Ералы батыр бұл халықтың тілегін орындап болғаннан кейін Қоңыр төбеттің салдырған темір үйінің сыртынан өрт қойып өртеп, екі ағасын босатып, шешесін босатып алып, әкесінің екі көзін алып, барлығын көшіріп келсе, әкесі екі көзінен қанды жас ағып, зарлап отыр екен. Баласы, келіні, бәйбішесі келген соң, екі көзін орнатып болған соң, ат аяғы жететін жерден ел шақырып, отыз күн ойын, қырық күн тойын істепті. Тойдан біраз күндер өткен соң, Ералы батырдың тұрғысы келмей, «мен дүние кезіп кетуім керек» дегенді айтты. «Кетпе» деп, көп жалынған әкесі мен туыстарының сөзіне оған біткен батырлық қайрат тоқтатып тұрмады. Ералы шынымен кетпекші болған соң:
— Не қалағаның бар, соны ал. Барлық мал-мүлкімді түгел аламын десең де өзің біл, – деді әкесі.
— Маған ақ боз атың мен киімінді, ақ сауытыңды бер. Дүниежүзіне ие боламын десең, қолыңнан келетін алпыс амалың бар екен, соны үйрет. Басқаның маған ешбіреуінің де керегі жоқ, – деді Ералы батыр.
— Олай болса, отыз өгіз отын әкел де үйіп қойып өрте, – деді әкесі.
Әкесінің айтқаны орындалып, отыз өгіз отын өртелді. От жанып, қып-қызыл шоқ болып қалғанда, Ералыны тыр жалаңаш шешіндіріп, отқа тастап жібереді. Етінің бәрі күйіп, сүйегі қалғанда, жиып алып таза ақ шүберекке түйіп, «түф» деп, үрлеп жібереді. Сол кезде Ералы батырдың өзі «уһ» деп, атып түрегеледі. «Ал енді не көріп, не білдің?» дегенде, «түк көріп, түк білгенім жоқ» деді бала. «Олай болса, алпыс өгіз отын алып келіп жақ», – деді. Бала алпыс өгіз отын алып келіп жақты. Тағы да Ералыны отқа тастап жіберіп, еті күйіп, сүйегі қалғанда, тағы да таза ақ шүберекке салып үрлеп жібереді. Ералы тағы да ұшып түрегеледі де: «Ойпырым-ай, әке, жер жүзінде болмаған мекенім жоқ. Құрт-құмырсқа, бақа, шаян, қасқыр, аю, шөп, қарағай, тау-тас – тіпті көрмегенім жоқ», – деді.
— Міне, менің алпыс амалым осы, – деді әкесі тұрып.
Сисе күміс, тышса алтын болатын, бір аттағанда алты айшылық жерді аттайтын ақ боз атты ерттеп, ақ киім, ақ сауытын беріп, Ералы батырды аттандырып салысты.
Ақ боз атқа мініп алып, баяғы өзіне қастық еткен туыстарын іздеп келе жатса, туыстарының барлығы сол әрқайсысы өздерінің түстерінде не көрсе, соны кәсіп етіп жүріп жатыр екен. Сол туыстарының үйіне келіп түседі. Ат үстінен көтеріп алып, құрметтеп үйге кіргізіп, астына мамық төсеп, кешке бір бағланын сойып сыйлық етеді. Ағайларының бәрі де мұны танымайды. Үй қожасы жөн сұрастырып отырып, оның батыр екенін біліп алады да:
— Сіз сондай үлкен батыр болсаңыз, мына жақта Айхан, Күнхан деген екі хан бар. Солар бірімен-бірі жауласқалы бірнеше жылдар өтті. Осыған барып батырлығыңызды көрсетпейсіз бе? – деп сұрады.
— Менің іздегенім сол, неге бармайын, барамын, – деп жолын сұрап, Ералы жүрмекші болды.
Кешке жатар алдында:
— Менің атым алтын, күміс тезек тастайтын еді. Қас қылмай кім өзіме әкеп берер екен, – деп сұрағанда, үй иесі тұрып:
— Атыңыз, не жарылқаса да өзіңізге әкеліп беремін, – деп алып кетті. Ертеңінде таңертең әкесі бір қоржын жылқының тезегін, бір леген сідік әкеліп:
— Міне, атыңыздын сиген-тышқаны осы, – дейді. Бұған ыза болған Ералы батыр оның сақалынан алып, барлық алтын мен күмісін тарттырып алады. Бұл жолы өз туыстарына ешбір сырын айтпастан кетіп қалады.
Содан аттанып Айханның шаһарына келсе, ел-жұртын жиып, Күнханмен соғыспақ болып азық-түлік, қару-жарақтарын жинап, батырларын сайлап жатыр екен. Ералы батыр шаһарға келіп кірісімен алпыс амалдың күшімен ақ боз атты бір қотыр тай қылып, өзі киімі шоқпыт-шоқпыт тазша бала болып ел көзіне көрінеді. Ол келген соң, көпке созылмай қол жүрді. Бұларға ілесіп өзгерген түрмен Ералы батыр да жүрді. Әрбіреулері «мына жаман тазша текке тамаққа ортақ болып қайда барады» деп, қамшының астына салып ұрып та алады. Бірақ оны ол тыңдаған жоқ. Қырық күншілік жерге келгенде, азық-түліктері таусылып, аттары арып, тондары тозып, кейін қайтпақшы болып, алға жүруге ақыл-айла таба алмай дағдарысады.
Міне, сол уақытта Ералы қарлығаш болып ұшып Күнханның шаһарына келді. Келісімен, ол ханның ай мен күндей бір сұлу қызы барын біледі де қыздың көзіне бір жақын жеңгесі болып көрініп:
— Бізге келер жан бар ма, алыс па, жақын ба, егер келе алмайтын алыс жерде болып, келе алмай жүрсе, қандай қайла істесе келмекші. Ал егер келе қалса, біз не істемекшіміз, соны сұра. Бірақ, әкеңнің берген жауабын маған да, басқа біреуге де айтып жүруші болма. Өзің-ақ біл! – дейді.
Қыздан айырылған соң, үкі болып хан үйінің бұрышына келіп, қонып отырады. Қыз әкесінен әлгі үйреткен сұрақтарды сұрағанда, ханның берген жауабы:
— Бізге Айхан деген хан жауласпақшы болып, осыменен екінші рет бізге жете алмай аты арып, тоны тозып, орта жолдан қайтып жүр. Ал ол хан бізге жету үшін сол келіп тоқтаған жерінде, «Айханның қолы емес, Күнханның қолы» деп, талды шапса, сол талдан су шығады. Сол судан ішсе, бізге жетпекші. Ал егер жете қалатын болса, дұғамен сен бір қотыр тайлақ, мен бір қотыр бура, шешең бір қотыр інген болып, алуға жарамай қала береміз, – деді. Ералы мұның бәрін естіп, қайта қарлығаш болып ұшып, Айханның келіп тоқтап жатқан жеріне келіп, қайта тазша бала болып жүре берді.
Айхан әскерлерін жинап: «Кімде қандай ақыл бар, қалайша жетеміз?» – деп сұрап тұр екен. Әр түрлі ақылгөйлер әр түрлі қылып айтып жатыр. Бірақ, ешбіреуінің ақылы да Күнханға жетуге жол аша алмады. Елдің бәрі ақылы құрып, ешбір айла таба алмай тұрып тұрғанда, хан тұрып: «Тағы кімде қандай айла бар, кім айтар?», – дегенде, Ералы батыр: «Менде бар. Ұлықсат беріңіз», – деді.
Ашуланып, ақыл-айла таба алмай тұрған адамдардың қайсыбіреулері «сенен не шығушы еді» деп, жабыла ұрмақшы болып ұмтылып еді, хан ұруға бермей, айтуға рұқсат деді.
Сонда бала тұрып:
— Менің әкем тірі күнінде қыдыр дарыған қасиетті адам еді. Сол кісі айтушы еді: «Егер бір кісі жол жүріп, көксеген жеріне жете алмай, осы біз құсап, арып-ашып тұрса, сол тұрған жеріндегі талды, «Айханның қолы емес, Күнханның колы» деп шапса, сол талдан су шықпақшы. Сол судан ішсе, көксеген жеріне жететіндей күш-қуат береді дейтін еді», – деді.
Осыны айтып болғаннан соң, хан тұрып: «Баланың айтқанын істе», – деп жарлық етті. Жігіттер барып «Айханның қолы емес, Күнханның қолы» деп, ағашты шапқанда, ағаштан су атқылап жөнелді. Бұл судан ат та, адам да ішіп, қанып еді, барлығына күш-қуат кіріп, көздері жайнап кетті. Есін жиып алған хан: «Менің сауыт-сайманым үйде ұмытылып қалып қойыпты. Соны ертеңге шейін кім әкелсе, соған жалғыз қызымды беремін», – деді, көп қолға қарап. Баруға ешкім шықпады.
Ел ұйқыға кіре бергенде, Ералы батыр сағым болып ұшып келіп, ханның ай мен күндей, перімен бірдей қызына ақбоз атты, ақ киімді қалпында жолығып, барлық сырды түгел айтты. Қыз көзінше амалмен әлденеше өзгеріп, аю, қасқыр, келіншек, айдаһар, ақыры ханға еріп жүрген жаман, арық тайлы тазша бала болып көрініп:
— Мен сенің әкеңнің сауыт-сайманын қазір осы түнде жеткізіп, ешбір жанға білдірмей қасына апарып тастаймын. Таңертең әкең тұрып, қасында жатқан сауытын көріп, «мынаны кім әкелді?» деп сұрайды. Сонда «мен әкелдім, мен әкелдім» деп, әскерлердің арасында көп талас болмақшы. Сол кезде хан тұрып: «Сендер көп таласты тоқтатыңдар. Мына Күнханды шауып қайтқан соң, осы жүрген адамның бәрін, қызымды қасыма алып отырып, тізіп, алдымнан өткіземін. Егер менен туған қыз екені рас болса, сонда әкелген кісінің етегінен ұстар», – дейді. Ал, сол кезде мен қотыр тайға мінген таз бала болып жүремін. Елдің бәрі тап болған соң, сенің әкең «кім қалды?» деп сұрар. Сонда «таз қалды» дейді біреулер. «Өткіз алдымнан» деп, хан жарлық етеді. Сонда менің етегімнен ұстағайсың, – дейді. Ералы батырға қыз уәдесін берді. Ералы сауыт-сайманын алып, қайтып ұшып келіп, ханның қасына тастап, ұйықтап жата берді.
Таңертең хан тұрған соң, Ералының айтқанындай болып, көп таластар туып, оны хан тоқтатып, Күнханға қарап жол тартты. Арада бірнеше күндер өткен соң, Күнханның шаһарына келіп, соғысты салды. Күнханды жеңіп, елі-жұртын шауып қайтты. Сонда Ералы қотыр інген мен қотыр тайлақты қоса алып жүрді. «Мұны не қылғалы жүрсің?» деп, әрбір адам қамшымен бір салып кетеді. Оны ол тыңдаған жоқ. Алып жүріп бір жерлерге келгенде, інгенді тастап, тайлақты алып жүрді. Тайлақтың енесінен айырылып боздаған зарына бүкіл дүние қозғалып бірге жылағандай болды.
Айхан өз шаһарына келіп, үлкен той жасап, сол тойда Ералының айтқанындай, әскерлерін жинап, «қазір алдымнан өтіңдер» деді. Қызына: «Менің сауытымды әкелген кім, соның етегінен ұста», – деді.
Елдің бірі қалмай, не секілді әдемі маңғаздар, не секілді батырлар өтіп жатыр. Бірақ, қыз ешкімнің етегінен ұстамады.
«Кім қалды?» – деп сұрады хан. «Тазша қалды» десті. Хан «өткіз алдымнан» деді. Ералы өте бергенде, ханның қызы етегінен ұстай алды. Бүкіл ел болып, «ханның қызын қара басты» деп, шу ете түсті. Хан намыстанып, таз баланы қайта өткізді. Қыз Ералының етегінен ұстады. «Олай болса, сауытты әкелген осы болғаны» деп, хан екі сөйлемей қызын Ералыға берді. Бірақ олар үшін той жасаған жоқ. Хан Ералы мен қызына жеке-жеке үй салып беріп, қызының сондай бір тазға барғанына үлкен қайғыға ұшырап, жатып алды.
Ералы батыр тайлақ болып жүрген Күнханның қызына тіл қатып, барлық сырын айтып: «Сен көп қайғы, зарлы болып жүдей берме. Не тілесең де тілегің орындалады. Менің Құдай қосқан жарым боласың. Екі ханды татуластырып, әкеңді баяғы қалпына қайта түсіремін. Айхан мен Күнханның қызын алуды маған бұйыртып, әулием түсімде аян берген болатын. Сол орындалмақшы», – деп Күнханның қызының да ризашылығын алды. Бірақ, ел көзіне ол сол тайлақ болып жүре берді. Күндерде бір күн Айханның бір малшысы Ералы мен қыздың жатқан үйіне келіп қараса, шымылдықтың іші жарқырап, нұрланып тұрғанын көреді. «Ойпырым-ай, мен осындай бір ғажап көрдім», – деп ханға айтып барады.
Хан содан кейін бәйбішесін жіберіп қаратып еді, шымылдықтың ішінде қызымен бірге қараңғы үйді жарық қылып, нұрланып жатқан Ералыны көріпті. Бәйбішесінің қуанышы қойнына сыймай ханға келеді. Хан Ералы батырды шақырып алып: «Балам, сенде қандай қасиет бар?», – дейді.
— Сізден тілейтін бір тілегім бар, сол тілегімді беретін болсаңыз, мен сізге барлық сырымды ашып берейін, – деді Ералы батыр. — Қандай тілек болса да орындайын, – деді хан.
— Менің тілегім, мына Күнханның шабылып келген мал-мүлкі мен елі-жұртын өзіне қайтарып, Күнханмен татуласыңыз. Сол ханның бір сұлу қызы бар, соны маған алып берсеңіз, – деді Ералы. Хан Ералы батырдың барлық тілегін орындап, қызын қайта ұзатып, Күнханның қызын тағы әперіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасады.
Сонымен Ералы батыр екі ханның қызын алып, алтыннан үй салдырып, екі ханның қызынан алтын айдарлы балалар туып, ай жағына алтыннан, күн жағына күмістен діңгек орнатып, бұл дүниеде рақатпен өмір сүріп өтті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Нұлан
Ералы батыр туралы ертегі қызық екен