Өлеңдер Бөлімі

Қазақ-қызымен қазақ

Қазақ қызы -

Қазақтың мақтанышы

Ерлігіне ескерткіш қойылмаған

К.Ахметова

Табиғат сүтін сан ғасыр бойы арда еміп, бұлықсып ерке өскен қазақ халқының «Қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баласының болашағы мен тәлім-тәрбиесіне ерекше мән бергені әлімсақтан аян. Сөз жақсысын келістірген хакім Абай: 

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,

Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,

Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін,-деп өлеңіне өрнек еткен қазақ қызы - иба мен инабатты, сұлу сымбатты бір бойына жинаған  көркем жаратылыс. Қайран, қазақтың қыздары –ай... Осылай деуімнің себебі жоқ емес. Нәубетті тарих көшінің сахнасында қыз мұңлықтың тағдыры талай таразыға түсті.  Қазақ әйелі, қазақ қызы биязы мінезі, ашық көңілі, жоғары парасат-пайымымен халқымыздың даналығын танытқан ұлт айнасы десек асыра айтпағанымыз. Теңіздей терең түсінігі, ділмәр шешендігі, төл дәстүрлеріміздің қаймағын бұзбай сақтаған беріктігімен Құнанбай, Абайдай алыптарды тәрбиелеген Зере, елім деп еміренген батыр Бауыржанды үш жасынан бауырына салған Қызтумас, Шоқандай шоқжұлдызды өсиет әңгіме, ойлы ертегілерімен білімге, адамгершілікке баулып, жетілдірген Айғаным,аналық мейірімі, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаздығымен ұрпағының ұранына айналған Домалақ анадай ел аналары бұл сөзіме дәлел. Қазақ әйелі ұлт мақтаныштары  Томирис, Назым, Айтолқын, Бақты, Ботагөз, Ақбикеш, Айғыз, Мәншүк, Әлия сынды батыр қыздарымызды тәрбиеледі. Олар  ел басына күн туған алмағайып кезеңдерде қолына қару алып жауға да шапты, «Бар ма екен ата-анадан бауыры қатты, баласын әлпештеген малға сатты» деп жаны жараланып, басынан теңдік кеткен өз заманының құрбаны да болды. Әйел теңсіздігін, сол кезеңдердегі заман шындығын, нәзік жандыларымыздың басына түскен тауқыметті улы сия, ащы тілмен астарлай, көркем жеткізбеген жазушы жоқтың қасы еді. Қыз баланың тағдырын байлыққа құныққан әкелер шешіп жатқан заманда Бейімбеттің кербез сұлу, паң Шұғасы дәулетімен емес, сыр-сымбаты, білім парасатымен баураған ғашығы Әбдірахманға қосыла алмай, Айнабай, Күлзипа сынды өзімшілдердің күйігінен дертке шалдығып, арманда кетсе, Сәбиттің сезімтал Сұлушашы «Менде екі жүрек жоқ, бір-ақ жүрек, Не өледі, не саған қосылады» деп өз таңдауы жолында белді бекем буды. Сүйген жанға деген адалдықты дәріптеген бұл шығармада байдың ерке қызы Сұлушаштың- құл мен күңнен туған Алтайға  ғашық болуынан махаббат дейтін құдіреттің мал-дәулетпен, дүниемен өлшенбейтінін тамаша жеткізген. Әттең, тонның келтесі-ай, бұл жолы да бай мен кедей арасындағы тартыс байлардың тепкісі, қос ғашықтың өлімімен аяқталды. «Мен қайран атам малға сатқанына, Бір тазды жалпақ елден тапқанына»,- деп зар жылаған Дулатовтың Бақытсыз Жамалы да теңсіздіктің құрбанына айналды. Асыл жары Ғалиды ауруы меңдеп ажал айдаса, өзі жауыз Жұманның табанында қорлық көріп, «Өлсек- шұқыр бір болсын, шықсақ-төбе, Айрылмалық болса да өлтіретін» деген сертімен саршұнақ аязда адасып жан тапсырды. Махаббат майданында жазықсыз, аяусыз мерт болып, адал сезімдері аңызға айналған Жібек пен Баян, Еңлік пен Мамыр да қалың алып, атастырып қоятын ескі салттың көбесін сөге алмай, кете барды. Ал, Сұлтанмахмұттың жаңа заман тынысымен оқу білімге бет бұрып, сауатымен теңескен Қамардай сұлуы мен Ахметі ескі ұғымды мықтап ұстағандар мен теңдікте өмір сүруге ұмтылған жастардың қызу қырқысына тап болған еді.

Санасыз салт пен малдылардың езінде мұң-шермен күн кешіп, аяғы ажал құшағында кеткен шарасыз қыздар қауымы уақыт өте теңдікке ,бостандыққа, оқу-білімге ұмтыла бастады. Ғабиттің он алты жасар Ұлпаны егде жастағы Есенейге еріксіз ұзатылса да, тағдырына мойынсұнып, кеңжүректігі, даналығымен  Есенейдің абыройын асқақтатып, үлкен-кіші қатар сыйлаған, көсегесі көгерген ел анасына айналды. Қазақ әйелдерінің қайсар мінезі мен шыдамдылығын көрсете білген Жүсіпбектің Ақбілегі болса, азапты күндерді бастан кешсе де, әкесінің суыған көңіліне, қатыгез қоғамның қаһарына мойымай, білім алып, жарқын болашаққа жетті.        Шығармалар желісіне қарап қыз қонақты қанаттыға қақтырмай қадірлеген  халқымыздың қыз сезімімен, жанымен санаспауына сананы тұрмыс билеген, надандықтан көз аша қоймаған заман келбеті де әсер етті ме дерсің.  Әкелердің жас қыздарын бай кісіге ұзатқаны  «қызым дәулетті өмір сүрсін» дегені ме екен? Ескі салтпен сусындаған үлкендердің заман жаңалығына аз уақытта ілесуі оңай болмаған. Қызын қадірлемейтін халықтан «Қыз – өрісті кеңейтеді», «Қыз өссе – елдің көркі», «Қыздың қабағында құт бар» дейтін аталы сөздер шығар ма еді? Заңғар жазушыларымыздың әйел теңдігі тақырыбына ерекше қалам тербеуі– қоғамымызда нәзік жандылардың  өзіне тән рөлі бар екендігін көрсетеді. Қырық шырақты қыздарымыз қай дәуірде болмасын өздерінің батыл болмысымен ұрпаққа үлгі бола білді. Өз тұсындағы замана салтын қайсар мінезімен мойымай көтерген. Жылдар жылжып, бұлбұл үнімен биік сахналарда қазақ әндерін әуелеткен кешегі Майра Уәлиқызы мен Күләш Байсейітова, ақын  Сара Тастанбекқызы мен  Назипа Құлжанова, Алмажан Азаматқызы, қазақ өнеріндегі  Әмина апамыз бен Бикен Римовалар қызды қадірлеген қазақ даласына аймаңдай қазақ қыздарының келбетін танытып, әсем нұрын шашты.             

Жауһар поэзияның падишасы Фариза апамыздың өзі неге тұрады!? Осындай салиқалы, ізгі есімдер тізбектелген қазақ қыздарының тарих тақтасына қарасам, жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Өйткені, ол- менің апаларым! Мен сияқты қазақ қыздарының әпкелері. Осы арулардың атын атағанда,  «Қазақ-қызымен қазақ екен ғой!» деген ой көкейіме оралады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×