Өлең, жыр, ақындар

Ұлыстың ұлы күні: Наурыз мейрамы

“Көктем туа Наурыз келер, күн менен түн теңелер” деген ел арасындағы мақал Наурыз мейрамының келуімен жаңа жыл туады, наурыздың 22-ші жұлдызы Ұлыстың ұлы күні, күн мен түн теңеліп, айнала ызғарлы қыстан кейін қайта тірілгендей жасылға оранады. Наурыз мейрамының тарихы сонау ежелгі заманнан бері қалыптасқан. Наурыз сөзі көне парсы тілінен аударғанда жаңа күн деген ұғымға ие. Оны көптеген түркітілдес Орталық Азиядағы мемлекеттер тойлайды, сондықтан халықаралық мереке деп те есептелінеді.  Мерекелік дастарханға міндетті түрде құрамына 7 азықтық зат кіретін, киелі ұлттық тағам - Наурыз көжені әзірлейді. Оның құрамына бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз қосылады. Сонымен қатар дастарханға бауырсақ, тоқаш, қымыз, шұбат, айран, құрт, бешбармақ және еттен әзірленген тағамдар қойылады. Мереке күні дастархан дәмді тағамдарға толуы қажет. Ағайын-туыстар, көрші қолаңдар бір-біріне қонақ болған.  Наурызда ауылдың ақсақалдары бата береді. Бата беру ұлттық дәстүрдің бірі болып табылады. Наурыз күні берілген батаның да орны ерекше. Сонымен қатар бұл мейрамда ұлттық ойындар ойнатылады. Ұлттық ойындар біздің рухани мәдениетіміздің бір бөлігі іспеттес. Наурыз мейрамы кезде алтыбақан, аударыспақ, көкпар, арқан тартыс, теңге ілу, жамбы ату, ақсүйек секілді  ұлттық ойындар ойналады. Ұлыстың ұлы күні ренжіскен адамдар болса, бір-біріне деген өкпе-реніштерін  ұмытып, төс қағысып татуласады. Бұл мейрамда тек қана қуаныш пен шаттық орын алады.  

Қазақ халқында жыл санаудың өз үлгісі бар. Қазақтар жылды мүшел арқылы санаған. Мүшелді белгілі бір тәртіп бойынша топтаған және ол ежелден келе жатқан дәстүр болған. Мүшел бойынша әр жылға 12 аңның атауы берілген, олар: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Бір жыл он екі айға бөлінген. Әр жылдың наурыздың 22-і жаңа жыл, жыл басы болды. Қазақтардың мифологиялық нанымдары бойынша Наурыз мейрамы қарсаңында бақыт жер шарын айналып өтеді, сондықтан мереке қарсаңындағы түнді бақыт түні деп атаған, яғни Наурыз - келген күн жердегі жақсылық, жарық, гүлдер гүлдеген кезде құстар сайрай бастайды, дала жап-жасыл шөппен жабылады, ағындар аға бастайды, жер бетіне жаңа жыл түседі. Наурыз - жер бетінде жақсылық орнаған күн. Наурыз мейрамында адамдар әрқашан жаппай көңіл күйді көтерумен жүреді. Барлығы ән айтады, би билейді, ұлттық ойындар ойнайды.   Сондай-ақ, ақындар айтысы Наурыз мейрамында ұйымдастырылып, ақындар  өз шеберліктерін ортаға салады. Бата  қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады. Ұлыстың ұлы күні үлкен кісілер бата береді. Наурызда жиі берілетін баталардың бірі:

Ұлысың оң болсын,                                           

Ақ мол болсын.                                                  

Қайда барса жол болсын!                                     

Ұлыс бақты болсын,                                             

Төрт түлік ақты болсын!                                    

Ұлыс береке берсін,

Бәле - жала жерге енсін!

Наурыз - Жер бетіндегі барлық адамдардың және табиғаттың бірлігінің мерекесі, үйлесімділік, жарық пен мейірімділік мерекесі!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Тарих, археология және этнология факультеті        
Тарих мамандығының 2-курс магистранты  Тасилова Айкена      
Жетекшісі: PhD, доцент м.а Байдавлетова Мадина


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз