Быдық — қоңыр аю Аршагүл апайдың кенжесі. Өзі ширақ әрі пысық. Соңғы кездері сөздерді ұйқастырып, өлең шығаратын әдет тауып алды. Бүгін де осы жайлы ойланып келе жатқан. Кенет алдыңғы жақтан, қалың шіліктің қалқасынан лақтың маңыраған жалынышты даусы, кіжіңдеген әлдекімдердің үні естілгендей болды.
Быдық сақтана басып, майда талдардың арасынан өтті. Жапырақты бұтаны ысыра бергенде алаңқайдан теңбілді елік лағын, оны ортаға алып, қоршап тұрған бес бөлтірікті көзі шалды.
Тістерін ақситып анталағандардан сытылып кеткісі келген лақ олай да, былай да жанталаса ұмтылады. Бірақ аналар оған мұрша берер емес, жақындағандары кеудесімен қағып, жалпасынан түсіреді де желкесінен, сауырынан қарпыған сыңай танытады. Әзірге жаралана қоймаған сияқты. Алайда әбден діңкесі қатып шаршаған, шалдыққан тәрізді. Бір кезде жата қалды да орнынан қозғалмай қойды.
— Тұр! Әйтпесе мойныңды бұрап жұлып аламын, — деді бөлтіріктер арасындағы біреуі әкіреңдеп. — Жаныңды жаһаннамға жібермесін десең қимылда.
— Үрейі ұшып кеткен, аяқтарының қалтырауын қарашы.
— Көзін жұмып алыпты.
— Енді мұны бөлшектеп жұта салудан басқа жол жоқ, — деп алғашқы бөлтірік аузын аша бергенде ағаш арасынан Быдық шыға келді.
Бейтаныс мақұлықты көрген бөлтіріктер аңтарылып тұрып қалды. Сәлден соң ес жиғандай болған біреуі:
— Сен кімсің? — деді тұтыға тіл қатып.
— Мен қонжықпын...
— Адасып жүрсің бе?
— Жоға. Сендерді көріп бұрылдым.
— Соншалық біздің неміз ұнап қалды? — деді бөлтіріктердің басшысы сияқты болып көрінгені ернін жалап қойып.
— Шынын айтқанда, жұдырықтай лақты соншалықты қинағандарың, қорлағандарың жаныма батып кетті.
— Солай де. — Быдықты бір айналып шыққан бастапқы бөлтірік қарсыласының қауіп төндіре алмайтынына, бесеумен белдесуге жарамайтынына көзі жеткендей болды. Әрі босбелбеу, ынжықтау екендігі аңғарылды. Ол енді сөздің турасына көшті. — Біз әркімнің өз жолымен, өз жөнімен жүріп, шамасы келетін іспен айналысқанын құп көреміз. Міне, сондықтан шаруамызға араласпай тайып тұр!
— Мынау өзін қонжықпын дейді, түріне қарасам борсықтың күшігінен аумайды. — Екіншісі сықылықтап тұрып күліп алды.
— Бұл борсық та емес, аю да емес, қайдан шыққаны белгісіз домаланған бірдеңе сияқты, — деді сойдиған тістерін көрсетіп, есінеген тағы бірі.
Бастапқыда байсалды қалып танытқан Быдық мыналардың мазақтауына шыдамай, біртіндеп ашуы қоза бастады. Бұлар кімдер, бар-жоғы бөлтіріктер. Сөздеріне қарағанда бейбіт келісімге келудің мүмкіндігі жоқтай сезілді.
— Көздеріңді ашып қараңдар, мені аю емес деп кім айтады, а! — Быдық қос жұдырығын түйіп, айбарланған сыңай байқатты.
— Кім болсаң ол бол, бізге бәрібір. Бірақ мына жарық дүниені көре бастағаныңа қанша уақыт өтті? — Манадан бері пысықтық танытып тұрған бөлтірік мұның құлағынан шертіп қалды.
— Үш ай...
— Мен үш күн болған екен десем...
Кемсітуге бұдан әрі төзе алмаған Быдық тырнақты жұдырықпен бесеуін бес жаққа ұшырып жіберіп, елік лағын қолтығына қысқан күйі:
— Тілдеріңді қалай болса солай безей берсеңдер, бұдан да асқан сорақыға тап боласыңдар. О,кэй? — деп қойды өзі білетін ағылшыншасын қосып.
Біраз ұзап шыққасын лақты жерге түсіріп, оған алғашқы сұрағын қойды.
— Бұлардың қолына қалай түсіп жүрсің?
— Серуендеуге шыққанмын. Қоршап алды.
— Қасқыр бөлтіріктерін аң аулауға үйрету үшін қозы, лақты тірідей әкеледі деуші еді. Мен сондайлардың бірі ме деп ойлап қалдым.
— Рақмет сізге, — деді лақ жаутаңдай қарап, — мүмкін сіз болмағанда мені жеп қоюлары да ғажап емес еді.
— Орманның аты — орман. Мұның ішінде небір қанқұйлы жыртқыштар бар. Сондықтан абайлап жүріп, абайлап тұру керек. Бұдан былай мұндай аңғалдық жасауға болмайды, осыны мықтап ұғып ал. Жарайды, өрісіңді, енеңді таба аласың ба?
— Әне, ана төбенің ар жағында шешем бар. Енді адаспаймын, — лақ алғысын қайта-қайта жаудырып, зымырай жөнелді.
Көктемде, жаздың ақ жауынды күндері бусанып, буырқанып таси ағатын бұл өзен қазір жұп-жуас, моп-момақан. Арнасындағы таяз су тізеден аса қоймайды. Бергі бетте көлеңкелей қоятын жайлы орын табылмағасын Быдық арғы жағалауға өтті. Мұнда етегін тасқын шайып әкеткен биіктігі жиырма метрге жуық жар бар. Соның көлеңкесінде жатып, еркін демалуға, тіпті ұйықтап алуға болады.
Ол кезінде жоғарыдан құлап түскен, шөбі әлі қурай қоймаған шымдауыттың үстінде жамбастаған күйі қалғып кетті. Түсіне бауырлары, шешесінің әлденеге реніш білдіріп жатқаны кірді. Баяғы қаңғыбастығын кінәлайтын сияқты. Мұның бәрі дұрыс-ау, бірақ айналадағы болып жатқан құбылыстарды, орманды, тауды көріп, кейде бұталар арасында ойға шомып отырғысы келетінін, осы үлкендер неге түсінбейді екен? Бейне өздері бала болып көрмегендей, ылғи тежеу салады да отырады...
Быдық әлденеге елең етіп, көзін ашып алды. Бір түрлі күңгірлеген жат дыбыс естілетін тәрізді. Ол дұрыстап жайғасты да айналасына мұқият көз жіберді. Қауіптенердей, секем аларлықтай ештеңе байқала қоймады. Сәл тыныштықтан кейін әлгі дыбыс қайталанғандай болды, шамасы жар жақтан естілетін сияқты, тағы да тінте қарап шықты, жып-жылмағай, күдіктенердей ештеңенің белгісі жоқ.
Үлкендердің: «Жын, пері болады. Олар да өзіміз тәрізді сөйлеп, аңқауларды арандатып, пәлеге ұшыратуы мүмкін», — дегендерін талай рет естіген, алайда оған жөндеп мән беріп көрмепті. Сол ойына түсіп, орнынан қарғып тұрды. Мәнін түсініп болмайтын күңгірлеген дауыс әлі естіліп жатты. Байқауынша, дыбыс жардың етегі, орта тұсынан емес, жоғарғы жағынан шығатын сияқты.
«Құдай қолдаса, менің бұл балам жаужүрек, нағыз батыр болып өседі», — деп шешесі үнемі көршілерге мақтап отыратын. Сол дем берді ме, әйтеуір Быдық бұрынғыдан гөрі батылдана түсті. Көңіліндегі күдікті толық ысырып тастамаса да белгісіз құпияның сырын ашқысы келіп кетті.
Әлдекімнің үні үстіңгі жақтан естілгені айқын. Ендеше алдымен сол тұсты барлап, байқап алғанды жөн санады. Жарды жағалап, жоғарыға шығуға мүмкіндік беретін тұсты тапты. Тырмысып жүріп биікке көтерілді. Аздап демалған соң өзіне таныс маңайға барды. Жардың опырылып кетпейтіндей жеріне жайғасып, төменгі жаққа көз жіберді. Жауын суының үнемі аға беруінен пайда болған құдық сияқты шұқанақты байқады. Әлгі күңгірлеген дауыс соның ішінен шығып жатқан тәрізді.
— Кімсің? Албастымысың, перімісің? — деді бұл дауысын барынша қатты шығарып. Сонда да үнінен үрей ұшқыны қылаң беріп тұрғандай еді.
Бірдеңе-бірдеңе деді, бірақ түсіне қою өте қиынға соқты.
— Не?
— Қо... қо... — белгісіз жанның үні осылай естілгендей болды.
— Әр дыбысты бөліп-бөліп айтшы.
— Қ... о... н... ж... ы... қ...
— Қонжық па?
— Иә, — бұл сөз анықтау естілді.
— Орташа екпінмен сөйлесеңші. Әйтпесе даусың күңгірлеп кетеді екен, сөзіңді ажырату оңай болмай тұр.
— Жасырынбақ ойнап едік, — деді анау.
— Сонда басқа тығылатын жер таппадың ба?
— Тайып кетіп құладым.
— Аяғың жерге тиіп тұр ма?
— Жоқ. Бөксем қысылып қалды.
— Тырнағыңмен қабырғаны неге ойып жібермейсің.
— Сонда қалай, қолым да, басым да кептеліп тұр ғой, қозғалуға мүмкіндік жоқ.
Быдық қап-қараңғы тесікке қанша үңілгенімен, қонжықтың қай тұста екенін аңғара алмады.
— Шамамен қанша метр тереңдіктесің?
— Білмеймін.
Ол сәл ойланып отырды да, дала шырмауықтарын жинап, ұзын сабақтарын бір-біріне жалғап, ұшына шағын ғана тас байлады. Сонан соң саумалдап тесікке түсіре бастады.
— Тас басыңа немесе қолыңа тигенде айт, жарай ма?
— Мұның не керегі бар, одан да мені шығарып алмайсың ба?
— Қай жерге кептелгеніңді білмей тұрып қалай құтқарамын. Алдымен қай тұсты қазу керек екенін білуім керек емес пе?
— Айтқаның дұрыс, ренжіме, бауырым... Тиді... тиді, қолыма тиді, — деді анау қуанғанын жасыра алмай.
Быдық жіп сияқты шырмауықты шығарып алды да жарды жалата төмен жіберді.
— Бойыңның ұзындығы қанша?
— Оны кім өлшеп көріпті, — деді анау.
Шамасы келгенше бәрін іштей есептеп, жар етегіне түскен Быдық қазатын тұсты белгілеп қойды.
Алғашында тырнағымен шұқылап байқады. Көптен ылғал тимей кеберсіген жар топырағы қатты екен, икемге көне қоймады. Быдық өзен жағасынан сынған жұдырықтай үшкір тас тауып әкелді де сонымен ұрғылай бастады. Бір қарыстай беті алынған жардың арғы жағы жұмсақ сары топырақ болып шықты. Ендігі үңгу соншалық қиындыққа түсе қойған жоқ...
Быдық өз денесі сыятындай мөлшермен көлденең қазылған қуыстың ұзындығы бір жарым метр шамасына жеткенде тырнағы сұғылған тұс мүлде бос сияқты көрінді. Саусағын ары-бері қозғап, ағаш, шөп тамыры тәрізді бірдеңелердің барлығын аңғарды.
— Қытығым келіп кетті ғой, — деді анау күңгірлеген дауыспен.
Тамыр емес, бейтаныс қонжықтың жүніне қолы тигенін ол енді ғана сезгендей болды.
— Шыда, аз қалды. — Быдық бос топырақты ары қарай итеріп түсіре бастады. Денесі тесікке кептеліп, жарық сәуленің еркін түсуіне бөгет жасады. Бірақ ол бұған қараған жоқ, ары қарай қазып, үңгірді кеңіте берді. Ақыры қуыс тұтқыны болған бейшараны әрең шығарып алды.
Өзі тәрізді қоңыр түсті екен, әжептәуір азып кетіпті. Быдық жинап әкеліп берген бақбақтың жапырағы мен сабағын қоса ашқарақтана жеп жатты.
— Аш қарынға тойғанша қоректенуге болмайды, зияны тиеді, —
шешесінен естіген ақылын айтып, сабырға шақырды. — Мұнда жатқаныңа көп болды ма?
— Бүгін төртінші күн.
— Оны қалай білдің?
— Қараңғылық қоюланса — түн, жарық түссе күн деп есептедім.
— Басың төмен қарап құламағаныңа, жаңбыр жаумағанына шүкіршілік ет. Әйтпесе шаруаң баяғыда-ақ бітер еді.
— Сен кезікпесең бәрібір құритын едім. Батыл әрі ақылды екенсің, қайткенде де құтқарудың жолын таптың ғой.
— Егер сенің орныңда мен болсам не істер едің?
Жаңа таныс кәдімгідей ойланып қалды. Біраздан кейін ғана төмен қарап отырып:
— Сайтан ба, албасты ма, бәлесінен аулақ деп безіп кетуім мүмкін еді.
— Әр нәрсенің негізіне көзіңді жеткізбей тұрып, шолақ шешімге келуге болмайды, — деді көрші Әупілдек атайдың айтқанын есіне түсіріп, — ондай шешім қашанда опық жегізеді. Үйің қайда?
— Тоғайда.
— Жүр, ендеше үйіңе жеткізіп салайын. Айтпақшы, атың кім?
— Сыдық.
— Мені Быдық деп атайды.
Айналасы кірпішпен қоршалған кең аулаға келіп кіргенде доп қуып жүрген екі қонжық, күбі жуып жатқан ересек аю көзге шалынды. Үй әдемі екен, ұқыпты қолдан шыққаны байқалады.
Қонжықтар бұларды көріп аңтарылып тұрып қалды. Тек сәлден кейін ағалап келіп Сыдықты құшақтай алысты. Дабыраны құлағы шалып, жалт бұрылған ересегі көзін қайта-қайта уқалап, орнынан қозғалуға шамасы келмегендей теңселіп кетті.
Бауырларының қоршауынан әрең сытылып шыққан Сыдық жүгіріп келіп оны құшақтап алды. Енді ғана есін жинап үлгерді ме, әйтеуір:
— Балам-ау, бармысың, тірімісің?! — деген дауыс естілді. Ұлының әр жерін сипап көріп жатқанға ұқсады.
Ересек аю — Сыдықтың шешесі, қонжықтар бауырлары екенін Быдық енді аңғарды.
Ешкім арнайы шақыра қоймаса да, жиналған көрші-қолаңдар қарасы барған сайын көбейе түсті. Олардың сөздеріне қарағанда, аяқ астынан жоғалып кеткен Сыдықты үш күн бойы тынымсыз іздеген, таппаған соң өлдіге санап қойған екен.
Абыр-дабыр басылып, жиналғандар тынышталған соң Сыдық басынан өткен жағдайды тәптіштеп тұрып әңгімелеп берді.
— Сіздер мені іздеп жүргендеріңізді білген жоқпын, мүмкін ол кезде есімнен танып қалған шығармын. Қалай дегенмен де мына баланың арқасында аман қалдым, — деді Быдықты көрсетіп.
Көпшілік оның батылдығына, тапқырлығына риза болып гуілдесіп кетті.
— Шешем мені мұндай жақсы көреді деп өмірі ойлаған жоқ едім. Енді оны ешқашанда жалғыз қалдырмаймын, — деді Сыдық Быдықтың құлағына сыбырлап.
«Ана деген осындай болады екен ғой, мен де үйге барғасын сөйтемін» деді ол іштей толқып тұрып.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі