Өлең, жыр, ақындар

Түбіркүлөз

Қиянгүл тағы да теріс қарап, тас бүркеніп жатып алды.

Қыбырай тісін шықырлатып, іштен тынды. Шықшытын ауырсынып, аунап түсті. Әтілес көрпенің сусылынан суылдаған жүрегіне басу айта алмай, басын қасыды. Қос самайын қос қолдай уқалады. Қиянгүлдің қылықтары бадырайып білінген сайын шүйдесі шыңылдап, жарғағы шытынап қоя беретін бәле тапты. Бала-шаға, келін-кепшікке дейін шекара ұстап, шек қойыса бастағандай ма, қалай осы? Деп те қауіптенеді кей-кейде.

Кірпік шіркін түрпіленіп, тікенекке айналып алғандай, көздерінің төңірегі тітіркене ашыды. Ұйықтай алмасын сезінсе-дағы, қайта-қайта дөңбекшіп, талай уақытты қаза қылды. Бәрібір, болмады. Төсектен түрегеліп, киініп, түкпіргі есікті ақырын ғана ашып, ортаңғы үлкендеу бөлмеге, одан дәлізге шықты. Ауыл-аймақ бойынша электр жарығының жанбағанына жылға жуықтаған. Не нәрсені де қараңғыда қарманып іздеп, түртінектеп табуға үйреніп кеткелі қашан. Қазір де азиат кебістің үлкенін қарауытқан қалжасынан тез таныды. Үйдегілер өзі түгілім, аяқ киіміне дейін бөлектеуге беттеген бе, сүйір тұмсықтау сорлысы һәм ақжемденен алаша төсеніштің арғы жағына шығандай шеттеп кетіпті.

Тыстың ауасынан тыныс кеңейіп, демі жеңілдеп, даланың дабысынан алтын күректің таныс сарынын сезді. Жеңілдеу желеміктің жұқалтаң лебі жаңа ғана мың-дыңы шыққан бақыр басын бірден жазып жібермесе-дағы, пәркін ашып, көркін оралтқысы келгендей. Көктемнің тазарыңқы дәмі таңдайын жібітіп, маңдайын жіпсітті.

Бадамсайдың бас жағындағы перменің үй-жайлары мен қора-қопсылары қарауытып барып, қайта ағараңдады. Жаңағы, шеттеңкіреп көрінген кебістері секілденді. Қыбырайдың көңілі босады. Кешенді перме қалашығының қалдығына қадала тесіліп, ұзақ қарады. Тамағын өксік буып: «Оһ-у-о-о-у, қарағым-ай... Қырға шығып пермеге қара-а-а-дым-ай, а-а-ай!» деп ыңылдады.

Шеткі қорадағы түбіркүлөз деп табылған жетпіс шақты тана-торпақтан өзге түк қалмаған-ды.

Калинин атындағы ұжымшар табан астынан тарап кеткен жоқ-ты. Кезінде атақ-даңқы айдай әлемнің жартысына жайылған, шалқыған шаруашылық еді. Әсіресе, мына кешенді пермесін айтсаңызшы. Қыбырайдың қып-қызыл, сәл-пәл томпақтау тілі «фермаға» келмейді емес. Сонда-дағы «перме» жанына жақынырақ. Осы сөз сүйегіне сіңіп кеткен. Осы Мы-Ты-Пының, яки тауарлы-сүт пермесінің арқасында Калинин атындағы ұжымшар Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің алтын алқасын таққан. Несін айтасыз, небір өркениетті елдеріңіздің өкілдері келіп, аудандық ауруханадан әлдеқайда таза ұсталатын сиыр қораларға аппақ-аппақ желеңдер жамылып қана кіруші еді-ау. Тізіліп қана. Тәртіппен ғана. Сегіз жүзден аса асыл тұқымды, ақ бас, қара ала сауын сиыр, сексеннен аса бұқа, тағысын-тағылар...

Қыбырай перме жаққа одан бетер сүзілді. Кешіккен көктемнің түнгі аспанындағы қарақошқылдау, бұйра бұлттар қаншама қою болғанымен, арғы жағындағы айдың жарығын жасыра алмады. Перме анығырақ көріне бастады. Анығырақ көрінгені құрып-ақ кетсін-ай, ақ шипырлары мен қызыл түнікелерін аршып алып кеткен соң, аждаһа аралап өткендей, төбелері тіпті оңбай қалады екен. Құдды баяғы Құдықсайға сүйрелеп апарып тастайтын өлексе өгіздердің қабырғаларындай ырсиған, сойдақ-сойдақ сұрқы үрей шақырады. Әне, анау асыл тұқымды, ақ бас, қара ала сиырлар тұратын ұзын-ұзын үш қора; көлденең көлбеңдеген келіншектей көрінетіні — сүт жинайтын сұлуша ақ үй; сол жағындағы — буын-буынға бөлінетін бұзауханалар, оң жағындағы — бұқалар мекені; беткей жағында сауыншылар мен бақташылар үйі, ортасында перме бастық пен мамандар отыратын кеңсехана. Қайран қызыл мүйіс тізілген теректердің арасындатұғын.

Енді бәрі де ортақ өгіздің өлексесіндей. Тек түбіркүлөз деп табылған табын ғана бір шетте қамаулы тұрыпты.

Бұлттың бір бүйірі сөгіліп, сүт сәуле жер бетіне сәл молырақ төгілді. Кенет Бадамсайдың ойпаңындағы перме мен ауыл ортасындағы Қыбырайдың қара шаңырағы арасынан ала бір арқан көрінгендей болды. Ала жіп дей ме, ала арқан дей ме, әуеде ілініп, екі аралыққа керіле кеткені. Қыбырайыңыздың жон арқасы шымырлап, теңселіп кетіп, құлаңқырай жаздады. Қыстайғы қар мен жаңбырдан мезілене езілген шөкімдей шөпке шынтағын тіреп, қайта түзелді. Перменің үй-жайлары жақтан әлдекімдер ала арқанның бір ұшын ұстап алып, есуге кіріскендей ме, тартқылай тұқыртып, кесуге кіріскендей ме, әлгі өзінің үйіне дейін созылған жіп жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр қимылға көшіп, ширатылып жатыр. Қыбырай қақсап, кеміріп жеп қоя жаздайтын тізе тұстарын уыстай ұстап көрді. Шыңыл қаққан шүйдесін бармағының басымен нұқып-нұқып, жарғақ құлағын шымшып-шымшып байқаса, есі-басы бүп-бүтін сыңайлы. Елегізіп, ертерек үйіне кіріп-ақ кеткісі келіп бір оқталды да, Қиянгүлдің теріс қарап, тас бүркенгені елестеп, қолын қатты бір сілкіп қалды. Қолын сілкігені сол екен, әлдене жарқ-жұрқ етіп, әлдебір түсініксіз, жұмбақтау дыбыстар Бадамсай бойын қуалап жөнелді. Ескі домбырасының ең төменгі пернесінен шилыға шығатын шіңкілдек үннен аумас. Ала жіпке қараса, әуелгісіндей әуеде аунап, әлі де шилыға, ширатыла есіліп тұрыпты.

Қыбырай қайтадан өзін-өзі тереңірек тексермекке бекініп, ғұмырбаянына ғылыми-практикалық талдау жасауға керек-дүр деп шешті.

Қырық бір жыл бойы перменің бақташысы болып, алпыс жасқа толғанын қызыл мүйісте, салтанатты жағдайда атап өткен соң, күзетшілікке ауыстырылған. Оған да, мінекиіңіз, жетінші көктем жетіп кеп қапты. Бүкіл өмірі бақташылық пен күзетшіліктен ғана құралған Қыбырай Байшымырұлы осы ғасырдың отызыншы жылы, наурыз айында осы күнгі мұстақыл (тәуелсіз) Өзбекстан Республикасының Қыбырай тұманындағы (ауданындағы) Иірқастың іргесінде, Қарасудың бойындағы қараша үйдің бастырмасында туған екен. Ныспысының Қыбырай аталуы осыдан. Бір мүшелге жеткенге дейін сол өлкедегі Анайдың айналасында, Қарабастың қапталдары мен Бұзғұн-Бураның баурай беткейлерінде жүріпті. Обалы нешік, хан жайлаған Қаратау мен би жайлаған Алатаудың түйіскен тұсынан қудаланып, жер аударылып барған Байшымыр байды Қыбырай жұрты жатырқамаған деседі. Мұны әкесі әбден айтып, құлағына құйып, құйқасына сіңіріп кетті. Сонда-дағы бақилық боларында: «Бұл жақты да біздің ата-бабаларымыз мекен еткен, бірақ... Кім біліпті. Түптің түбінде туған елге ораларсыңдар, Бадамсайдың бойына қайта қонарсыңдар, бәлкім, балам...» — деген. Әке сүйегінің Иірқас иініндегі ескі қорымға, бұрынғы, атышулы ата-бабалары жатқан мейірімді мәртөбе түбіне қойылғаны есінде. Жалғыз әкпесі сол жылдың соңына таман өзбектерге ұзатылып еді, ойпырмай, оншақты күн өтер-өтпесте өзгешеленіп, жүріс-тұрысы, жымиыс-күлісі, иіліс-бүгілісі түп-түгел өзгеріп, әтілеспен әдіптеліп шыға келді. Жібі ширап, тіні пысып, ділі сергектенгеніне шешесі сорлы шектен тыс риза секілді, бірақ көп күрсінетіні несі. Дейтіндейтұғын сонда бұл.

Қырық екінші жылы Қыбырай қатқылында аласапыран басталды емес пе?! Алыста жүріп жатқан алапат соғыстан емес, Аққабақ әулиенің кесенесін қиратып, бұрынғы байлардың тұқымын тұздай құртпаққа бекінген белсенділердің бәлесінен еді. Бұзғұнға бастық болған құзғын қазақ әулекіленіп әлек салған. Салды кетті қырғынды. Күйгенде өзіңнен күйесің. Қыбырай шешесімен бірге тентіреп, Ташкентке тартты. Әркім-әркімге жалданып жүріп, жалғанның жарық күнінде жалғыз жапырақ нанды әзер тауып, іңірде ілдәлдалап жүрек жалғайтын. Әркім-әркімнен сұрап жүріп, біліп, тауып алған Қарлығаш әулие – Төле бидің басында түнейтін-ді. Алғаш қорқатын, алайда, бірсін-бірсін күмбезден қамқор, аспаннан абзал әлем жоқ екеніне имандарымен иланысқан. Күзге қарата шешесі екеуі шойын жолдың шалонына ілігіп, Түркібасы бекетін бетке ала діттеп, туған жерге тартты. Емешегі езіліп, аңсағандайын ағайын көрінбеген. Байшымыр байдан тартып алып, талан-таражға салған малдың тамтығы қалмаған. Алты жүздей жылқының тұқымынан тұлдыр жоқ Калинин намын алған артель белсенділерінің астындағы жауырын ауырсынған жаман жабылар мен жамбас сүйектері шодырайып, омыртқалары опырайған ортақ өгіздер ғана.

Бірер жылдан соң шешесінен де айырылды. Анасының көзі тірісіндегі көрген күні ұжмақ екен. Тағы да бірер жыл өтер-өтпесте қара жұмыстан қажалған Қыбырай, санасынан сызғыра соққан өкпектен өлеусіреген Қыбырай, Байшымыр байдың баласы тексізденіп-таусылып, біржолата бақыр басты бақташыға айналып кеткен. Рахмет, айналайын сәбет өкіметі Бадамсай бойынан әлемге әйгілі кешенді перме салып, Калинин шалдың да, қазақтың да абыройын асырды ғой...

Қыбырай қысқаша ғұмырбаянын күбірлеп айтып алып, мына тұрысы түсі емес, өңі екендігін, өзінің әлі соншалықты санасына сызаттар түсіп, есінен адасып, жадынан жаңылыса қоймағанын бүкіл Бадамсай бойына, қираған пермеге, аспан асты, жер үстіне алабөтен асыла қалған ала жіпке дәлелдеп бақты. Әкесі Байшымыр марқұм Өзбекстанның атышулы аймағында, Қыбырай дейтін жерінде жатыр. Әтілес көйлекпен көмкеріліп ол жақта кап кеткен әкпесі тырс етіп хат-хабарын білдірмеді, бұл жақтағы бақташы інісі іздемеді. Кей-кейде, Бадамсайдың қияларында қиялданып отырған шақтарында, сол жаққа бір барып, Иірқастың иініндегі батыр бабалар қорымында жатқан әкесіне құран оқытып, бет сипап, Аққабақ әулие кесенесінің орнына зиярат жасап, Анайды айналып, Бозсуға шомылып, Қарасуды кешіп, Бұзғұн-Бураға көз тойғызып, балалық шақтан елес боп қалған суреттерге бір тоғайып қайтпаққа оқталатын-ды. Тіпті тереңірек тебіренетін сәттерінде перзенттік парызы қозып кетіп, әкесінің асыл сүйегін әкеліп, Бадамсайдың беткейіндегі Білге қаған ұрпағы саналатын Түркібасы мазаратына қоспаққа бейілденіп, қаны қызатын. Қу тірлік қайдан босатсын, мұның әкесі кімнің шікірәсі, соншалықты?! Жүздеген, мындаған байдың бірі ғана шығар. Мұстақылдық мұратындай Мұстафа Шоқай қайда жатыр? Әкесінің әңгімесінен құлағында қалған, түртінектеп оқитын. Кенесары ханның басы һәм ту-у-у Петрамбордың Кунсткамерасындағы құнысқан темір сөренің астындағы текпішекте шегендеулі, құрсаулы дейтін. Қап тауынан шыққан қаһарлы Қажымұрат баһадүрдің басымен қатар жатқан көрінеді, торсық шекелерін түйістіріп, тоз-тозы шығып, бет-беттеріне бытырап кеткен ұрпақтарын қайрағылары келгендей кей-кейде тістерін шықырлатады-мыс.

Мінекиіңіз, байқайсыз-ау, Қыбырайды қаншалықты қатардағы бақташы һәм күзетші деп кемсіте қарағаныңызбен, бұл кісі өз бетінше оқып, түртінектеп жүріп-ақ осы күнгі бірден бес-алты академияның академигі саналатындардың санын соқтырып кетуі де бек бәлкім. Бұл жетістіктері үшін Калинин намындағы ұжымшардың кешенді пермесіндегі қызыл мүйістің сөре-сөре кітаптары мен қат-қабат газет-журналдарына мың да бір рахмет айтады.

Қыбырай қаншама қамырықты, қамығыңқы күй кешкенімен, мына түнгі құбылысты түсінбестей түйсіксіз емес-ті. Алайда, адам мен ғалам арасындағы жыпырлаған жіптердің, триллион талшықтың тап біреуі, алаштарша айтқанда, ала жібі түп-тура өзінің қара шаңырағы, қора-қотаны арқылы өтер-ау деп ойлай қоймаған. Қыбырай Байшымырұлы ділінің таты жуылып, татымы артқанын аңдады. Жаратқанға жалбарынып, білгенін күбірлеп, беті-жүзін сипады. Аспан шеті, жер жиегі қиылысып, беттесетін Бадамсай биігі тұсынан Білге қаған ұрпағы Байшымыр байдың өткір жанары қадала бір қарап өткендей көрінді. Қыбырай өз жаратылысының һәм қақ жарылып, ала жіпке ұқсағанын ұғынды. Ала жіп ширатылуынан танбады. Шексіз бұрап, көп қинаған соң оңа ма, сірә? Бірте-бірте керме жіптің әр тұсынан шилыққан шіңкілдер жиілеп, түте-түтесі шықпақка кетті. Алдымен ала жіптің ак бөлігі ірігендей, іртік-іртік айрандайын ағып-ағып сорғалады. Сосын сұрқайлана сұлбаланған қара өзекке жетті кезек. Арқаныңыздың қарақошқыл бөлігі жиырыла жидіп жоғалғанда, былтыр ғана Боткин ауруы асқынып кетіп, бауырын іріте құсып барып қайтыс болған, өлерінде қатты қиналып, азапқа түскен перменің бастығы көз алдына келді. Ала арқаныңыз сөйте-сөйте сетіней шетінеп, біржолата көзден ғайыптанғанда, алабұртқан ауылы Аққұзар асып, қираған перме қалашығы Бадамсай басып, безіп жөнелетіндей-ақ зәресі ұшты. Басы зеңіп, көз алды тұманыта тылсым тартты. Шөптің үйіндісіне сүйенген күйі көзін тарс жұмды.

Сәлден соң қайта ашып еді, жапалақтаған қарды көрді. Көк тебіндеп, шырыш жапырақ шығарғанда жауатын ақырғы аппақ қар. Қыбырай қунап сала берді сол бір сәт. Осындайда ерте тұрып, пермеге бара жататын. Қайран кешенді перменің ақ шағаладай үйлеріне ақ желең киген қыз-келіншектер кіріп-шығып, шығып-кіріп жүрер еді-ау. Солармен араласып кетіп, күннің қалай өткенін, кештің қалай батқанын аңғара да бермес-ті.

* * *

Перменің асыл тұқымды сиырлары күйіс қайыруға кіріскенде, аудан жақтан насихатшылар мен үгітшілер келетін. Қызыл мүйісте кейде саяси сабақ, кейде экономикалық сабақ өтілетін. Оған негізінен партия ұйымының, кәсіподақтың төменгі буындарының өкілдері, мал мамандары, перме бастығы қатысатын. Бақташылардың бірқатары да тізімге тіркелген. Сұрқай тағдырдың сумаң желі сан жылдар тынбастан сызғырласа-дағы сана түкпірінде сәуе қоламтасы қалған екен-дағы. Насихатшылар мен үгітшілер қаншама қайсар қайрат жұмсап-ақ бағады-ау, бірақ мұның құлағына олардың сөзі оншалықты кіріңкіремейді. Оның орнына әлдебір сирек кездесетін жорналды жасырып қарап, көбінесе: «Сол күні Күнеп тауы бетін бұлтпен бүркеп алып, үнсіз жылады. Бүкіл тау халқы жылады. Еңкейген кәрі де жылады, еңбектеген өрен де жылады. Сол күні ай тұтылды...» дегендей, жан-жүректі жұлқитын үзіндіні әлсін-әлсін қайталай күбірлеп отырады. Бірсін-бірсін, әлсін-әлсін бұл үзіндіні жатқа айтатын-ды. Қап тауының қайран ерені имам Шәміл ұсталғанда оның адал да абзал жылнамашысы Қажы Әли жазған деседі. Кемелденген социализмнің ерекшеліктеріне арналған саяси сабақ одан әрмен созыла түседі. Қызыл мүйістің қабырғасына ілінген түрлі-түсті плакаттар мен көрнекі құралдар жалқындана алаулайтын. Ал, бақташы Қыбырайдың көз алдына кісенделіп кетіп бара жатқан Байшымыр бай келеді ғой, баяғы. Аққұзар-дағы Күнеп тауы секілді күңіренбесе де, тұманыта түнеріп, қайғырған шығар-ау. Бадамсай бойы қимай-қимай қабарып, қабырғасы сегіле өкінген болар. Имам Шәмілдің Қажы Әлиі секілді жазба қалдырған жылнамашы шықпапты ғой бұл өңірден.

Сөйтіп, Қыбырай Байшымырұлы да, қазақтың аса атақты бір жазушысының қаламы шебер шымшып көрсеткендей, кемелденген социализм империясынан егемен елге қалайынша аттап-пұттап, деп-демде өтіп кеткенін бағамдап үлгергенше, жылдарыңыз жылжып-сусып өтіпті де кетіпті. Байшымырдың байлығы секілді Калинин атындағы ұжымшардың малы да ту-талапайға түсті емес пе?! Тек ауру делінген біраз тана-торпақ қана тозғыннан тоқтаңқырап тұрыпты.

Қыбырайдың өзі һәм түбіркүлөз болып шықты. Жергілікті аурухана анықтап, тітіркеністі тізімге тіркеп, есіркейтіндей есепке қойып отыр. Адам деген алпыс жеті жасында түбіркүлөз бола ма?! Сонау заманда тауарлы-сүт пермесіне бақташы болып кірерде он тоғыздан жаңа асқан-ды. Тексерді әбден. Түк те демеген. Одан кейін бірде бақташылармен бірге, екіншіде сауыншылармен бірге, кейде әжептеуір-ақ белсенділердің арасында, жыл сайын дәрігерлік байқаудан өткізетін-ді. Сап-сау келе жатқан, ендігісі нендей оттау, қандай күйсеу?! Тәңірге тәубе, о баста байдың баласы болған, тұқымында түбіркүлөз жоқ екен. Әкесі жер аударылып кеткен жағында да текті тұрмыстан танбаған. Қыбырайдың өзі елге қайта оралып, кедейден шыққан Кеуіртбектің әкпесі Қиянгүлді алды. Кедей қызының кейін тартқылап, пейілін тарылтып, көгереңдейтіні бар, сонда-дағы ішім-жемнен кенделік көрген емес. Табан астынан ауылдағы амболатория тексеруге шақыртып, түбіркүлөздің тізіміне тіркеді де тастады. Тап сол күні бала-шағасымен түп-түгел теледидар көріп отырды. Қас қылғандай, тәуелсіз республикамыздың денсаулық сақтау министрлігінің бір басшы шенеунігі көгілдір экранға шыға келді. Түп-тура түбіркүлөз туралы әңгімені бастап кеп жіберсін.

«Қазақстан Республикасында соңғы жылдары түбіркүлөз сырқаты қатты өршіп барады. Қазір еліміз бойынша алпыс мыңнан астам адам осы дертке шалдығып отыр. Былтыр, яғни бір мың да тоғыз жүз тоқсан алтыншы жылы төрт мың адам түбіркүлөзден қайтыс болды, үш мың адам мүгедектер қатарына қосылды», — деді жаңағы басшы кісіміз. Ол шіркіннің өзінің түрі де оншама оңып тұрған жоқ. Не-е-е, халықтың ауруға көптеп шалдығып жатқанына жаны шырылдап, шындап қиналады. Не-е-е, әлгі айтқан алпыс мыңның біреуі осы сұңқиғаныңның өзі секілді-ау. Деп ойлағаны сол еді, министрліктің дөкейі егемен елімізді былайырақ қалдырып, уһілеп-аһылап алды-дағы, уәлаяттарға көшті. «Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген түбіркүлөз ауруларының саны үшжарым мың, ал тіркелмегені, тексерілмегені қаншама?» — деді терең күрсініп.

— Тексеріліп, тіркеліп кеп отырмыз ғой, — деді бұл. — Қарық қылсаңшы енді.

Қыбырайдың жүйкесі жұқарыңқырап, айнала-төңірегіне барлау жасап байқады сол күні. Қиянгүл қырын қарап, теледидарға тесіле телміреді-әй, жүдә бар ғой. Үлкен келіні сыр бермеген кейіпте дастархан жинамаққа асықты.

— Түбіркүлөзге қарағанда, техниканың апатынан, қасақана кісі өлтіруден, сыбайласқан қылмыстан әлдеқайда көп адам қырылып жатыр, мыналардың милары соған неге қатпайды? Жүдә, бұ бейшаралар сол түбіркүлөздің түбір төркінін неге тексеріп, тегін неге анықтап, айқындамайды? Неден екеніне неге назар жықпайды осы? — деді Қыбырай күйіп-пісіп. Қиянгүл сол қиястау отырған күйінде, бұған бетін де бұрмастан, орнынан ауырлау қозғалып, түрегелді. Бала-шаға һәм көзді ашып-жұмғанша шешелерінің ыңғайына бейімделе бастағандай ма, марғауланып, салқын тартып бара жатқандай көрінді.

Содан бермен қарата төрт ай өткен-ді.

Төрт айдан бері Қиянгүл төсегін белек салмаса-дағы, ыдыс-аяғын бөлмесе-дағы, тап түндегідей табан астынан теріс қарап, тас бүркеніп жатуды жиілеткен.

Таң ата мал жайғады. Дегелектің қары астынан жасыл көк жарқырайды, шырыш жапырағынан шық сырғанайды. «Түк те түбіркүлөз емеспін!» — деді үйіне қарай беттеп.

Таңертеңгі шай үстінде тоңазыған сүбе қабырғаның қос елідей майын қиялай кесіп жеп, түнде түк көрмегендей, түк болмағандай, жадыраңқы жағдайда отырды. Қабақтары домбығыңқы Қиянгүлге де, кедейден шыққан Кеуіртбектің жиендеріне де пысқырмады.

Шай ішіліп болған соң:

«Сендер енді мені іздемеңдер, ауылдың амбалаториясына һәм, аудандарыңа һәм иланбаймын, не Шымкентке, не Ташкентке барып тексерілем. Төрт ай бойы «еһе-еһе» деп екі мәрте жөтелген жоқпын. Алпыс жеті жасқа жеткенде кайдан пайда болған түбіркүлөз бұл? Анықтамай қайтпан!» — деген мәлімдеме жасады. Отбасы деп аталатын шағын мемлекет мүшелеріне мағлұмдалған осынау мәлімдемеге қосымша ретінде қираған пермеде қалған, түбіркүлөз деп табылған жетпіс шақты ірі қараны тексертуге де әрекет жасайтынын үстеп қосқан.

Қыбырай Байшымырұлы Бадамсайдағы ауылдан едәуір ұзап шығып, қия-қияларды бунаған бозғылт соқпақтардың бірінен-біріне ауысып, долана түбіне аялдап, артына бұрылып ұзақ қарады. Түндегі ала арқанның орнында жіп-жіңішке, буалдыр бір сағым ғана ілініп тұр екен. Алуан-алуан ойларға беріліп, алтыншы қырдан асып өткенін де білмей қалыпты. Ойпаңбелдің тегістігінде, Алматы-Ташкент жолының жиегінде жолкөлік күтті. Лажы болса, сәті түссе, Шымкент шаһарын шиырламай, Ташкентке тура тартпақшы. Одан әрмен кіндігін кескен, туып-ескен Өзбекстанның қайран да қайран Қыбырайы қайдасың, демекші. Інжәпия бюджетіне бек сенімді.

Кенет Құдықсайдың қызыл тастақты қиясынан мотоциклмен көтеріліп келе жатқан Кеуіртбек көрінді. «Осы Штирлицтің көзіне түспей-ақ коюым керек-ті»,— деп қуыстанды Қыбырай. Амалы нешік, қашып құтылуы қиынырақ. Кіділене кіржиген қайнысы:

— Немене, таң азаннан не бәле көрінді? Жападан-жалғыз қайда қашып барасың? — деді.

— Қазекем жол болсын дейтұғұн,— деді Қыбырай. — Қыран асып, белең басып, не тындырып жүрсің өзің?

— Жездекейді шығарып салмаймыз ба? Қыбырай тұманы таманында көміп кеткен алтындары бар деуші еді...

Жездекейі сөз шығындамай, тамағын кенеумен тына салды.

Жасыл желектің бетінде қар қалмай, сай-саланың табанымен су сылдырай бастағанда, Қыбырай көгілдір түсті, тұрпаты келісті темір көлікке отырды. Кеуіртбек қолын бұлғады.

* * *

Қыбырайдың сапары шеккі бола қойған жоқ. Сәл-пәл абыржығанын, адасыңқырағанын айтпағанда, күн сайын дерлік түсіне кіретін бала кезін кинодан кергендей күй кешті. Бір қызығы сол, ол жақта бір сүйемдей де бос жатқан жер болмас екен. Бір қуанғаны, Байшымыр байдың аты-жөнін, істері мен іздерін, қадірмен қасиеттерін ұмытпаған көзі тірі бір-екі кәриені көрді. Алпыс жетідемін деместен, дамбалының балағын түріп, Бозсуды кешіп байқады, Бұзғұн-Бураның баурайларын армансыз аралап, беткейлеріне ентікпей-ақ көтерілді. Қарабастың қапталынан сызып өтетін үлкен каналдың жиегінде отырып, өткен-кеткендерге құран оқытты. Бетон көпір астында Қарасу сыңсып ағып жатты. Отыз жылдан бермен қарата бақилық болған пенделер осы Қарабастың қиясына жерленеді екен. Иірқастың иініндегі баяғы ескі қорымдар әлдеқашан тегістеліп, егістікке айналып кетіпті. Шит себу науқаны қызу жүріп жатыпты. Байшымыр байдың асыл сүйегі де мақталықтың астында қалыпты. Амалы қанша, бәлкім, бұның өзінің, бала-шағасының, елі-жұртының киім-кешектері сол Байшымырдың текті сүйегі үстіндегі қарақошқыл, құнарлы һәм құйқалы топырақтан өсіп-өніп шығатын ақ ұлпа мақтадан тоқылып, тігіліп барып жүрген болар ма? Пенде шіркін топырақтан жаралады, топыраққа қосылады. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсыншы, Бадамсайдан қуылған қайран әке! Әкем! Деп күбірлеп алып, айнала қоршап отырған жиендерінен де ұялмастан, мұстақыл Өзбекстан жәмиғатының, үлкенінен кішісіне дейін аса ұстамды, аса жинақы, аса сергек, тым тақуа келетіндігін көріп-біле тұра, түк те тартынбастан, қазақша еңіреп тұрып жылады. Көз жасын тия алмаған күйінде марқұм боп кеткен әкпесі мен жездесінің жер томпайтып жатқан жерлеріне де барды. Тізе бүкті, тәу етті.

Бір жиені сол Қыбырай тұманында (ауданында) әкімнің орынбасары екен. Үш күндей мейман болып, қазақ мәтеліндегідей, құттан жұтқа айналмай тұрғанда, сары ноқат пен қоңыр мейіз қосып пісірілген палауға тойып алып, Қыбырай-ака қайтадан жолға жиналды. Тұман (аудан) әкімінің орынбасары арнайы мәшине дайындап, тағасын (нағашысын) тұп-тура Бадамсайдың беткейіндегі үйіне дейін жеткізетінін айтқанда, Қыбырай-акаңыздың төбесі берекелі баһардың (көктемнің) мөлдіреген көгілдір аспанына екі елі ғана тимей тұрды. Бірақ өзінің інжәпия-құпиясына сәйкес:

— Жоқ, жиенжан, тағаңызды тым тайраңдата берместен, Шымкентке жеткізсеңіздер жетеді, уәлаят басында бір аса тығыз шаруам бар, — деп, бурыл мұртын баппен сипады.

Кіндік кескен, туып-өскен жерін қимай-қимай, ұзак-ұзақ қарай берді. Қайтатын сәтінде шит себілген мақталықтың жиегінде, тұт ағашының түбінде жападан-жалғыз тұрып, көсіліп жатқан кең жазыққа тұп-тура Бадамсайға қадалғанындай ұзақ тесілді.

— Қош енді, Қарақия, Қарашаңырақ Қарабас! — деді Қыбырай.

— Игілікке кенеле бер, Иірқас! — деді тағы да.

— Анай әулие! Әкемнің, әкетайымның жатқан тұсынан техниканы абайлаңқырап өткізші, өзгеше бір өтінішім сол! — деді жанарына жас толып, тамағына мақта тығылғандай тұншығып тұрып, құлап түсе жаздап.

— Бұзғұн-Бура, Қарасу! Баһар келген сайын ботана боп боздайтын менің Бозсуым! Қайта айналып көрермін бе, әлде көрмеспін бе?! Қайыр-қош, қапа болмаңдар, — деп кемсеңдеді. Сөйтіп, жәмиғат ортасына жылы ғана жымиыспен өзгеріп оралды. Күлімсіреп аттанбаса, болмайды. Қанша дегенмен, бөлек мемлекет қой бұл.

— Қапа бомаң, таға! — деді жиендері. — Жаз шықса, құдаһ қаласа, барып қалармыз. Іздеп келгеніңіз жүдә һәм жақсы болды. Лекин, кінә біз тараптан боп тұрыпты. Өзіміз іздеп баруымыз керек еді. Қапа бомаң, тағасы!

Түбіркүлөз турасында тіс жармады әдейі. Ұят қой. Ташкентте тексерілмекке бір оқталыңқырады да, адасып кетуден қорықты. Қанша бауырлас болғанмен, басқа мемлекет екені және бар. Қарлығаш әулие — Төле бидің кесенесіне, баяғыда шешесімен бірге талай-талай түнеген күмбезге тәу етіп, құран оқытты. Бір сағаттай айналыл жүріп, шөп-шаламнан тазартты, алып тұттың түбінде отырып, мінәжат жасады. Өз уәлаятының орталығы Шымкент шаһарының шетіне ілігіп, әкім жиені жіберген темір көлік иесімен ыстық ықыласты жағдайда қоштасты. Ташкенттегідей Шымкент шаһарының шиесі де шешек атып қалған екен. Алғаш кездескен қазақтан атақты түбіркүлөз ауруханасын сұрады. Ауылына қарай шығатын жолдағы акация бауының ішінде жыпырлаған ақ үйлер тізілетін. Атышулы аурухана сол екен. Інжәпия бюджетінде қалған қаржының арқасында ауруханадағылар асты-үстіне түсіп, үш күндей жатқызып қойып, толық тексеруден өткізді. Сосын:

— Сізде түк те жоқ, ақсақал, — десті.

— Түк жоғы қалай? — деді Қыбырай.

— Солай, ештеңе қалмаған, — деді ақ халатты абзал жан. — Егер бұрындары болса, түк те қалмаған.

— Түсініңкіремей отырмын, — деді Қыбырай қатты сасып. — Сонда мына менің қос өкпемнен де түк қалмаған ба? Өкпесіз қалай жүрмін?!

— Ой, сіз түсінбей отыр екенсіз ғой, ақсақал. Өкпеңіз жас баланыкіндей, тап-таза. Түбіркүлөз жоқ сізде. Болмаған да. Болса, қалмаған да.

— Сонда қалай?

— Солай.

— Ойбай-ау, ауылдағы амбалатория анықтап, тізімге тіркеген, төрт ай бұрынғы түбіркүлөзім қайда кетті, а?!

— Біз қайдан білейік, ақсақал. Жоқ дедік қой, жоқ, тап-таза.

— Қайда кетуі мүмкін, а? Таза ауа, майлы жүздеме, айналайын ағарған көзін тұздай құртты ма, әлде? Бәлкім...

— Бәлкім-бәлкім, — деді дәрігер.

— Таптым-таптым! — деді Қыбырай Байшымырұлы.

— Нені?! Нені таптыңыз? — деді дәрігері.

— Бәлкім, біздің ауылдағы амбалаторияның рентгенінде бір запшасты болмай қалып, сап-сау өкпемді қап-қара етіп көрсеткен шығар-ау, ә? Бәлкім бе, осыным?

— Бәлкім, ақсақал, бүгінде бәрі-бәрі бәлкім ғой, — деді дәрігер.

— Сол ғой, — деді Қыбырай. — Солай ғой, балам. Барлық жерде запшасты жетіспейді. Әй, өздеріңде түгел ме еді, әйтеуір? Запшастыларыңды айтам?

— Түгел, ақсақал, бізде әзірше бәрі түгел-түзу боп тұр.

Шытырлаған талдау қағаздарын, түбіркүлөзден мұқым таза деген анықтаманы қаттап алып, інжәпия бюджетінен босап қалған әмиянын қойын қалтасына салып, қош айтысты тағы да. Аяқ-қолының қақсап, кеміріп жеп қоя жаздайтыны жасының жетпіске таянуына және өмір бойы өліп-өшіп бақташы һәм күзетші болуына байланысты екен. Күтініп, курорттарға, сақтанып, санаторийлерге көбірек барғаны жөн.

Арада апта өткенде, Қыбырай Бадамсайға қайтып оралды. Асфальт жолдың жиегінде шет елдік сусыма көліктен түсіп қалды. Жасыл көк желкілдеп үлгеріпті. Алты қырдан қайталай асып, ауылына да жақындады. Жылдар бойы көрмегендей, көзіне ыстық жас үйірілді. Өзбекстан таманындағы туған жерін ойласа, одан сайын өксігі қысатындай күйде келеді. Қия беткейде қой-ешкісіне коса үш-төрт тана-торпақ бағып жүрген Қиянгүлді көрді. «Қанша дегенмен, теріс қарап, тас бүркенгенмен, қимайды ғой сорлы. Күтіп, қарайлап, қия бетте жүргенін қарашы Қиянгүлімнің» — деп, бұрынғыдан бетер қаттырақ толқып кеткені, — Ал, мына қойы-қой, ешкісі-ешкі; тана-торпақтар қайдан келген?»

Қиянгүл шырынды шырыштан тайғанай жығыла жаздап, күйеуіне қарай асыға жорғалады.

— Барсың ба?! — деп, жылап жіберді. Екеуі де егілісе құшақтасып біраз тұрды.

Кедей қызының бурылдау тартқан самай шашы сәл киізденіп кеткенімен, иісі тәп-тәуір, жағымды сезілді. Қыбырай қатынының басын кеудесіне қысып-қысып қойды. «Түбіркүлөзден тап-таза» деген анықтаманы, шыдай алмастан, шытырлата суырып алып, қосағының көз алдына тосты.

Қиянгүл күйеуінің түбіркүлөзіне емес, жарты ғасыр бойы бейнеттері сіңген Калинин намындағы ұжымшардан бір сабақ жіп тимегеніне ренжігенін айтты, қия беткейде шын сырын ашты. Мінекиіңіз, енді Қыбырай ауылдан кеткелі бір ғана аптаның ішінде талай өзгеріс болыпты. Тарап бітуге таянған ұжымшардың ең соңғы жетпісшақты ірі қарасы түгелімен түбіркүлөз дегендері де өтірік екен. Тізгін иелерінің ойлары ойран болып, қалған мал бөліске түсіп, қара ала төрт торпақ Қыбырай мен Қиянгүлге тиіпті. Қой-ешкімен қосып жайып жүргені — сол тиемел мал.

— Осы жерде жастық дәуренді бір еске түсірсек қайтеді? — деді Қыбырай алабұртып.

— Қойшы, ұят емес пе? — деп қызарақтады кедейдің қызы. Тап осы минөтте шық тұрған шырыш арасынан ала бел шыбыштың толғата бастағанын байқасып қалды бұлар. Жаңағы сезімдерін ұмыта, ұмтылыса жүгірді. Көпке бармай, шыбыштың шошақай құйрығы астынан ағараңдаған қос тұяқ, қоңырайған жұмсақ тұмсық көрінді. Қыбырай абайлап суырып алып, жасыл көкке жатқызды. Қиянгүл лақтың шаранасын сыпырып, құлағын үрледі. Шырыш арасындағы шыбыш бөрте лағын жалап-жұқтаудың орнына жантайып жатқан күйі тағы толғатты.

— Тіпә-тіпә! Шыбыштың егіз тапқанын көп жылдан бермен қарата көріп тұрғаным осы, — деді Қыбырай. — Тәңірім бізге де берейін, береке дарытайын дегендей ме?! Тіпә-тіпә! Менің қолым емес, Шекшек атаның қолы, кәне-кәне! Үн-де-ме-е-һе-е...

Айналадағы шырыштар шып-шып терлепті. Тұмса шыбыш мейірбан ғана мекіреніп, қос бөртесін кезек-кезек жалайды. Қиянгүл үй жаққа қайтып, қияда Қыбырай қалған. Өгіздің өлексесіндей арса-арса пермеге бұрылса болды, сүмірейе сүзіледі. Тамағын буып: «Қарағым-ай, қырға шығып пермеге қарадым-ай, а-а-ай», — деген үн құмығады. Тіпті сонау жасырақ кездері, қыстыгүндері көкпеңбек, хош иісі бұрқыраған пішенге, күздігүндері сары сабан, сағынышты маяға қыз-келіншектерді аунатып, алысып-жұлысып жүретін жылдары қараша қаздар секілденіп, көңіл аспанынан қанат қаға тізіліп бір өткендей.

Құдықсай тереңінен мотоцикл даусы естілді. Шаңдатып, Штирлиц-Кеуіртбек көрінді.

— Қалай, жезде? Ат-көлік аман ба? Көрші мемлекеттің кедендері берік деуші еді, көшің үзілмей-жұлынбай өтті ме? Жұлмаланбай жетті ме? — деп термелетіп жөнелді балдызы. Сөйтіп тұрып, артына жалт қарап, шошып кетті. — Ойбай, біздің қатын қайда?! Артымда отыр еді ғой түйенің жарты етіндей боп?! Құдықсайдың шеттігі бөрткен беткейінен Кеуіртбектің қатыны да көрінген.

— Гүл теріп, жайбарақат келе жатыр ғой келінжан, — деді Қыбырай.

— Ай, атаңа нәлет-ай! Жаңа анау Амансайдағы арықтың орнынан өте бергенде, сол жер өзі әлі кеппеген екен, шоңқиып қалып, қара қатынға: «Дәу! Жерге тіре аяқтарыңды! Тығылдық!» деп едім. Сорлы дәуім сол күйі, аяқтарын арықтың жиегіне тіреп, талтайып қап кеткен екен де... Арықта талтайып тұрып, нарыққа қалай ілесеміз біз байғұс...

«Штирлиц бүгін тым шешен ғой жүдә» деп ойлаған күйі Қыбырай перме жаққа қадалған жанарын ажырата алар емес.

— Жездежан! Мына сіз бен біз бар ғой, кешенді перменің кемелденген патриоттары едік, — деді Кеуіртбек одан әрмен таң қалдыра ой түйгіштеп. — Енді егемен еліміздің патриоттары болып қайтадан қалыптасқанымызша қай заман? Оған шейін кім бар, кім жоқ?

«Кедейден шыққан Кеуіртбек» деп, аудандық «Социалистік егінші» газеті талай-талай жазып еді, енді ол жағын тұспалдасаң, бұл намыстанады. Мұның һәм түбінде бір тәуір әулеттер болғанға ұқсайды. Өзінің өзеурей дәлелдеуі солай. Сәбет тұсындағы жетпіс төрт жыл бойы қазақтардың түп-тұқияндары түп-түгел кедей-кешпік, малай-батырақ болып жазылушы еді. Бүгінде бәрі байдан, батырдан, биден, тіпті хан тұқымынан шыққанбыз, деседі-ай келіп. Негіздеріне тартып, тезірек түзелгей-дағы, әйтеуір.

Сол күні кешкісін Қыбырайдың үйінде әжептеуір отырыс болды. Оны Кеуіртбек қысқаша сөзбен ашып, жездесінің көршілес мұстақыл мемлекеттен есен-аман оралып отырғанын, уәлаят орталығы Шымкенттегілер жан-жақты тексеріп, түбіркүлөзден түк те жоқ, тап-таза деп тапқанын айтып өтті. Дәу қара қатыны өзбекше би нөмірімен қызу құттықтады.

Кеш жаман болмады. Отырыстың ортасы ауа бастағанда шыдай алмай ішіңкірегендіктен, бақташылықтан күзетшілікке ауысқалы аузына арақ тигізбеген Қыбырай қызып қалып, бірталай өлең айтты:

О-о-оу, у-оу, қарағым-ай,
Қырға шығып, пермеге қара-а-адым-ай, а-а-ай!
Бадамсайдың бал татыр алабын-ай,
Кеуіртбектің бай болмақ талабын-ай.
Қаладайын, Мы-Ты-Пы, жайнаушы едің,
Қабырғаңды бір-бірлеп санадым-ай...
Желбір жекен кезімде желіп едім,
Барымды да, нарымды беріп едім.
Тымырайған Ты-Мы-Ды түк татырмай,
Түбіркүлөз болды ғой, елім менің...
О-о-оу, у-оу, қарағым-а-а-ай,
Қырға шығып, пермеге қара-а-адым-ай, а-а-ай.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер