Бір түлкі тоғайды аралап келе жатып, қалың шалғынның арасында жүрген бөденені ұстап алыпты. Үрейі ұшқан бөдене:
– Түлкіжан, тимеші, екеуіміз дос болайық, – депті, құтылудың амалын іздеп.
– Ендеше, мені тойғыз, – депті түлкі.
– Онда ер соңымнан, анау қыздарға барайық, – депті, бөдене жаңа қонып жатқан бір ауылға ерулік алып бара жатқан қыздарды көрсетіп. Оны көріп:
– Ал, баста! – дейді де түлкі соңынан ілеседі.
Жақындаған соң бөдене:
– Мен қыздарды алдарқатып алып кетемін. Сен тамағын жеп ал, – дейді де ұшып барып, қыздардың қарсы алдына қонады. Қыздар бөденені қызықтап, ұстап алғылары келеді. Ерулікке арналған тамақ толы табақтарды жерге қоя-қоя салып, ақсаңдай қашқан бөденені қуаласа жөнеледі.
Сол кезде түлкі жетіп барып, табаққа бас қояды. Етке сылқия тойып, табақтарын төңкеріп, ойнақтап шыға келеді. Ұзап барып, бөдене де ұшып кетеді.
Қыздар қайтып келсе, табақтары шашылып жатыр екен, еті жоқ. Амалсыздан ауылдарына қайтыпты.
Келесі күні түлкі өзінің бөдене досына тағы келіп, өтінішін айтыпты:
– Досым, мені тағы бір тойдыршы...
– Жарайды, тойдырайын. Менің соңымнан ілес те отыр, – депті бөдене.
– Ілесейін, баста, – деп, түлкі сүмеңдеп, бөдененің соңынан еріп, бір ауылға келіпті. Бөдене түлкіні ауылдың сырт жағына ілестіріп алып барады.
– Сен осы жерде отыра тұр. Мен мына ауылға барайын. Мені көрген соң, ауыл адамдары жабыла қуалайды. Мен әр жерге бір қонып, қашықтата беремін. Сол кезде сен үй-үйге кіріп, астарын ішіп-жеп, әбден тойып ал, – деп, ақыл үйретеді бөдене.
– Мен қапы қалмаспын! – деп, түлкі ауыл сыртында бұғып жата береді.
Бөдене ауылға келіп, «бытпылдық, бытпылдық!» деп, ұшып қонып жүреді. Оны көргенде, ауылдың үлкен-кішісі түгел өре тұрып, жабыла кеп қуып береді. Бөдене әр жерге бір қонып, біртіндеп ұзай береді. Адамдарды алысқа алып кетеді. Сол кезде түлкі ауылға жетіп барады да үй-үйге кіріп, әзір тамағын жеп, қарнын тойдырып алып, тайып тұрады.
Бөдене орағыта ұшып келіп, бір қалыңда шолжиып жатқан түлкіден:
– Тойдың ба, досым? – деп сұрайды.
Түлкі тұмсығын көтеріп:
– Менің құлағымның естімейтінін білмеуші ме едің? Тұмсығыма қонып отырып айтшы, – депті.
Бөдене түлкінің сорайып тұрған тұмсығына қонып алып:
– Тойдың ба, досым? – депті, құлағына айқайлап.
Сол кезде түлкі:
– Тойдым, тойдым!.. – деп, тұмсығында қонып отырған аңқау бөденені қақшып ұстап алып, қылғи салыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі