Өлең, жыр, ақындар

Бозторғайлар

Бозторғайлар (Аlаudіdае) — торғайлар отрядына жататын сайрағыш құстар тұқымдасы. Қазақстанда 6 туысқа жататын 13 түрі бар. Бозторғайлар шөл, шөлейт және қиыр-шықтасты жазық далада, тау жайылымында, елді мекен маңында, кейде орман алаңында кездеседі. Дене тұрқы 12 — 23 см. Қанаттары ұзын, аяқтары қысқа. Артқы бармағында ұзын тырнағы бар. Әдетте, түсі бозғылт, көбінесе, мекендеген жерінің түсіне қарай өзгеріп отырады. Бұл қасиеті құсты жерде жүргенде жасырып, бірден көзге байқатпайды. Ұя салмаған кезде, топтасып ұшады. Бұлардың ішінде ең көп кездесетіні — бозторғай (Аlаudа аrvеnsіs). Оның қанатының ұзындығы 8,5-14 см, салм. 30-48 г. Ол Қазақстанның шөлді даласынан басқа аумағында кеңінен тараған.

Бозторғайлар жердегі шұқырларға ұялап, оған 2 — 6 тарғыл жұмыртқа салады, кейбір түрлері жылына 2 рет жұмыртқалайды. Балапандарының денесін, әсіресе, жонын қалың мамық жапқан. Бозторғайлар — жыл құсы. Олар қыстау үшін күзде оңтүстіктегі жылы аймақтарға ұшып кетеді, қысы жұмсақ жылдары Қазақстанның оңтүстік аудандарында қыстап қалады. Бозторғайлар өсімдік дәнімен және жәндіктермен қоректенеді. Арамшөптердің де дәнін жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз