Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздік – Ұлттың Ұлы мұрасы

Еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана төрткүл дүниенің бір бұрышында қазақ дейтін халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем танып білді. Биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының мерейлі отыз жылдығына қадамын нық басып отыр. Осы қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты  келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерден құрылған мақаласы келешек бағыт – бағдарымызды айқындауға шақырған аса маңызды құжат болды. Төрт тараудан тұратын мақаланы мұқият оқып шығар болсақ, ел президентінің кемел ойларына тағы да көз жеткіземіз. Онда тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыру, алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеттерін айқындау, әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін зерттеуді мықтап қолға алу, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігімізді, бабалардан мұра болған қасиетті жеріміздің тұтастығын көзіміздің қарашығындай сақтау, елі мен жерін сүйетін жас ұрпақты тәрбиелеу секілді өзекті мәселелер қамтылған. 

Тарихи тұрғыда маңыздылығы жоғары аталмыш мақаланың әр тарауына жіті тоқталар болсақ,  «Бағдар мен белес» деп аталатын алғашқы тарауда тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырылған. Оның әрқайсысының еліміздің іргесін нығайту жолында атқарған тарихи миссиясы, жетістіктері мен кемшіліктері ой елегінен өткізілген. Президентіміздің айтуы бойынша, осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік.

«Таным мен тағылым» тарауында елін, жерін, туған үйі мен Отанын шын сүйетін жастардың жадына Тәуелсіздік құндылығын біржола шегелеу,  ата-бабаларымыздың қажыр-қайратымен, талас-тартысымен келген тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін түсіндіру мәселесі көтерілген. Мемлекет басшысы айтпақшы, көп адамдар тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс. Осы орайда президентіміздің отандық телеарналар мен құзырлы органдарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырғаны дұрыс шешім болды деп кәміл сеніммен айта аламыз. Сонымен қатар тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында Алаш зиялылары секілді біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарға және бүкіл әлемге паш ету, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың еңбегіне барынша қолдау көрсету, ұлттық мүддемізге сай келетін жаңа тарихымыздың көп томдығын жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазуды қолға алу, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аудару секілді алға қойған мақсатқа жетудің жолдары айқындалды.

Келесі «Қоғам мен құндылық» тарауы егемендігіміздің мәңгілік үштағанына айналған үш құндылығымызды көзіміздің қарашығындай сақтау мәселесіне арналған. Олар Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Президентіміз: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ... Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды...», - деп тайға таңба басқандай айқындады.

Тіл мәселесі хақында елбасы өзінің үлкен алаңдаушылығын білдіріп,  еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін басты назарға алды. Осы орайда барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жетік меңгермеген отандастарымызға: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады.. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», - деп ана тілін меңгеруге үндеу тастады.  
«Ұлағат пен ұстаным» деп аталатын соңғы тарауда азаматтық қоғамды дамыту турасында ойлар ортаға салынды.

Қорытындылайтын болсақ, мемлекет басшысының алға қойған жаңа ауқымды міндеттері алдағы тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығында халқымыздың алдынан жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына кәміл сенімдіміз! Осы орайда «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» демекші, біздер шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қастерлі Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуіміз қажет.


Б.Б. Карибаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
 
М.К. Алдыбекова,
Тарих, археология және этнология факультетінің
7М02210 – мамандығының 2 курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз