Өлең, жыр, ақындар

Қарамолда

Ертеде бір кемпір мен шал өтіпті. Оның баласы болмайтын. Кемпір мен шал өлер халіне келіпті. Бір күні кемпір құдайдың кұдіретімен дым сезбей ауырыпты. Шалдың «өліп қала ма» деп көзі алақтап, елден бақсы, балгер іздепті. «Ел құлағы елу» деген ұзынқұлақтан «бір Қарамолда деген молда бар, үшкіргені қате кетпейді» деген хабар естіледі. Шал Қарамолданы іздейді. Карамолда деген түсі суық кісі екен. Өзі бай, қолынан келмейтіні жоқ. Жалғыз-ақ бір еркек кіндікке зар екен. Бала дегенде үш қызы бар екен. Іздеп жүріп шал тауып алады. Молданы шақырып үйіне әкеліп қонақ қылып, кемпірін қаратты. Бір жұма қона жатып кемпірді емдеді. Кемпір тәуір болды. Молда қайтуға айналды. Молдаға жалғыз сиырдың бұзауына ен салдырды. Молда дұғасын қылып батасын берді.

Кемпірге:

— Бір айдан кейін екі қабат боласың, толғатарда мені шақыр, атын өзім қоямын, – деді. «Жарайды», – деп кемпір-шал батасын алып қала берді. Кемпір-шал кәсібін істеп жүре берді. Тоғыз ай, тоғыз күні толды дегенде кемпір толғатты. Молданың айтқаны бойынша, шал молдаға шапты. Молданы алып келді. Молда келген соң кешікпей-ақ бала да туды. Бала еркек бала. Молда азан айтып, Кәрім деп атын қойды. Молда:

— Бала алты жасқа толғанда өзіме оқуға жібер, өзім оқытып адам қып шығарам, – деді.

Молда үйіне қайтты. Кемпір-шал тілек тілеп жата берді. Бала алты жасқа толды. Молданың айтуы бойынша, баланы апарып бермек болып еді, кемпір жылап бергісі келмеді. Бірақ шал:

— Әуелі құдай, екінші молданың дұғасымен осы халге келдік, – деп кемпірге болмай, шал баланы жетектеп Қарамолдаға алып барып берді.

Қарамолда: «Өзім шақырмай келме», – деді. Баласын «сағынам ғой» деп, жылай-жылай шал да қайтты. Үйіне келсе, кемпір де жылаумен күнді батырып отыр. Оған шал қосылды. Жылай-жылай екеуі отыра берді. Айлардан ай, жылдардан жыл өтті. Кемпір-шал баласын сағынды. Шалға кемпір де тыныштық бермеді. Шалға қиын болды. Бірден баласын ойласа, екіншіден кемпір мазасын ала берді. Сасқанынан шал баласына бармақшы болды. Бірақ молданың «шақырмай келме» дегені тағы да есіне түсті. «Тым болмаса бір көріп, бір сүйіп мауқымды басайын деп келдім деп айтармын» деп, шал молданың үйіне қарай бет алып жүріп кетті. Таңертең ертемен намаздан тұрып, молданы үйінен табайын деп, ерте келді. Келсе молда жаңа ғана тұрып, намазға шыққан екен. Сәлем беріп амандасып болған соң молда: «Неге келдің?» деп сұрады. «Баламды сағынған соң көріп, бір сүйейін деп едім», – деді. Молда: «Шақырмай келме дегенім қайда? Балаң әліпті таяқ деп таныған жоқ. Өзім шақырмай келме», – деп ұрысты. Шал байғұс жылай-жылай көзінің жасын жеңімен сүртіп, үйіне қарай аяңдады. Молданың сарайынан аса беріп еді, сарайдың алдында бір жігіт тұр екен. Шалдың алдынан шығып, сәлем берді де: «Ата, неге жылап келе жатырсыз?» – деді. «Ой, қарағым-ай, жалғыз қартайғанда көрген балам бар еді. Мына Қарамолда оқытамын деп алып еді. Сол баламды сағынып келіп едім. Молда ұрсып жіберді. Соған жылап барамын», – деді.

Жігіт:

— Ата, олай болса, жылама. Ол балаңыз мен болармын, – деді. Шал қуанып, баласының бетінен сүйіп, мауқын басты.

— Қарағым, енді сені мен қалай көріп тұрамын? – деді.

— Ертең ертемен намаздан тұр да, осы сарайдың сыртында тесік бар соған келіп тұр. Тесіктен төрт құс қашып шығады. Соның үшеуін санап жібер де, төртіншісін ұстап ал да жіберме. Молда: «Бұл кім, құсымды әуре қылып жүрген, қоя бер», – дер. Оны тыңдамай алып жүре бер, – деді. «Жарайды», – деп шал қуанып   үйіне   қайтты.   Кемпіріне   көрген-білгенін   айтып, қуандырды. Шалдың ішкен тамағы бойына жаңа тарады. Ертең ертемен тұрып, намазын оқи жүгіріп Қарамолданың шаһарына қарай жөнелді. Жұрт тұрмай баласының айтуы бойынша, сарайдың сыртқы жағындағы тесікке келіп тұрды. Біраздан кейін тесіктен көк кептерлер ұша бастады. Үшеуін санап жіберіп, төртіншісін ұстап шал қойнына тығып алды. «Құсымды әуре қылып жүрген бұл кім?» – деп молда айғай салды. Шал тыңдамады да, құсты алып жүре берді. Сөйтсе, алдыңғы ұшқан үш құс – молданың үш қызы екен. Мынау соңғысы шалдың баласы екен. Ұлы болмаған соң молда әкесін ұмыттырып өзі бала қылып алмақшы екен. Молда бұл жігітті қыздарымен бірге оқытып, бірге тәрбиелеп жүр екен. Бұл жігіт өте сұлу, оқуда отырғанда сабақка да жақсы. Молданың кіші қызы бұған ғашық еді. Бұл жігіттің аламын деген сөзі де бар еді. Сонымен құсты қойнына тығып былай барған соң, құсы бір жігіт болып тұра келеді. Әңгімелесіп отырып қалай жеткенін білмей де қалады. Үйіне келіп кемпірді қуантты. Біраз мауқын басқан соң бала әкесіне тұрып:

— Әке, мен мал табайын, – деді. — Таңертең мен әдемі жирен қасқа арғымақ боламын. Мұны мін де базарға шық. Сатамысың деген адам болса сатамын де. Қанша сұрайсың десе, он мың ділдә де. Бірақ ноқтамен жіберме, ноқтаңды алып қалып отыр, – деді.

Таң атты, бала әдемі, жүні құндыздай жылтырайтын жорға жирен қасқа арғымақ болды. Шал ноқталап мініп алды. Жорғалатып базарға салды. Базарда біреу тұрып:

— Ей, арғымағыңды сатасың ба? – деді.

— Сатам!

— Өй, не сұрайсың?

— Он мың ділдә сұраймын.

— Түсіп ақшаңды ал, – деді.

Шал бұрын ондай ақша ұстап көрмеген, байғұс, ақшасын санап алды да, есі шығып, ноқтасын ұмыта кете барды. Кешке баласы жетіп келді.

— Әке, ақшаң түгел ме екен? – деді.

— Ақшам түгел-ау, бірақ ноқтамды ұмытып кетіппін, – деді.

— Оқасы жоқ, – деді.

— Енді қара қасқа арғымақ боламын. Базарда менен жақсы арғымақ болмайды. Жалғыз-ақ ақшаңды дұрыс санап ал да, ноқтамды ұмытпа, – деді.

Таң атты, енді қара қасқа арғымақ болды. Әдемілігі сондай, мұндай арғымақ бүкіл базарда жоқ еді. Шал жорғалатып мініп келіп еді, екі жақтан екі адам:

— Арғымағыңды сатасың ба? – деп сұрады.

— Сатамын.

— Не сұрайсың?

— Он мың ділдә тұрады, – деді.

Екі адам таласып алды. Сонымен жүріп ноқтасын тағы ұмытып кетті. Кешкісін баласы қайтып келді.

— Әке, ақшаң түгел ме? – деді.

— Өй қарағым, ақшам түгел-ау, бірақ ноқтамды ұмытып кеттім, – деді.

— Енді ноқтамды ұмытпа, енді Қарамолда неғып алмас екен, – деді.

Енді бір қара көк арғымақ болды. Бұрынғысы бұрынғы ма, мынау онан да әдемі болды.

Қарамолда бұл баланың айла істейтінін біледі. «Енді қалай қолыма түсірер екенмін», – деп аңдып жүреді. Бүгін шал атын мініп шыққан күні аңдып тұрып, базарға кіргізбей даладан сұрағанын беріп, шалдың атын алып кетті. Шал байғүс ноқтасын ұмытып кете барды. Қарамолда арғымақты алып келіп, темір үйге байлап, төрт тұяғын қыл арқанмен бұрыла алмастай қылып шегелеп тастап, темір үйді мықтап құлыптап қойды. Мұны молданың кіші қызы сезді де, саңылаудан торғай болып кіріп сөйлесті де, «уәдеңде болсаң, сені шығарамын» деді.

— Мені шығар, шығарма деп жалынбаймын, бірақ мен айтқан уәдемнен танбаймын, – деді.

Молда елін аралап кетті. Молданың үш қызы отырып әңгіме қылысты. «Әкеміз бір жақсы ат әкеліп қойыпты. Соны көрейік», – десті. Үлкен апаларына ортаншы қыз бен кіші қыз:

Сен апамнан кілтті сұрап әкел. Көрейік, – деді. Үлкен қыздың ойында дәнеңе жоқ. Шешелерінен кілтті сұрап алып кірді. Аңдаусызда кіші қызы сиқырмен арғымақтың аяғының шегесін шығарып жіберді. Қыздар атты далаға алып шықты. Далаға шығарған соң ат тыпырлап тұрмады. Кіші қыз: «Суарайық, жануардың су ішкісі келіп тұрған шығар», – деді.

Кіші қызы ақылды, апалары оның айтқанына тік тұратын. Олар түгіл әкесі де бұл қыздан ақыл сұрап отыратын. «Жарайды», – деп құдыққа алып келді. Екі үлкен қыз қауға тартып жатқанда кіші қыз ноқтаны сыпырып алды. Ат шабақ балық болып, құдыққа түсіп кетті. Қыздар әкесіне не деп айтарын білмей састы. Бірақ кіші қыз жауапты сияқты емес. Ертеңінде молда келді. Аттың құдыққа түсіп кеткені айтылды. Молда да құдықка шортан балық болып түсіп қуып кетті. Шабақ құдықтың ішінен жанын қоярға жер таба алмай, құдықтың көзімен қашты. Ол қашып келеді, шортан қуып келеді. Құдықтың көзімен жүріп қашып отырып бір үлкен дарияға қосылды. Дариямен жағалап қашып келе жатса, бір қыз дарияға қолын жуып отыр екен. Сол қыздың қолына алтын сақина болып кигізіле қалды. Шортан судан кісі болып түрегеліп «сақинамды бер» деп жабысты. Беру қайда, ханның қызы екен, қолына сақина түскен соң жанындағы нөкер қыздарын жұмсап молданы әжуа қылып, тамам қыздар маңдарына жолатпады. Сөйтіп, қыздар үйлеріне қайтты. Ханның қызы әкесінен көрімдік сұрап сақинасын көрсетті. Хан: «жарайды, қарағым, маңдайыңа қарай кездескен шығар», – деді. Кешке сақинасын жатарда қалтасына салайын деп қолынан суырып алып еді, сақинаға тіл бітті.

Сақина:

— Мен сақина емес, адам едім, егер шошымасаң адам қалпына келейін, – деді. Басында қыз шошып кетсе де, артынан қуанып, адам қалпына келуіне рұқсат берді. Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар сұлу жігіт болып тұра келді. Қыз бен екеуі кең әзілге кірді. Жігіт қызға:

Кешегі кісі кеткен жоқ, ертең алдыңнан шығады. Сен ертең серуенге шыққанда жаныңа жалғыз-ақ қыз алып шық. Ол Қарамолда, мен көрген Қарамолда тірі болса, ертең алдыңнан шығады. Сол уақытта сақинасын сұраса: «Сақинаң да құры, өзің де құры!» деп лақтырып жібер. Мен тары болып шашылып кетем. Сонда шетте бір тары болып жеке барып жатам. Сол жеке жатқан тарыны табаныңмен басып тұр! Молда тауық болып тарыны тереді. Басқа тарыны тауысқан соң табаныңның астындағы тарыға келеді. Ол тарыны ала алмас, ала алмаған соң тышқан болып қазар, сол уақытта табаныңды көтеріп қалғайсың, – деді. «Жарайды!» – десті. Ол түн ойын-сауықпен өтті. Таң атып келе жатқанда сақинаны қолына салып алып жатып қалды. Таң атқан соң қыз серуенге шықты. Жанына жалғыз-ақ қыз ертіп шықты. Айтқанындай, Қарамолда жетіп келіп сақинасын сұрады. Қыз:

— Сақинаң да құрысын, өзің де құры! – деп сақинаны лақтырып жіберді. Сақина тары болып шашылып кетті. Молда тауық болып, тарыны тере бастады. Бір оңаша жатқан тарыны қыз табанымен басып тұрды. Басқа тарыны теріп болып, тауық қыздың табанының астындағы тарыға келді. Табанының ол жағына бір шықты, бұл жағына бір шықты. Ала алмаған соң тышқан болып, аяқтың астын қаза бастады. Қыз табанын көтеріп қалғанда тары шолақ мысық болып келіп, Қарамолданың мойнын қиып жіберді. Сонан кейін қыз жігітпен құшақтасып келіп, әкесіне:

— Сақинам жігіт болды, шүйінші бер, – деді.

Хан қуанғанынан: «Шүйіншісіне өзіңді сол жігітке қостым», – деді. Қыз қуанып қабыл алды. Онымен бірге хан жігітке тағын берді. Сонымен жігіт біраз уақыт хан болып тұрды.

Күндерде бір күн әкесі есіне түсті. Атасынан әке-шешесіне баруға ұлықсат сұрады. Атасы ұлықсат берумен бірге тоғыз нарға жүк артып, жасау-мүлік артып шығарып салды. Жігіт әке-шешесін қуантып, Қарамолданың шаһарына келсе, бұрыңғы қалпында тұр екен. Қарамолданың кіші қызы мұны күтіп отыр екен. Жігіттің басқа әйел алғанын көрген соң қыздың көңілі бұзылып, жігітке: «Сен бұрыңғы уәдең бойынша алсаң алдың мені, алмасаң осы қаланы түгелімен өртеп жіберемін», – деді. Қыздың бұл сөзінен аса алмай, ол қызды тоқалдыққа алып, шалдың қараша үйінің екі жағынан екі ақ отау тіккізіп, хан тағына мініп, барлық мұратына жетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Бейсек

Керемет фантастика! Кино ғой кино

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз