Баяғы заманда бір кемпір мен шал болыпты. Балалары жоқ екен. Шал егін егіп, жинаған астығын қамбаға тығып қояды да үнемдеп, шетінен базарға алып барып сатып, шай-тұзын арылтады екен.
Бір күні шал қамбадағы астығынан алып, базарға апарып сатпақ болады. Қамбаның есігін ашып қалса, тышқандардың өріп жүргенін көреді. Бірде-бір дәні бүтін астық қалмапты. Тышқандар жегенін жеп, жемегенін ортасынан қақ бөліп, шаша беріпті. Мұның зардабынан кемпір мен шал қайғырыпты:
– Осы астықпен күн көруші едік, енді қайтеміз? – деп зар еңірепті.
Сол кезде бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан мысық мұңын естіп, қастарына келеді де:
– Неге сонша қайғырып тұрсыңдар? – деп, жөн сұрап құйрығын бұлғаңдатады.
– Қайғырмай қайтейік, – дейді, шал мұңын шағып. – Алаяқ тышқандар қамбадағы астығымызды талан-таражға салыпты. Соның жазасын беретін біреу табылар ма екен бұл дүниеден?
– Сол айтқаныңды мен орындаймын, қане, көрсетші сұмырай ұры тышқандарды, – деп, мысық құйрығын бұлғаңдатады батырсынып.
– Ендеше бері жүр, – деп, шал мысыққа қамбаның есігін ашып береді. Мысық құжынаған тышқандарды көреді.
– Енді есікті жауып қой да кете бер, – дейді мысық шалға.
Үй-үйдің арасын шарлап, аштықтан ішегі шұрылдап, қарны қабысып жүрген мысық қалың тышқанмен айқаса кетеді. Әп-сәтте бес-алтауын ұстап, қылғып салады да тойынып алады. Үйсіз-күйсіз айдаланы қаңғып жүруші еді, енді су өтіп, жаңбыр тимейтін қамбада тұратын болды.
Сөйтіп, біраз уақыттан кейін тышқандар бұл маңнан біржола безіп, жоламай кетіпті. Соның салдарынан тамағы азая бастаған мысық кемпір мен шалдан:
– Қане, тағы қандай жұмыстарың бар? – деп сұрапты. Кемпір мысықтың жылтылдаған жүнінен сипалап, еркелетеді. Тышқаннан құтылғандарына қуанысады.
– Не қалайсың, кане айт, тілегіңді орындауға әзірмін, – депті шал.
Мысық өзінің қалауын айтады:
– Мен көп нәрсе сұрамаймын. Менің жалғыз-ақ тілегім бар. Тек үйлеріңнің бір бұрышынан орын берсеңдер болғаны.
Кемпір мен шал мысықтың қалауын қабыл алып, үйлеріне кіргізеді. Мысыққа үй ішінде не істесе де ерік беріпті. Қайда жатам десе де тыйым салмапты. Үшеуі тату-тәтті бірге тұратын болыпты.
Мысыққа кемпір күніне бір тостаған сүт береді. Сүтке тойып алған мысық жылы үйде пырылдап ұйықтап жатады. Тамақ іздеп, ешқайда қаңғымайды.
Бір күні түн ішінде шалдың қорасына қасқыр түсіп, бір-екі қойын жеп, басқасын жаралап кетеді. Мұны көріп шал қатты қамығады.
– Осы қойдың сүтін қорек етуші едік. Енді қалай күн көреміз? Бұл зұлымдардың зауалын беретін біреу табыла ма?
Сол кезде мысық шалдың қасына келеді де құйрығын бұлғаңдатып, еркелей сөйлейді.
– Бар, ондай батыр. Мен соны іздеп тауып, ертіп келейін, – деп, айдалаға қарай жүгіре жөнеледі.
Мысық жалпақ даланы шарлап, итті іздейді. Бір кезде жер тіміскілеп, сүмеңдеп жүрген итті көреді. Қасына барады да:
– Мен сені іздеп келдім, – дейді, құйрығын бұлғаңдата маңғазданып. – Саған бір ақыл айтайын. Бүйтіп көрінген інді қазып, сүмеңдеп тіміскіленіп жүргенше, адамның қорасын күзетсең, қарның тоқ болады. Жылы, жайлы жерде тұрасың.
Аштықтан бұралып жүрген ит айтқанына көнеді де:
– Баста, ендеше, сол адамның қорасына, – деп құлшынады.
– Ал кеттік онда, – деп, мысық соңынан итті ертіп ауылға келеді.
Шалдың үйіне келген соң, кемпір итке тамақ береді. Қарны тойған ит қораның аузына барып, күзетке тұрады. Түнімен көз ілмейді. Түн қараңғылығы сейіліп, бозарып таң атқан кезде, бір қасқыр қой қораға ентелеп жетіп келеді. Аңдып жатқан ит шап беріп, алқымынан ала түседі. Қасқыр өлдім-талдым дегенде зорға құтылып, қаша жөнеледі
Иттің ерлігін көрген кемпір мен шал:
– Сен де бір ер жүрек екенсің!.. – деп, итті тамаққа тойдырады. Есік алдына үйшік салып береді.
Сөйтіп кемпір мен шал, мысық, ит – төртеуі біріне-бірі көмектесіп, қамсыз тұра береді.
Мысық пен ит адам баласының қолына ең алғаш осылайша үйреніпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
мерей
бізде түгел мес