Кенебай мен Кербез сұлу
Ырғайты, Ақтерек пен Жаманты сай,
Бар екен Аламандай бір үлкен бай.
Баласы Бошқұл, Керім үшеу туған,
Кішісі ақын, сері, сал Кенебай.
Кенебай елге мәлім бала жастан,
Ертектей ел аузында қызық дастан.
Ескі әдет, дін — рәсім күшті кезде,
Немере қарындасын алып қашқан.
Тұқымы Аламанның үш-төрт ауыл,
Қара ала жылқысы бар жүйрік дауыл.
Екі ала тұлпарға міне қашып,
Кербез қыз бен Кенебай шеккен дәуір.
Екі жас бір-ақ түнде елден безді,
Кір жуып, кіндік кескен жерден безді.
Қазаң салты — қыз алып, қыз бермейді,
Жеті атаға толмаса ол бір кезде.
Бесікте құда түскен әдет-ғұрып,
Қалыңмал жай береді уәде қылып.
Кербез қыздың күйеуі — бай баласы,
Үйде отырса, мойнына түспек құрық.
Күйеуі ерні жырың, бойы мыртық,
Әйел тұрмақ, кететін еркек үркіп.
Бұл сияқты күйеуді Кербез қызға
Ата-анасы атапты түлен түртіп.
Қызбенен ата-ананың ісі бар ма?
Обалға қарайтұғын кісі бар ма?
Кенебайдан басқаның бәрі де жау,
Қыз сорлының ол кезде күші бар ма?
Той істеп Кербез сұлу ұзатылмақ,
Қос жорға, екі түйе жүк артылмақ.
Сөз байласқан құдасын қайтып қисын,
Қырық жеті жеген соң, тез құтылмақ.
Той болып, өлең айтып, шулап жатыр,
Жаңғырып тау менен тас дулап жатыр.
— Кенебай қашан көзге көрінед?—деп,
Кербез де естен танып, жылап жатыр.
Кенебай Алматыға кетем,— деген,
Кербезге — тойда болып кетем,— деген.
Күзгі таң, көз талдырар үркер туа,
Түбіне мая шөптің жетем,— деген.
Сол шөпке Кербез келді, ебін тауып.
Тұр еді мұнарланып жаңбыр жауып.
Кеп тұрған Кенебай да, екі ат алып,
Қарғып мініп, екі жас кетті шауып.
Шу десе, топтан озған қос қара ала,
Бір үйірде бірге өскен дос қара ала,
Таң ата «Аңырақайға» жетті зулап,
Қолайлы бекінуге сұр аңғарға.
Әлеумет, демеңіздер, мұны өтірік,
Жігіт сыртта, қыз, келін үйде отырып,
Ай қараңғы білтелі соқыр шамды,
«Құйып» келіп, бір соғып, кетті ұшырып.
Отырған адамдардың көрмей көзі,
Лап беріп шам жаққанша қыз да безді.
Кенебай, Кербез қашып кете барсын,
Басталық шетсіз тойдан енді сөзді.
Енесі шам жаққан соң жалт қарады,
— Кербез қайда, жоқ қой!—деп,
дат салады.
Қайтадан қыз-бозбала айтыса алмай,
Тойлары жау шапқандай сап болады.
Тарқады тойға келген халық шулап,
Жаман сөз жатпайды екен ұзынқұлақ.
«Кенебай қарындасын ап қашты!»— деп,
Естіген ел сілкінді, жүрек сулан.
Аламан ажал жетіп, өлген кезі,
Бала-шаға ер жетіп келген кезі.
Ат шауып, асып беріп, жылдығы еткен,
Әлі тұр суреті мен ақ күмбезі.
Меркеде қыздың қайны кері Ботбай,
Атағы жұртқа мәлім дәу Сыпатай,
Келінін алып қашып кесірлі ұл,
Кенебай салып кетті, елді шоққа - ай.
Ол кезде барымта бар, құн дауы бар.
Тағы да тамыр дауы, қыз дауы бар.
Екі ел даулы болса епті жігіт,
Мал тауып қаламыз деп ұрлауы бар.
Құдалар шашын жұлып зарланады. —
Елге не деп барам!— деп арланады.
Шешесі екі емшегін көкке сауып,
Кенебай мен Кербезге қарғанады.
Ботбайдан жүз кісі кеп қамалады.
Дауға - дау қабаттасып жамалады.
Кеткелі іздеушілер бір ай өтті,
Қаңғырып қайтып келді, таба алмады.
Шаруалар барымтадан үркіп жатыр.
Таулардың арасына жытып жатыр.
Қой қырқып, бие байлап, он үй тігіп,
Жүз кісі күні-түні күтіп жатыр.
Баласы Исатайдың Нұрғали келді,
Кез келген адамдарды сабай берді.
Сиқымбай деген шешен жан жеңбеген,
Бұлбұлдай дау иесі сайрай келді.
Қасқараудың кәрі-жасы жалбырады,
Еңсе түсіп, ес кетіп салбырады.
Сөз тапса Сиқымбайға сол табар,— деп
Шақыртып Ноғайбайды алдырады.
Қарабай, Кебекбайдың қартаң кезі,
Торғауыт Керім батыр қайтқан кезі.
Бейімбет, Байғазылар дүние салып,
Ноғайбай Қасқарауға тоқтам кезі.
Қысқасы, Жайықта бар түгел келді,
Ақыл мен айла табар түгелденді.
Қарағандар қашқынды таба алмады,
Жері жоқ іздемеген түк өнбеді.
Қарғап жүр ауыл болып екі жасты,
Шартарап Ысты, Дулат, Шапырашты.
— Немере қарындасын қатын қылса,
Оңбайды, бұл Кенебай жарымас-ты.
Ботбайлар көп күн болды, жатыр қамап,
Шаң келмей, ет пен қымыз берген тамақ.
Ноғайбай, Сиқымбайдай екі шешен,
Қашан бітім қылад?— деп халық қарап.
Кербез қыз, Кенебаймен қырсық болды,
Хабарсыз ұшып кеткен шымшық болды.
— Аламанның дәулетін шайқады,— деп
Көген, желі жиналған сұмдық болды.
Жайылды бұл уақиға оң мен солға,
Ақ орда болады деп қара қорда,
Таутеке, Жандос деген бір ауыздан
Қыз бен жігітті өлтірмек, түссе қолға.
Әуелі Сиқымбайға келді кезек,
Сиқымбай сөйлеп кетті тілін безеп:
— Қасқарау, қырық құрау қып кетемін,
Дулатқа бүлік салды екі кезеп.
— Тауып бер, жерден қазып жесірімді.
Тигіздің бүкіл елге кесіріңді.
Қырық жеті, тоғыз түйе, тоғыз бие,
Ат, айғыр санап алам өсімімді!
— Берген ат, берген түйе тоғыз айып,
Ежелден ереже бар қойған салып.
Аламанның жылқысын түгел келтір,
Қалдырмай бір тайын да кетем алып!
Сиқымбай сөйлеп отыр желдей есіп,
Өзі би, өзі жан боп пішіп-кесіп,
Сиқымбайдың сыңайын сезген халық
Үрейленіп: — Мынауың қайтеді?! — десіп.
Н о ғ а й б а й:
Нұқанның жұртқа таныс жеңіс үні,
Қыз тұрмақ, біткен талай ердің құны.
Өткір көз оттай жанып, шарт жүгініп,
Сайрады сандуғаштай қызыл тілі.
— Ау, Сиқымбай, сабыр бер, құрбым,— деді.
Өзіңе кезек беріп тұрдым,— деді.
Асқақтап Аспараның боранындай,
Қамшыны оңды-солды ұрдың,— деді.
Ашуменен болмайсың ел иесі,
Оп-оңай білімдіге дау жүйесі.
Кебекбай, Қарабайлар әділ айт!— деп,
Түсіп тұр екеумізге бар киесі.
Халықтың қаны таза, жазығы жоқ,
Жастарға «қаш» — деп айтқан жазымы жоқ.
Қасқарауды қалайша басынасың,
Күйеуді үйге тастап, жасырғың кеп.
Күйеуді сен де алып кел, ерні жырық,
Күйеусіз қыз берген кім сөзге тұрып?
Сиқымбай, өз мініңді ойламастан,
Салмақсың жылқымызға қайтып құрық?!
Сиқымбай, ерегіссең айтарым сол,
Кісінің бірі дейді ақылы мол.
Дулаттың төрт ұлы бар төрт тіреудей,
Сарнап жатыр атамыз сап кеткен жол.
Ноғайбай бір сөзінен бір сөзі асып,
— Бәсе!— деді, көп халық жымыңдасып.
Сөздері Ноғайбайдың жүйе болып,
Сиқымбай тұрып қалды сұры қашып.
К е б е к б а й:
Ел үшін туған болсаң екі шешен,
Ел алғысын алғандар болар көсем.
Бөтені жоқ төрт Дулат бір анадан,
Әділ болсаң жұрт тарар аман-есен.
Сыпатай үйде жатыр, құлақ түріп,
Сиқымбайға сенген соң шүкір қылып.
Қарабаймен қатарлас қариялар
Ноғайбайға тапсырып біз де тұрдық.
Екеуің ерегіссең — ел шайқалар,
Екпіндеп дауыл соқса көл шайқалар.
Қариялық айтпаған кезім бар ма,
Бітім қылсаң бақ-дәулет басқа қонар.
Ноғайбай Сиқымбайды қабылдады.
Қуанып қалың халық дабырлады.
Қол жайып екі шешен тұра келді,
Жолдарың болсын деп жұрт жабырлады.
Бүкіл ел айтып жатыр алғыс сөзін.
Жылаған құдағилар жуды жүзін.
Ноғайбай Сиқымбайға «Сөйле!»— деді,
Көрдің ғой, көпшіліктің құрған тезін.
Сиқымбай Ноғайбайға қарап тұрып:
— Бітім қыл!— деді оған мойып бұрып.
Адалдықпен қайтарғын алған малды,
Түп-түгел бұзбай мұртын санап тұрып.
Мақұл,— деп өткен малды есептесті.
Бітімнен қайтпаңдар,— деп шыбық кесті.
Байлары қайтыс болған екі әйел,
Алдына екі қалыс келіп түсті.
Берген ат, берген түйе тоғыз айып,
Найзамен түсіргендей жауды сайып.
Аламанның жылқысын айдап келіп,
Кек ала биені алды құрық салып.
Кенебай, Кербез сұлу қырсық болды.
Желі үзіліп, сабасы торсық болды.
Ноғайбай түрлі енерге салар еді,
Қазақтың ескі әдеті кесір болды.
Жайылды бұл уақиға оң мен солға.
Ақ орда болып қалды қара қорда.
Кенебай, Кербез сұлу түссе қолға,
Құрбан қып шалар еді осы жолға.
Ботбайлар бітім қылып қайтып кетті,
Лағнат халықтар да айтып кетті.
Кенебай, Кербез сұлу табылмады,
Жыл жылжып, ай аяңдап үш жыл өтті.
Жастардың бұл қылығы елге мазақ,
Екеуің елден безген — дейді кәззап.
Көп жұрттың надан кезі дінге уланған,
Білмейді махаббаттың жайын қазақ.
Екі жас сол қашқаннан кете берді.
Өсегін елдің бәрі шерте берді.
Білмеді ұшты-күйді қайда екенін,
Зымырап талай күн-түн өте берді.
Кетпесе Қарымбайдай жерге түсіп,
Кетпесе жын-шайтан боп аспанға ұшып.
Туғандар, туысқандар, аға, інілер,
Табылса бауыздамақ қанын ішіп.
...Екеуі Аңырақайдан аттанады,
Адамға жоламасқа, сақтанады.
Іледен ат жүздіріп әрең өтіп,
Малайсары тауына бет алады.
Сар желіп, Сары өзекті өрлеп өтіп,
Ешкіөлмес, Текеліге жатты бекіп.
Күн бұрын азық-түлік қамдан алды,
Екі қоржын төрт басы толған ет қып.
Үш-төрт жыл Алтай тауын мекен етті.
Екі жас бірін-бірі медет етті.
Айрылып ел мен жерден жүрген кезде,
Кербезге қас қылғандай құрсақ бітті.
Бұл құрсақ екеуіне болды қайғы,
Жүргенде мекен қылып тау, тас, сайды.
Әрі ойлап, бері ойлап екі ғашық,
Қош айтысып Алтайдан енді тайды.
Екеуі атқа мінді ел табуға,
Түсінер мұң мен шерді ер табуға.
Қайтадан Текеліге үш күн түнеп,
Қашуға тура келді бір ауылға.
Шаңырақтан шығады от жарқылдап,
Ат дүбірге маң төбет тұр арсылдап.
Маңындағы ақ үйдің мама ағашта
Томағалы бір бүркіт тұр шаңқылдап.
Кенебай атта тұрып «кім бар» деді.
Қоңырлау дауыс үйден «біз бар» деді.
«Құдайы қонақпыз»— деп айтқан кезде,
— Түсіңіз, біз қонаққа құмар,— деді.
Ат сайлап, екі бала сәлемдесті,
Сылдырлап шашбаулы қыз есік ашты.
Кенебай көпті көрген ырым қылды,
Кез болып адамдарға ықыласты.
— Төрлет!— деп бай-бәйбіше айтты қатар.
— Жігітім, жүріпсіздер шегіп сапар.
Тоятын ішпей-жемей ниетіне,
Киіз үй, қара қазан аңқып жұпар.
Кісі екен қара сақал үй иесі,
Айтпай-ақ көрініп тұр әр жүйесі.
Шай ішіп, қызыл күрең терлеп, тепшіп,
Бастады жөн сұраумен сөз жүйесі.
Асылып қазы-қарта соғым еті,
Аңсап жүрген табылып елдің шеті.
Қоңырсып шоғы маздап қой жапасы,
Осы еді екі «қашқын» есі-дерті.
— Ау, балам, біреуің — қыз, бірің —
Жігіт, Жүріпсің қос қара ала ат парлап мініп?
Алыстан ат арытып, тон тоздырып,
Толтырып қос қоржынға азық-түлік.
Бүркіттей тоят алып, жүрген түзден,
Адамды ауыл көрмей дала кезген.
Отырсыз дәмдес болып, құтты қонақ,
Сырыңды жасырмайсың, енді бізден.
К е н е б а й:
Әз аға, айтпай таптың сырымызды,
Таусылмас айта берсек шерімізді.
Қайырымды адамға кез қылған деп,
Құдайдан тілен едік күндіз-түні.
Арғы атам төрт Дулаттың Жанысы еді.
Ауылымыз Алатауда, алыс еді.
Қасқарау деген ру алты болыс,
Арасы жақын, сүйем қарыс еді.
Немере қасымдағы қарындасым,
Ғашық боп құдай бұзып, алып қаштым,
Қазаққа қоспас еді мұндай әдет,
Аңдай бон мекендедік таудың тасып.
Үш жылдай паналадық Алтай тауын,
Адамзат болғандай - ақ ата жауым.
Ақылды енді, ағажан, таппасаңыз,
Ағайын бізді өлтіред, туған бауырым.
Кенебай, Кербез біздің аттарымыз,
Қадірлі, дәм-тұзыңды татқанымыз.
Мінекей, «көп сөз — көмір,
аз сөз — алтын»,
Бар сырды осы сізге айтқанымыз.
Тіле осы, ағажан, қабылдаңыз,
Ел менен жерден безген біз бір аңбыз.
Отырмыз енді сізді пана тұтып,
Ағажан, аяп бізді жарылқаңыз!
Ү й и е с і:
Сақалын саусағымен алды тарап,
Кербез бен Кенебайға алды қарап.
— Қарағым Дулат болсаң, біз Жалайыр,
Ар жағы ата-анадан Абақ, Тарақ.
Он екі ата Жалайыр ел болады,
Атақты Орақ деген ер болады.
Ескелді, Балпық деген билер өткен,
Төлеби, Өтегендер тең болады.
Бұларға тіл тигізген еркек, әйел
Дүниеде бас пен малдан кем болады.
Найманбай, Малдыбай мен Қарасайлар,
Әділ би, айтқан сөзі ем болады.
Бәріміз Бақтиярдың баласымыз,
Кенебай, айтқан сөзің жөн болады.
Шырағым, Қази деген менің атым,
Баламмен дос болып жүр ниет жақын.
Біреуде нарық та жоқ, тарих та жоқ,
Ерекше ерлік қыпсың, азаматым.
Қазақтан басқа ұлтқа ұят емес,
Біле ме қара халық махаббаттың,
Отқа түсер, су кешер машақатын?
Жайланып, жата бергін, күліп-ойнап,
Мен болдым өкіл әкең екі жарқын.
Мұндай іс азаматқа сын болады.
Бақ тайса батыр түбі — жын болады.
Дулаттың көптігіне сан жетпейді,
Қариясы Қасқарау кім болады?
К е н е б а й:
Кенебай өзі ақын тілге жүйрік,
Жатық жауап береді жырлап тұрып.
— Ел менен жерден безген қиын екен,
Арашашы бол,— деді, жылап тұрып.
Өзіңмен қайда барсаң бір жүрейін,
Құсыңа алтай түлкі ілдірейін.
Мен - дағы ит жүгіртіп, құс салушы ем,
Өлеңші өнерімді білдірейін.
Қасқарау аз ел емес, алты болыс,
Күңгей мен теріскейді қылған қоныс.
Дулаттың төрт баласы көпшілігі,
Сырымбет баба ру — бақ пен ырыс.
Жақсысы әр атаның көп болады,
Бірі бай, бірі батыр, бек болады.
Қарабай, Жайнақ батыр ақсақалы,
Айтқаны әділетті ем болады.
Сырымбеттен Ноғайбай озған ұзап,
Ауызына қарап тұр қырғыз, қазақ.
Оразайдан Кебекбай бар әділ төре,
Сұлтанкелді, Бөкендер аймағы аз - ақ.
Қ а з и:
Кенебай, босап отыр жүйе-жүйем,
Қарыстан болады ғой, жаңын сүйем.
Сыпатай, Кебекбай мен Ноғайбайың,
Жалайыр нағашысы, бізге жиен:
Сұрасаң менің атам Қарабалпық,
Атамның нағашысы Алтай - Қарпық.
Кенебай, Кербез балам, қорықпаңдар,
Атаңды қара бура кетер тарпып.
Қазының сөзі әділ, өзі шешен,
Қадірлі Жалайырға батыр, көсем.
Кербездің айы жетіп, бір ұл туды,
Бақытты үйге кез болып аман-есен.
Кенебай көңіл тыныш жата берді.
Өлең айтын, көкпарды тарта берді.
Той қылып, өкіл бала, қыз Кербезге,
Дос болып қолын жайып бата берді.
Ежелден «ел құлағы — елу» деген,
Үш-төрт жыл Кенебайлар көрінбеген.
«Шіріген жұмыртқа» деп қойған халық,
Табылып енді қайта келу деген.
Бұл елде ұлан-асыр той болады,
Сол тойға жиналған ел көп болады.
Жетісу, жеті ояз, қырғыз, қазақ,
Үш жылда бас қосатын серт болады.
Аймағы Жетісудың — жеті дуан,
Найман мен Жалайырлар, Албан, Суан.
Түрлі ел тұс - тұсынан келіп жатыр,
Күжілдеп болыс, билер құрып думан.
Қази би осы топқа келген екен,
Кенебай ақыны боп ерген екен.
Қасқараудан бұл топқа кім келсе де,
Солармен бір тілдесіп көрмек екен.
Тай сойып Ноғайбайды шақырады,
Сар қымыз мес тегешке сапырады,
Көрсетіп сән-салтанат қонақтарға,
Көрісіп Ноғайбаймен отырады.
Әжібай бірге барған өрескел-ді,
Қатарға кіріп қалған жігіт кезі.
Кенебай мойнына шылбыр байлап,
Қусырып екі қолын көніп келді.
Нұқаңа сәлем беріп, бүгіледі,
Кенебай бір жанынан түңіледі.
— Өлтірсең өз қолыңнан арманым жоқ,
Міне!— деп қылша мойнын жүгінеді.
Қ а з и:
Ау, Ноғайбай, Абақ — іні, Тарақ — аға,
Ноқта ағасы депті ғой ата-баба.
Кең Дулат - Домалақ ана тұқымысың,
Кешірім беріңіздер бұл балаға.
Жиенжан, жол бересің Жалайырға,
Бұл болсын Қасқарауға тоқтам - тұлға.
Екеуі ел - жұртына жазықты боп,
Жүр екен аңдай қашып біздің қырда.
Кез болды маған Кербез, Кенебайың,
Бұларды айдап барған бір құдайым.
Ескелді, Балпық бидің ұрпағы едім,
Күнәсін кешкеніңді мен сұраймын.
Н о ғ а й б а й:
Қазеке, сөзіңізді екі қылман,
Мұндай іс кім сұрайды қыз бен ұлдан.
Қазақтың салтында жоқ бір іс болды,
Қарғысын алды бұлар кемпір - шалдан.
Қазеке, сіз айтқан соң кештік,— деді.
Шылбырды мойындағы шештік,— деді.
Кенені өзім бастап елге апарам,
Жатарсыз тілектес боп есітіп,— деді.
Қазекең алғыс айтып, бата берді,
«Аумин» — деп сипады сақалды енді.
Жіберін Кенебайды тон тарқамай,
Кербезді ап келуге қайтарды енді.
Кенебай кетті шауып күн-түн қатып,
Кербезге болған істің бәрін айтып.
Қоштасып, өкіл шеше, достарымен,
Үш күнде Кербезді алып келді қайтып.
Той тарқап, жоқ табылып елге жүрді,
Қордай мен Ырғайтыдай белге жүрді.
Ноғайбай Қазыбимен қатар түзеп,
Бұлармен екі жігіт бірге жүрді.
Ауылға бір жігітті шаптырады,
Қасқарау Ноғайбайға тақ тұрады.
Қарабай, Кебекбайға хабар қылып,
Шабарман ойға - қырға шапқылады.
Үй тігіп Жамантының сағасына,
Сүйінші айтып ана, ағасына.
Туысқан, туғандарды түгел жиды,
Қалмас үшін ағайын табасына.
— Ау, жұртым, анам— Домалақ,
атам — Дулат,
Үйірден құтылмайды, асау тулап.
Қазыби қадірменді кеш деп,— келді,
Осынша қалың елдің басын құрап.
Алыста Жалайырдан келіп отыр,
Ордасын Аламанның көріп отыр.
Кербез бен Кенебайға өкіл ата,
Ертіп кеп, жоқты тауып беріп отыр.
Тентектер бола беред ел ішінде,
Қол сынса көрінбейді жең ішінде.
Кенекең, Қаракең де қой,— деп отыр,
Көпшілік келу керек келісімге.
Құнанның бәтуалы болды сөзі,
Айтқаны екі болмай тұрған кезі.
Ашулы Аламанның жігіттері
«Қойдық»,— деп, бата алды жылап өзі.
Өз қолын өзі батып кесе алмады,
Бауырлас кекіл кесіп кете алмады.
Салпы етек, сабау қамшы есектілер,
Ел-жұрттың бірлігінен өте алмады.
Кенебай, Кербез елге араласты,
Күрсініп туыстары төкті жасты.
Анасы аңырап - боздап Кербезіне,
Құшақтап бетін сүйіп, мауқын басты.
Қазыби үш күн жатып, елге қайтты,
Халыққа разы боп алғыс айтты.
Асыл тон, ат мінгізіп, түйе сыйлап,
Жолдасына ат беріп, шапан жапты.
Қазыби Кебекбаймен құшақтасып,
Қоштасты, төстеріне төсін басып.
Құрметтеп Ноғайбайлар нағашым деп
Шығарды түстік жерге жолдастасып.
Қазыби бата беріп Ноғайбайға,
Найманбай аруақ қонған Малдыбайға,
Бетке алып Алтай тауын жүріп кетті,
Көрсеткен риза боп қонақ - жайға.
Кенебай, Кербез сұлу елге келіп,
Кір жуып, кіндік кескен жерге келіп,
Екеуі он шақты жыл дәурен сүрді.
Балалы-шағалы боп ойнап, күліп.
...Бір түні Кербез сұлу ұшып тұрып,
Мойнынан Кенебайдың құшып тұрып,
«Ғашығым ақиретте көрелік»,— деп,
Амал не, ажал жетті, кетті жүріп.
Баланың атын қойған Текелі деп,
Туған соң Текелі тау мекені деп.
Сол ұлы он жасында қайтыс бопты,
Болжапты кім оны ерте өтеді,— деп.
К е н е б а й д ы ң з а р ы:
Кеттің бе, тастап мені, Кербезім - ай!
Сен үшін ел-жұртымнан безгенім - ай!
Қалмады тым болмаса Текелі де,
Амал не, ағып түсті - ау, екі көзім - ай!
Әлемнен алып қашқан нұр қызым - ай!
Серттескен лебізіңнен бір бұзылмай,
Мен үшін ата - анадан безіп едің,
Қол жетпес аспандағы жұлдызым - ай!
Өтермін өлгенімше жырлай - жырлай,
Секілді егіз қозы сыңарым - ай!
Қош болғын, асыл ару Кербез сұлу,
Сен үшін маған қарыз айтып жүру.
Артынан арыстандай күңіреніп,
Жүрермін арам болып ойнап-күлу.
Аңдай боп араладық тау биігін,
Ақылды әйелдегі кер миығым.
Өтермін өлгенімше жырлап сені,
Арылмас ажал алмай шер - күйігім.
Шолпандай жалт-жұлт еткен екі көзің,
Кетпейді көкейімнен айтқан сөзің.
Ұмытылмас сағат сайып сағынышым,
Шаршасам болар қуат өр мінезің.
...Кенебай осылай деп жырлаушы еді,
Кәрі-жас таңдай қағып тыңдаушы еді.
Жас дәурен, қызық дәурен қызығымен,
Алыстан бізге қолын бұлғаушы еді.
Кенебай Әзірбайға көп келетін,
«Кененің ақын бопты» деп келетін.
Екеуі бастан кешкен әңгіме айтып,
Мінезі бір-біріне деп келетін.
Кенебай қазақ-қырғызды аралайтын,
Еш сері оған ермей қала алмайтын.
Өрт еді, болат еді тіліп түсер,
Бай-манап ажарына қарамайтын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі