Бұрынғы өткен заманда бір қара орманға жолбарыс патша болыпты. Зорлықшылдығы сонша - өзіне кездескен аңды тарпа бас салып жей береді екен. Сөйтіп, орман ішін қан қақсатыпты. Содан аң біткен үрейден өлетін халге жетіпті. Ақырында барлық аң бас қосып, кеңес құрыпты.
— Жолбарыс көзі шалған аңды қылғып салып жүр. Тіршілігіміздің берекесі кетті. Соған тыйым салатын бір амал табуымыз керек.
Осылайша ақылдаса келіп, аңдар жолбарысқа елші жіберуді ұйғарысады. Елшілікке кімнің баруы керек екені жөнінде бәрі бір ауыздан:
— Қуа қалса, тасқа шығып кетерсің, тас сенің табаныңа балшықтай жабысады, – деп, тауешкіні жұмсапты.
Тауешкі көпшіліктің айтқанынан шыға алмапты. Қалың жыныста жатқан жолбарыстың қасына үрейлене-үрейлене зорға жетеді де елшілік міндетін өтей келгенін айтып, аңдардың өз патшасына шағатын мұңы мен арызын баяндай бастапты.
— О, алдияр тақсыр! Осы орманның барлық аңдары бас қосып, мәслихат өткізеді.
— Ол не қылған мәслихат? – деп сұрайды самарқау түрмен керіліп-созылып жатқан жолбарыс.
— Аңдардың қалауы былай, – дейді тауешкі түсіндіруге ынтығып, – осы уақытқа дейін патшамыздың өзі тамақ тауып жеу үшін орман кезіп, табанынан таусылып жүрді. Соны елемегеніміз ұят болды. Енді біз патшамызды сол азаптан құтқаруымыз керек. Бұдан былай патша жейтін жемді өзіміз алып барып беріп тұрайық деп ұйғарысты. Сол хабарды жеткіз деп, мені жіберіп еді.
— Иә, сонан соң... – дейді жолбарыс сызданып. Тауешкі сөзін соза түседі:
— Ормандағы аңдар өзінің кезегі жеткенде, сенің алдыңа өзі келіп тұратын болды. Сөйтіп, сен енді орман кезіп, әуреге түспейсің. Міне, саған аңдардың айтары.
— Бұларың табылған ақыл екен. Жарайды, мен де көндім, – деп, жолбарыс басын шұлғыпты.
Сөйтіп, осы уәде бойынша аңдар кезекпен күн сайын азықты жолбарысқа өздері жеткізіп беріп тұратын болыпты.
Бір күні кезек сондағы бір ақсақ қоянға келіпті. Әлгі қоян енді қалай да ажалдан құтылудың амалын ойластыра бастайды. Содан жолбарысқа тамақ жейтін уағын өткізіп жіберіп, әдейі кешігіп келеді. Қоянды көре сала:
— Неге сонша кешіктің, аштықтан өзегім өртенді ғой! – деп ақырады жолбарыс.
— Алдияр тақсыр, сені сонша тостырып қоятын менде қандай құдірет болушы еді, – дейді қоян безектеп. — Түр-тұрпатым мынау: аузың толып асай да алмайсың. Патшамыздың бір күндік азығына жарамаған сорлы басым-ай деп өкіндім. Содан кейін бір туысқаныма барып: «Мен патшамыздың асына аздық қып тұрмын, сен де жүрші!» – деп өтініп, ертіп келе жатыр едім, орта жолға жеткенде, тақсыр, дәл өзің сияқты жолбарыс жол тосып, қалай бұлтарсақ та құтылып кетудің амалын таппадық. Сөйтіп жүріп, әлгі жолбарыс ертіп келе жатқан туысқанымды ұстап алды да парша-паршасын шығарып, жеп қойды. Өзімнің бір сирағымды мертіктірді. Соның кесірінен кешігіп қалдым, тақсыр!
Мұны естігенде, ашуы қайнаған жолбарыс жатқан жерінен атып тұрыпты.
— Ол кім, менің рыздығымды жеп, орта жолдан қол сұғып жүрген? Жүр, мені соған ертіп алып бар! – депті жолбарыс қоянға. Ақсақ қоянның да күткені осы екен.
Алдына түсіп алады да ақсаңдай басып, жолбарысты қалың жыныстың бір шетіндегі құдықтың басына ертіп келеді. Сол жерге тоқтап:
— Міне, тақсыр, әлгі жолбарыс осы құдықты мекендейді, – деп, қоян құдықтың аузын нұсқайды.
Жолбарыс таяп кеп, құдыққа үңіледі. Құдық суының бетіндегі өз бейнесін көреді де:
— Әй, сен кімсің? – деп ақырады қаһарланып. Құдық ішінен өзінің даусы жаңғырып, одан бетер қаһарлы боп естіледі. Ол да айбармен ақырады:
— Сен кімсің?
Патша жолбарыс ашуға булығып, дауыл ұрғандай қалтырайды. Тісін ақсита күркірейді. Құдық ішінен де сондай айбат шегіп тұрған жауын көреді.
Бұл қорлыққа шыдай алмаған патша жолбарыс қуыстағы жауын бұл маңнан қуып тастамақ боп, қарсы шауыпты. Сөйтіп, ызалана күрілдеп, құдықтың ішіне күмп беріпті.
Осылайша барлық аң ақылды ақсақ қоянның тапқыр амалының арқасында азаптан, ажалдан құтылыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Берекет
Жақсы ертегі екен. Осындай ұзақ, əрі қызық ертегілер көп болса екен.