Эссе және өлең-жыр байқауы

Шабуыл

(4 пердеден тұратын пьеса)

Жақып, Шоңмұрын, Антонов, Телқозы.

Телғозы (қолын шекесіне қойып, честь беріп). Сонымен сағат тоғызға шейін Шыршық қаласы түгелімен біздің қолға түсті. Жалпы әскер, әсіресе біздің қазақ жігіттері ойламаған ерлік көрсетті... Есенгелдінің ғана қолға түспей тұрғаны болмаса... Ит екен өзі... Бірталай адамдарымызды қырып салды...

Жақып (ашулы). Есенгелдіні әлі күнге ұстай алмаған болсаңдар, «Шыршық қаласы түгелімен қолға түскен» бола ма? Не сандырақтап тұрсың өзің?

Телқозы (жапалақтап). Жалғыз ол ғана емес, полковник Жақып мырза! Ана бір Мәмбет дегендер тіпті пәле боп, казармаға жолатпай тұр. Оны қолға түсіреміз деп көп адам шығын қылдық...

Жақып. Ендеше, «түгелімен»деген сөзді тастап, «қаланың қақ жартысы бәлшебектер қолында» деуге аузың бармай ма?

Антонов (Телқозыға, қаттырақ). Алдама, офицер!

Телқозы. Алдау емес, господин офицер! Осы екі жердегі ұясын бітірсек, қала түгелімен біздің қолға кірген болады... Бар күшті қазір соған салып жатырмыз.

Жақып. Бар, жөнел! Жарты сағаттың ішінде қалада қару ұстаған жарты большевик қалмасын!

Телқозы. Орындалды деп біліңіз! (Бұрылып шығады.)

Жақып (ерсілі-қарсылы жүріп). Біздің әскерде біртүрлі жігерсіздік, сылбырлық бар. Барлық жұмысты алақандағыдай ашып берсек те, соны орындай алмайды, «қала түгелімен қолымызда», – деп былжырап тұрғанын көрдің бе иттің!..

Антонов (қызып). Господин полковник! Мен барып команданы қолыма алам. Жарты сағат емес, жарты минут ішінде Мәмбетті ұстап әкелем!.. (Шоңмұрын Жақыпқа иек қағады. Есіктен Айбала, Әбіш, Құлан кіреді).

Жақып (отырып). Барыңыз. Бірақ Қалшақ ақсақалдың жіберген аз ғана бастықтарының біз үшін өте қымбат екенін есіңізден шығармаңыз.

Антонов. Рақмет, господин Жақып! Жарты сағат шамасын да келіңіз... (Айбалаға қарай, шығады.)

Шоңмұрын. Уай, дарақы жігіт-ау өзі...

Айбала. Өжет жігіт! Кеше Сергеевті жібергенше, осының өзін жібергендерінде, большевик біткенді мұрнынан тізіп қамап беретін еді. Сол былжыраған немені жіберіп...

Күлән (бұртиып). Әпесер Сергеевті былжыр деп ешкімде айта алмайды. Антоновтың қорқып қалғанына Сергеев айыпты емес... Ендігі ерлігін көрсетіп, кезімізді тұндырмай-ақ қойсын!

Айбала Күләнға алакөзімен қарайды. Күлән Жақыпқа қарап күлімденді.

Күлән. Жоға! Антоновша честь беріп әтештенбей-ақ қояйық: іс орындалды. Қазір Есенгелдіні алып келеді!..

Әбіш (бұл жұмысқа өзінің де қатынасы бар екендігін сездіргендей ілгері шығып иіліп). Растығын анықтаймын! ( Үйдегілер ұшып тұра келеді.)

Жақып. Рас па?

Шоңмұрын. Апырмау, ұстаған кім?

Әбіш (даусын созып). Кәртай мен үш ақсақал!.. Отыз әскерді оққа ұшырып Есенгелдіні иліктіре алмап еді, біз бір оқ шығармай-ақ алдық, алдияр полковник.

Жақып (жайраңдап). Қалай алдық дейсің? Қалай?

Әбіш (күлімсіреп). Кәртай мен ақсақалдар алдап түсірді...

Шоңмұрын. Қалай, қалай?.. Ашып айтсайшы!..

Әбіш. Қалада еш нәрсе жоқ. Атыс қаладан тыс жерде болған... Ревком орнында. Сені Ревком шақырып жатыр деп Қартай барды қызыл жалау алып...

Жақып. Соған илана қалды ма?

Әбіш. Қартай Ревкомның мүшесі емес пе және Әбдірахман хазірет пен Алқабек ақсақал құран көтеріп аз айла жұмсаған жоқ, Қартай жүгін атқарды... (Далада дауыс, шу. Күләнмен Әбіш жүгіріп шығады.)

Дауыс. Қап, дінсіздер-ай!.. Байлама қолымды!..

2 - дауыс. Байла! Байла!.. Тыңдама сөзін... Жетті сенің құрмалдығың...

Дауыс. Байла, байла... Өй, жауыз арамдар!.. Өй, сатылған мұндарлар!

Қолын артына байлап екі солдат Есенгелдіні алып кіреді: бет-аузы қан, киімі пәрә-пәрә... Қартай мен ақсақалдар есіктен көрінеді де, бастарын иіп шығып кетеді.

Есенгелді (бұлқынып). Қайдасың жауыздар, атыңдар! ( Ұмтылады. Солдаттар жібермейді. Бір солдат наганын Есенгелдінің көкірегіне тірейді.) Қартай... Қартай предатель! Кезеп! Сатылған мұндар!.. Әлі де кездесерсің, қызыл жалауды сатқан арам! Бетің шыдамады ма? Шыдамас, құнсыз мұндар!

Жақып (улы түрде жымиып). Батыр, батыр... Жұлқынба, батыр... Ойды-қырды бүлдіріп болып ең, енді тыншығарсың.

Есенгелді. Тарт тілінді, бейбіт елді қан қақсатқан «қара талақ!» Сенің қолың шығар деп ойлап ем езім де... Ашық майданда мылтықтың қарауылына іліксең, сөйлесер ем! Ұмытпаңдар алдап түсіріп тұрғандарыңды! Кездесерміз әліде!..

Жақып. Сен қайтадан соғыс комиссары болғанда кездесе жатармыз, әзіріне мен соғыс комиссарымын... Әкетіңдер! Жабындар қол-аяғын кісендеп!.. (Айналып жұртқа қарап.) Ақымақ! Қазан бұзар!.. Бұған төңкеріс неге керек десейші.

Есенгелді (бұлқынып). Кездесерсің әлі де! Бір большевиктің орнына жүзіңді, ана ақсақалдарың мен мына сайқалдарыңды жалпақ табанға таптармыз әлі!..

Жақып (ақырып). Әкетіңдер тезірек! (Әкетеді. Дауыс бірсыпыраға шейін естіледі.)

Шоңмұрын (күлімдеп). Үлкен олжа!

Айбала. Несін айтасыз, құдай сәтін берер.

Жақып (отырып). Бұл – біздің келісіміміздің олжасы. Ол жаның бұл жағы Ақаңның есіне де келмеген шығар. Жақсы болсын, жаман болсын, бұл езіміздің талантқа байланысты... Ақаң мен Әлібаевтың қай большевиктің алдында керісіп отырғанын құдай білсін... (Күрсініп.) Керісіп отыр ма, әлде түрмеге тығып жіберді ме?.. (Үй ішін кезіп жүреді.)

Шоңмұрын. Үлкен тапқыштық, үлкен талант! (Күліңкіреп.) Екеуіміздің осы айланы тапқанымыздың өзі тарихта неғып қалмас екен!

Жақып. Ие, сенің түсіне қалғаныңды мен басынан-ақ сезгем... Бірақ үлкен бір қате өткен... (Басын шайқап, таңдайын қағады.)

Шоңмұрын. Қандай қате?

Жақып. Егер күн бұрын әзірлеген болсақ... Оралда да, Семейде де, Қызылжарда да, Омбыда да осындай келісім жасап жіберіп, қала-қалалардың бәріне әскерімізбен кіріп алып, барлық қалада бір түнде перевород жасап жіберген болсақ!.. Әй, қандай ойран болар еді, ә!..

Шоңмұрын. Сонда, большевиктерді бір түнде бітіріп, ертеңіне қазақ автономиясын жариялайтын екеміз-ау, ә?.. (Бұ да таңдайын қағып.) Неғып еске түспеді екен?.. (Телефон шылдырлайды.)

Жақып. Кім? Қартаймысың? Қолға алынды дейсің бе?.. Е?.. Екеуі де ме?.. Өлген қайысысы?.. Мәулен? Әкелмей-ақ қой, түрмеге жөнелт! Аяқ-қолын кісендет! Есенгелдіге қостырма, бөлек-бөлек... Ә? Кембай батыр?.. Қойшы-ау?!. Қап!.. (Телефонды қойып.) Есенгелдінің екі жолдасы да ұсталыпты. Біреуі өліпті...

Айбала. Шоқ, шоқ, сол керек еді оларға!

Жақып (отырып). Өлген отыз жігітіміздің ішінде орны толмайтын біреуі бар екен.

Үйдегілер шошып. О кім?

Жақып. Кембай батыр!..

Шоқмұрын. Ә, жауыз Есенгелді! Кембайдың түбіне ақыр жеткен екен...

Айбала. Өлсе, тендігін алып жығылды ғой, арманы жоқ шығар...

Жақып. Бізге бел боп тұрған Кембайдың жігіттері еді. Қандай қиынға жұмсасақ та, беттері бір қайтқан емес. Кембайдың өліміне олар күйзелер. Иықтарын түсірмеу үшін Кембайды көрнекті ғып көмейік. Шоңмұрын, осы жұмысты сен өз қолыңнан атқар... (Сүйретіліп бір қазақ кіреді.)

Қазақ (ентігіп). Алдияр төре! Қалаға жақын отырған кедей ек. Он бес шамалы солдат барып, жалғыз-жалғыз аттарымызды әкетіп отыр. Тандайға татып отырған жалғыз сиырларымызды әкетіп отыр... Ақтың солдаттары. Сіздерден бір марқабат болмаса... Кімнен сұраймыз?

Жақып (шіміркеніп). Құдайдан сұрайсың, білдің бе, құдайдан!.. Құдайдың тап өзінен!.. (Кейіп.) Жұрт большевикпен алысып босана алмай жатса, бұларға мал керек...

Қазақ. Шырағым, енді кеп мал емес, жалғыз ат пен жалғыз сиырдан айрылған сон, біз не болмақпыз? Біз сияқты нашарларға болысып, тым болмаса сиырларымызды қайтарып берсеңіз...

Жақып (шатынап). Отағасы, шығыңыз енді! Мал-мұлды сөз қылатын бұл уақыт емес. Бір сиырды қайырып алғанмен сендер де малға жарымайсыңдар, одан да солдат тойсын...

Қазақ. Шырағым-ай...

Жақып (есіктегі солдатқа). Шығар ана кісіні! Енді кісі кіргізбе! (Солдат бұл кісіні итермелеп шығарады. Далада шу, дауыс Антонов Мәмбетті алып кіреді. Мәмбеттің қолы артына таңылған. Бет-аузы қан.)

Антонов (ентелеп). Дегендей шықты, господин полковник! Мен былжыраған Төреғазы да, Телғозы да, керек болса (Айбалаға қарап.) Сергеев та емеспін!.. Бардым да казармаға керосинді құйдырып, екі жерден от жібертіп ем, боқмұрындарым жарты сағатқа шыдамай шыға келді... «Келе той, ақымақтарым! Арқаларыңды бит қышытса, қышуын қандырайын»,–деп, құшағымды жайып қарсы алдым... Қа-қа-қа!

Мәмбет. Сенің құшағыңа кірген ешкім жоқ, қансорғыш жылан!

Антонов. Е, мен от құшағымды жайған жоқпын ба? Арқаңның қышуын қандырған шығармын деймін, көрсетші мына ағаларыңа!.. (Жүгіріп барып Мәмбеттің арқасын жұртқа көрсетеді, жосып тұрған қан.) Қа-қа-қа!..

Мәмбет (шіміркеніп). Жақып! Ойдағы-қырдағы байбатшалармен қол ұстасып, Октябрь төңкерісін көмемін десең де, қолыңнан келмес! Көме алмассың! Октябрьге өрелерін жетпес, өлімтікке үймелеген құзғындар! Қазақтың ат төбеліндей байы мен молдасының үстемдігін сақтаймын деген азғын «Алаш», иманыңды айта бер! Сендерге біз түгіл, біздей большевиктер түгіл, қотыр тоқты құрмалдық шығаруды көпсінетін ем, амал бар ма, арамдықпен қолға түсіріп отырсыңдар!.. Ұмытпа осыныңды! Бүгін арқамның қанын сорғалатқанға күлсең, ертең табанымның күсін жалауға тоңқандарсың! Апар апаратын жеріңе!.. Қаланың қақ жартысын мыналарың ерттеп келді, сөндірт! Шулап жүрген сорлы әйелдерді солдаттарыңның ойыншығынан босаттыр! Көрінген жерде сойылып жатқан кедейдің малын қайтарт!

Жақып. Әкет мына бұзылғанды, әкет! (Қолымен құлагын басады.)

Мәмбет (тіресіп). Баспа құлағыңды! Қолыңмен істеткен жұмысыңды құлағыңмен есіткің келмей ме?.. Қазақтың қызы мен келіншегін зорлағанда ұялсаң қайда қалдың... мына Шоңмұрын екеуің...

Жақып. Шоңмұрын (бірден). Әкетіңдер, әкетіңдер тезірек! (Солдаттар жабылып әкетеді.)

Айбала. Не деген сұмдық, Жақа! Әлгіні істеулерің шын ба? Дым көргем жоқ деп момақансып келмеуші ме ең?

Жақып (қызараңдап). Бұл бір пәлеқор неме. Патша тұсында талай оқытушылықтан алынып, сотқа тартылатынын білмейтін бе едің?

Шоңмұрын. Ойбой, бұл нағыздың өзі ғой. Бұл штраф та тартқан, орнынан да алынған, жерде аударылған – соның бәрі өзінің қияңқылығынан...

Антонов. Осында жеткенше жағы дамыл көрген жоқ, көшедегі бүкіл адамдар жиналып, соңынан еріп... Бір-екі жерде «босат!» – деп айқай-шу болды... Жиылғандарға мылтық атып, әскерді сапқа зорға әкелдік... Өзін көп адам біледі екен...

Жақып (кейіп). М-м-м... Көшедегі жұртқа «митинг» жасатып әкелдім десейші.

Антонов. Жоқ, господин полковник! Тілін кеспесең; сөзін қоятын емес. Қамшыны жаңбырдай боратып келе жатқанымызда да тоқтамады.

Жақып. Соның атын баяндама дер болар. Керек болса – өзімізге қарсы үгіт, жұртты бізден бездіру, большевикке жинап беру болады...

Антонов. Олай емес, большевикті аямайтындығымызды жұртқа көрсету болады.

Жақып. Қаталасасың, көшедегі ақымақтық – жұртты бізден бездіру болады!

Антонов (ұшып тұра келіп). Одан да, қазаққа тиген қамшыға өзімнің арқам ауырады десейші.

Жақып (ұшып тұра келіп). Тарт тілінді! Орныңды біл! Маған олай деуге қайдан өрен жетті?

Антонов. Менің Колчак офицері екенім есіңізде болсын!

Жақып. Мен де Колчак офицерімін! Сен менің жәрдемшім екеніңді ұмытпа!

Антонов (үстем түрде). Сіз офицерсіз бе, жоқ па – өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз. Мен жәрдемші ғана емес, үкіметтің жіберген шын советнигі екенімді сіз де ұмытпаңыз..

.

Жақып. Бұл арада біз үкіметпіз! Үкіметті танитын адам бізге бағыну керек!

Антонов. Кісінің аузын бекер қышытасыз... Колчак ешкімге үкімет жасап берем деп борыштар болған емес. Колчак Ресейді бөлмей-жармай, қалпына түскен тұтас Ресей етпекші...

Жақып. Есінде болсын, офицер Антонов, біз ұлт автономиясын алатын Алашпыз! Колчакпен одақтассақ, өз ұранымызды құрмалдыққа, шалып одақтасқамыз жоқ, сол ұранымызды іске айналдырамыз деп одақтастық... Колчактың бізбен одақтасуын бізге автономия беруге ризашылығы деп бағалаймыз. Сондықтан, біз өз орнымызда үкіметпіз!..

Антонов. Қалпынан асыра ойлайды екенсіз. Әрбір еріккен елге автономия беретін болса, тұтасқан Ресей жасаймын деп әуреленбесе де болады ғой... (Теріс айналып.) Қайдағы үкімет? Бит үкіметі ме, ит үкіметі ме?..

Шоңмұрын (тұрып). Құрметті полковник-господин Жақып және құрметті ақсақалымыз Колчак отағасының, арнап жіберген құрметті офицері господин Антонов! Араларындағы кедір-бұдыр сөзді тастап, қазіргі уақытқа бәріміз бірдей жауапкер екенімізді ескеріп, іске кірісулеріңізді сұраймын! Бүйтіп керісе беретін болсақ...

Жақып (отырып). Мен керістен аулақпын,бірақ кісі үлкенге бағыну керектігін Антонов офицер үнемі ұмыта береді.

Антонов. Бағынудың да шегі бар. Орынсыз, әсіресе үкіметтің бағытына қайшы келіп қалғанда, менің де ескертуім керек... (Отырады.)

Шоңмұрын. Офицер Антонов! Полковниктің алдында ғапу өтінуіңізді сұрар едім. Сіз жас адамсыз. Дұрыс-қате деп тексерудің қажеті жоқ... Бізбен істескендігіңіз үшін, бас үкімет адмерал Колчак пен «Алаштың» бірлігін күшейту үшін мен сізден қатты өтінем!.. Өтінем, офицер Антонов!

Антонов. Жақсы... (Тұрып.) Господин полковник! Арамызда болған аз ғана көңілсіздікті ұмытайық. Қызғанда не демейді, беріңіз қолыңызды! (Қолын созады.)

Жақып. Мен ұмытып та болдым. (Қолын береді. Телефон шылдырлайды. Жақып тыңдап.) Ия... Телқозымысың? Ал... ал... Мәмбеттің жолдастары? Бесеу деймісің?.. Әкелме, түрменің жолын таба алмай тұрмысың? Ә?.. Кімдер дейсің? Неге үймелетесің, тарат, тез! Ат мылтықты!.. Ә?.. Қатын-бала болса ше! Әй, былжырама, бұйрықты мүлтіксіз орында, білдің бе!.. (Телефонды қойып, кейіп.) Оңбаған ит!..

Шоңмұрын. Телқозыма?

Жақып. «Есенгелді мен Мәмбетті шығарып бер деп орыс-қазағы жиналып жатыр, қайтем?» – дейді...

Антонов. Мұндай ақымақ, бос кісіні көргем жоқ, өзім барайын... (Шығады.)

Шоңмұрын.Телқозының бостығынан өлдік-ау, әйтеуір!..

Айбала. Қатын-балаға шейін жиналды дей ме? Өлермендерін қарашы!

Жақып. Осындай, пышағың түлкі алып тұрғанда адам деген желігіп кетер болар еді, біздің Телқозы былжырай түседі...

Қартай мен Әбіш асығыс кіреді.

Әбіш. Қостанайдан шыққан Таран отряды жақындап қалды. Бүгін кешке қалаға кіреді.

Жақып (шошынып). Қалай кіреді?

Әбіш. Соғыссаң соғысып кіреді; қашсаң қуып кіреді. Жүз елу әскері бар. Бес қару түгел... Біздің түріміз мынау: әскеріміздің жартысы мас, жартысы ел тонауға шығып кеткен. Олардың басын қосқанша Таран әскері қаланы алып та болады... Қызылдар біз секілді емес, тастай тәртіпті.

Жақып (сасып). Енді қайттік? Сергеев қайда?

Қартай. Меніңше, бір-ақ жол бар.

Жақып. Айтшы, айтшы!

Қартай. Есенгелдінің жолы...

Шоңмұрын. Есенгелді құсап үйде отырып атысамыз ба?

Жақып. Түсіндім: Есенгелді сияқтандырып алдап түсіру – солай ғой, Қартай?

Қартай. Дәл өзі!

Әбіш.

Шоңмұрын (жымыңдап). Дұрыс, дұрыс... Бірақ кім орындайды?

Жақып. Қартай мен Әбіш орындайды. Большевикше киініп, қызыл жалауды қолына алса болғаны... Қартай-ау, сенің большевик деген қағазың да бар шығар?

Қартай (күлімдеп). Большевик, сәбден қағаздары менен табылып бағар ғой.

Жақып. Қартай! Есенгелдіні ұстап берген айлаң айрықша бағалауды керек қылады. Ол үшін бүкіл қазақ елі атынан алғыс айтамын!.. Ал Таран әскерін солай қолға түсірсең...

Шоңмұрын. Менімше, бір-екі орысты да большевик қылып қосу керек. Күлән да барсын деймін, әйел көрсе, кеңес үкіметін орнатып қойғандай қуанатын большевиктердің әдеті...

Қартай (оның сөзін бөліп). Қане, тездету керек. Мен әзірленуге кеттім...

Қартай, Әбіш шығады. Теңселіп Антонов кіреді.

Антонов (мас). Господин полковник... Господин полковник... Орындалды... Жым-жырт... Халықтарды... Тойған мысықтай бүрісіп жатыр бәрі... Жиырма сүмбіден бергізіп ем, тырнақ алды бәрі... Қа-қа-қа...

Жақып. Оны қоя тұр, офицер Антонов, Таран әскері келе жатыр, ерлігің болса енді көрсет (бәсең дауыспен) сандалмай.

Антонов. Таран келеді?.. Өлтірем мен оны... Өлтірем... (Қылжаңдап барып диванға құлайды. Жатыр.) Өлтірем мен большевики! Өлтірем... (Қартай кіреді.)

Қартай. Әзірміз.

Жақып. Тез жөнеліңдер. Әскер әзір тұрады. Тура осында әкеп кіргіз. Өзгесіне уайым жеме.

Қартай. Әйтеуір, әзір тұрыңыз. Біз өлімнің өзіне барамыз. Қаладағы жұмысымызды естісе, онда біздің біткеніміз... Қоштасқанымыз осы болсын! (Қартай тез шығады.)

Айбала. Жасаған-ай, сәтін бергей де! Бүгін ғана теріміз кеңігендей болып отырғанда..

Шоңмұрын. Мынаған айтпасақ болмас... (Антоновтың жанына келіп.) Господин Антонов! Біз тағы бір қақпан құруға кірістік...

Антонов. Кет, пожалуйста. Каждый шиповкаңмен келіп...

Жақып. Тиме оған, ұйықтасын. Қысылғанда көмегі тиеді деген адамымыз ғой. (Көзінің қиығымен Айбалаға қарайды. Ол шығады, Жақып дауыстап.) Есікте кім бар? Мұнда кел! (Кенжеғара кіреді.)

Кенжеғара. Мен бір хабар есіттім, рас па?

Жақып.Тағы бір жұмысқа кірістік. Сендермен ақылдасуға асығыс болды. Болышевикше киіндіріп он шақты адам жібердік қарсы алуға, бұл тұзаққа іліксе, іс оңға айналды. Әйтпесе, білмеймін... Әскердің көбі мас, тәртіпсіз... (Антоновты көрсетіп.) Бастық дегеніміздің қылжиып жатқаны анау...

Кенжеғара. Мұның да бір тапқан жұмыс екен. Сәтін сұра. Әскерді тас-түйін иіру керек. (Антоновқа.) Мына шіркінді жауапқа тарту керек қой, шалжандатпай. (Телқозымен Төреғазы кіреді.)

Жақып (қызып). Кенжеғара, Телқозы, Төреғазы! Үшеуіңе өте жауапты жұмыс тапсырылады.

Үшеуі (бірден). Орындауға әзірміз!

Жақып (бұйрық есебінде). Бірінші – Қостанай жолындағы барлық қарауылшы солдатты алып, о жақтағы, көшедегі солдаттың бәрін казармаға тығындар! Екінші – ол көшелерге қызыл жалау іліңдер; үшінші – бүкіл Шыршық қаласында кешеде бос жүрген бір солдат болмасын; төртінші–осы үйдің қорасына 20 солдаттан әскер жасырыңдар; бесінші – казармадағы солдаттар екі минут ішінде далаға шыға келуге әзір тұратын болсың; алтыншы – түрменің ішкі күзетін нығайтындар... Тарандар қалаға кіре бергенде, осы әскер сол сағатында бас салатын болсын!

Үшеуі (бірден). Мақұл! Жан барында орындаймыз!

Жақып. Он минуттың ішінде орындадық деген хабарларыңды жеткіз! Бәріңнің жұмысыңа Кенжеғара жауапты... ( Үйдегілер шығады. Біраз тыныс. Кенет телефон шылдырлайды.)

Жақып (телефонды алып). Кім! Телқозы?.. Казармаға жиналды? Жүзге толмайды?.. Құдай атсын сені!.. Бүйтіп істеген ісі құрсын! Әй, мыңқылдама, жетер. Қолдағы әскеріңді тәртіпке сал! Қарауылдағы солдаттарды большевикше киіндір, төсіне қызыл тақ!.. Орындаған хабарыңды дереу білдір!.. (Телефонды тастайды. Үй ішінде асығыс жүріп, терезеден қарайды. Айбалаға келіп, иығына қол салып.) Айбала, ақылыңа кел! Біздің сүйеніп отырғанымыз Колчактың күші. Оның жіберген бастығын төбеге көтермей амал жоқ. ( Телефон шылдырайды. Жақып телефонға бара жатып.) Осыны анық түсін!.. (Телефонды алып.) Кім? Төреғазы?.. Ия... Жиырма солдат жібердім... Сергеевті бас қылып жібердім... Жалауды қайда ілдім дейсің?.. Жақсы, жақсы... Батыр, сен қимылдаңқырамасаң...

Шоңмұрын (кіріп). Төреғазы жіберген жиырма солдатты жайластырып жатқыздым. Сергеев басында. Өзім қасында болам. Көшедегі солдаттарды үйді-үйге қамап жүр... Істің барысы жақсы.

Далада шу, айқай, үйдегілер селт етіседі.

Дауыс. Неге қамайсың бізді? Есенгелді құсатып өлтірмексің бе? Соғыспай көнбейміз!

Жақып. Ойбай, бар!.. (Шоңмұрын жүгіреді.) Өшір үндерін!.. ( Үй ішінде ерсілі-қарсылы жүгіріп.) Не болдық, батыр-ау? Бүлінбесе игі едік!.. Жалғыз ғана үміт – Қәртайда, Кәртай көндіре алса, көз ашқанымыз. (Басын шайқап.) Шіркін бақыт! Бір күнге жетпейтін болған соң қонбай-ақ қойса қайтетін еді... (Айбалаға.) Жүсіппен сөйлес, Сергеевтің маңынан жүретін болса, менен жақсылық күтпесін! Осы жұмысқа сені жауапты қылам!

Айбала (кекетіп). Өте бір құрметті жұмысты тапсырдың! (Телефон шылдырлайды. Айбала шығады.)

Жақып (жүгіріп барып). Кім? Кенжеғарамысың? Түрмедемін? Ә?.. Жоқ, жоқ... Осында кел, тез, тез!.. (Тастайды. Тарыпжан кіреді.)

Ғарыпжан. Шаң көрінді, келе жатыр білем...

Жақып (сасқалақтап). Ия, құдай, сәтін бере көр! Тез қақпаға қызыл жалау байла! Бір-екі солдаттың білегіне қызыл байлап қақпаға қой! Шоңмұрынға айт: солдаттарын тез осында алып кірсін!.. Өзің орныңа бар!.. (Тарыпжан тез шығады.) Я аруақ!

Қаз дауысты Қазыбек!

Қорғайтын жерің келді!

(Үстін қағынып, жөнделеді. Жүгіріп Шоңмұрын кіреді.)

Шоңмұрын.Не бұйырасыз?

Жақып (тез). Солдаттарыңды тез осы үйге орналастыр, сезіп қалса терезеден жай қармыз!

Шоңмұрын (терезеден). Офицер Сергеев! Үйге алып кір солдаттарды! (Сергеев бастап солдаттар кіреді: жалаңаш-жалпы, жүдеу, біреулері жалаң аяқтың аз-ақ алдында. Мылтықтарын зорға сүйретіп кіреді.)

Жақып. Былжырамай, жиналыңдар! Жау көргенде ширайтын ер қазақтың тұқымынан садақа кеткірлер!.. Смирно!.. (Солдаттар қатарласқан болады.) Вольно!.. Былайғы екеуің ана Антоновты көрші бөлмеге апарып жатқыз.

Сергеев (күлімсіреп). Офицер Антонов ерлігіне булығып жатыр ма?!.

Антонов (солдаттар көтергенде сандырақтап). Арда қазақтар!.. Сволоч!.. Шагім!.. Арыш!.. (Солдаттар әкетеді.)

Шоңмұрын (кейіп, теріс айналып). Кәдімгі ақымақ, маскүнем. Бірақ тек біз сияқты сорлы жұрттың жауырын шұқитын сауысқан, көзіне үймелейтін қара шыбын.

Сергеев (зілді дауыспен). Бұл айтқандарыңыздың ішінде мен де бармын ба?

Шоңмұрын (жалт қарап, қызарып). Офицер Сергеев, ғапу өтінем!.. Кейігеннен... (Асығып Ғарыпжан кіреді.)

Ғарыпжан. Жалау ілінді. Күзетші қойылды. Қызылдардың бастықтарын Кәртай ертіп, қалаға кірді...

Жақып. Шоңмұрын. Әй, ерім-ай!

Жақып (телефонмен). Түрме... Кенжеғара!.. Қызылдың бастықтары он минутте қолға түседі. Қарауылды күшейтіп, әзір тұр!.. (Телефонды үзіп, қайта алады.) Казарма. Төреғазы! Әскерді әзір ұста, он минутте қызылдың бастықтарын ұстаймыз... Ә?.. Солдаттың жартысы да жоқ? Таптыр тез! Шаптыр жан-жаққа!.. (Телефонды тастайды. Далада дабыр, дүрсіл. « Түсіңіздер!» – деген дауыс.)

Жақып. Сергеев, әзірле! (Солдаттар әзірленеді. Есіктен Кәртай, Күлән, оған таяу екі командирімен Таран кіреді, қарауылшы солдаттарды алып Әбіш кіреді. Кәртаймен Күлән жалт беріп екінші жаққа шығады.)

Жақып (шаңқ етіп). Солдаттар! Көзде дұшпанға! (Солдаттар мылтығын көздеп тура қалады. Жақып Гаранта.) Көтер қолыңды! (Тарандар состиып тұрып қалады.)

Таран (Кәртайға). Ой, «Алаштың» жалданба жансызы! Қызыл жалауды, большевиктің билетін, ар-иманыңды арзанға сатпаған екенсің!

Жақып. Тоқтат сезінді! Көтер қолыңды! (Көтереді.) Кәртай, Әбіш, Сергеев, алыңдар құралын! (Кәртай, Ғарыпжан, Әбіш олардың құралдарын алып жатады. Кәртай Таранның қонышын сипай берем дегенде, Таран оны теуіп-теуіп жібереді. Кәртай шалқасынан түседі.)

Таран. Жауыздар!.. Қан майданда кездессең, көрер едім!.. Арам иттер, алдап түсіргенге есіріп... Күні ертең-ақ көреміз!..

Жақып. Айдандар түрмеге!.. (Бес-алты солдат Тарандардың қолын артына байлап, айдап шығады. Қалған солдаттар да тегіс шығады.)

Жақып (Кәртайдың қолын қатты қысып). Осы сағаттан бастап «Алаштың» айбынды ерінің атын берем саған!.. (Кәртай басын иеді.) Ал, қалай түсірдіңдер?.. (Кәртай күлімсіреп, айтып жатады.)

Сергеев (Күләннің жанына кеп). Әйел басыңызбен майдан жұмысына араласқаныңызды құттықтаймын! Қолыңыздан сүюге рұқсат етіңіз!.. (Күләннің қолынан сүйіп, күлімдесіп, сөйлесіп тұрады.)

Ғарыпжан (Әбішті оңашалап). Жұрттың бәрі еңбегіне қарай сый алып жатыр, біз екеуіміз...

Әбіш (күліп). «Апаш» қанатын жайса, Сарыарқада бұрынғыдай сайрандап, өзіміз хан, өзіміз би болсақ... (Есіктен Жүсіп кіреді. Бұлар оған қарай қалады. Жүсіпті көріп Күлән теріс айналып, Сергеевті терезеге таман әкетеді.)

Жүсіп (тақпақтап).

Бір жыл болды сені сүйдім уландым.

Бауырына алдың, неге мені қумадың?

Ессізбін мен: айрылуды ерте ойлап,

Қанды жаспен көзім неге жумадым?!.

...Білдім бүгін: мені тастап кетесің!

Күміс көбік Ақ Еділден өтесін.

Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!

Тірі тастап кетіп мені нетесің?!

(Қолын соза түсіп.)

Көріскенше қош бол енді, бер қолды!

Қалтырайсың қолым саған не болды?

Жан сүйген жар жат қолында тұрған соң

Көзше жас, жүрегіме у толды!..

(Сергеев бір нәрсе айтып күледі. Күлән тыржыңдап иығын көтереді. Ғарыпжан мен Әбіш ымдасып, Жүсіпті ортаға алады.)

Әбіш (Ғарыпжан екеуі Жүсіпті қақпалап оңаша апарып). Жүсіп! Сен ақылыңа кел!.. Сөз шығаратын кез емес...

Жүсіп (мысқыл түрінде). Рас, сөз шығаратын кез емес. Біз елім мен өмірдің арбасқан кезеңінде тұрмыз... (Қамыққандай.) Бірақ өлім сағатында сүйген жарыңды құшып өлсең... Шұбар жылан боп жат араңа кірмесе... Неге есіртеміз осынша, қазан бетінің кілегейіне шейін сыпырып беріп?.. (Жақып ала көзімен қарап, сөйлесе береді.)

Сергеев (күліп). Ақынның ардақтысы Пушкиндей-ақ болар, орыс жұртының сұлуын о да жалғыз иемдене алмаған...

Күлән (тыржың етіп). Ақын емес, ақымақ! Мәдениетсіз! Сүймеймін өзін... (Күлімсіреп, Сергеевпен сөйлесе береді. Әбішпен Ғарыпжан Жүсіпті басуға азаптанып жатыр.)

Кәртай (күлімсіреп). Сонымен, әйтеуір сендірдік-ау. Әскеріңіз пәтер әзірленгеннен кейін кірер, өзіңіз бірге жүріңіз, деп бөліп алып жөнелдім.

Жақып (жайраңдап, Кәртайды иықтан қағып). Жарайсың жігітім, ақ сүтіңді адалдадың! Сенің еңбегіңді «Алаш» тарихына алтынмен жазамыз... Енді тұрмау керек: жыланның басы ғана қырқылды, бөксесі әлі тірі. Сонау жүз елу солдатты жайластырмай бізге тыным жоқ! Біреу білдіріп, бүліншілікке ұшыратып жүрмесін. Осы жұмысты өзің аяқтап шық: солдаттарды әр үйге үшеу-төртеуден кіргізіп жасырындыр да, Таран әскерін солардың үстіне бөліп-бөліп түсір, үн шығартпай бір минутте жұмысын бітір. Мен саған сендім!

Кәртай. Бұл тапсырмаңыз сөзсіз орындалады деп біліңіз. «Алаш» жолынан аяған жан құрысын!.. (Кәртай кете бергенде шымылдық түсе бастайды. Жүсіптің зарланған даусы.)

«Айрылам деп алып па едім есіме?

Амал қанша әйелдегі кесімге?

Тәңірі мен! Маған мәңгі ұйқы бер,

Жан жарымды бір сүйейін түсімде...»

Жақып, Кенжеғара, Айбала, Өмірбек.

Жақып (ерсілі-қарсылы жүріп). Кенжеғара, халдың өзі қалтылдай бастады-ау, ә?.. Соңғы уақытта жеңдік деген бір хабары келмейтін болып алды...

Кенжеғара. Бұл өзі уақытша қалып болса оқасы болмас еді... Біздің де, ақ жан аралдардың да алғашқы екпініміз жартасқа соққандай қайтып қалды ма деп қорқам... Қомақты күш болмағасын, шашырай-шашырай, сарқылып қалмасақ қайтсын. Егер осылай бола берсе, есін барда етегің жап дегендей...

Айбала. Есенгелді мен Таранды оңай-ақ қолға түсіріп алып едіңдер, содан кейін қақпан шабуды қойып алды ғой... Мен әйелмін ғой, сондықтан шығар деймін, құдайдың құдіреті, соларды алдап түсіргендерің жақсы игі ме деймін де жүрем.., Тек әйелдігіме көрінсін-ау... Әйтседе...

Жақып. Е, одан соң да бірталай өзгеріс жасадық қой. Өмірбек бізге қосылды. Бірталай күш әкелді... Екі жұма болды, орнығып алғандай да болдық... Ел де үйренісіп келеді. Кәдімгідей арыздарын әкеліп, шуылдап жүрген жоқ па?..

Кенжеғара. Әй, білмеймін... Ел үйреністі дегеніңе мен өзім көп сенім артпаймын. Шабуылдағанда әлгі аз ғана бай мен ақсақалдарың болмаса, өзге қалың бұқара бізге ел болатын түрі байқалмайды. Қайсысымен сөйлессең де, бір ұртында майы, бір ұртында қаны... Ал енді крестьяндарың бізге «киргизский орда» деп қарайтын көрінеді. Осы бір «Алашорда» дегеннің ордасына, бұрынғы «киргиз» дейтіндерін жалғап алыпты да, қай жерге құлағың салсаң, «киргизский орда» деп тұрғанын есітесің. Кісіге найзадай қадалып тұрады...

Шоңмұрын. Крестьянға не істей аласың? Бұлар бір дүрліксе, үріккен қойдай дүрлігеді. Олардың арасында істеп жатқан ісіміз де жоқ. Қазағың түгел бізге қарап болған күнде де, қалың мұжық бізді көріп әкете ме деп қорқам... Осыларыңның екі сөзінің бірі «большевикпіз» дейді екен...

Жақып. Мұжығыңды былай қоя тұршы... Оған үкімет құрып берейін деп тұрған кім бар?.. Қазақты айт!

Шоңмұрын. Мұжықты қоя алмайтын көрінеміз... Есенгелді, Тарандарды атуға бұйырып едік, маңайдағы қалалардың жарлы-жақпайлары қаптап келіп, ереуіл шығара жаздады ғой.

Атамыз деген сөз болған жоқ, кейін қараймыз, –деп әрең құтылғамыз жоқ па?..

Айбала. Ойбой, мұжық дегенің барып тұрған пәле!.. «Киргизский орданың» қатындары деп тіпті көшеге жүргізбейді. Бірдеме дейін десең, өршеленіп кетеді. Қызылдар келе қалса, мұжықтың бірі қалмастан еріп кетеді...

Жақып. Ия, ия... Сендердікі дұрыс екен. Бұл мұжық көтерілсе, араның ұясындай шулайды... Соғыста бұлардың біреуі қазақтың оныңа тұрады...

Кенжеғара. Оның үстіне сыртқы соғыс тоқталғалы қайтып жатқан солдаттың бәрі қызылдар жағында... Солардың үгіті крестьянды бізге удай қарсы қылып қойып отыр... Большевик отрядтарының кебі солар...

Жақып. Әйтеуір, халымыз қалт-құлт етіп, құлдырап барады. Әскеріміз күнде қашып жатыр. Қолдағы әскер жидіп, шіріп барады. Білмеймін...

Өмірбек. Қолдағы әскерің мықты ауру көрінеді. Бізбен келгендерді араларына кіргізбей, әлі мүйіздеп жүр ғой: «аяғынан келген, сендерді кім шақырды, нан өзімізге де жетпей жатыр!..» – деп, кез келген жерде көзге шұқитын көрінеді... Содан шығар деймін, бізбен келгендердің көбі қайта қызылдарға қашып кетіп отыр...

Жақып. Қайта қашып кетіп отыр?

Өмірбек. Ия, қайта қашып кетті... Бізден бөлінгенде Баян мен Соколов жиырма шақты-ақ адаммен кетіп еді, қазір екеуі екі отряд жасап алыпты.

Телқозы. Отряд болғанда қандай! Қарабұтақта кездескенімізде дал далымызды шығарды той... Көзге іліккен жерден шабуыл жасады. Баянның отряды бізден екі есе аз еді, сонда да шыдатпады ғой. Олар нығайып алған. Қауіптің өзі торлап...

Жақып. Жеңілгендеріңді көтеріп айтпай, жеңгендеріңді айтатын да күн болар ма екен!.. Ұят та жоқ, ар да жоқ... «Дал далымызды шығарды!»–деуін қарасайшы! Сендер немене, қоймысыңдар, қоянбысыңдар?..

Кенжеғара. Әңгіме бұларда ғана емес, бәрімізде. Біздің артымызда ел жоқ, екендігі енді-енді айқындалып келеді... Қазақ деп жүргеніміз бір уыс байлар екен. Қалың бұқара бізден қашып, жуымай отыр... Ә, олар ереді, еріп жүр дейтінбіз... Ерте алмадық... Біз құсап Колчак, Дутовтар да қалың мұжықты бездіріп алды. Қатты бір соққы көрсек болғаны, бір күшті әскердің қолтығына кірмесек, бас паналайтын да жер қалмайды... Қолындағысынан айырылса, Колчак-Дутовтар да көшкен елдің жұртын да қалады...

Шоңмұрын.Ал енді большевиктер олай емес: жұмыскері; кедейі, орташасы бар жерге ұшыраса болғаны – отряд құралып сала береді, ат та табады, ас та табады... Қалың бұқара соларға ауып болды. Бұл толқынды тоқтату өте қиын... (Есіктегі солдат кіреді.)

Солдат. Мына бір телеграмды әкеп кетті. (Жақыпқа береді де шығады.)

Жақып (оқып). «Қарасай қаласынан қашып шығуға тура келді. Артымызда Баян. Алдымызда Андреев. Жау күшті, жәрдем беріңдер. Әскердің жартысы оларға қашып кетті... Мусин.» (Телеграмды лақтырып жіберіп.) Жасаған-ау, не болдық? Жеңілдік, қаштық деген хабар қашан тоқталады? Кімнің ғана қолынан келеді мұны тоқтату?!.

Шоңмұрын. Колчактан күш сұрау керек... Қостанайдағы әскерін бізге жіберсін. Орынбор жаққа Дутовие болсын. Әйтпесе, Орынбор мен Түркістан арасы бір қосылып алса, қызылдар бет қаратпайды.

Жақып. Жаза қойшы, құрғырды!.. Одан да не шығар дейсің?.. (Шоңмұрын жазуға отырады.)

Өмірбек. Баян мен Соколов отрядынан осынша шабылып отырмыз, егер Андреевтің өзімен ұшырасып қалсақ, не боламыз?.. Қобызовтар бір ақырып қалса-ақ, торпақтай томыраңдап, алдына түсе жөнелеміз бе? Сендердің арқа сүйер, мықты белдерің қайда осы?..

Жақып. Қайда болсын, осы отырған өзіміз... Іс бітіріп, мал тауып жатқан анау ақсақал-билерің... Атқа жаңа мінген баладай қомпаң-қомпаң етіп отырған анау Калшақ... Міне, арқамыз да, белімізде, жұлын-жотамыз да осылар емес пе?..

Шоңмұрын (жазғанын оқып). Телеграм былай болып шықты:

«Қазақтың құрметті ақсақалы, Сібірдің дара билеушісі, бәріміздің арқамыздағы панамыз, маңдайдағы саямыз, адмерал Колчак!.. Айбынды «Алашорданың» мұндағы бөлімінің халы ауырлай бастады, әскеріміз азайды әрі қашып жатыр... Егер бізді күшейтпесеңіз, Орынбор мен Түркістан арасы айқасып алады. Одан кейін большевиктер бет қаратпайды. Құрылмаған біздің «Алашордамыз» түгіл, сіздің мықты үкіметіңіз де шайқалуы мүмкін. (Әдейі жазып отырмын «мықты үкіметіңіз» деп.) Сондықтан, тезінен Костанайдағы Могилев полкын бізге жәрдемге жіберіңіз. Жәрдеміңізге сеніп – Күншығыс Алашордасынан:

Жақып, Шоңмұрын, Кенжеғара».

Кенжеғара. Әлгі офицер Антоновтың қолын неге қоймадың?

Шоңмұрын. Оны кім біледі, қол қоя ма, жоқ па? Өзі үш күннен бері мас, басын бір көтерген жоқ. (Антонов кіреді.)

Антонов. Кім мас?.. Шоңмұрын, сен трибунал болмақ түгіл, құдай болсаң да, адмирал Колчактың офицерін мас деп сөгуге өрең жетпейді!.. Білдің бе? Көзіңді ашып қара, жағынды сындырып жіберермін!..

Жақып. Сабыр ет, Антонов офицер! Мас деп сені айтқан жоқ, солдаттарды айтып отыр еді. Біз бір телеграмма берейік деп едік, қол қоясыз ба? (Телеграмманы береді.)

Шоңмұрын. Офицер Антонов, сіздің мінезіңіз өзіңізге лайық емес! Мен крестьян емеспін ғой...

Антонов (оған қарамастан, телеграмманы оқып тұрып). Мені айтпаған болсаң, кешірдім... Сенде...

Шоңмұрын (Кенжеғараға). Міне, иттің баласы!

Антонов (телеграмманы Жақып қалақтырып). Қол да қоймаймын, ештеңе істемеймін де... Бүгін Омбыға жүрем. Маған отпуска бересің. Телеграммаларыңды өздерің бере бер. Мен өзім барып адмиралға хал-жайды ауызба-ауыз айтам. Жердің бетін жауып кететін көп әскер әкелем, ризасыңдар ма? Мен бұлай сандалып жүре алмаймын... Сендер...

Айбала. Неге асықтыңыз, офицер Антонов?.. Әлде бір...

Жақып. Ризамыз... Барсын... Барсын...

Отырғандар. Жарайды, барсын... Бірақ тез жәрдем әкел!..

Антонов. Мен енді амандасуға ғана келем...

(Кетерде Айбалаға қарайды, Айбала да артынан шығады.)

Кенжеғара. Кетсінші осы иттің өзі... Жазатайым қашуға тура келсе, мұнымен жүріп елге сыя алмайсың... Барсын!..

Жақып. Апырмай, халіміздің өзі қайтер екен?.. Ақаннан да хабар болмады... Оны Мәскеудің түрмесіне тығып жіберген шығар-ақ!..

Шоңмұрын. Ие, Ақаң бас бостандығынан айырылған шығар... Әйтпесе, ұшқан құстан болса да бір хабар берген болар еді... Әдібаевтың келісімін Мәскеу неғып ұната қойды дейсің...

Өмірбек. Оның үстіне, артынан переворот жасалғанын: Баяндар Мәскеуге әлдеқашан білдірген... Дүние сабасына түскенше, Ақаннан айырылған шығар-ақпыз... (Ғарыпжан кіреді.)

Ғарыпжан (айнала қарап). Осы арадан қырық шақырым жерде Желаев келе жатыр!..

Отырғандар (селк етіп). Желаев келе жатыр?!

Ғарыпжан. Отыз шақырым жерде Андреев келіп тұр!

Отырғандар (ұшып тұра келіп). Андреев келіп тұр?!

Ғарыпжан. Жиырма шақырымда Баян отряды төніп тұр!

(Үйдегілеp отыра қалып). Баян отряды?..

Ғарыпжан. Он шақырым жерде Әлібаев тұр!..

Отырғандар (ұшып-ұшып тұра келіп). Әлібаев тұр?..

Өмірбек ( аз тым-тырыс). Одан басқа ешкім жоқ па?

Ғарыпжан. Осы төртеуі де жететін... Төртеуі төрт бүйірде..: Араларында байланыс бар секілді.

Үйдегілер. Байланыс бар?

Ғарыпжан. Байланыс бар! Ойда орыс, қырда қазақ, бәрі солардың байланысы, сымсыз телеграмы... (Үйдегілер сылқ отыра кетеді.)

Жақып. Олар осы қаланы алмақ па?

Ғарыпжан. Енді екі сағатта шабуылдың шаңын көріп, түтінін жұтасыздар...

Жақып (ұшып тұра келіп). Мен, полковник Жақып, «Алашорда» үкіметінің атынан, осы қаланы тұтас соғыс құшағында деп жариялаймын! Штаб басында Жақып, Кенжеғара? Шоңмұрын үшеуі ғана қалады. Өзгесі түгел әскер қатарына тұрып, қару асынсын! Қаладағы барлық солдатты қаз бастырып, қатарға тізу офицер Төреғазыға тапсырылады! Әскерді қалай жүйелеу штаб қолында!.. Жөнеліңдер орындарына!

Үйдегілер. Мақұл, мақұл! (Шығып бара жатады.)

Жақып. Өмірбек, Төреғазы мен Кәртайды жібер мұнда!..

Өмірбек. Қазір, қазір. (Асығыс шығып кетеді.)

Шоңмұрын. Баян отрядына телеграмма берейік...

Жақып. Не деп?

Шоңмұрын. Өздерің келіп, қару-жарақтарыңды беріп қолға түсіңдер, әйтпесе жарты сағатта қолға алынасыңдар, аяушылық болмайды деп. Мүмкін...

Жақып. Әй, ештеңе шықпас... Берсең, бере сал!.. Бірақ бір жандаралдың қолын қой, қаймықса сонда қаймығар...

Шоңмұрын. Мен жазып та қойып ем. (Оқиды.) «Большевик Баян мен Соколовқа! Егер жарты сағатта қаруларыңды тапсырып, өздерің қолға түспесеңдер, Ташкенттегі қырғынның көшірмесін көресіңдер... Андреев, Әлібаев қолға түсті... Атаман Беляев.»

Жақып. Тез жіберт... Бәлкім... Ал қалаға сақ болыңдар! (Телеграмманы Айбалаға береді. Айбала алып шығады.)

Ғарыпжан. Осы қаланың өзі көтерілмесе жарар... «Киргизский ордадан» қашан құтыламыз деп ауыздарын жаппайды.

Жақып. Кімдер айтады?

Ғарыпжан. Бүкіл вокзал, кеше, бүкіл базар – бәрі осыны айтады. Ірі байлар болмаса, қаланың өзге халқы ат-сайманын алып, әлде қашан далаға шығып кетулі...

Кенжеғара. Қазақтар қалай екен?

Ғарыпжан. Қазағың да желігіп алыпты, өмірінде мылтық ұстап көрмеген қазағың осы күнілек-легімен большевикке қосылып жатыр. Болыстарың мең-зең, сең соққан балықтай, елден айырылып қалыпты...

Телқозы, Төреғазы, Кәртай, Айбала, Әбіш кіреді.

Жақып (келгендерге). Хал ауыр, жау қамап тұр... Ерленіңдер!.. Төреғазы, Телғозы,–екеуің әскер командованиесін өз қолдарыңа алыңдар!.. Жиып ұстаңдар. Әр минутта атысқа әзір болсын! Кәртай, Әбіш екеуің түрменің күзетін күшейтіңдер!.. Кішкене десін бұйрық аласыңдар, жөнеліңдер.

Төреғазы.

Телқозы.

Әбіш (шығып бара жатып). Дайынбыз! Дайынбыз!

Жақып (телефонды алып). Ия! Бұ кім? Баян! (Телефонды түсіріп алады. Жұртқа қарап.) Баян! (Қайта алады.) Не, не? Не дейсің? (Сасқанынан күліп.) Денің саума, ей?.. (Қайта түсі бұзылып.) Біз де қорықпаймыз... Атаман Беляев екі мың әскерімен осында тұр. Жақындасаңдар, күлдеріңді көкке ұшырамыз... Не? Қолға түсіңдер? Тимейміз?.. Өздерің қолға түсіңдер! Біз де тимейміз. Әй, бұзылған! Аз ғана қазақты көкпардай созғыламай, келіп бізге қосылсайшы... Әуелі қазақтың теңдігін әперейік те.. Большевик ұлт теңдігін береді дегенге кім иланады. Әуелі өзі, теңеліп алсын... (Тыңдап.) Өзін жауызсың!.. Қазақтан бөлініп... Сен, сен! ( Телефонды тастай береді. Жүріп кетеді. Аздан соң.) Рас, рас... Күш оларда. Олар қазір қаланы алады... Жүгір, Ғарыпжан! Әскерді көшеге тізсін!.. (Тарыпжан шығады. Телефон шылдырайды.) Бұ кім? Төреғазы? Әскерді төртке бөліп қаланы айналдырады, шеп құр! Қазір өзім барам. Мұнда отыз әскер жібер, Өмірбектің бастатып!.. (Даладан айқай, шу естіле бастайды.)

Шоңмұрын. Түрмедегілерді қайтеміз?

Жақып. Ағып кетеміз!.. Жаза бер үкіміңді!.. (Шоңмұрын жазуға отырады.) Кенжеғара, баршы, байқашы... Нетші... Мен де барам!.. (Жақып, Кенжеғара шығады. Аз тым-тырыс. Телефон шылдырлайды. Айбала штабтың қағаздарын жинай бастайды.)

Шоңмұрын (телефонды алып). Кім? Жақып әскерді қарауға шықты... Не айтасың? Шабуыл? Қай жақтан? Екі жақтан? (Есіктен қашуға айналған адамдар топырлап кіре бастайды: оқыған әйел, еркек, қалабайлары, жуандар.) Қанша? Неге білмейсің?.. (Кіріп жатқандарға.) Кірмеңдер, кірмеңдер!.. Ертерек ат тауып алып, күнбатысқа қарай қаша беріңдер! Қаша беріңдер күнбатысқа қарай! (Телефонды қояды.)

Дауыстаp. Қарағым-ау, қалып барамыз ғой, нәрсеміз қалды, есік ашық... Үйіміз бос... Ала кетіңдер, ала кетіңдер, қарақтарым. (У-шу.) Қайда барамыз, қайда қашамыз?..

Шоңмұрын. Күнбатысқа! Күнбатысқа қашыңдар! (Далада мылтық дауысы естіле бастайды. Әуелі аз, ұзамай көп. Даладағылар да, үйдегілерде шулайды. Ерсілі-қарсылы жүгіріс. Нәрсе тасу: Айбала, Шоңмұрын екеуі үйге кіргендерді қайырмақшы болып жүреді. Жақып кіреді. Телефон.)

Жақып (телефонды алып). Кім? Кенжеғара?.. Әрине, қашамыз... Жөнелтем. (Телефонды тастап, үйдегілерге.) Жөнеліңдер, тезірек, батысқа қарай! Айбала, сен де жөнелші, қасыңа он шақты солдат ал... (Үйдегілер жөңкіліп шығып жатады. Тағыда көп адам кіріп жатады. Атыс күшейгеннен күшейеді. Жақып телефонды алып.) Түрме! Түрме! Кәртай... Тында! Қазір түрмедегілерді осында жеткіз! Сақ бол, қашып кетпесін! Аяқ-қолдарын байлатып ал!.. (Телефонды қояды. Өмірбек кіреді.)

Өмірбек (честь беріп). Әкелдім, алдияр, 30 шақты солдатты!

Жақып. Қораға кіргіз! Қасында бол өзің!.. (Өмірбек асығып шығады. Шоңмұрын мен Жақыптан басқаның бәрі шығып болады. Дала у-шу. Атыс. Анда-санда үйге адам қаптап, нәрсе тасып (шуласа береді.) Жасаған, ақтық алыс, соңғы сағатқа жетіп қалғанымыз ба! Шынымен-ақ алаштың ардагерлерінің басы бір қосылмай, әр жерде жетім құрбан болып кете барғанымыз ба?.. Қайран ұшы-қиырың көрінбейтін Сарыарқа!.. Жіпсіз тұсап, ділер қылдың-ау! Басымызды бір қосып, жас отаудың уығын шаншып, ішіне бір кіре алмай-ақ кеткеніміз бе?..

Шоңмұрын. Болмады, болмады! Ендігі жұмыс жастығымызды ала жығылу да! (Кәртай кіреді.)

Кәртай (честь беріп). Әкелдім бәрін де.

Сахнаның түпкі қабырғасына дәке ұсталған, ар жағынан фанер ұстаған. Дәл осы кезде фанер алынып, сахнаның сыртына жарық беріледі. Байлаулы, кісендеулі, үсті-бастары қан 20 шақты адам көрінеді; қарсы алдында мылтығын көздеп тұрған 20 шақты солдат. Есенгелді, Таран, Мәмбет, Сәдендер бар.

Жақып. Шоңмұрын, үкіміңді оқы! (Бәрі далаға шығады. Үй бос. Сыртқы жарық күшейеді.)

Шоңмұрын (сырттан бұлар ішке көрініп тұрады). «Алашорда» үкіметінің соғыс трибуналы, ел бүлдіргіш жауыз большевиктердің ісін қарап, мынадай қаулы қылады: Таран большевик, үкіметке қарсы көтеріліс жасаған, ел тонаған, орыс жұмыскері – атылсын! Есенгелді – қазақ большевик, уездік военком, 16-жылы патшаға қарсы көтеріліс жасап, одан кейін «Алашордаға» қарсы көтерілген, бұзық, ұры – атылсын! Сәден – қазақ, большевик, Есенгелдінің жолдасы, бұл да ұры – атылсын! Мәмбет – учитель, қазақ, большевик, патша заманында талай бұзақылықтар істеген, штраф тартқан, жер аударылған, сәбден бастығы... (Оқ төбелерінен зулағанда Жақып, Шоңмұрындар ылғи бұғып қалысады.) Байлардың мүлкін талаттырған – атылсын! Бұлардың жолдастары – Иван, Тасқара, Шарапи, Мамұл, Ғабиди... – бәріде атылсын!

Жақып. Соғыс трибуналының үкімін бекітем, үкім орындалсын!

Кәртай. Солдаттар!.. Көздеңдер большевиктерді. (Төбесінен оқ зулап, Жақыптар бұғып, біріне-бірі тығылады)

Мәмбет (тұтқындар арасынан). Құзғындар! Енді екі минут кешіксеңдер, біздің орнымызда сендер тұрар едіңдер!.. Атыңдар, атыңдар! Төңкеріс құрбаны болсақ, арман жоқ!.. бірақ мынау төбелеріңде ойнаған оқ, біздің оғымыз екенін ұмытпаңдар!.. Мына гүрсілді есітіп тонқаңдап қашып бара жатқандарыңды көріп, қазір қаланы большевик алатынын біліп өлген бізде түк арман жоқ!.. Бізді большевиктер көмеді! Атыңдар, жауыздар, атыңдар! Атыңдар!

Кәртай.Солдаттар, тартыңдар серіппені! (Гүрс-гүрс. Тұтқындар құлайды.)

Жақып. Ал, тартыңдар күнбатысқа'.. Тартыңдар!.

Сахна бос. Атыс жақындай береді. Сатырлап оқ жауып, жаяу өліп жатқан қызыл әскерлер көрінеді. Буденный маршы.

Команда (сырттан). Ұмтылыңдар алға, қызыл ерлер! Біреуін қалдырмай ұстаңдар.

Өтіп бара жатқан Әлібаев көрініп кетеді. Артында әскері. Асығыс, Аздан соң өліктердің қасына Андреев, Баян келеді.

Андреев. Атып кетіпті! Біздің жолдастар-ау, ә?

Баян. Бәрі біздің адамдар: Есенгелді, Мәмбет, Сәден... Мынау қызыл командир кім болды екен?

Мәмбет (ақырын). Ол – Таран. Жұмыскер. Большевик.

Баян (Мәмбеттің басын көтеріп). Мәмбет, Мәмбет, халің бар ма? Біз қаланы алдық қой! Білдің бе?

Мәмбет. Білдім. Білдім... Біз армансыз. Жүрек қуанышты! Бәріңе де сәлем! Қанымызды қайтарасыңдар... Қош!

Баян (Мәмбеттің басын қоя беріп). Бітті! Қадайық осы араға Қызыл жалауды! (Екі әскер қызыл жалауды қадап жатады.)

Шымылдық.


Қарап көріңіз



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×