Өлең, жыр, ақындар

Чарлз Дарвинге дейінгі эволюция туралы көзқарастар

Эволюция тірі материяның барлық тіршілік деңгейінде жүріп отырады және әрбір деңгейде жаңадан пайда болған құрлымдық және қызметтерімен ерекшеленеді. Осы құрлымдар мен қызметтері бірігіп, эволюцияның тірі жүйесінің әрбір деңгейіне көтерілген сайын жоғары сатысына көтерілгендігін аңғартады.

Жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуы және оның эволюциясы жаратылыстану ғылымының негізгі өзекті мәселесі болып саналады. Осы мәселе сонау біз білмейтін ерте уақыттан бастап адам санасынан шыққан емес. Бұл мәселемен барлық философтар да және дін қызметкерлері де айналысып келеді. Бірақ та әр заманда және адамның мәдени даму сатысының әр кезеңінде тіршіліктің пайда болуы мен эволюциясы әртүрлі шешіліп келді.

Қазіргі заманда эволюция теориясы Ч. Дарьвиннің теориясына негізделген. Бірақ эволюционизм Ч. Дарвинге дейін де болған. Сондықтан қазіргі заман эволюция теориясын дұрыс түсіну үшін, эволюционизмде Ч. Дарвинге дейін қандай көзқарастар болғанын және қай бағытта дамығанын білгеніміз абзал.

Ежелгі кезде табиғатқа деген көзқарас мистикалық болды, ол кезде тіршіліктің бәрін табиғаттың тылсым күштерімен байланыстырды. Бірақ сонау ежелгі Грекияның алғашқы мәдениеті дамуының бас кездерінің өзінде-ақ табиғатқа мистикалық көзқарастардан басқа да түсініктер пайда бола бастады. Сол дәуірлерде абиогенез ілімі пайда болды және дамыды. Осы ілім бойынша тірі организмдер өлі материядан кездейсоқ өзінен-өзі пайда болды деген болжамдағы бағыттар басым орын алды. Осы уақыттарда эволюциялық көзқарастар да болды. Мысалы, Эмпедокл (б.э. дейінгі 490-430 ж.) алғашқы тірі организм әлемдік материяның төрт әлементінен (от, ауа, су және жер) пайда болды және табиғат белгілі бір заңдылықпен дамыды, сонымен бірге, тек белгілі бір ортаға бейімделген организмдер ғана тіршілік етеді деп түсіндірді. Бұл көзқарастардың ең басты ерекшілігі тірі организмдердің табиғи жолмен пайда болатыны туралы ойы өте маңызды болды.

Демокрит (б.э. дейінгі 460-370 ж.) дүние көптеген майда бөлшектерден тұрады деді, олар үнемі қозғалыста болады және тіршілік қарапайым дүниеден емес, тек табиғаттағы механикалық күштің арқасында өзінен-өзі пайда болды деп тұжырымдады. Демокриттің пайымдауынша тірі организмдер батпақ пен су атомдарының механикалық қозғалысы арқасында бірігуінен, яғни ылғал топырақтың ұсақ бөлшектері мен оттың атомының өзінен-өзі қосылуынан пайда болады. Өзінен-өзі пайда болу кездейсоқ оқиға деп есептейді.

Құрт, кене және басқа организмдер таңғы шықтан, батпақтан, қидан, денеден бөлінетін терден, еттен, моллюскалар ылғал топырақтан, ал балықтар теңіз балдырынан пайда болады деп түсіндіреді. Платон (б.ғ. дейінгі 427-347 ж.) тірі тіршілік өте қарапайым материямен жаңа туындаған организмнің қосылуынан туындайтын жанның арқасында пайда болады да, ол организмді қозғады.

Аристотель (б.ғ. дейінгі 384-322 ж.) өсімдік пен жануарлар өлі материядан пайда болады деп қорытынды жасады. Ол кейбір жануарлар шіріген еттен пайда болады деген көзқараста да болды. Материялдық болмыстың бар екенін және оның тұрақты қозғалыста болатынын мойындап, организдерді салыстыра отырып, Аристотель организмдер «табиғаттың сатысы» сияқты орналастынын мойындап, бейорганикалық дүниеден бастап және ол өсімдіктер арқылы, одан губкаларға және асцидияларға, одан кейін теңізде еркін тіршілік ететін микроорганизмдерден түратынын мойындады. Бірақ, Аристотель дүниенің дамуын мойындағанымен, қарапайымдардан жоғарғы сатыдағы организмдердің дамитынын мойындамады.

Аристотельдің көзқарасы ғасырлар бойы мойындалды, одан кейінгі гректердің және рим философтары да тіршіліктің кездейсоқ өзінен-өзі пайда болатынын мойындап, мистикалық ойларымен толықтырыла түсті. Ол туралы Цицерон, Овидием, кейінірек Сенека, Плиней, Плутарх және Апулейлер де жазды. Өзгергіштік туралы пікір Үндінің, Қытайдың, Месопотамияның, Мысырдың ежелгі философтарының көзқарастарында кездеседі. Ертеректе христиан дінінің өкілдері абиогенездің басымдылығын Библиядан мысалдар келтіріп дәлелдеді. Олардың пайымдауынша, өзінен-өзі пайда болу сонау дүние пайда болған уақыттан қазіргі кезге дейін жалғасып келеді деп есептеді.

Орта ғасыр (V-XV ғ.) кезіндегі ғалымдардың арасында тіршілік кездейсоқ өзінен-өзі пайда болады деген көзқарас басым болды, оның үстіне философиялық ойлардың өзі де діннің уағыздарына негізделді. Сондықтан орта ғасыр ғалымдары жәндіктер, құрттар, балықтар өзінен-өзі пайда болады деп тұжырымдады. Сол уақыттарда, арыстанның өзін құмда кездесетін тастардан пайда болды деп есептейтін. Орта ғасырдың белгілі дәрігері Парацельс (1498-1541) гомункулусті (адамды) ер адамның шәуетін асқабаққа енгізу арқылы жасауға болатыны туралы «рецепт» жасады. И. Гёте «Фауст» шығармасында Мефистофельді егеуқұйрықтың, үй тышқанының, шыбынның, бақаның, қандала және биттің әміршісі етіп көрсетіп, Гётенің өзі де тіршілік кездейсоқ өзінен-өзі пайда болатынын мойындады.

Орта ғасырларда органикалық дүниенің дамуы туралы ешқандай жаңа көзқарас болған жоқ. Керісінше, бұл кезеңде креационистік көзқарастар дәуірлеп тұрды, олардың пайымдауынша тіршілік жоқтан пайда болды, тірі организмдер өзгермейді және тұрақты деген пікірлер де болды. Креационизм ағымы табиғаттың денесі саты сияқты, яғни құдай — періште — адам — жануар, өсімдік, саңырауқұлақтардан тұрады деген ағымды дамытты.

Гарвей (1578-1667) құрт, жәндіктер және басқа жануарлар шіріген заттан пайда болуы мүмкін, бірақ арнайы күштердің әсер етуінен пайда болады деп есептейді. Ф. Бэкон (1561-1626) шыбын, құмырсқа және құрбақалар шіріктен өзінен-өзі пайда болады деп есептеді, бірақ ол бейорганикалық және органикалық дүниенің арасында шекараның бар екенін мойындамау арқылы материалистық көзқарасты қалыптастырды. Р. Декарт (1596-1650) та тіршіліктің өзінен-өзі пайда болатынын құптай отырып, оған тылсым күштің әсер етпейтіндігін айтты. Р. Декарт өзінен-өзі пайда болу ол табиғи үрдіс екенін, бірақ ол белгісіз (түсініксіз) жағдайда болады деп түсіндірді.

Сол дәуірдің белгілі ғалымдарының көзқарастарын салыстыра отырып, олардың тіршіліктің кездейсоқ өзінен-өзі пайда болатыны туралы жорамалдары XVII ғасырдың ортасына дейін ешқандай күмән туғызған жоқ. XVII-XVIII ғасырлардағы метафизикалық дүниетанымдары негізінен түрдің ешқашан да өзгермейтінін және органикалық дүние біртұтас, ол жаратушының ақылы мен тіршілік күші арқылы жүріп отырады деп түсіндіреді.

XVI-XVII ғасырларда метафизикалық көзқарастардың дәуірлеп тұрғанына қарамастан ортағасырлық догматикалық көзқарастарға дүниетаным туралы қарама-қайшылықтар пайда бола бастады. Әсіресе, олар шіркеудің уағыздап, қолдап келген абиогенез теориясына қарсы эволюционизм ілімін тууына және пайда болуына нақты мысалдар келтіре отырып айналыса бастады.

1665 жылы ет және шыбынмен бірнеше тәжірибе жасаған Ф. Реди (1626-1697) шіріген еттегі дернәсіл жәндіктердікі (насекомдардікі) екенін, егер етті жәндіктер кіре алмайтындай жабық ыдысқа салып қойса, яғни олардың жұмыртқа салуына жол бермесе, жәндіктің дернәсілі өзінен-өзі пайда болмайтындығына көз жеткізді. Осы тәжірибелер арқылы Ф. Реди өлі дүниеден өзінен-өзі жоғарғы сатыдағы организмдердің пайда болмайтындығын дәлелдеді. Бірақ, Ф. Реди мәліметінде және ой тұжырымында адамның және жануарлардың ішегіндегі микроорганизмдер мен құрттар (гельминттер) өзінен-өзі пайда болуы мүмкін деген ойда болды. Яғни, әлі болса да қоғамда тіршіліктің өзінен-өзі пайда болатыны туралы көзқарастар болды.

1765 жылы Л. Спаланцани (1729-1799) қайнаған өсімдіктердің және еттің сорпасының ішінде микроорганиздер болмайтындығын көптеген тэжірибелері арқылы дэлелдеді. Ол сонымен бірге, қайнау уақыты мен тығыз жабылған ыдыстың ауа жібермейтінің үлкен маңызы бар екенін анықтады. Егер, ауа кірмейтіндей етіп тығыз жабылған ыдыстағы ұзақ қайнатылған сұйықтықта ешқандай микроорганизмдердің дамымайтынын анықтады. Бірақ Л. Спаланцани өзінің әріптестерін (замандастарын) микроорганизмдердің өзінен-өзі дамымайтындығына сендіре алмады. Тіршіліктің кездейсоқ өзінен-өзі пайда болатыны туралы ойды сол заманның белгілі философтары мен жаратылысты зерттеушілері (И. Кант, Г. Гегель, X. Гей-Люссак және т.б.) жақтап қорғаштады.

1861-1862 жылдары Л. Пастер сұйықтықта және ертіндіде өзінен-өзі органикалық заттың пайда болмайтынын нақты дәлелдеді. Ол барлық сұйықтықтағы ластың (кірдің) пайда болуы, тек ауадағы бактерияның арқасында екенін өзінің тәжірибелері арқылы мойындатты. Л. Пастердің зерттеулері замандастарын таңғалдырды. Ағылшын ғалымы Д. Тиндаль (1820-1893) кейбір микроорганизмдер 5 сағат уақыт бойы қайнатса да өлмейтіндігін (резисентті) екенін тапты. Сөйтіп, ол залалсыздандыруды (стерилизацияны) уақыт бойынша бөлшектеп жасау әдісін енгізді, қазіргі кезде осы әдісті тиндализация деп атайды.

Абиогенез ілімін жақтамайтындардың арасында тіршіліктің мәңгілік екендігі туралы көқарастар орныға бастады. Философтар мен ғалымдар шынында да тіршілік өзінен-өзі пайда болмаса, онда өмір мәңгілік, дербес, барлық Кеңістікте таралған деген көзқарастар пайда бола бастады. Ол бірақ Жерде қайдан пайда болды? Осы сұраққа жауап беру үшін, швед ғалымы Аррениус (1859-1927) өткен ғасырдың басынан бері (1912) пансермия болжамын ұсынды, ол бойынша тіршілік әлем кеңістігінде бар және ол аспан денесінде және Жерді қоса есептегенде қарапайым күйде болады әрі жарық сәулесінің қысымы арқылы бір-біріне алмасады. Осы болжамды қолдаушылар тіршілік метеорит арқылы Жерге де келуі мүмкін деп есептеді. Панспермия болжамына қарсы келушілер, ғарыш кеңістігіндегі қолайсыз жағдайлардың әсерінен микроорганизмдер өмір сүре алмайды және осы жағдайға байланысты Жер атмосферасынан тыс жерлерде микроорганизмдердің болуы мүмкін емес деді. Сондықтан тіршілікті тек Жерден ғана іздеу керек.

XVII-XVIII ғасырларда табиғат зерттеушілер мен философтарды органикалық дүниенің өзгермейтіндігі туралы көзқарастар күмән туғызатын сұрақтар мазалады. Осындай сұрақтардың бірі — түрдің өзгергіштігі туралы болды. Көптеген адамдар организмдердің ауа райына, қорекке, топыраққа, органдардың жаттығуына және керісінше, жаттықпағанына байланысты, шағылыстыру арқылы ж2не басқа жағдайларға байланысты өзгеретінін мойындады. Мысалы, Ф. Бекон (1561 -1626), Д. Рей (1628-1705), Ж. Бюффон (1707-1788), И. И. Лепехин (1740-1802), Н. Я. Озерецковский (1750-1827) және басқалары организмдердің ауа-райына және топыраққа байланысты өзгеретінін мойындады, ал Ш. Боннэ болса паразит қүрттар жеке өмір сүретін құрттардан пайда болады деп ойлады. К. Линнейдің өзі түрлердің өзгеруі топырақ пен ауа-райына, әртүрлі түрдің өзара бір-бірімен шағылыстыруына байланысты өзгереді деді. Түрлердің өзгеретіні туралы ойды Эразм Дарвин (1713-1802), К. Ф. Вольф (1733-1794), француз философ-материалистері Д. Дидро (1713-1784), Ж. О. Ламеттри (1709-1751), П. Гольбахтар (1723-1789) қолдады. Түрдің өзгеруі организмдердің өмір сүруі тұқым қуалаушылдығына байланысты мүмкін екендігі жиі айтыла бастады. Бірақ, әлі де болса түрлердің өзгеруі тарихи тіршілік ету ортасына, органикалық дүниенің қарапайымнан бастап жоғары сатыға қарай дамитыны туралы ойдан алыс еді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар