Өлең, жыр, ақындар

Қазақ ұлттық киімдерінің ерекшеліктері және қазіргі таңдағы көрінісі

Қазақ халқының ұлттық киімдерінің қалыптасуы мен түр-сипаты көшпелі тұрмыс, құбылмалы ауа райымен қатар, халықтың наным-сенімдері, сұлулыққа құмарлығы, түрлі маталардың қолданысқа енуі және көрші ұлттармен мәдени-экономикалық байланысы әсірінен жылдар бойы өзгеріп отырды. Қазақтардың киімінің етек-жеңіне оқа тігетіні, кимешектің өңіріне, жақтауына кесте жүргізетіні, сәбидің, қыз баланың, сал-серілердің бас киіміне үкі қадайтыны – түркі-қыпшақ заманы кезінде туған дәстүр. Бұл қадам жын-перілерден, пәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деп сенген.

Қазақы белбеу, қапсырма, бойтұмар, нәзік белдіктерге өрнектелетін әр түрлі құстардың, жыртқыштардың, көбелектің, ағаштың, жер-судың, тау-тастың кескінін беру ежелгі сақ, үйсін тайпаларынан қалған мұра. Бойжеткендер белі қымталған, етек-жеңіне желбезек салынған қос етекті көйлек, оқалы қамзол киіп, беліне металл шытырлармен безендірілген немесе ширатпалы күміс белдік (кейбір жерде нәзік белдік) буынған. Қазақстанның кейбір өңірлерінде етек-жеңге екі-үш қатар бүктесін, яғни қосетек тіккен. Ал оңтүстікте осындай көйлектің үстіне белдемше қаусырынады немесе шалғы орайды екен. Тақиямен қатар, белдік те қыздық дәуреннің белгісі саналған. Қыз бала белдігін арындай қорғаған, оның жоғалтып алу – арынан айырылғанмен бірдей болған. Қос етекті көйлек тек қыз балаға тән киім.

Баласы бар әйелдерге шымқай түсті матадан тігілген. Кестеленген немесе қос етек салынған көйлек кию ерсі саналатын. Қыздар шашын көбіне қос бұрым етіп өріп, бас киімсіз-ақ жүре беретін болса, әйел тұрмыс құрған соң ақсаңнан (сұрыптан) тігілетін, кеудесін, иығын, жон арқасын жауып тұратын, жақтауы, өңірі, тамақ жағы кестеленген кимешек киетін. Кимешектің шаршысының, пішімінің үлгісіне қарай шылауым, сұлама, күндік, орама деген атаулары бар. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Қазақ халқының ұлттық киімдерінде тұрғындардың географиялық, ру-тайпалық ерекшеліктері де көрінеді және ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады. Мысалы, 8 сай уақ тымақ, 3 құлақты керей тымақ, қаракесек, адай бөрік, арғын тымақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы болған. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, қоңырат үлгісіндегі тымақтар болған. Ұлы жүздің ерлер шапаны көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, ашық жағалы келеді. Оңтүстік еліне көршілес өзбек, тәжік, ұйғыр халықтарының киім үлгісінің әсері болғаны байқалады. Орта жүз өкілдері орыс, татар халықтарымен аралас-құралас болғандықтан бұл олардың киім үлгілері мен киім киістеріне де әсер етті: шапандары көбінесе бір беткей матадан тігіліп, сырусыз, сирек қабылып, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ ойма немесе түймелі болды. Кіші жүздің шапандары да шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып келеді. Өрнектермен кестеленген күдері бешпет пен жарғақ шалбар жоғары бағаланған. Егде тарта бастаған еркектің киім-кешегі әдетте жігіттің киіміне тән элементтерден тұрғанымен, пішімі молдау, шалбары кеңдеу болып тігілетін. Қарттардың киімі мейлінше қарапайым, көбіне көктеп тігілетін және әшекейсіз болған. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қарттарға арнайы жейде, жырым балақты шалбар, арасына түйе жүн салып сырылатын көкірекше, бешпет, шекпен, шапан тігілетін.

Қазақ халқы, өзінің күн көріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та кұра білді. Бұдан біз халық творчествосының қандай түрі болса да, халық өмірімен, сол халықтың қоғамдық тарихымен, күн көрісімен тығыз байланысты екенін көреміз.
Қазақ халқының ұлттық киімі, қазақ хал­қының салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне бейім­ділігімен қатар, өзіндік  пішіні мен түстік нақышымен ерекше.  Нанымы мен танымына өте  тығыз байланысты, қазақ киімдері өзінде қайталанбас, терең философияны осы кезге дейін жарылмаған қауыздай алып келген. Қазақ киімі ұлттық, қолданбалы қолөнермен тығыз байланысты, қолөнер түрлерінің зергерлік, киіз басу, былғары өңдеу, кестелеу өнері ұлт­тық киімнің ансамбльдік даралық белгісін ашып тұр. Уақыт өте келе ұлттық киімнің жасалу жолдары, өңдеу технологиясы дамып, жеңілдетіліп, өткел тарих өзінің өрнектерін салғанның өзінде ұлттық киім заманауи үлгіде одан да әрлене, түрлене түсті. Оны бүкіл әлем мойындап бағалап этнодизайн ретінде де зама­науи бәсекеге қабілетті де, тіпті моданың бағытын өзгеруіне де ықпал жасай алатын дәрежеге ие болды десек те артық айтқанымыз болмас.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз