Бұрынғы заманда бір кедей адам өмір сүрген екен дейді. Мал дегеннен ешбір малы болмай, үйінде тек сары мысығы болған екен. Кедейдің жалғыз ұл баласы болған екен дейді.
Кедейдің баласының бір мінезі: далаға шықпай, пеш түбінде сары мысығы екеуі отырады екен дейді.
Күндерде бір күн баланың әкесі, шешесі дүниеден өтіпті. Баланың жасы да он бес-он алтыға келіп қалыпты. Оны көршілер пештің түбінен шықпаған соң «Пеш көсесі» деп атайды. Бала пештің түбінен шықпапты, бірақ сары мысығы өте пысық әрі күшті болып, баланы асырапты. Демек, түрлі аңдарды ұстап әкеліп тұрыпты.
Күндерде бір күн сары мысық Пеш көсесіне келіп: «Сен жігіт болып келесің, мен саған әйел алып берейін бе?» – дейді. Пеш көсесі: «Жарайды», – деп ризашылығын береді. Сары мысығы орманнан бес алтын түкті түлкіні алдына салып алып отырып, алыстағы бір ханның еліне барады. Сары мысық бес алтын түкті түлкілерді бір сарайға қамап тастап, өзі ханның ордасына барады. Сары мысық ханға:
— Ал, хан, мен «Көсебай» деген байдың елінен келдім. «Көсебай» өте бай, тоғыз тоғай жылқысы бар, алтынды сарайы бар, өзі жас, соған қызыңызды айттыруға келдім, – дейді. Хан:
— Қалыңмалын көп берсең, берейін, – дейді. Мысық:
— Қалыңмалы қанша? – дейді. Хан:
— Мына айдап келген бес алтын түлкіңді берсең, жетер, – дейді.
Сонымен сары мысық ханмен құда болып, бір айдан кейін «Көсебайды» алып келуге келісіп, еліне қайтады.
Мысық еліне келіп, хал-жайды түгел Пеш көсесіне айтады. Пеш көсесі де разы болып, бір айдан кейін хан еліне баруға келіседі. Мысық бір айдың ішінде көршілес дәуді неше түрлі аңдармен ризалап, Пеш көсесін хан еліне апаруға үш ат жеккен күймелі арбасын, асыл киімдерін сұрап алады. Одан кейін мысық дәудің алтындаған үйін де қонақ келгенде түсіруге он күнге сұрап алады. Хан еліне жүрер алдында мысық дәудің күймелі арбасын, асыл киімдерін әкеліп Пеш көсесіне: «Ханның еліне барғанда, киімдеріңді шешіп тастап, пеш түбіне жақындап жүрме! Ұят болар», – дейді. Пеш көсесі оны мақұл алады.
Күндерде бір күні Пеш көсесі, мысық үш ат жеккен күймелі арбамен ханның еліне аттаныпты дейді. Жолда күндер, апталар жүріп хан еліне жетеді. Хан қонақтарды қарсы алып, елін жиып, той жасап, ат шаптырыпты.
Той үстінде Пеш көсесі пешке жақындап, үстіндегі киімдерін шешуге ыңғайлана береді. Оны сезген қулар мысықтан: «Бұ несі?» – деп сұрайды. Мысық: «Бай адам ғой, үйдегі асыл киімдерін жоқтап отыр ғой», – дейді. Құдалар үсті-үстіне Пеш көсесіне жібек, мақпал тағы басқа асыл киімдер кигізеді.
Той біткен соң, бірнеше күндерден кейін, бұлар ханның қызын алып еліне қайтады. Сонымен қатар хан қызы қасына бірнеше қарулы адамдар да ереді. Жолда мысық жолаушылардан бұрын озып, жүріп отырады. Мысық алдынан озып кетіп, дәудің қойшысына келіп:
— Ана келе жатқан жолаушыларға, мына қойлар кімдікі деп сұрай қалса, Көсебайдікі де, егер айтпасаң, мына тырнағыммен тырнап алармын, – дейді. Қойшы: «Мақұл», – дейді. Сондай-ақ сиыршыға да, жылқышыға да мысық осы сөздерді айтады. Малшылар мысық сөзін қош алады.
Мысықтың соңынан жүріп келе жатқан жолаушылар жер қайысқан қоралы қойларға да, жер қайысқан желіні жер сызған сиырларға да, жалдары суылдаған жылқыларға да кездеседі, бәрінің де бақташылары: «Көсебайдың малдары», – дейді. Жолаушылар, хан адамдары: «Көсебай өте бай екен», – деп таң қала береді.
Мысық бұрын келіп, дәуден төрт арық қой сұрап алып, сойып, әзірлеп, дәулерге ағаштың басына барып, ала қарға болып отыруларын сұрайды. Дәу разы болады.
Қонақтар келіп жетеді. Алтындаған үй айнала жайнап тұр. Шаршап келген қонақтарға піскен табақ-табақ ет те әкелінеді. Қонақтардың ішіндегі бір мергені мысыққа қарап: «Құда, бұл қалай, мана малдарыңыз өте семіз еді, ал піскен мынау еті ауызға алуға жарамайды ғой!» – дейді. Мысық:
— Мырзалар, құдалар, айтуларың рас, малдарымыз өте семіз, ал қазандағы еттің семізін, майын сорып әкететін бір үш дәу бар. Әне, ағаштардың басында қарға болып отыр, – дейді.
— Ондай құзғындарды құртуға рұқсат ет, – дейді мерген құда.
— Онда үшеуін де ат! – деп, мысық дәулерді нұсқайды. Мерген саржасын алып, табанға салып, үш рет атады. Дәулердің үшеуі де табанда өліп түседі.
Бұдан кейін дәудің барлық малдары, алтындаған үйі, дүниесі Пеш көсесіне қалып, ол дүниедегі ең бай адам болып, дүниедегі жетім-жесірге мінуге ат, киюге киім беріп тұрған екен.
Барлық мұратына жеткен Пеш көсесі сары мысыққа да алтыннан үй салдырып беріпті дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі