Өлең, жыр, ақындар

Мәдениеттің қайнар бұлағы – кітапхана

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялады. Жолдау барысында пандемиядан кейінгі экономикалық даму жолдарын айқындай келе, жаңа кезеңдегі еліміздің тұрмысы мен әл-ауқатына көңіл бөлу, денсаулық сақтау мен білім саласы сапасының жайы, сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы ахуалдарды ескере келе нақты бастамаларды атап өтіп, басым бағыттар ұсынылды. Мемлекет басшысы қоғамды цифрландыру мәселесіне тоқталып, бұл бәсекелестіктің артуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті. Осы ретте пандемияға байланысты дағдарыс жағдайында 85 пайызға жуық қызмет түрі қашықтан қызмет көрсету форматын пайдаланғанын айта кету керек. Әрине, цифрлы экономикадағы мұндай прогресс адамдардың өмірін едәуір жеңілдетті дей аламыз. Сонымен қатар, әлемдік экономикада еліміз өз орнын айқын бекіту деп осы бағыт¬тардағы тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктерді дамыту, қазіргі әлемдік саясатта қалыптасқан жағдайға жедел және кәсіби түрде жауап беру қажет екендігін айқындайды. Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін жоғары деңгейге көтеретіндігі туралы шешім шығара отырып, рухани қазынаға айналған кітапхана саласын ерекше атап өтті. Мәдениеттің қайнар бұлағы кітапхана саласының дамуына көңіл бөлу – кітапхананың болашағы үшін үлкен жауапкершілік. Қазіргі таңда кітапхана саласын дамыту барысында еліміздің іргелі жоғары оқу орындары бакалавр, магистр дәрежесінде жас мамандар даярлап келеді. Жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар өз бітірген салалары бойынша маман болып қалыптасып, жанашырлықпен еңбек етуі керек. Сондықтан да, кітапхана болашаққа бағдар беріп, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыратын бірден-бір салалардың бірі болғандықтан бұл мамандықтың абыройын көтеретін істер жасалынуы тиіс деп ойлаймын. Сол кезде ғана мамандық өз құндылығын көтереді. Қазіргі уақытта алып жүрген жалақыға көңіл толмай басқа салаға ауысып жатқан өз ісінің маманы, сапалы білімді жастарымыз қаншама?! Сол себепті де кітапхана қызметкерлері үшін күш-жігер болып, көз қуантарлық жаңалықтардың біріне айналды. Осы орай да мүмкіндігі шектеулі ересектермен қоса балаларды да білім нәрімен сусындатып қоймай, олардың өмірге, қоғамға бейімделуіне өз үлесін қосып келе жатқан Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың еңбегін атап өткім келеді. Жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтың асыл дәнін егу – қоғам алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Ал, кітапхана саласына қолдау көрсету адамзаттың рухани кемелінің өсуіне қосқан үлестің бірі деп білемін. Жалпақ əлемді аузыңа қарату үшін − рухани ерлік керек, жалпақ əлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін − рухани байлық керек,- деп Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, рухани байлық кітапхана ордасына келген әрбір оқырманның жан-дүниесінен табылары сөзсіз! Мемлекет басшысы кезекті жолдау соңында: «Біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын. Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз» деп халықтың жүрегіне үлкен сенім орнатты. Жолдаудан тек жақсылық күтейік! Жансая Қосмырза Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана қызметкері, «Кітапханалық ақпараттық жүйе» мамандығының магистры


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар