Өлең, жыр, ақындар

Лақ пен бұлақ

Ақ ешкінің қардай аппақ Ақ лағы енесімен бірге өрісте жүрген. Ол жанында сылдырай ағып жатқан Бұлаққа келіп, оны кешіп тұрып су ішті.

Таудың ерке Бұлағы Ақ лақтың аяқтары мен тұмсық-танауын қытықтап ойнағандай болды.

Ақ лақ та оны жатырқаған жоқ. Жағада тұрған жүктей тасқа се­кіріп шығып, «мәһ-һә-һәә» деп, Бұлақпен ашық-жарқын әң­гімелесе кетті:

— Ақ бұлақ, сенің суың сондай тәтті, сап-салқын екен. Шөлім қанып, рақаттанып қалдым. Сен мұндай суды қайдан аласың?

— Жақсы лебізіңе рақмет, Ақ лақ. Мен суды кәдімгі бастаулардан аламын, — деді Бұлақ.

— Бастау деген немене ол?

— Бастау деген — біздің басталатын көзіміз, жер асты суының жер бетіне шығып жатқан жері.

— Сонда қалай болды өзі?! Жердің астында да су бар ма?! — деп Лақ таңғала сұрады.

— О-һоо! Бар болғанда қандай! Жер астында құм, тас, саз-бал­шықтармен араласып жатқан сулар ғана емес, үлкен-үлкен көлдер де бар, — деді Бұлақ сылдырап.

— О-һо-һоо! — деп қайран қалды Лақ. — Сонда жер астына сол сулар қайдан келеді?

— Жер астына ол сулар жер бетіндегі сулардан және жерге сіңген жауын-шашын суынан келеді.

— Е-е, солай ма? Айтпақшы, осы жауын-шашын неден жауады өзі?

— Жауын-шашын ба? Ол ана аспандағы бұлттан жауады.

Ақ лақ аспанға қарап тұрып:

— Бұл бұлттар неден пайда болады? — деді.

— Бұлт па, бұлт деген судың булануынан пайда болады.

— Соншама көп бу қайдан шығады?

— Ол өзен-көл, теңіз-мұхит суларынан және құрлық бетіндегі қар-мұз, өсімдік, топырақтардан шығады.

— Олар неден буланады?

— Олар күн сәулесінің қызуынан буланады.

— Ал енді содан пайда болған бұлт алыс жерлер мен тау бастарына қалай барады? — деді Лақ тау жаққа қарап.

— Е-е, олар ондай жерлерге ауа ағысымен де, жел айдап та бара береді.

— Ал енді сол бұлттардан жауын-шашын қалай жауады?

— Бұлттағы су тозаңдары салқын ауамен араласып, су тамшыларына немесе қар кристалдарына айналады. Сөйтіп олар қар, жаңбыр, кейде тіпті бұршақ болып та жерге түседі.

— Ол жауған жауын-шашын суы қайда кетеді?

— Олардың бір бөлігі жер бетіндегі суларға қосылады. Бір бөлігі топырақ, өсімдіктер арқылы қайтадан буға айналады. Енді бір бөлігі жерге сіңіп, жер асты суларына қосылады да, бастау болып жер бетіне шығады. Олардан бұлақ болып мына біздер ағамыз. Міне, солай, — деді бұлақ сылдырап.

— Ойпырмай, Ақ бұлақ, сен мұның бәрін қайдан білесің?! — деп таңғалды Лақ.

— Менің атым Бұлақ болғанымен затым су ғой. Бұл менің өз өмір жолым. Сондықтан да білемін, — деді Бұлақ.

Ақ лақ енді Бұлақтың қайда баратынын, одан кейін не болатынын да сұрамақшы еді. Бірақ оның анадай жерде жайылып жүрген енесі «мә-һә-һә-һәә» деп шақыра қалды.

Содан Ақ лақ:

— Ал, достым, айтқан әңгімеңе рақмет. Саған тағы да келемін. Сау бол! — деп тастан секіріп түсіп, енесіне қарай жүгіре жөнелді.

Бұлақ та өз енесі — өзенге жетуге асығып, өз жолымен шапқылап бара жатты.


Пікірлер (2)

Бекзат

Супер

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз