Өлең, жыр, ақындар

PISA рейтингі: Қазақстан математика мен жаратылыстану бойынша ТОП-50 елдің ішіне кірді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биылғы PISA қорытындысын жариялады.

«Қазір ғана кезекті PISA рейтингінің нәтижесі жарияланды. Өздеріңіз білетіндей, бұл — білім сапасын бағалайтын маңызды халықаралық жүйе. Еліміз математика және жаратылыстану пәндері бойынша ТОП-50 елдің ішіне кірді. Жаратылыстану пәндерінен көрсеткіш 26 балға артып, математика және оқу сауаты бойынша алдыңғы нәтижелер сақталды. Бұл жерде мектептеріміздің рөлін ерекше атап өткен жөн. Қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық азайып келеді. Жалпы, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан 46-орын (2018 жылы 54), оқудан — 61-орын (2018 жылы 69), жаратылыстану пәнінен — 49-орында (2018 жылы 69) тұр. Мемлекет басшысының білім беру жүйесіне үздіксіз көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауының арқасында осындай көрсеткіштерге қол жетті. Педагог мәртебесін арттыру, жалақыны көбейту, қосымша білім беруді, инфрақұрылымды дамыту, балаларымыз үшін қауіпсіз және жайлы ортаны қамтамасыз ету шаралары білім сапасын арттыруға тікелей әсер етеді. Білім саласын дамытудағы мемлекеттік ұстанымның дұрыстығы айқындалды. Осы бағыттағы жұмысты күшейте түскен жөн», — деп жазды министр Facebook парақшасында.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім беру сапасын одан әрі арттыру үшін 5 негізгі бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда:

— «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервін қалыптастыру және менеджментті нығайту;

— 21 ғасырдағы дағдылар мен құзыреттерді дамыту үшін оқу бағдарламаларын жаңарту, ауыл мектептерін қолдау жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыру;

— Дайындық тәсілдерін жетілдіру, педагогтерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру;

— «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жаңа мектептер салу, қалған білім ошақтарын жаңғырту, инфрақұрылымын дамыту;

— Сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін трансформациялау.

«Бұл шаралардың бәрі биыл Үкімет қаулысымен бекітілген „Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында“ қамтылған. Мемлекеттік саясат шеңберінде білім жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған осындай кешенді жұмыс қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде тынымсыз еңбектеніп жүрген барша педагогтерге шын жүректен алғыс айтамын», — деді ол.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар