Ислам дініндегі жиһад ұғымы — Ислам діні туралы сөз қозғалғанда, ойға оралатын ұғымдардың бірі. Оның аясы өте ауқымды болғандықтан, адамдар оны түрліше түсініп, мәнін сан-саққа жүгіртетіні көптеп кездеседі. Негізінде, «жиһад» сөзінің араб тілінде «белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін қайрат жұмсау, ынта-жігер таныту, тырысу, күресу» деген мағыналары бар.
Кейде адамдар жиһадтың мағынасын шектеп, оны «қару алып соғысу» деп біржақты түсінеді. Алайда, оның үнемі осы мазмұнды ғана білдірмейтінін шариғат мамандары нақты деректермен дәлелдеген. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде келеді де, төрт жерде ғана тікелей «соғыс» мәнінде жұмсалған.
Құран кітабында соғыстың мағынасын білдіретін «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» сынды арнайы терминдер белгіленген. Дегенмен жиһад сөзінің мазмұнында «соғыс» деген мән де болғандықтан, көпшілік жиһад дегенде тікелей соғысты түсінеді.
Мұсылман ғұламаларының анықтауына көз жүгіртер болсақ, жиһад -Жаратушы Иені тануға жол ашу дегенді білдіреді. Яғни сауатсыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулермен күресті меңзейді. Ислам шариғатында Жаратушының разылығын табу бағытында жасалған әрбір іс-әрекет «жиһад» саналады. Мәселен, қиындықтарына қарамай күн сайын тұрақты түрде бес уақыт намаз оқу, аптап ыстықта ораза ұстау, болмашы себептермен ажырасу, туылған нәрестені далаға лақтырып кету, иманнан бейхабар ғұмыр кешу сияқты қоғамдағы адамдық атына қайшы кейбір кертартпа келеңсіздіктерді түзету үшін атқарылған үлкенді-кішілі амалдар осы жиһад ұғымының аясына кіреді.
Жиһад — ең әуелі адамның өзін түзетуі. Ішкі дүниесі мен жүрегін тазартуы. Өз болмысын қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру.
Мұхаммед пайғамбар бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сенімді серіктеріне «біз кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайтып барамыз» деп, үлкен жихадтың нәпсімен күрес екенін білдірген.
Олай болса, нәпсімен күрес қолға қару алып дұшпаннан соғысқаннан да қиын. Сыртқы дұшпанның кім екені, қайда екені белгілі. Сондықтан онымен күресу оңай. Ал, нәпсі туралы оны айта алмаймыз. Ол адамның ішінде. Қай жақтан, қалай келіп қалатыны, айласын қалай жүзеге асырары да белгісіз. Сондықтан соңғы Пайғамбар сыртқы дұшпанмен күресті «кіші жиһадқа» жатқызып, нәпсімен күресті «үлкен жиһадқа» балаған.
Олай болса, бұл айтылғандардан бір дәрігердің өз мамандығы бойынша кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының мұсылмандардың әлеуметтік жағдайларының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы — мұның бәрі жиһадқа жатпақ деген қорытынды шығады.
Жиһад мәжбүр жағдайда қарумен де болады. Барлық дипломатиялық байланыстар нәтижесіз аяқталып, келіс сөздерден толықтай үміт үзілген шақта отанды қорғау үшін қолға қару алып жиһад жасауға болады. Құран Кәрімде: «Өздеріне қарсы соғыс ашылған мұсылмандарға (мүшріктермен) соғысуға рұқсат берілді. Өйткені, олар зұлымдыққа ұшырап, жәбір көрді. Әлбетте, Алла Тағала оларға жәрдем беруге толық күші жетеді. Олар ешбір себепсіз тек «Раббымыз — Алла» дегендері үшін отандарынан қудаланды…» (Хажж сүресі, 39-40 аят) деп жиһадтың себептері көрсетілген.
Мұнда ешбір жазықсыз зұлымдық көрсетіп, қиыншылықтарға душар етіп, елінен-жерінен кетуге мәжбүрлеп, мүліктерін талан-таражға салған адамдарға қарсы соғысуға болатындығына рұқсат берілген. Әрине, бұл ең соңғы қолданылатын шараға жатады.
Исламның татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын адамдық құндылықтарға негізделген дін екендігі шариғат ілімінде әбден орныққан пікір. Ислам өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуді былай қойғанда, оларға жақсылық жасап, әділдік танытуды талап етеді.
Мамандардың айтуынша, соғыс жағдайында да Ислам озбырлық әрекеттерге жол бермейді. Айталық, бұл діннің үкімдері бойынша соғыс кезінде әйелдерді, жас балаларды, соғысқа қатыспаған қарт кісілер мен ешкіммен шаруасы жоқ монахтарды өлтіруге қатаң тыйым салынады. Өсіп тұрған ағаштар мен егін алқаптарын өртеуге, түйе, сиыр сияқты малдарды өлтіруге, әр түрлі өзге діннің ғибадатханаларын қиратуға жол бермейді. Дұшпан әскерлерінің өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кесуге де рұқсат жоқ.
Рұқсат етілген бұл соғыстың өзін, жеке адамдар немесе белгілі топ өкілдері бастата алмайды. Ислам түсінігіне қарасақ, соғысқа қатысып-қатыспауды шешетіқ тек қана мемлекет болуы тиіс. Әйтпесе, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Әрбір мұсылманның амандасқанда, хал-жағдай сұраудан бұрын «Әссаламу алейкүм» деп бейбітшілік пен тыныштық тілеуі бостан бос пайда бола салған ғұрып емес. «Ислам», «сәлам», «мұсылман» сөздерінің түбірі «сәләм» бейбітшілік пен тыныштық деген мағынаны білдіреді.
Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің жүріп-тұруында, сәлемдесуі мен сөйлеуінде, өзгелермен қарым-қатынасында, қысқасы, әрбір ісі мен әрекетінде іс жүзінде көрсетуші тұлға болуы тиіс.
Исламның негізгі қағидаларының бірінде: «Бейкүнә бір адамды өлтіру — күллі адамзатты өлтірумен тең» (Маида сүресі, 32-аят) делінеді. Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Олай болса, қаншама бейкүнә адамның, періштедей бүлдіршін сәбилердің жанын қиған лаңкестік әрекеттер исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жатпасы анық. Дін ғалымдарының пікірінше, адам өлтіру былай тұрсын, малды қорқытудың өзі Исламға теріс. Сойылатын малдың көзінше пышағын қайраған жолдасына Мұхаммед пайғамбар алейһиссалам қатты кейіп: «Сен малды неше рет өлтірмексің? Пышағыңды малды жатқызбас бұрын қайрамадың ба?» деп ескерту жасағаны хадис мәтіндерінде беріліпті.
Жинақтай келгенде, Ислам дінінде жиһад сыртқы дұшпандармен соғысу дегенге қарағанда, адамның өз ішіндегі нәпсісімен күресу дегенге көбірек лайық екендігін айтпақ керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі