Өлең, жыр, ақындар

Алтын мүйізді киік

Ертеде Бұлдырмерген деген атақты аңшы болыпты. Өзі мерген, қарулы, ақылды, ер жүрек адам екен.

Бір күні ол аңға шығады. Орманды, тауды аралайды. Шаршаған соң бір ағаштың көлеңкесіне келіп демалады.

Бұлдырмерген қарсы алдында ағып жатқан бұлаққа қарап отырады. Сөйтсе байқамапты, бұлақтың арғы жағасында, үлкен жартастың түбінде бір киік жайылып жүр екен. Шаңырақтай екі мүйізі күнге шағылысып, жарқырайды. Тіпті көз қаратпайды. Бұлдырмерген өз көзіне өзі сенбей, таңдана қарайды. Шын киік. Екі мүйізі қарағайдай, жарқыраған алтын екен.

Мерген атып алмақ болып, мылтығын кезейді. Сол кезде алтын мүйізді киікке тіл бітіп:

— Сабыр ет, мерген! – деп, Бұлдырмергенді тоқтатады. Аңшы оның жанына келеді. Ол аң аулап жүріп, бұрын-соңды мұндай кереметті көрмеген екен. Қатты таң қалады.

Алтын мүйізді киік әп-сәтте алтын мүйізді ақ сақалды шалға айналады. Үстіндегі киімі күмістей жарқырайды. Ал екі алтын мүйізі сол қалпында қалады. Бұлдырмерген ештеңе демей таңырқай, таңдана қарайды.

— Осы тауда Бұлдырмерген деген атақты аңшы батыр бар деп естіп, соны іздеп шығып едім. Оны білмейсің бе, балам? – деп сұрайды ақ сақалды шал.

— Отағасы, ендеше, сол Бұлдырмерген мен боламын! – дейді аңшы.

— Олай болса, балам, сені іздеп шыққан шаруамды айтайын.

— Айтыңыз!

— Менің балам жер астындағы елдің ханы еді. Мен туған әкесімін. Қаламызға жақын жерде терең бір сай бар еді. Жиырма жыл болды, соны бір жеті басты айдаһар мекендеп алды. Жұма сайын бір ұл, бір қыз, он қой салық алғызып жейді. «Салымға көнбесең, бүкіл ел-жұртыңды қаласымен қоса жұтамын», – дейді. Оның үстіне сол сайдың маңына барған адам болсын, мал болсын, әйтеуір тірі жанды құтқармайды. Соған ешкімнің күші жетпейді. Оны тек Бұлдырмерген ғана жеңеді деген соң, халқымызға бір жақсылық бола ма деп, сені іздеп шығып едім! – дейді, ақ сақалды шал жылап.

— Малға у жағып, айдаһар жатқан сайға жібермедіңіздер ме? Соны жұтса, улап өлмес пе еді? – дейді Бұлдырмерген ойланып.

— Оны да жасап көрдік, балам. Жауыз удан өлмеді. Жұртымызды жұтып тауысатын болды. Қолыңнан келсе, көпшілік үшін аянба, шырағым! – дейді шал өтініп.

— Жарайды! – деп, Бұлдырмерген сауыт-сайманын сайлап, алтын мүйізді шалға ілеседі. Олар жердің үсті мен астын жалғастыратын үңгірден өтіп, қарттың қаласына барады.

Бұлдырмерген бойына бар күш-қуатын жинап, қолына жүз құлаш алмас семсер алады да айдаһар жатқан сайға келеді. Жотаға шықса, боран соғып тұр екен. Желдің қаттылығы сонша, таудың екі бетіндегі тасты ұшырып кетіп жатыр.

Бұлдырмерген қаһарланып, семсерді қолына қөлденең ұстап, күшті леппен тартып жатқан айдаһарға қарай жүреді. Сұрапыл боран оны ұшырып отырып, айдаһардың аузына бір-ақ алып барады. Өткір семсер жауыз жыланның екі езуін тіліп, құйрығынан бір-ақ шығарады. Ортасынан қақ бөлінген айдаһар қимылдауға шамасы келмей, өледі. Алай-дүлей соққан боран да тына қалады. Боран айдаһардың лебі екен.

Айдаһардан жапа шеккен жұрт шат-шадыман қуанышқа бөленеді. Бұлдырмергенді қоршап алып, қошеметтеп, қаласына алып келеді. Ұлан-асыр той жасайды.

Алтын мүйізді шал:

— Балам, сен өзің жалғыз екенсің. Аң аулап қана тіршілік ететін көрінесің. Бізде мал да, дүние-байлық та мол. Сен енді осында қал да отау тігіп, түтін түтет, – дейді Бұлдырмергенге.

Бұған мерген көнбейді.

— Менің аш-арық ауылым, туысқандарым бар артымда. Оларды тастап, мен мұнда өз басымның қамын күйіттеп қала алмаймын, – дейді.

Бұлдырмергеннің мұнда қалмасына көзі жеткен алтын мүйізді шал оған ханның қазынасынан көп алтын, асыл дүние сыйға тартып, аулына аттандырған екен. Осыдан соң Бұлдырмергеннің ауылы да әлденіп, күн көрісін жөндеген екен дейді.

Назар аудар:

Сайттағы басқа да ертеілер.

Қысқа ертегілер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

Руслан

Тамаша ой салды

Дархан

Қызық ертегі екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз