауыл жасы.

Өңі жоқ, тұрғандай-ақ жаңа дерттен,
Айрылған мұнша неғып сорлы еттен?
Зығырмен қайнап шыққан көзден жасы,
Бейне бір меруерт еді аққан беттен.

Осылай жалғыздықты дәрмен етіп,
Отыр еді әр түрлі ойға кетіп.
Ығынан бір төбенің көрініс берді,
Айтысқан уәдесіне о да жетіп.

Балбырап қызыл гүлдей отырған жас,
Көңілінде ой, тілеп аққан көзінде жас.
Бұл риза қылыш ұстап қарсы алуға,
Жолымда түзуліктің кетсе де бас.

Түрегеп қадам басты қоңыр қаздай,
Ұмытып көрген бейнет ала жаздай.
Жолығып бұл минутте не істеді:
Оқушы түсер өзі мен де жазбай.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір адамға

  • 2
  • 14

Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..»

Толық

Кеш

  • 0
  • 1

Желі бар бетке тиген жылы еспе,
Күн жылы, аспан жарық оңды кеште.
Қарасаң бұл уақытта кең далаға,
Әртүрлі қиял келіп түсер еске.

Толық

Қамар сұлу

  • 1
  • 1

Жіңішке сымға тартқан әні қандай.
Балауыз балбыраған тәні қандай.
Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келіп,
Толықсып толып тұрған сәні қандай.

Толық