Өлең, жыр, ақындар

Тұтанбай қалған өрт

Омбыдан қайтып баяғы елге келсем, мұнда да азан-қазан. Бұл елде екі үлкен ру бар болатын. Бірі Керей, бірі Матақай рулары. Осы екі рудың басшылары ру таласын қоздырып, елді бір-біріне қарсы атыстырып-шабыстырып қойыпты.

Елдің болысы Торсан Тілемісов деген болатын. Ол Керей руының басшысы еді. Ал, Матақай руының бір жуаны Наурыз деген бай болатын. Сол Торсан мен Наурыз болыстыққа таласып, бұрыннан елді арандатып келе жатқан шонжарлар екен. Биылғы жылы Торсанға өшіккен Наурыз, бүкіл Матақайды Керейге қарсы айдап салып, екі елдің арасында үлкен жанжал басталыпты. Тартыстың басталуына мынадай бір уақиға түрткі болады. Ертеректе Торсан болыс өзінің Бекен деген бесіктегі баласына Матақай руынан шыққан Жадыра деген әлді шаруаның қызына құда түседі. Балалар ер жеткен соң, Торсан келінін сұраған кезде, Матақай руының басшысы Наурыз: «Керей атаулыға, одан қалды Торсанның баласына жесір бергізбеймін» деп қарсы шығады. Қыз болса, осы елдің Сүлеймен деген жігітін сүйеді екен — болыс баласына бармаймын деп шығады. Әкесі мен туған-туысқандары Наурыздың айтқанынан шығып кете алмайды. Бір кезде Торсан ел аралаймын депті. Жолшыбай Матақай еліне де соғамын депті деген лақап тарайды.

Осы хабарды естіген Сүлеймен Матақайдан жігіт жинайды. Сөйтіп, жігіттермен тегіс атқа қонып, ел аралап, болысты торып жүреді. Мұны естіген Торсан болыс та қасына бір топ жігіт ертіп, бір күні осы елге келеді. Аңдып жүрген жігіттер болыс түскен бай үйді қоршап алады. Жігіттер болысты не өлтіріп, не өлімші етіп сабап қуып жібермекші болады. Бұл уақиғаға тағы да бір жағдай ұштасады. Көршілес орыс поселкелерінің жігіттері Сүлеймендерге: «Орыстар қазір патшаға қарсы көтеріліп, оны тағынан тайдырмақ болып жатыр. Қазақтар, тым болмаса, өздерінің жергілікті болыстарын қууы керек емес пе?» деседі.

Сүлеймен бастаған жігіттер: «Орыстар мынадай себептермен көтеріліс жасап жатқанда, біздің тым құрымаса болысқа әліміз келмей ме? Көзін жойып, мүлдем құртып жіберелік!» деп сөз байласады.

Әрине, болысқа мұндай өшігу тек қана бір қыздың мәселесіне, ел арасындағы «жесір дауына» байланысты емес екені өзінен езі анық. Бұл би-болыстардың қорлық-зорлығы шығырларын қайнатқан халық бұқарасының әбден ашынғандығының нәтижесі еді. Бұл уақиға 1905 жылғы революцияның қазақ даласындағы дүмпуінің нәтижесінде туған шаруалардың стихиялық ереуілі екені анық.

Сонымен Торсан болысты торып жүрген үйді қоршап алады. Бірақ болыстың қасына ерген жігіттердің бірен-саран мылтықтары бар екен. Олар мылтық атып, үйді қоршап алған жігіттерді жасқантып жуытпайды. Ыза болған жігіттер үйге өрт қояды. Өрт қаулап, жалын үйді құша бастаған кезде, болыс есебін тауып, жігіттерімен қолға түспей қашып кетеді.

Торсан осы уақиғалардан кейін Матақай еліне қарай аяқ баспайтын болыпты. Ол Жадырамен құдалықтан да айрылысады. Қызды Сүлеймен алып қашып кетеді.

Осы тартыс 1907 жылға дейін созылып келіп, Керей руы бір болыс, Матақай руы бір болыс болып екіге бөлінді. Бірақ Торсан осыдан кейін өз елінде де болыс бола алмай орнынан түсіп, баласын болыс қойғызды.

Мен Омбыдан қайтып келген кездегі ел ішіндегі бір үлкен тартыс осы Сүлеймен бастаған ереуіл болды. Мен мұны қазақ шаруаларының өкіметке қарсы ереуілдерінің жалғасы деп білдім. Өйткені жергілікті әкім болысқа қарсы ел жігіттерінің тегіс атқа мінуі тек «жесір» мәселесіне ғана байланысты деу дұрыс болмас еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз