Өлең, жыр, ақындар

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина жасау қалай жүріп жатыр

Ұлттық биотехнология орталығы генетикалық инженерия зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Александр Шустов COVID-19-ға қарсы вакцина жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Ұлттық биотехнология орталығы — COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина жасаудың болашақ мемлекеттік бағдарламасын орындаушылардың бірі. Бұл бағдарламаны екі ұйым — Ұлттық биотехнология орталығы және Отар қаласындағы Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми зерттеу институты іске асыруда. Екі институт та мамандандырылған биологиялық зерттеу ұйымдары болып саналады. Біздің әріптестер вакцина жасау жұмыстарымен бұрыннан айналысады, олар бастапқыдан осы бағытта маманданған», — дейді Александр Шустов.

Оның айтуынша, Ұлттық биотехнология орталығында көптеген жұмыстар атқарылды.

«Мұндай жұмыс істеу үшін технологиялық базамыз дамыған. Мен генетикалық инженерия зертханасын басқарамын, бұл осы бағдарламаның ең негізгі қатысушыларының бірі. Орталықтың барлық зертханасы өзінің құзіреттілігі аясында бағдарламаны жүзеге асыру үшін белгілі бір деңгейде атсалысады. Мен алған білімім бойынша вирусологпын, сондықтан бастапқыдан вирустарды зерттеумен айналысамын. Вирусология мен биотехнология жөніндегі «Вектор» мемлекеттік ғылыми орталығында ұзақ уақыт бойы әртүрлі лауазымда қызмет атқардым. Бұл COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина ойлап табатын ресейлік негізгі өндірушілердің бірі. Одан кейін мен АҚШ-қа көшіп, ол жақта да вирустарға қарсы вакцина жасаумен айналыстым. Ол жақта мен коронавирусқа қатысы жоқ вирустармен айналыстым», — дейді ғалым.

Ол Қазақстанға келгеннен кейін әріптестерімен бірге Ұлттық биотехнологиялық орталықта технологиялық базаны және вирустарды зерттеу жұмыстарын дамытуға күш салған.

«Біз алдымен гендік инженерлік базаны құрдық. Ондағы мақсат — вирустарды зерттеуге қатысты міндеттерді орындауға, соның ішінде вакцина жасау үшін қолдануға болатын генетикалық жүйелерді құру болатын. Коронавирусқа қатысты жұмыс туралы айтар болсам, біз дәл осы нысанмен жұмыс істейтініміз туралы жоспарламаған едік. Коронавирус пандемиясы бәрі үшін, соның ішінде біз үшін де тосынсый болды. Шынын айтқанда, бізде коронавируспен жұмыс істеу тәжірибесі жоқ. Бұндай тәжірибе Қазақстан бойынша ешкімде жоқ деп ойлаймын. Біз бұл міндеттен қорықпаймыз. Осыған байланысты мәселелерге қатысты өзімізді сенімді сезінеміз.

Біздің орталықтағы гендік инженерия қазір вакцина жасау үшін генетикалық түрлендірілген конструкцияларды құру үшін қажет барлық мәселелерді шеше алады. Әрине, бұл ұзақ және көп кезеңдік жол. Қазіргі уақытта жауапты жоспарды іске асыру үшін үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр» — дейді ол.

Ол бұл зерттеу жұмысы ұзаққа созылатынын, сондықтан оған қатысты нақты мәлімет айтуға ерте екенін айтты.

«Бағдарлама аясында әртүрлі платформада төрт түрлі вакцина жасау жоспарлануда. Орталықтың міндеті — екі вакцина шығару: оның бірі — тірі векторлы вакцина, екіншісі — рекомбинатты суббірлескен вакцина. Бұл препараттар әртүрлі технологиямен дайындалады. Оның қайсысының әсері мол болатыны туралы айтуға ерте. Қайсысының әсері жақсы болатыны анықталған соң ары қарай қай препаратты алға жылжытатынымыз туралы белгілі болады. Бұл бағдарламаның соңғы нәтижесін жануарларға жасалған сынақ көрсетеді. Одан кейін вакцинаны адамдарға салу арқылы сынап көреміз», — дейді ғалым.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Аружан

Карана вирус кетсiнн

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар