Көктем келді. Қыс ызғары қайтып, жердің бауыры жылып, барлық тіршілік иесі қуанышқа бөленгендей. Аққайың ананың да бүр-кұрсақтары шетінен ашылып, жапырақ жаюда. Тек ең кенже бүршік қана асығар емес. Сірә, әлі дүние есігін ашар уақыты келмеген-ау. Бірақ күннен-күнге мол түсіп, жылуы күшейген күн сәулесі қоя ма? Ойнақшып жүріп, кішкентай бүршікті қытықтап, бүр-құрсақты жарып шықпасына қоймады. Еріне басын көтерген Жапырақ мына кең дүниенің сұлулығын көріп, қалай жайылып кеткенін сезбей қалды. Қандай әдемі еді, табиғат! Көк аспан ше?! Тап-таза, тұп-тұнық! Жапырақ жан-жағына көзі тоймай қараумен болды. Құстардың сайраған үніне құлақ түрді. Өз бауырларымен Аққайың ананың көркін толтырып, самал желмен тербеле бақытты бір күй кешті. Жаз бойы кейде ақ жауынға малынып, кейде аптап ыстыққа ұрынса да, ол мына мына өмірдің қызығына тоймады. Осылай жайқалып тұра беретініне кәміл сенді. Бірақ, бір күні күн суыта бастады. Жапырақ бұрынғыдай емес, күннің жылуын аз сезіне бастады. Жауын жауғаннан кейін, біртүрлі бойы мұздайтындай. Бауырлары да, көрші тал-теректердің жапырақтары да сары, қоңыр, қызыл түске боялып, бұрынғы жап-жасыл әлем көз алдында жоғалып барады. Аспанды жиі бұлт торлайтын болды. Аққайың анадан табиғаттың тосын өзгерісі жайлы сұрап еді, ол:
— Балапаным, бұл табиғаттың заңы... — деп қысқа ғана жауап берді.
Жапырақ жерге сауылдап төгіліп жатқан басқа жапырақтарды көрген сайын көңілі құлазып кетеді. Әсіресе күздің суық желі соққан күні, ағаштар қатты жұтаң тартып қалады. Осының бәрі көз алдында өтіп жатқан Жапырақ та бір күні үзіліп түсер сәті келерін іштей сезіп, жылағысы келіп кетті. Жазды сағынды.
Бүгінгі соққан жел ерекше күшті болды. Кейбір ағаштар соңғы санаулы жапырақтарынан айырылып, жалаңаш күйге түсті. Жапырақ та Аққайың анадан айырылғысы келмей қанша тырысса да, долы жел оны қаңбақ құрлы көрмей жұлып алды. Көзін тарс жұмып алып, ұйытқыған желмен айнала құлдилап келе жатқан Жапырақ, кенет өзі ойлаған суық жерге емес, жып-жылы бүлдірішін алақанға келіп түсті.
— Апа, апа! Қараңызшы, қандай әдемі жапырақ. Сап-сары алтын сияқты! — деген кішкентай қыз баланың даусынан көзін ашып қалды. Бұл бірінші сыныпқа жаңа аяқ басқан Кәусар болатын. Апайы күзгі жапырақтарды жинап, дәптер арасына салып, кептіріп келуді тапсырған еді. Анасы екеуі сол тапсырманы орындауға бірге шығып, әр түрлі жапырақтар жинап жүрген.
Кепкен жапырақтардан жасалған «Күзгі дала» жапсырмасы Кәусардың апайына ұнағаны сонша, оны көрмеге іліп қойды. Барлығы оған қызыға көз тастайды. Әсіресе, дәл ортасында тұрған Аққайыңның алтындай сары Жапырағы ерекше. Ол жан-жағына қаумалаған кішкентай оқушы ұл-қыздарға қуана қарап тұрды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі