Өлең, жыр, ақындар

Колледждерде оқу мерзімі қысқарады — Асхат Аймағамбетов

Колледждерде оқу мерзімі қысқартылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Техникалық және кәсіптік білім беру саласында барлық жасқа қажетті мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқуға мүмкіндік беріледі. 2017 жылдан бері тегін техникалық білім берумен қамту ұлғайды. Бірақ әлі де 50 мыңға жуық студент ақылы бөлімге оқуға түседі. Осыған орай 2025 жылға дейін жастарды кезең-кезеңмен 100%-ға дейін техникалық біліммен қамту жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі 50 мыңға дейін кезең-кезеңмен ұлғаятын болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, колледждерге академиялық дербестікті енгізу бойынша жұмыс қолға алынды. Бүгінгі күні заңнамалық деңгейде уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алып тасталды. «9-сынып негізінде колледжге түскендер үшін оқу мерзімін үш жарым жылдан 2 жылға дейін және 11-сынып негізінде екі жарым жылдан 1,5 жылға дейін қысқарту жоспарлануда. Бұл нарыққа кадрларды даярлау мерзімін қысқартып, оның сапасын арттырып, білім бағдарламаларын жаңартуға мүмкіндік береді», - деді Асхат Аймағамбетов. Сонымен қатар ол «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің инфрақұрылымын жаңғырту биыл аяқталатындығын айтты. «Жобаның қорытындысы бойынша әрбір өңірде дамыған материалдық-техникалық базасы, жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары бар кемінде 7 заманауи колледж жұмыс істейтін болады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, колледждерді сенімгерлік басқару тетігін дамытудамыз. Осы жұмыс әрі қарай жалғасады», - деді министр.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер